Соңғы уақытта Атырау көшелерінен алақан жайып, қайыр сұрағандарды жиі кездестіретін болдық. Олар қоғамдық орындарда, әсіресе «Дина», «Насиха», «Көктем» сынды сауда орталықтарының маңайында бірі арбаға танылып, бірі шолақ қол, шолақ аяқ кейіпте жерде отырса, енді бірі көшедегі көпшілікті тоқтатып алып ақша сұрауды әдетке айналдырған.
Жасы да, жасымысы да бар тілемсектердің қаржы сұраудағы басты мақсаты ас- суын алу болса, кейбіреуі емге ақша таппай отырмыз деп ағынан жарылады.
Ал, «Насиха» ойын-сауда орталығы алдынан соңғы бір ай көлемінде күнделікті көріп жүрген, өзін Наташамын деп таныстырған жасы қырықтар шамасындағы әйел мұндай әрекетке амалдың жоқтығынан барып жүргенін айтады.
— Мен жетіскеннен жүр деймісін, үйде ауру балам бар, өзіміз жалдамалы пәтерде тұрамыз, жұмыс жасайын десем ешкім алмайды, амалсыздан нанға осылай ақша табамын, — дейді.
Әдет пе, әлде мұқтаж ба?
Әбу Насыр әл-Фарабидің «Ең бақытты ел – қайыршысы жоқ ел» дегенін ескеретін болсақ, біз әлі бақытты қала қатарына қосыла алмай отырмыз. Ораза айы басталғалы бері “Оразаңыз қабыл болсын, берген садақаңыз сауапқа жазылсын” деп жыламсырап отырғандарды көргенде жүрегін дір ете қалатыны жасырын емес. Жанынан өткен көпшілік қалтасындағы барын берсе, тұрғын Нұржанова Райхан бұлай садақа тастауға қарсылығын білдірді.
-Қоғамдық орындарда қайыр тілегеннің бәріне ақша беруді құп көрмеймін. Себебі,алақан жаюды кәсіпке айналдырғандарды, тапқан нәпақасын ішімдікке айырбастай салатындарды көзбен көріп жүрміз. Садақаны шынайы мұқтаж жандарға көз жеткізіп барып беру керек – деді ол.
Рас, көше кезіп қайыр сұрағандар арасында аяқ- қолы балғадай, дені сау азаматтардың бейшара халге енгені бәзбіреулер үшін тым аянышты көрініс. Олар күніне шамамен 5000 -8000 тг. көлемінде пайда табатын көрінеді. Психолог маман Сандуғаш Бисенова оңай ақша табу көпшілігі үшін әдетке, сұрамшақтық қасиетке айналып кететінін жеткізді.
-Қоғамда «қалыпты» есептелетін мінез- құлықтан ауытқу ғылымда девиация деп аталады. Бұл көшеде қайыр сұраған жандардың бойында жиі кезедеседі. Олардың ішінде нашақорлыққа, ішімдікке салынып кеткендер , үй-жайынан айрылып далада алақан жаюға көшкендер бар. Олардың мұндай халге түсуіне өскен ортасы мен отбасындағы алған тәрбие де әсер етеді, — дейді маман.
Заңда қақпақ болмай тұр.
2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап көшеде халықтың мазасын алатын қайыршы, балгер және жезөкшелерге айыппұл салынатыны заң жүзінде бекітілген болатын. Бұл ретте Атыраулық полиция қызметкерлері 2021 жылдың басынан бері қайыршылықпен айнылсқан 300 адамды ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 449 бабының 1 бөлігімен әкімшілік хаттамалар толтырып, әрқайсысына 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұлдар салған. Мәселен, Атырау қаласындағы №9 орта мектептің жанында 52 жастағы тұрғынның қайыр сұрап жүргені белгілі болып, жауапкершілікке тартқан.
Полиция қызметкерлерінің заңмен ескертуін елемей, құқық бұзушылықты қайталап жасайтындар да жоқ емес. Мысалы, осы жылы аталған құқық бұзушылықты қайталап жасаған 20-дан астам тұлға анықталып, оларға қатысты әкімшілік хаттамалар жасақталып, әрқайсысына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған.
Инстаграмда көмек сұрау сәнге айналып барады…
“Қалауын тапса қар жанадының” кебін киіп, айыппұлдан қашуға тырысқандар енді әлеуметтік желі арқылы көмек сұрауға көшкен. Өзгелердің диагнозы қойылған құжаттарды, көмек қажет жандардың аты-жөнін пайдаланып, танымал тұлғалар мен блогерлерді жағалап, тілемсектікті табыс көзіне айналдырып, қайыршылықты қызметі етіп, оңай ақшамен олжаға кенелуді мақсат қылғандар қатары тым көп. Әйткенмен, “Көп түкірсе — көл” деп қайырымдылық қорлары, еріктілер, блогерлер арқылы шынайы мұқтаждығын жасырмай үйлі болған көпбалалы отбасылармен қоса, еміне қаражат жинап, дертінен айыққан азаматтар жоқ емес.
Танымал блогер Дария Ерболатқызының жекесіне әлеуметтік желі арқылы көмек сұраған мәтінмен күніне 20- ға жуық адам жазатын көрінеді. Короновирус індеті басталғалы бері олардың саны күрт өскен. Экономикалық дағдарыс, ел ішіндегі жұмыссыздық, өндіріс орындарының жабылуы жерлестерімізді тентіретіп, қарызға батырып, амалсыздан Инстаграм желсінде қол жайдырса, емге деп қаражатын жинаған азаматтар шетелге шыға алмағандықтан ақшаларын ішер асына жұмсап жіберген.
Блогер мүсәпір бейнеге еніп, желі арқылы жыламсырап “жоқтық ұят емес” деп қол жайған алаяқтардың қаптағанын, олардың шырмауына өзі де бірнеше рет түскенін жасырмады.
-Инстаграм парақшамды бірнеше жылдан бері белсенді жүргізіп келемін. Осы аралықта маған денсаулық жағдайын айтып, киер киім, ішер асым жоқ, тұрар баспанаға зәруміз деп жазатындар қатары толастар емес. Оларға қолдан келгенше көмек қолын созуға тырысқанымызбен,түбінде өзімді алдап кететіндердің бары да жаныма батады. Мысалы, осыдан бірнеше ай бұрын бір әйел ұлының еміне тез арада қаражат қажет деп маза бермей жекеме жазып, диагнозы қойылған құжаттардың суретін жіберді. Суреттерді көріп, көзімізді жеткізіп, жағдайын білгеннен соң, қайрымды жандардың арқасында 3000000 теңге көлемінде ақша жинап, жеке шотына аудардық. Бірнеше күннен кейін оның баласын емдетпей, қаражатты өзге дүниеге жұмсағанын білгенде сан соғып қалдық. Бұл тек бір жағдай ғана. Осындай типтегі оқиғалардың бірнешеуі басымыздан өтіп жатыр.
Кейде болмашы дүниелерге де көмек сұрап, өз мәселесін өзгенің мойнына артып қоятын жағдайлар кездесіп жатады. Бұл адамдардың масылдыққа үйреніп кеткенінің көрінісі секілді. Әрине, көпке топырақ шаша беруге де болмайды. Өз нәпақасын тауып, тағдырдың тауқіметіне мойымай шындалып жүрген, үлгі қылып айтуға тұрарлық азаматтар кездеседі. Мәселен, менің фолловерлерімнің арасында баласы цереберальді сал ауруына шалдыққан жалғызбасты ана бар. Ұлының өмір сүру қабілеті қаншалықты деңгейде екенін білген жан, мемлекет тарапынан дәрі-дәрмек берілмейтіндіктен, тігін курсын оқып, киім тігу арқылы нәпақасын тауып отыр. Блогер ретінде мен оған тек жарнама жасауға көмектесемін. Сондықтан, кей жандарға балықты бергеннен гөрі, қармақты қолдарына ұстатқанымыз жөн секілді, -дейді.
P.S:
Халық даналығында “Басыңа іс түссе, жақсы көмек етеді, жаман күліп кетеді” деген пайым бар. Бүгінгі қоғамда жағдайымыз нашарлады деп қол жаю бардың да, жоқтың да кәсібіне айналған сынайлы. Зәруміз деп жыламсырағанға кей жақсының көмек етпеуі, шүкірінен күпірі көптердің қайыршы образын айнымай сомдауында болса керек…
Асылай Ниязбаева