Мектепте оқығанда нашар оқитын оқушылардың жақсы баға алғандары есіңізде ме? Университетте оқығанда нашар дайындалған студенттердің семестрдің соңында жақсы қорытылғанына куə болдыңыз ба? Мектепте үшке оқып, кейін бай болып кеткен адамды кездестірдіңіз бе? Мектепте беске оқып, кейін жұмыссыз жүргенін көрдіңіз бе? Немесе ақылды болсаңыз да əлі де жетістікке жете алмай жүрсіз бе? Егер осы сұрақтардың біреусіне «иә» деген жауап берсеңіз, онда біз бүгін сол туралы сөз етеміз.
Ең алдымен, эмоционалды интеллектінің (EQ) не екеніне тоқталайық. Эмоционалды интеллект деп қарапайым қазақи тілмен айтқанда адамның мінезі. Немесе адамның сезімдерін басқара алу қабілеті. Мінезі мен сезімін жақсы басқара алса, адам көркем мінезді болып саналады. Көркем мінез жайында дінімізде де, дəстүрімізде де, басқа ұлттық құндылықтарымызда да тікелей (жырау, ақындардың нақты мінезге қатысты өсиеттері) жəне жанама (ертегі, хикая, əңгімелерде басты кейіпкерлердің жағымды мінездері мен сол қасиеттері арқылы жақсылыққа немесе мұратына жетуі) түрде айтылып өтеді.
Бұл тақырып батыс елдерінде алдыңғы орынға шыққалы қаншама уақыт өтті. Олардың бізден айырмашылығы осы тақырыпты ғылыми түрде зерттеуі. Яғни, мінез шынымен де адамның өміріндегі алатын орнын, одан бұрын, зерттеушілердің сезімнің рухани ғана емес, материалды, көзге көрінетіндігіне зерттеу жүргізулері. Мысалы, адам қорыққанда қан адамның аяғына жиналады екен, демек қашуға дайын болуы. Ашуланғанда қан адамның алақанына жиналады екен, яғни адам шабуыл жасауға ниеттеніп тұрады екен. Ашуланған адамның қолында қару болса, ол сол қаруды қолдану қаупі артады. Осы сияқты басқа да эмоцияға қатысты көптеген зерттеулер жүргізген. Демек, сезімге берілгенде денемізде белгілі бір дəрежеде химиялық жəне биологиялық құбылыс болады екен.
Батыс елдерінде бұл тақырыпты не үшін өте маңызды көрген? Себебі, адамның жетістікке жетуі үшін өте ақылды болу жетпейтінін байқаған. Мысалы, 1940 жылдары Гарвард университетінде оқыған 95 студентті зерттеген. Оларды университтерді бітіріп кеткеннен бірнеше жылдан кейін бақылап қараса, кезінде университет балдары мен IQ-ы (ақылы) жоғары болған студенттердің қаржылық, экономикалық жəне əлеуметтік статусы IQ-і мен университет балдары төмен болған студенттерге қарағанда төмен болған. Жəне өздеріне көңілі толмайтын, өздерін бақытты санамайтынын айтқан. Осы сияқты зерттеулерден кейін бірнеше ғалымдар терең ойлана бастайды. Солардың арасында эмоционалды интеллектінің негізін қалағандардың бірі Даниел Гоулман болған. Даниел эмоционалды интеллектінің ақылдан бөлек нəрсе екенін көрсетіп кеткен.
Эмоционалды интеллект әдетте бес компоненттен тұрады:
1. Өзін-өзі тану. Сіз өзіңіздің эмоцияларыңызды түсінуге тырысасыз және олардың сіздің ойларыңыз бен мінез-құлқыңызға қалай әсер ететінін анықтайсыз. Егер өзіңіздің мықты және әлсіз жақтарыңызды білсеңіз, өзіңізге деген сенімділік артады.
2. Өзін-өзі бақылау. Өзіңізді бақылау арқылы импульсивті сезімдерді, қарым-қатынастағы эмоцияларыңызды басқаруға бейімделесіз.
3. Жанашырлық. Осы арқылы адамдармен жақсы арақатынаста болуды үйренесіз, оларға көмек қолын созасыз.
4. Мотивация. Өз мақсатыңызды елестету арқылы арманыңызға жету жолындағы әрбір қадамды нық басасыз.
5. Әлеуметтік дағдылар. Сіз басқа адамдардың эмоцияларын, қажеттіліктері мен мәселелерін түсіне аласыз, қоғамда өзіңізді жайлы сезінесіз және ұжым ішіндегі жанжалдарды шеше аласыз.
Неліктен эмоционалды интеллект өте маңызды?
Тұлғаның керемет академиялық білімі болғанымен, жұмыста да, жеке кәсібінде де әлеуметтік тұрғыдан қабілетсіз болуы мүмкін. Жоғары IQ ешқашан сәтті нәтижеге кепіл бермейді. Тандемде IQ және EQ бір-бірін күшейтеді.
Осылайша, эмоционалды интеллект мыналарға әсер етеді:
— Мектептегі үлгерім және жұмыстағы өнімділік. Эмоционалды интеллект сізге жұмыс орнындағы күрделі әлеуметтік қатынастарды бағдарлауға, көшбасшы болуға, сондай-ақ мансапта жетістіктерге жетуге көмектеседі. Көптеген компаниялар үміткерлердің эмоционалды интеллектісін сұхбат кезінде бағалайды, оны кәсіби құзыреттіліктен кем емес сипаттама деп санайды.
— Денсаулық. Егер сіз эмоцияларыңызды басқара алмасаңыз, онда сіз стрессті басқара алмайсыз. Бұл денсаулықтың күрделі мәселелеріне әкелуі мүмкін. Бақыланбайтын стресс қан қысымын көтереді, иммундық жүйені басады, инфаркт қаупін арттырады, бедеулікке ықпал етеді және қартаюды жеделдетеді.
— Психикалық жағдай. Бақыланбайтын эмоциялар мен стресс психикалық денсаулыққа әсер етеді, бұл сізді мазасыздық пен депрессияға әкеп соқтырады. Егер сіз өзіңіздің эмоцияларыңызды басқара алмасаңыз, сіз тұрақты қарым-қатынас орната алмайсыз. Нәтижесінде, жалғыздыққа тап боласыз.
Қазіргі кезде барлық дерлік атақты бай адамдардың (жетістікке өз күшімен жеткендер) немесе CEO-лардың (үлкен компания директорлары) эмоционалды интеллектісі жоғары екенін зерттеу жұмыстары көрсетіп берген. Ақылдан бөлек адамның мінезі жетістікке жетуге тікелей қатысы бары дəлелденді. Сол себепті, егер ақылы орташа адамның бай болғанын көрсеңіз, таңғалмаңыз. Себебі, ол адамның эмоционалды интеллектісі жоғары болуы мүмкін.
Енді, Эйл университетінің психологы Питр Саловейдің эмоционалды интеллектінің негізгі 5 қағидасына тоқталсақ:
1. Өзіміздің эмоциямызды тану. Бұл ұғым эмоционалды интеллектінің ядросы болып саналады. Қазақи мағынада айтсақ, Шəкəрім атамыз айтқандай, өз нəпсімізді тану. Өз сезімімізді сырттан қарап тұрғандай көре білу. Ол дегеніміз белгілі бір сəттегі (ситуацияда) сезіміңізді көре білуіңіз. Мысалы, ашуланып тұрсаңыз, өзіңіздің ашуланып тұрғаныңызды білу немесе қызғанып тұрсаңыз, қызғанып тұрғаныңызды сезе білу. Осылай істей білу өзімізді түсініп, тану үшін өте маңызды. Егер олай істей алмасақ, сезіміміз бізді билеп кетіп, өзіміздің не істегенімізді де байқамай қаламыз. Өз эмоциясын сырттай бақылай алған адам жақсы шешім қабылдайды екен. Мысалы, жұмыс немесе өмірлік жарын таңдау секілді маңызды істерде жақсы шешім қабылдай алады.
2. Эмоциямызды (сезімді) бақылуда ұстау. Яғни, эмоциямызды басқара білу. Мысалы, ашуланғанда сабыр ете білу. Ашудың өкінішке алып барар салдары болатынын сезе біліп, дер кезінде тоқтата білу. Мұндай қабілеті төмен адамдар өмірде үлкен қиыншылықтарға соқтығысуы мүмкін. Ал, өз эмоциясын уысында ұстайтын адамдар өмірдегі қиыншылықтар мен келеңсіз жайттардан жол тауып, шыға біледі екен.
3. Өзімізге мотивация беру. Эмоциямызды өзіміздің нақты мақсатымыз үшін қолданып, бағыттай білсек, зейініміз де, шығармашылығымыз да, біліктілігіміз де артады екен. Мұндай қабілетке ие адамдар жұмысты өнімді атқарады. Сол үшін эмоциямызды дұрыс басқару мақсатқа жетудің жолы екенін есімізге түсіріп отыру қажет.
4. Басқалардың эмоциясын байқай білу. Басқаша айтсақ, эмпатия. Эмпатия дегеніміз – басқа адамның сезіп тұрғанын сезе білу немесе сол адамның орнына өзімізді қоя білу қабілеттілігі. Эмпатиясы жоғары адам жанындағы адамдардың не қалап тұрғанын немесе нені қажет ететінін сезе біледі. Мұндай қасиетке ие адамдар саудада, ұстаздықта, басқаруда үлкен жетістіктерге жетіп жатады.
5. Жақсы қарым-қатынас құра білу. Бұл дегеніміз қоғамда, ортамызда, бетпе-бет сөйлесуде адамдармен жағымды, оң қарым-қатынас құра білу қасиеті. Бұл қасиеттің өміріміздің
əрбір сəтіндегі орнының ауадай маңыздылығына ешкімнің дауы жоқ деп ойлаймын.
Соңғы айта кететін нəрсе, осы айтылған эмоциялық интеллектінің 5 негізі немесе қағидасы əр адамда əр түрлі болуы мүмкін. Мысалы, өз сезімін басқара алуы мүмкін, бірақ басқа адамға сезімін басқаруына көмек бере алмауы мүмкін деген сияқты. Демек, өмірдегі əлеуметтік, қаржылық, рухани жетістікке жету үшін осы айтылған 5 қағидалардың бəрінің де рөлі маңызды. Мінезді жақсартуға болады, өйткені адамның миы созылмалы, өзгеруге бейім.
Эмоционалды интеллектті қалыптастыруға не көмектеседі?
1. Өзін-өзі тану
Сіздің ашу-ызаңызды, қайғыңызды, қорқыныш пен қуанышты қабылдау қабілетіңізге өмірлік тәжірибеңіз тікелей әсер етеді. Өзіңізге бірнеше сұрақ қойыңыз:
— Эмоциялар асқазан, тамақ немесе кеуде жүйесіне физикалық әсерін тигізе ме?
— Мимикаңызда айқын көрінетін сезімдерді бастан кешірдіңіз бе?
— Басқалардың және өзіңіздің назарыңызды толық аударатын күй кешіп көрдіңіз бе?
— Шешім қабылдағанда эмоцияларыңызды басқара аласыз ба?
Сұрақтарға жауап беру арқылы эмоцияңызды басқару деңгейін анықтаңыз.
Өзіңізді тануға бір қадам жақындататын әдіс-тәсілдер:
— Зейінділікке баулу. Зейінді көбінесе буддизмде медитациямен байланыстырады, дегенмен, әлемдік діннің басым түрі оны дұға етумен жүзеге асырады. Бұл мазасыздықты жойып, мінезді тәрбиелейді, тыныштық күйін сыйлайды.
— Күнделік жазыңыз. Әр күннің соңында сізге не болғанын, өзіңізді қалай сезінгеніңізді және қиындықтарды қалай шешкеніңізді жазыңыз. Мерзімді түрде қайта қарап, жағдайларды талдаңыз, қорытынды жасаңыз.
2. Өзін-өзі бақылау
Сезімдеріңізді мойындай білу – эмоционалды басқарудың алғашқы қадамы. Сіз өзіңіздің эмоцияларыңызды сындарлы шешімдер қабылдау және мінез-құлықты қалыптастыру үшін пайдалануыңыз керек. Стресспен күресуді үйреніңіз. Осылайша сіз сезімдер мен мінез-құлықты басқарып, қарым-қатынастарды реттей аласыз.
3. Жанашырлық
Сізге эмпат болуға көмектесетін бірнеше кеңесті қолданып көріңіз:
— Аз сөйле, көп тыңда. Бұл кез-келген шынайы эмпатикалық адам үшін алтын ереже. Сөйлеушінің ойына кедергі келтірмей, оған сөйлеуге мүмкіндік беріңіз.
— Өз ұстанымыңызға қайшы келетін керісінше пікірді қабылдаңыз. Адамды белгілі бір шешімге не итермелейтінін түсіну үшін оның орнында болу керек. Мүмкін, сіз оның орнында болсаңыз, дәл осылай жасар едіңіз.
-«Мен білемін» мен «мен сені түсінемін» арасындағы айырмашылықты түсіну. Басқа адамдардың мәселелерін түсіне білу – бұл қарым-қатынастың сенімді және шынайы деңгейі.
4. Мотивация
Мотивация – эмоционалды интеллектің құрамдас бөлігі. Жақсы көңіл-күй – таптырмас мотивация. Қабілетімізді арттырып, жаңа жетістіктерге жетуге жағымды көңіл-күй тікелей әсер етеді. Эмоционалды интеллект – өзін және басқаларды түсіну және осы түсінік негізінде әрекет ете білу қабілеті.
Мен тырыстым → жетістікке жеттім → қуаныштымын → әрі қарай тырысамын
5. Әлеуметтік дағдылар
Әлеуметтік дағдылар-айналаңыздағы адамдар сізге үнемі жеткізуге тырысатын белгілерді түсіну қабілеті. Бұл сигналдар адамның басынан не кешіп жатқанын және ол үшін шынымен маңызды болып табылатын дүние туралы нақты түсінік береді.Әлеуметтік дағдыларды қалай дамытуға болады?
— Бір-біріңізге тиісінше уақыт бөліңіз, кейін, мәселеге қайта оралыңыз.
— Екі тарап та даудың не себепті болып жатқанын түсінуі керек. Оларға тиімді шешім ұсыныңыз. Қақтығыстарды шешу арқылы, әлеуметтік дағдыларды тиімді түрде дамыта аласыз. Алдын-ала адам темпераментін зерттеп алғаныңыз жөн.
Сержан Ізберген