(«Аспандағы ақ көбелектер», «SOR» әңгімелері аясында көрнекті жазушы,драматург Рахымжан Отарбаевты еске алу)
Алуан тағдырлы адам жанының сан түрлі құбылыстарын сарыла зерттеген XXI ғасыр басындағы саңлақ суреткерлердің бірі –замандасымыз Рахымжан Отарбаев.
Адамдар арасында азайып бара жатқан мейірім мен ізгілікті аңсау сарынында жазылған жазушының «Таңдамалы» жинағындағы (2016ж) шап-шағын екі әңгімесі- « Аспандағы ақ көбелектер» мен «SOR»- әлеуметтік өткір мәселелерді қозғаудағы маңызы жағынан шоқтығы биік шығармалар.
«Аспандағы ақ көбелектерде» жаңа заманның талабына орай ауылдан қалаға келіп,өздерінше еңбек етіп, нәпақа тапқан қарапайым екі жас :Дәурен мен Әлиманың мұңлы тағдыры айтылады.
Басында бәрі өз ағысымен жүріп жатқан. «Дәу қаланың бетке ұстар базарында шалбар саудалаушы» жігіт Дәурен де, су сатушы қыз Әлима да тірлігіне ырза болатын. Жазушы суреттегендей: «…қалтаға құйылған тиынның сыңғыры жиылып кеп,бұйра бас, ақсары өңді, ашаң, әдемі жігіттің пәтер жалдауына да, назқоңыр нәпақасына да, Жарбай ауылындағы жалғыз шешесіне де жетіп артылатын.Шалының қара шаңырағын жықпаймын деп төрттағандап отырған кейуананы айына бір барып сүйсіндіріп, ас-суын қамдап кететін.
Қайтарда «Құлыным-ау!» деп қасқа жолдың бойына дейін шығарып салғанда,көлбеңдеген кең көйлегінің етегіне алтын шуақ үйіріліп,өзімен бірге жан тыныштығын, қанағат пен иманды қоса-қабат алып қалғандай болатын.
Жігіт қызға шынымен ғашық еді.Оның шыны ыдыстай сыңғырлаған күлкісін де, «Сәбилік пәктік ұялаған жүзін де бір көрмесе, тұра алмайтын.
Қос ғашықтың қамсыз өмірі бір күнде күрт өзгереді. Өзгеруіне себепкер екеу: базар қожасы мен оның қызы Сырғалы.
Жазушының сипаттауында базар қожасы- «бетінің ұшынан қаны тамған көк көз жігіт ағасы», «аста-төк байлығын базардың бүкіл қатын-қалашы айтып тауыса алмаған; оның «даңқы» былайша ел ішіне тарап кеткен.
«Күніне костюмін екі мәрте ауыстырады; қасқа-ау,айтып тұрған көйлек-дамбалың не, құрығында аптасына бір жаңа машина мініп шығады; әйеліне Парижден вилла сатып әперген; онысы басқа иіссуды менсінбей,тек «Шанельге» шомылатын көрінеді…»
Қызы Сырғалы жөніндегі алып-қашпа әңгіме де әкесі төңірегіндегіге жетеқабыл. «Жалғыз қызы бар, «Джиптен» түспейді,отырып қалған, отырып;ойбай, отырып бай таңдайды да;жүзі қара-ау, сенімен мен дейсің бе?
Пішту, негрге күйеуге шығып,тайпа көсемімен таласып, шетелден қуылып келсе,көрер ем отырмағанын.Отырады»,-деп базардың іші араның ұясындай жерді азан-қазан ғып жіберетін, тіпті, бір-бірін сөзден жыға алмай,жағаласып кетуге бар…»
Жұрт шуласып, «бағасын» беріп түгесе алмай жатқан «Сырғалы сұлу»осы.Дәлірек айтқанда оның портреті: «қызылшырайлы, еркекшора,еркін қимыл.Жанарының бояуы әкесінікіндей қою жұқпаған,аспан түстес көгілдір. Қарама-қарсы кеп тұра қалғанда, тепсінген қос анары алқымыңды тіреп, аузыңа асатып жібергендей…»
Автор осылайша бейнелеген байлық теңізіне әбден шомылып,қарапайым халық өмірінен аспан мен жердей боп тым алысқа қашықтап кеткен бұлардан нендей ізгілік күтуге болады? Әлімсақтан бұл өмір- Әбіл мен Қабылдан басталған «махаббат пен ғадауат майдандасқан» (Абай) зұлымдық пен ізгіліктің мәңгілік талас-тартысы емес пе!? Әңгіменің шарықтау шегінде зұлымдық ойға берілген базар қожасы мен қызы Дәурен-Әлиманың мөлдір махаббатын аяусыз күйретеді.
Қызғаныштың қызыл отына «күйіп-жанған» Сырғалы бақталасы Әлимаға
у ішкізіп, бейкүнә,адал жан, болашақ қалыңдық ауруханада көз жұмады.Дәурен болса адал махаббатынан айрылғасын күйік отына өртеніп,жарым есті болып қалады.
Суреткер қапыда қазаға ұшыраған Әлиманы да,Дәурен екеуінің жарық дүние көрмей кеткен нәрестесін де жай «өлтіре салмай», оларды кеңістіктегі мүлдем басқа кейіпке алып шығады. «Беті әлгінде ғана жабылған мәйіт орнынан ақ нұр боп қайта көтерілген. Кәдімгі Әлимасы. Судағы бейнедей қалықтап кеп, аңтарылып қалған мұның жанына жетіп тоқтады.Мұңайып,кінәлай қарап сәл бөгелді де,будай ыдырап,төбеге сіңе берді.Қасында көктемгі алма ағашы гүліндей ақ көбелек қалт-құлт ұшып, қоса кетіп барады…»
Осылайша жазушы қос кейіпкерінің ақ махаббатын мыңдаған оқырманымен бірге жоқтайды.Жастарды жауыздық оғынан сақтандырады.
Ендігі сөз бағытын келесі әңгімеге бұрсам. Қашанда шығармасының атына да елеулі мән беретін Рахаң қазақшалап оқығандағы мағынасы «Сор» сөзін (бейнет, тауқымет) не себепті ағылшынша « SOR» деп алғанын біз қайдан білейік? Бұл – «Мәңгілікке өзіммен ала кеткен; менің нәзік жанымды кім түсінер» (Мұқағали), жазушының өзі ғана білетін құпия.
Мүмкін,бұл- ұлтқа,ұрпаққа берілген ерекше бір сақтандыру белгісі шығар…Әңгіменің басталуының өзі тосындау.
«Саин көшесінің төбесінен жұлдыз аққан.Жіп –сәулесін соз-зып…»-деп басталуының өзі әлдеқандай бір қауіпті ескерткендей.
Жазушы бұл шығармасын жаһандану мен нарық заманы қаулата түскен, қазақ баласының өңі түгел түсіне де кірмеген жезөкшелік тақырыбына арнаған.
Ащы да болса,шындық.Бүгінде біз жамандықты:сана-сезім мен рухани жұтаңдықты сынап та, кінәлап та жатамыз.Бірақ, оның түп-тамырын іздемейміз;не іздегіміз келмейді; не іздеуге өреміз жетпейді.
Сондай жаманатқа тап болғандар да күні кешегі бір бауырымыздың сүйкімдісі,біреудің еркесі еді.Мына ала-құла қоғамның өзіміз секілді өкілдері еді… Осы әңгімедегі қыздар да : «Бәрінің де дидары бірдей-тін.Ай нұрының өзі абайлап аймалардай.Тек аттары ғана өзге.Оны да өздері ойлап тапқан…»
Басты кейіпкер Айсара да бір отбасының сүйіктісі,ортасында жауқазындай жайқалып өсіп келе жатқан бір тал гүлі,әжесі,сырқат шешесі,інісінің алдындағы көз қуанышы, аяулысы, ардақтысы еді.Мектеп бітірер жылы көрші ауылдың көркем жігітіне ғашық болады. Жігіттің де көңілінде кір болмаған… «Қой жүнінен төсек көрпе, түйенікінен-жамылғы көрпе, құс мамығынан –көпшік жасап,», тыным таппаған байғұс әжесінің қуанышында шек жоқ еді-ау…
«Күзге салым ойды-қырды кезіп бауырымен жорғалап өсек жеткен.Көрші ауылдың көркем жігіті колледж бітірген мұғалім қызға сөз салыпты…»
Содан сәтсіз махаббат дертінен айығу үшін, Айсара оқу іздеп Алматыға аттанады.Оқуға түсе алмай, мейрамханаға даяшы боп орналасады.Бір бизнесмен жігітпен танысады.Ақырында жүкті боп қалады.Сүйген жігіті нағыз арамза,алаяқтың өзі болып шығады.Талай арудың тағдырына ортақ осындай бір ахуалды суреткер былайша сипаттайды.
«…Іштей қатайған.Ашаң жүзі сылынып,арықтап,қыр мұрыны қусырылып,тілден қалған.Көкірегінде ұят пен ыза беріш боп қатып тұрып алды…
… Иә,иә,әжесі… Мұның мына халін көрсе не дер еді? Тәтті үмітті талғажау ғып жүрген қолтоқпақтай бейшара бір уыс боп бүрісіп қалар.Табанаяқ боп табалдырықтан аттауы мұң болар.
-Біліп едік.Айтқанымыз айнымай келді.Қырық үйден тыйым көрмеген қыз осылай ойнақтап от басатын,-деп көрші-көлем шешесін жерлеп бітер…
-Кешір,-деді сондай арпалысты шақта жатырын сипап.
-Дүниеге тағы бір алаяқ, алдампазды әкелмеу үшін, мен сенен құтыламын.Кешіре гөр мені… Араға алты ай салып,Саин көшесінде тұрды…»
Айсара-арудың арам қолдар тиіспей тұрғандағы жаны қандай таза да тұнық еді! Бауырына, әжесі мен шешесіне деген махаббаты да ерекше ыстық болатын. Адамдарға деген де.Осындай жүрегі де, сана-сезімі де тап-таза жандардың сенгіштігі,өзгелерді өзіндей көретіні бар-ау.
Айсара бір күні теледидардан көрген, кейін радиодан тыңдап,газеттен оқыған депутаттың «елім, жерім» деген сөзіне сеніп,өзін жақсы көріп қалады. «Ел ішінде мұндай да қара халықтың қамын ойлайтын нардай азаматтар бар екен-ау әлі»,-деп жақсы ойларға беріледі.
Иә.Жас емес пе, оның да біреуге ғашық болуға, біреуді жақсы көруге хақы бар емес пе?
Қайраткер азамат деп депутат ағасын сырттай жақсы көріп жүргенде…Сөйтсе, бұлар «қызмет көрсететін» сауна сол депутаттікі екен.Сол күні де ол сауна терезесінен депутаттың коттедж үйінің терезесіне көз салып тұрған. Қасындағылардың біреуі «жеңгетайға», ол депутаттың «сілеусін көзді» әйеліне өсек жеткізген.Ақырында «сілеусін көзді» депутаттың әйелі мен «жеңгетай» екеуінің соққысынан Айсара ауыр жарақат алады. Оның соңы өліммен аяқталады.
«Сол күні Саин көшесінің төбесінен тағы бір жұлдыз аққан. Жіп сәулесін соз-зып…»
«Таңдамалы» жинағындағы (2016ж.) өңкей бір шұрайлы шығармалар қатарында көзі қарақты оқырман «Аспандағы ақ көбелектер» мен «SOR» әңгімелерін оқығаннан кейін, арманда кеткен аруларды жоқтайды,олардың тағдырына жауапты зұлымдық иелеріне лағынет айтады.
Бұдан үш жыл бұрын тайқы маңдайымызға сыймай, өмірден барша отандастарын өкінтіп өтіп кеткен көрнекті жазушымыз Рахымжан Отарбаев осындай кесек шығармаларымен жастарымызды, барша адамзат баласын жауыздықтан, зұлымдықтан сақтандырады. Қазақта бар қасиет- мейірім мен ізгіліктің жүректерде оты сөнбеу үшін, «Рахымжан шырағын» жағып кетті ол.Ізгілік пен мейірімнің де шырағы ғой ол…
Амантай Бақыт,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.