Ұлы Отан соғысы кезінде  елімізді жаудан қорғау үшін жан аямай небір кескілескен ұрыстың ортасында болып, үлкен ерлік көрсеткен аталарымыздың арасында біздің жерлесіміз соғыс ардагері Тасимов Игілік  Тұрсынғалиұлы да  бар болатын.

Ол 1924 жылдың 24 қаңтарында Атырау облысының, Қызылқоға ауданы, Тайсойған елді мекені, Қарабау ауылында дүниеге келген. Жастайынан өмірдің қилы қиындықтарын көріп жетілген азамат 1942 жылдың тамыз айында әскерге шақырылады. Сол жылдың  қарашасында Гурьевтің әскери комиссариатының шешімімен, бір топ қазақтың жігіттері майданға аттанады. Майдангер Игілік көкеміздің кезінде өз аузынан талай әңгімесін естіп өстік. Майдангердің айтуынша сол күн қатты тұман болған. Оларды ағаш вагон эшалонға тиеп бірінші Чкалов облысы, Бұзулық ауданына жеткізіп, сол жерде бәрін соғысқа дайындайтын курстан өткізеді.

Ал, 1943 жылдың 13 қаңтарында әскери ант қабылдаған алды 17-ге жаңа толған жас солдаттар  Беларуссия майданына жіберіледі. Сол барғаннан екі айдай қиян-кескі соғыстың ортасына түсіп, қазан айында Украйнаның  Днепропетровск жеріндегі майдан даласына аттандырылып, Игілік атамыз ондағы №622-ші атқыштар полкіне бөлінеді. Украйна елін қорғау соғысында майдангер Тасимов Игілік қасына жарылған снарядтың жарқыншағынан  басынан қатты жарақат алып, орман ішіндегі палаткадан құрылған госпиталда  операция жасалып, 20 күндей ем алған соң Полтовада, кейін Новосибирскі мен Сталинский қалаларының госпиталінде үш айдай болып, 1944 жылдың 21-ші ақпанында жарақатынан айығып емделіп шығады.

         Жарақатынан айыққан жас майдангер Тасимов Игілік қайтадан майданға сұранып сол өзінің бұрынғы №622-ші атқыштар полкіне қайтадан қосылады. Бұл жолы бұл полк Кенисгберг қаласын қорғауға тапсырма алады. Алапат соғыстың ортасында жүріп, ерен ерліктің үлгісін  көрсеткен майдангер Тасимов Игілік  «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылады.

Соғыс аяқталған кезде майдангер 1945 жылғы  Жеңіс күнін Кенисгберг қаласында қарсы алады. Ия, шынымен біз жеңдік. Берлинді жау қолынан азат еттік, енді туған елімізге ораламыз — деп  қуаныштары қойнына сыймаған жас солдаттар сол кездегі Жоғарғы ставканың бұйрығымен Маршал Малиновскийдің басқаруымен Шығысқа, Жапон соғысына аттанып, 1945 жылдың тамыз айының 9-да Жапон жеріне келіп келіп түседі.

Майданның батыр жас солдаты атанған Игілік Тұрсынғалиұлының өзінің көзі тірісінде жазып қалдырған естеліктерінен үзінді: «Жапондар өте өжет жандар болған. Олар таудың үңгірлеріне жасырынып алып, қарсылас жақпен аянбай соғыса беретін. Бір күні біздің ротаға Жапондар тұтқиылдан шабуыл жасады. кескілескен ұрыста екі жақтан да көп шығын болды. Содан біздер оқ дәріміз таусылып жау жағымен рукапашный бойға шықтық, сондағы бір есімде қалғаны бір жапон солдаты менің ту сыртымнан жасырынып келіп мойнымнан қылғындырып мені өлтіргісі келді. Алайда қасымдағы қарулас жолдастарым келіп қалып дер кезінде маған көмектесіп, өзімді бір ажалдан құтқарып қалғаны бар. Енді бірін қолымдағы қаруыммен ұрып құлатып алға ұмтыла бергенімде жапон солдаты өзін-өзі жарып жіберді. Мен сол жерде басым айналып құлап қалыппын. Біздер  елімізді жаудан қорғау жолында сын сағаттағы болған ұрыста барлық ұлттардың өкілдері бір үйдің баласындай бір-бірімізге қорған болып, қоян-қолтық жүріп елімізді жан аямай қорғап, жауды жеңіп шықтық». (И.Т.Т.)

Әрине, мың жыл қырғын көрседе ажалсыз өлмейді» — деген бар. Бұл сұрапыл соғыста ардагер Игілік атамыз де қанды көйлек майдандастарының көбінен айырылды. Сөйтіп, 1945-тің 2-ші қыркүйегінде соғыс аяқталады.

Тасимов Игілік Тұрсынғалиұлы соғысты Харбин қаласында аяқтағанымен Жапон соғысына қатысқан әскерлердің бәрін бірдей елдеріне жібермей, олардың бірқатарын И.В.Сталиннің бұйрығымен бейбіт елді күзету үшін бес жылға әскерге алып қалады. Осылайша Игілік Тұрсынғалиұлы «Маньчжурия» қаласындағы №144 Авиациялық атқыштар «Истрибительный авиационный» — полкіне жіберіліп, әуе күштері авиабазасында аға сержант әскери міндетін өтеп жүріп, ИЛ-2, ПИ-2, ЛА-7, ЯК-9 самолёттерін, истрибительдердің құпия қоймаларын күзетеді.

Қаншама күндер мен түндерді ел тыныштығына арнаған майдангер Игілік Тұрсынғалиұлы  араға жеті жыл сегіз ай салып 1950-ші  жылдың  30 сәуірінде туған еліне  аман-есен оралады. Елге келгеннен кейінде бейбіт өмірде ІС-терде 30 жылдың үстінде қызмет атқарып зейнеткерлікке шығады.

Өзінің жары Рысқаным әжемізбен екеуі алпыс жылдан артық бақытты өмір сүреді. Екеуінің арасынан  10 бала дүниеге келеді. Жапырағы жайылған ардагер Тасимов Игілік Тұрсынғалиұлы 90 жасқа қараған шағында 2013-ші жылдың маусым айында  дүниеден озды. Жолдасы Рысқаным әже 2018-ші жылдың сәуір айында дүниеден озды

 Өмір бойы әке – шешесінің қолында болып, солардың тәрбиесін алып өскен, осы күнде қарашаңырақтың иесі Игілік атамыздың  кеңже баласы Аманкелді Игілікұлы әкесінен қалған  қолжазба естеліктерінен кітап жаздыртып, сонымен қатар әке-шешесінің бір-біріне деген махаббатын, олардың бір-біріне деген сыйластығын да осы кітапқа сыйғызып  кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырғысы келетінін жасырған жоқ.  Себебі бұл естелік тек мен үшін ғана емес, ол бүкіл қазақ халқының сол кездегі тағдыры ғой деп санайды.

ҰОС-ының ардагері Тасимов Игілік Тұрсынғалиұлының  жарқын өмірі қазіргі  жастарға үлгі. Майдангер өмірден өткенімен оның болашақ ұрпақтың бақыты үшін жасаған ерлік істері елге мұра, ұрпаққа ұран болып ғасырдан ғасырға жалғаса береді деп ойлаймын.

С.Б.Аймұратов.