Әкесі Қажымғали Мұқашев 1907 жылдың тумасы, 1941 жылы қан жапқан қаралы батысқа майданға аттанғанда артындағы аманаттай болып сол жылдың 9-сәуірінде өмірге келген жеті айлық ұлы Өмірзақ қалды. Перзентін бауырына басып, бесігінде тербеп, әлдиімен уатып отыра алмаған анасы колхоздың қара жұмысына белшесін бата жегілді. Ақсақ, ақикөз бригадирге қамшы үйіртпей ақ, аузынан түкірігі шашырап, боқтық-былапытын айтқызбай өз ықтиярымен соғысқа кеткен боздақтардан қалған қым-қуыт тірліктің қамыты боп жегілді. Сөйткен Сәмиян ана таң ала кеуімде Өмірзағын емізіп, шөлдеп, жыласа берер сүтін өз баласындай етіп асырап сақтап, бағып отырған, әке – шешеден айырылып жетім қалған қайнысіңілілері 12 дегі Жақотпен, 9 дағы Нұрсұлуға көрсетіп, бір қора сиырдың желінін созғылады. Өткенде өзіндей бір топ сауыншы келіншектерге басқарма Бағылан мұқият ескерткен: Сүт планына біреуің бережақ болсаңдар, заңға тартыласыңдар, майданға сары май жіберуден борышкер болмауымыз керек. Бір бұзау өлуге тиіс емес, сауыннан кейін пішен дайындауға, біразың малдың баз, қорасын жөндеуге барасыңдар, басқа да ақсап жатқан шаруа жетерлік, себеп-сылтау айтылмайды. Өйткені соғыс, азаматтарың зұлым жаумен арпалысып, толарсақтан қан кешуде, қара қағаз алғандарыңа да омалып үйде отыруға болмайды. Осының бәрін сен қадағалап, күн сайынғы жұмыс толығымен бітпей ешкімді үйіне жібермеуге міндеттісің деп қадап айтқан ақикөз, ақсақ бригадирге.
«Жағдайды түсінесіңдер, жақтарыңды ашпай нені айтсам соны істейсіңдер» деген әлгі бақшиған, қамшым жон арқаларыңды тіледі дегенді меңзеп етігінің қонышын, дойырымен, серт еткізіп қағып жіберді.
Сәмиян да, басқа да әйелдер бұларын теріс деген жоқ, азаматтары аман келсе болғаны. Қара қағаз алып үлгерген келіншектер де салыңқы назарлары жер шұқыса да жұмған ауыздарын ашпады. Демек, ақикөз бригад айтқандай мұнда да майдан, соғыста қан төгілсе, мұнда дамылсыз тер төгілуі керек, еңбек майданы деген сол.
Өмірзағын түс әлетінде сәл тізе бүгіп емізіп келгені болмаса, Сәмиянның бір кесе ыстық су ішуге де шамасы жоқ. Алпауыт азаматтардың білегіне күш түсіріп, белін майыстыратын айырлап пішен маялау, оны бітірсе келесі аралдың шөбіне орақ сілтеу шулаған әйелге, иегі кемсеңдеген ақсақалға, қолы күлбіреп, ұйқысоқты жүрген балаға қайдан оңай болсын! Кейде ақикөздің берген үйме-төкпе жұмысын бітіре алмай ай жарығы сүттей уызын төккенге дейін діңкелейтін бұл сорлылар.
Жылай-жылай таңдайы кепкен Өмірзағына, үкікөзденіп отырған Жақот пен Нұрсұлуға Сәмиян да түннің бір уағында жететін. Баласына мамасын сорғызып, өздері қатқан-құтқандарын үнемдей тістелеп, ыстық суларын ұрттайтын. Сөйтсе де Сәмиянға көз шырымын алуға әлі ерте. Балапандары үшін ертеңгі күнге қам жасау керек. Майдандағы Қажымғалиынан келген үшбұрыш хатқа сағынышын сияға қосып, жауап жазу… Қыстың күні орыстың аязы қатты дейді, Қажымғалиының қол-аяғы үсіп кетер, өткенде бастаған қолғап, шұлығын біраздап тоқып жатпай бола ма? Ниетке орай арысына тап келтірер, оған бұйырмаса, азаматынша арпалысып жүрген басқа бір жауынгер қаруласының қол-аяғын жылытар…
Сәмиянның, ол сынды басқа да келіншектердің тағдыры осылай жалғасты. Қолдарына қару алып соғыспады демесең, олар көрген кеп, тартқан азап пен күйдірген тозақ майдандағыдан бір де кем емес. Олар тек өліп көрген жоқ…
Адам жаны неткен сірі! Бел ортасында Қажымғалидың Сәмияны да бар. Бүкіл қазақ даласы солай күңіренді.
Азаматтарына еркелеп, сылаң қаққан асыл жар-арулар сол мезетте алабөтен қайраттанып, жан дүниесімен жаңа болмыс тауып, қиындық атаулымен арыстанша арпалысты. Сол аналардың лайықты өкілін іздесек, ол Сәмиян!
Тәңірге күпірлік айта алмайсың, тағдырыңа қанша налысаң да ол өз ықтиярың. Сол сұрапыл соғыс Сәмиянның да жүрегін аяусыз осқылап, қанша тырбынып бақса да рахым, обал, сауап атаулыдан тырдай жалаңаш екенін көрсетті. 1943 жылы сол қан майданда оның ер мінез Қажымғалиы да ауыр ұрыстардың бірінде оққа ұшты. Көз жасты қойшы, көп болса көл құраған шығар, Сәмиянның жүрегі қанмен жылады, тілік-тілік айықпас жара түсті. Бірақ оның түндігін қара қағаз біржола жаба алмады. Бұ қазақтың көп қыздары бет қаратпас қайсар ғой. Сәмиян да еңсе тіктеуге, қайыра қолына айыр, күрек алып бар өшін қара жұмыстан өршелене алуға күш тапты. Қажымғалиының жеті түнде, бозала таңда елесімен сырласты. Қам көңілге бұл да болса медет. «Жалғыз тұяғың ізіңді өшірмес, Өмірзағың жалғар, ақ сүтімді таңдайына тамызған сайын Тәңірден соны тілермін, өз жолыңмен жүруге баулырмын» деп, өзі үшін рухы серік Қажымғалиына іштей мәңгілік уәдесін берді. Жесір келіншек аманат-бүлдіршінді сол мақсатта тәрбиелеуге барын салып бақты.
Соғыс басылғанымен оның ойраны қапелімде біте қоймағанына өткен тарих куә. 1943 жылы Қажымғалидың оққа ұшқаны жайлы қаралы қағаз рас болғандай. Ақсақ, тоқсақ, қату қабақ боздақтардың бірқатары омыраулары қоңырау қағып елге оралды. Жоқтары-жоқ. Сол көп жоқтардың бірі-Қажымғали. Қара жолдан қылтиған біреу көрінсе «менің арысым емес пе?»-деп қолымен көзін көлейгелеп, жанары суалған жар-Сәмиян. Үміт те бір үзіле қоюы екіталай нәзік жіп. Сәмиянның да Қажымғалиға деген үміті үзілді десек, қателескеніміз. Өмір бойы арысын күткен бейбақтың бірі осы Сәмиян.
Күте жүріп қазіргі Құрманғазы (бұрынғы Теңіз) мекенінің «Жаңа талап» колхозында сол құлшылық қамыты мойнынан алынған емес. Майданнан қол-аяғы бүтін келгендер там-тұм. Шалдар әбден шаршады,шаршамағаны бақи көшті. Бар ауыртпалық баяғы сол соры арылмаған әйелдердің мойнында. Бір тәуірі Сәмиянның жанында қылтиып өскен көктей Өмірзағы бар. Анасы орақ сілтесе, құлап-сүрініп тырмалайды. Сәмиянның бір ауыз жылы сөзіне, мейірлене бір қарағанына бола шаршағанын ұмытып кетеді. Сиыр сауса бұзауын тартысады. Мал астын тазартысуға, сауылған сүтті бидонға апарып құйып келуге, қазан астына отын дайындасуға, өзектен су әкелуге әбден жарап қалды. Тілазар емес, тілалғыш, пысық, өжет, намысшыл. Ақикөз бригад баяғыша басы артық былапыт сөз айтуға оның Өмірзағынан кәдімгідей қайбыртатындай. Сондай бір өпірем сәтте құйттай Өмірзақтың жүзі алаулап, үш бұтақ айырды қолға алғаны бар.
Талайды көрген әкіреңбай нағыз қу ғой:-Әй, мына Қажымғалидың жалғыз тұяғы жарақты жауды жалғыз өзі жапырады, ертең ақ, көріңдер де тұрыңдар, — деп жағдайды өзі жуасытып, үпит-сүпит, деді де тайып тұрды. Сәмиянның қолында шелегі шиқылдаса, артында боршыны қолқылдаған бір бала ілесуі көз үйренген көрініске айналды. Ол жалғыз сенері, маздаған шырағы, қалған өмірінің бар мағынасы-Өмірзағы. «Осы қарашығымды жеткізсем»-деп тебіренген тұстарда көзінен мөлт етіп жас көрінер. Онысын жарығы-жалғыз ұлына көрсетпей жеңімен қағып, қайыра буын бекітер.
Қажымғалидың Өмірзағында да балалық бал дәурен болған емес. Кітаби тілмен айтқанда барлық сол тұстағы өзі құралпылар сияқты балғын, ерке шақтарын соғыс қасіретіне ұрлатты. Сүйсініп киім кимеді, сыйғанын, әйтеуір, табылғанын киді. Шегі шұрылдамаған күні жоқ, су қосқан шалап айран үлкеннің де, кішінің де кезектесіп жұтары. Уылдап-шуылдап, ауылдан ұзап бір топ бала болып дегендерін жасап көрмепті. Бала деген балалық шағында алаңсыз алысып-жұлысып ойнайтынын олар заман түзеле келе, ел еңсе тіктегенде өздерінен кейінгілердің балалығынан көріп, балалық бал дәуреннің не екенін саналарына сонда сіңірді.
Бала Өмірзақ та ерте есейді. «Сонда менің әкем енді біржола оралмай ма» дегенді анасына қанша оқталып айтқысы келсе де, бір құдіретті күш оған айтқызбайтын. Екі көзі анасының қасы мен қабағын күзетіп ержетіп, есейе бастады. Әкесі бар балаларға қарап, қызығып қоятыны да жоқ емес. Кейде ол әкесінің жауды жапырып бара жатқан қаһарлы бейнесін сурет тілінде бейнелегісі келетін.Ол райынан тез айнып, жоқ әкем жайлы ұзақ-ұзақ бір нәрсе жазуым керек, деп өз көңіліне тоқтық орнататын.
Ол онда әкесі жайлы да, басқалар жайлы да көп жылдар өткен соң қалам тербейтінін қайдан білсін.Өмірзақтай талантты бала, зерделі ұлдың өмір соқпағы заман аужайы, отбасы тірлігіне орай мүлде басқа арнаға бұрылды.
Х Х Х
Ғасыр жасын артта қалдырған Абай атындағы білім қара шаңырағын 1957 жылы өз тұрғыластарының маңдай алды болып бітірген Өмірзақтың алдында кім болам? деген сұрақ көлденеңдей тұрды. Әкесі Қажымғалидың бірге туған бауыры Батырғали ағасы соғыстан аман оралып, ішкі істер қызметіне жұмысқа орналасты. Жалғыз ұяласынан қалған көзді-өз қаным деп, Өмірзағына өз балаларынан бұрын бәйек болды, Батырғали аға.
Мұқыш бәйтеректен тараған қос бұтақ-біреуіміз солсақ та, оның бұтақ орнына бұтақ боп гүлдер тамыры-осы Өмірзақжан ғой, ол қалайда жұрт қатарлы адам болуы керек. Иығына погон таққан, жақсы қызметімен өзін үлгілеп үлгерген Батырғали Мұқашев ауданға белгілі, сыйлы азамат. Әке орнына әке болған Батырғали ағасы мен анасы Сәмиянның ортақ ұйғарымына қарсы келе алмады, Өмірзақ ұл. Өзіне салса алыс Алматыға кетер еді, жүректе бұлқынған арман әміріне жүгінер болар. Сықсима шамның жарығымен қолға түскен кітапты бір оқып кетсе таңға дейін түгеспей қоймайтын қиялшыл бала осыны жазған адамдарды құдіреттей көріп, оларға табынатын. Қиял әлемін шарлап кетсе, өзі ылғи да том-том сырлы кітаптар жазған жазушылармен бірге жүрер еді.
Бірақ ақылды бала: «ағам мен анамның ұйғарымы да дұрыс, жалғыз анам болса ебіл-себіл еңбек етіп, қайтсем отбасын асыраймын деп көрмей жүрген бейнеті жоқ.Мен Алматыны адақтап біраз жылдар сонда жүрсем, байғұс шешем мен бір-екі түйір бауырымның мұндағы күні не болады? Ағам барын аямас, оның екі бірдей отбасын асырауға, әрі маған қарайласуға шамасы жете ме? Асылы Гурьевтегі (Атырау) зоотехникалық мал дәрігерлік техникумды бір-ер жылда тездетіп бітіріп, көз ашқаннан көрген мал арасында жұмыс істейін. Балаң арманым алдамас, маған да көкейде хатталған сырларымды көлдетіп жазудың бір сәті түсер, әуелі жан дегенде жалғыз анамның белін суытудың қамын күйттейін, жоқшылықты тоқшылыққа ұластыру-бірінші борыш». Сұңғыла баланың бұл ойына қарсы келген ешкім болған жоқ. Тек Қазақ әдебиетінен сабақ берген Кәрім ағайдың ғана қабағына жиырылған қыртыстар құптамағанын аңғартты. Мұны әдебиетші ұстаздың сұңғыла шәкірті де сезбей қалған жоқ. Қайтерсің, заманына қарай амалдамасқа жағдай бар ма?
Сонымен, Өмірзақтың техникумдағы азын-аулақ жылдары да зымырап артта қалды. Орта дәрежелі оқу орнын бітіріп, мал фельдшері деген дипломы қолға тиді. Ол бір білімнің қадірі бар, осындай білім деңгейімен бірқатар азаматтар колхоздар, совхоздар басқарған жылдар еді. Мың-мыңдап ақтылы қой, сиыр, жылқы, түйе өсіретін пермілерді 4 сыныптық білімі бар көкелердің басқарғаны күні кешелері.
Маман тапшы. Кәрі Атыраудың Қиғаш өзені мен Нарын құмының жиегі, Азғыр аталатын алып аймақтың арасы соғыстан кейінгі азын-аулақ жылдарда төрт түлік малға толды. Бұл да ұранға ілескен, биліктің сөзін құдай сөзіндей көрген ауыл жұртының жансебіл тірлігінің игілігі. Құрманғазы (Теңіз) ауылшаруашылығы ауданы.Бір ғана Сүйіндік аталатын кеңшардан соғыстың лаңды жылдары сегіз бірдей Социалис Еңбек Ері – жылқышылар шыққаны тегіннен тегін емес.
Х Х Х
Құдай қарасқанда жас маман Өмірзақ осы Сүйіндік кеңшарына «мал дәрігерлік техник» мамандығы бойынша жұмысқа жіберіліп, 1960-1961 жылдары осы міндетінде алмастай жарқылдады.
Қабілет-қарымыңа дүрбі салып қарайтын сол кездегі партия билігі оған 1961 жылы «Правда» мал дәрігерлік учаскесінің басшылығын сеніп тапсырды. 1962 жылы бұл орыннан шұғыл суырып алып, ауданның Құрманғазы атындағы кеңшарына ферма басқарушысы етіп жіберді. Осында сегіз жыл үзбестен үлкен фермаға жетекшілік еткен ол қоғамдық малдың мың-мыңдап төліне-төл қосты. Құрманғазы (Теңіз) ауданының үздік фермасы дәрежесіне жеткізді.
1974 жылы қайыра Азғыр өңіріне жұмсалып, осындағы Балқұдық аталатын үлкен кеңшарда 4 жыл қатарынан бас мал дәрігері болып жұмыс жасады.
Аудан, облыс, республикадағы озық кадрлар сапына іліккен Өмірзақ Қажымғалиұлы 1974 жылы теңіз өресіндегі Калинин атындағы кеңшарға партия комитетінің хатшылығына тағайындалды. Арада екі жыл өткенде, яғни 1976 жылы осы шаруашылықтың директоры болғанының куәсіміз. Осы Калинин атындағы кеңшарды 11 жыл 1987 жылға дейін басқарып, атағын Республикаға мәлім етті. Сиыр малынан өз тұстастарынан оқ бойы озып, өте жоғары табыстарға қол жеткізгенін аудандық газеттің балаң тілшісі, осы жолдардың авторы талай барып жазғанбыз. Кеңшар орталығы Орлы ауылы адам танымастай өзгерді. Қалалық сәулет үлгісінде мәдениет үйі салынып, Республикада тұңғыш рет осы ауылда мәдени-спорттық кешен бой көтеріп, карусельі айналып, качельі тербеліп, спорттың барлық түрлерінен күнде кешке жарыс ұйымдастырылып, Халық Ұлт аспаптар оркестрі, Аналар хоры, Вокальды аспаптық ансамбль, т.б. тұрақты жұмыс жасайтын. Сол сексеніші жылдары Калинин атындағы кеңшардың базасында ауылдағы мәдени-спорттық кешен жұмысы жөнінде республикалық семинар-кеңес өткізілді. Ол кезінде республикалық «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарияланды.
Қысқасы директор Өмірзақ Қажымғалиұлы адамдарға жұмыс жасату үшін алдымен отбасында алаңдарлық жағдайдың болмауына, көңіл бөліп, еңбек үстінде және бос уақыттарында барлық қажетті жағдайды туғызуды өз алдына міндет етіп қойды.
Малшыларды әр учаскеде жеке-жеке ұстамай, мал кешендері салынды, орталықтары бой көтерді. Қол жұмысы механикаландырылып, өндіріс тәсілдері озық технологиямен жабдықталды. Мұндай мал кешендеріне ондаған малшылар шоғырланып, әр үйдің жеке-жеке моншасы болды, ортақ клубы, кітапханасы жұмыс істеді. Кеңшар экономикасының қарыштап өркендегені, ауыл мәдениетінің мұншалықты көтерілгені кезінде республиканы дүрліктіре БАҚ-ның ауызының сағызына айналды. Қажымғалидың жалғыз тұяғы күндердің күнінде ел-жұртты аузына қаратқан, көш бастаған, көсемдігі мойындалған осындай директор болды.
Алғыр да алымды, көппен жұмыс істеу тәжірибесі жинақталған Өмірзақ Қажымғалиұлы 1987-1992 жылдар аралығында Теңіз (Құрманғазы) ауданы Агроөнеркәсіп кешенінің төрағасы, аудандық Кеңес атқару комитетінің бірінші орынбасары қызметін алға жетеледі.
Республика билігі сан қызметте сыналған, алғыр басшыны 1992 жылы осы Құрманғазы ауданының «Коммунизм жолы» кеңшарына директорлыққа жұмсады.
Арада аз уақыт өткенде еліміз өз Тәуелсіздігін жариялап, дербес мемлекет болып құрылғанда аудандағы бірнеше кеңшарлар тарап, кейін кейбірінің ізі де табылмай қалды. Ал Өмірзақ Қажымғалиұлы болса, «Коммунизм жолы» кеңшарын Мақаш ұжымдық шаруашылығы етіп қайта құрды. Қырдағы малшылар тарап кетпей сол өз орындарында төрт түлігін өсірумен болды. Қажетті техникалар, қоғамдық нысандар мұрты бұзылмай, енді бірлескен шаруашылық ұжымына қызмет етті.
1994 жылы ұжымдық шаруашылық болып құрылған Мақаш өндірісі ұлғая келе, арада 5 жыл өткенде өндірістік кооперативке айналды. Шаруашылығы ұлғайды, еңбеккерлердің алдағы күндеріне сенімдері қалыптасты. Өмірзақ Қажымғалиұлы осы Мақашты 1994 жылдан 2013 жылға дейін алға жетеледі. «Еңбеккерлерден жұмыстың орындалысын сұрау үшін, алдымен оларға қажетті жағдайлардың бәрін туғыз!» Оның жүрегіне күндей нұр сыйлаған ұстанымына айналды. Бүгінгілердің еш нәрседен мұғадарсыз болуын ойлай жүре, халқына еңбегі сіңген, кеңестік жүйеде тұмшаланып келген жергілікті өткен тарихи тұлғалардың жарқын істерін ел жадына сіңіруге аса жоғары маңыз берді.
Мысалы, Тәуелсіздіктің бастапқы тұсынан өзі жасы зейнеттен асқаннан кейін де біраз жылдар басқарған өндірістік ұжымға Мақаш атауы неге шұғыл берілді, ол кім еді? Мақаш баба патша өкіметі заманында І-ІІ Теңіз жағалауы қисымдарын (округтерін) асқан біліктілікпен басқара жүріп, туған халқының мүддесіне орай адал қызметімен тарихта қалған көрнекті тұлға. Өмірзақ Қажымғалиұлы облыс бойынша шаруашылықтағы бірнеше мал пермілерін №1,№2,№3 т.с.с. демей, оларды халқына әулиелігімен шарапатты шуағын молынан түсірген «Сәт баба», «Сардар баба», т.б. есімдеріне көшірді. Кеңестік жаттанды, қасаң қағидадан арылтып, адамдардың санасына ата-баба рухын сіңірудің таңғажайып нәтижесін көрді де. 1995 жылы Морской мекеніндегі К.Маркс есімімен аталып келген орта мектепті Қазақстанның Халық жазушысы, осы топырақтың түлегі Әбу Сәрсенбаевтың есімімен атауға күш-жігерін жұмсап, мақсатына жетіп тынды. Оған арналып құрылған қорға жетекшілік етіп, белгілі майдангер қаламгер абыз Әбудің туғанына 90, 100, 110 жылдық мерейтойларының өңірімізде жоғары деңгейде аталып өтуіне басшылық жасады.
Ел мен жердің жоқшысы, заманында «Мақаш хакім» атанған бірегей қайраткер тұлғаның да атына арнайы қор құрып, оның басына айшықты ақ кесене тұрғызудың басы-қасында өзі болып, ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, барлық шығынын өз мойнымен көтерді.
Жергілікті халық әулиесі, сынықшы Серікбай Қазбекұлының атына да арнайы қор аштырып, әзиз жанның мәңгілікке тыныш тапқан Сазды аталатын биігіне айшықты кесене орныққанша жаны бір мігір таппай, күндіз-түні шапқылағаны есте қалған. Туған жерлері Құрманғазыда Әбу Сарсенбаев, Мақаш Бекмұхамбетов сияқты халқының біртуар перзенттеріне ескерткіш белгілер тұрғызылса, бұл да елжанды азамат Өмірзақ Қажымғалиұлы тындырған бірегей істері екендігі еш қандай дау туғызбайды. Сайын қырдағы малшы балалары ата-анасынан жырақта, интернаттарда оқымай-ақ қойсыншы деген ниетпен аудан орталығынан сан жүз қашықтықта орналасқан «Ниетбай» аталатын телімнен алдымен бастауыш, 1994 жылы негізгі мектеп ашу да кейіпкеріміздің тынбай жүріп тындырған шаруасының бірі де, бірегейі. Осы «Ниетбай» мектебі кейіннен Өмірзақ Қажымғалиұлының бастамасымен ауданда бірнеше мал пермілерін басқарған, белгілі майдангер, «Даңқ» орденінің толық иегері Ғизат Әлиповтың есіміне лайықталды.
«Коммунизм жолы» кеңшарынан Мақашқа айналған өндірістік кооператив әлі де өмір сүруде. Бұл Өмірзақтай сұңғыла азаматтың көрегендігінің арқасы. Осы өңірлердегі қаншама кеңшарлардың ту-талақайы шығып, мал-мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеді? Жасы ұлғайып шаруашылықпен қоштасарда одан әрі басқару тізгінін ең сенімді шәкірті, оң қолындай болғанЖеңіс Әбілхайыровқа, алға қарай қалай жетілдіру керектігі жөніндегі бағдарламасымен қоса ұстатты. Жас інісіне әлі күнге бас көз болып келеді. Бұл да елдің жайын ойлағандықтың белгісі.
Мақаш өндірістік кооперативі де бастапқы құрылымында елеулі қиындықтарға ұшырады. Бұрынғыдай мемлекеттен көмек, суша ағып жататын жанар-жағар май сап тиылды. Адамдарға еңбек ақы, құрылыс материалдары, техника бөлшектері, т.б. керектердің бәрін өзің табуың қажет. Талап: Ұжым боп өмір сүргің келсе, өз күніңді өзің көр!
Мақаш кооперативі Ө.Қажымғалиұлының алғырлығы, ізденісі арқасында тырбынып, жаңаша істердің көзін тауып, өз күнін өзі көріп бақты. Қиыннан жол тапты, тыңнан түрен салды. Журналистік кезекті бір сапарымызда өз көзіміз куә болып, қайран қалғанымыз бар.
Осындағы ескі мектептің бос тұрған ғимаратын ішіндегі көне-қоқсыдан босаттырыпты. Дәліздері мен үлкен бөлмелерінде ауылдың қыз-келіншектері жағалай қызылды-жасылды алашалар тоқуда. Термесі бар, басқасы бар.
Бір бөлмеде судыраған жаңа маталардан іш киімнен бастап түрлі киімдер тігілуде. Көрпе, көпшік, қыз жасауы дейсіңбе, қарап тұрып қызығасың, қайнаған өмір, жайнаған көңіл. Маталарды сұңғыла басшы бартерлік (айырбас) жолымен көршілес Ресейден әкеліпті.
Бір топ жігіттер өз алдарына бөлмелер алып, бірі сандық, бірі самауыр тұрбасын, бірі шелек, бірі көмір салатын, әйтеуір ауылға керектің біршамасы осында жасалуда. Бірнеше жіп иіретін станоктар зырылдап айналып жұмыс жасап тұр. Шебер жігіттер Өзбекстанға дейін барып, ондағылардың алым-берім көңілдерін тауып, бір-ерін ауылға әкеліп, соған қарап отырып, керегінше өздері жасап алыпты. Ұзын дәліздің бір тұсында әйелдер жабылып киіз басуда. Кәдімгі хан көтеруге жарайтын оюлы ақ киіздер!
Шаруаны осынша жетік ұйымдастыра білетін бұл Өмекеңе шынымен де ем жоқ екен деп ойладық, сол жолы. Аудандық, облыстық газеттерде тәжірибеге ұсынған табақтай-табақтай мақаламыз жарық көрді. Ынталыларға мойын бұрғызды, кержалқаулар терістеп бақты. Әлгі айтылғандардың баршасы да кооператив қорына сытырлаған тиын болып түсе берді. Қырдағы, ойдағы малшылар «әкеліп бер» деп сіреспей қолдарынан келгенінше өз малдарына азықты өздері дайындауға кірісті. Әрине, мұндай маңызды шаруада құйрықтарына орақ ілген көк тракторларда тыным болушы ма еді? Осындай ұжымды келер күндерге сендіре, ұйыстыра білудің нәтижесінде Өмірзақ Қажымғалиұлы өз қолымен құрған Мақаш өндірістік кооперативінің 5-6 жыл аумағында теңеліп кеткеніне маңайдағы ел куә болып, түгел сүйсінді. Сол бір қиын жылдарда тегеуріні мықты азаматтың тектілігі үлкен ауылдың көшін өгіздей өрге сүйреді. Ол туралы кезінде жергілікті мерзімдік басылымдар жарыса жазды да.
Бұл шағын баянымызда ғұмырын соғыс жалмаған Қажымғалидың жалғыз тұяғы Өмірзақтың таудай талабы мұқалмай, елдің елеулісі болып, ана сүтін ақтағанынан аз-кем хабардар еттік. Енді негізгі тоқталмағымыз оның бір кездегі кеудеге сыймай бұлқынған «мен де сөз зергері болсам-ау» деген балаң арманы жүзеге асты ма, соған қарай ойысайық.
«Қайраткер рух өзінің қанат жаюына қайдан да орын табады» деген бір ғұламаның данышпандығы сызылмай есте қалған. Дәл осы біз әңгімелеген Өмірзақ Қажымғалиұлын бейнелеп отырғандай өз ойымызша. Мүмкін ол біз сияқты «Анама», «Туған жерге», «Әкеме», «Сүйіктіме» деп өлең жазбаған шығар, ол бастан кешкен сұрқай кезең оларды санада сәулелендіруге мүмкіндік берді ме оған? Бермеді ғой, әрине.
Х Х Х
Есесіне өмір соқпақтары талай сынға салып, алысқанмен-алысып, жұлысқанмен-жұлысып, азаматтық шоқтығы әбден биіктеген шақта ол бір кездері арман болған қаламын қолына алды, ақ қағазға шимай-шатпағын түсіріп, өз ойымен өзі сырласты. Қай машықтың да сәтсіздіктері болмай қалған емес. Оның сәбидей тәлтіректеген сөйлемдері, қашып-пысқан сөздері келе-келе түзелеп, күн өткен сайын қабыса, жымдаса түсті. Әңгіме ар жағыңда өшпес қоламтаның болуында. Ол да Құдай ғана негізін қалайтын бұл бақыттан кенде емес екен. Жылдар өтіп, жапырағын молынан жайған ел ағасы тұсында сол бір балаң күнде жанын жылытып, қиял әлемінде қанаттандырған қоламта қызуын енді міне, өзі үрлеп көрді. Сығырая қызарып, шоқтана тұтанды. Бала бұлақтай сыздықтап аққан нұры екі-үш прозалық кітаптары шыққанда біздің мекендегі Қиғаш өзеніндей көктемі жетіп, құтырынып ақты, құлашымен кеңірек қарманды, келе-келе бұрқ-сарқ қайнады.
1986 жылы жарық көрген тұңғышы – «Биіктерге беталыс». Бұнысын өз басым, алдағы үлкен жолға дайындық деп есептеймін. Өйткені, өзі басқарған шаруашылық өмірі, жетістіктер сыры, адамдармен қарым-қатынас, түрлі-түрлі мінез иелері жайында баяндалатын публицистикалық шығарма. Осының өзіне тілеулестер, өңір жұрты «Е, мына Өмірзақ құр жаяу емес, жазушы екен ғой, тек шаруасы түскірден босамай жүрген болды ғой», деп бір желпініп қалғанының куәсіміз.
Қаламгер аға сол қайнаған шаруаның бел ортасында жүріп 2001 жылы «Жолдар-жылдар» аталатын қалың кітабын шығарды. Аты айтып тұрғанындай өткен жылдарда, кешкен жолдарда кезіктірген тағдыр сыйы, өмір бастауынан азаматтық шақ арасындағы қилы-қилы бастан кешкендері. Мұнда еңсе басқан ездер де, етектен тартқан енжарлар да, қолтықтан демеп, шалыс басудан сақтандырған салиқалы жандар да кезігеді. Алғашқы міндет арқалаған күндер, ел таныған, жер киесін сезінген, алғашқы махаббат, атойлап соққан жүрек лүпілі, мастанған, мақтанған, жасқанған сәттер эссе, естеліктер, әңгімелер түрінде баяндалады. Өз басым, өмір, әдебиет жолына біршама қанық інісі ретінде Өмірзақ Қажымғалиұлы жазба дүниесі деген киелі босағаны осы кітабын қолтықтап келіп, аттады деп бағалаймын. Алғашқының аты алғашқы, кедір-бұдыр жолдар, алқынған асығыс шешімдер, бірде жетіп, бірде асып жағылған бояулар жоқ дей алмаймын. Бірақ қаламгерді халқына жазушы ретінде танытқан, әдебиетке құштарлығын еселеген, қалыбын түзеген, қаламын қатайтқан осы «Жолдар-жылдары». Қалың том болып жаралған сом дүние.
Бұдан кейін текті тұлпар тұяғымен тас атып, бірте-бірте бауырын жаза, еркін көсіле түседі. «Нарынның нар ұлдары» 2003 жылы, «Мүслимат» 2008 жылы, «Дариға-дәурен» романы 2009 жылы, «Самғау» деректі хикаяты 2010 жылы, «Мақашпен қауышу» кітабы 2011 жылы, «Жанкешу» романы 2012 жылы «Қиял…Үміт…» хикаясы 2013 жылы, «Қыран қияда» деректі хикаясы 2014 жылы, «Кемел» романы 2016 жылы, «Ғашық зар» хикаялары 2017 жылы, «Жаңғырық» трилогиясы 2018 жылы, «Орындалған арман» 2019 жылы жарық көрді. Осы роман, повесть, хикаяттар, әңгімелерден тұратын бірқатар кітаптары кезінде әдеби ортадан жоғары бағасын алды. Республиканың белгілі журналдары, газеттерінде олардан үзінді жарияланды. Танымал қаламгерлер жетістігін жеткізіп, жетілдірер тұстарын нұқшап көрсетіп, оңды пікірлерін білдірді.
Жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы қаршадайынан өмір көрігінде пісіріліп, шар болаттай суарылып өскен азамат. Елдің арқар сүйері болуы жолында сүрінсе тұрмай қоймады, бет қақпай көрсе безіп кетпеді, жақсымен де жаманмен үзеңгілес, пікірлес болған, көргені мол, көкірегіне түйгені көп қаламгер. Оның жазушылық лабораториясы бай, нені жазам десе де еркін көсіліп жүре берері сондықтан. Санаулы жылдар ішінде прозалық күрделі шығармаларына қоса, республиканың белгілі басылымдарында оның қазақтың зиялы азаматтары жөнінде жазған сан алуан очерктері, эсселері жарық көрді, бірқатары түрлі жинақтарға енді. Оларды «Жігіттің жайсаң едің, жарқыным!», «Ардақты ағаның ажары», «Тоқсан толғау», «Халқының баласы, елінің данасы», «Тұлға», «Жарқыным», «Шуақты ғұмыр», «Атаға тартып ұл туар», «Жарқын өмір», «Ұстанымы бөлек ұстаз», «Азғырдың алыбы», «Елге де ерге де жаққан Ерекең», «Болмыс пен биіктікте», «Даралық пен даналық», «Еңбекпен өрілген ғұмыр», «Елім деп соққан жүрегі», «Мәртебе биігі», «Алдыңда ағаң болған қандай жақсы», «Сахараның сардары», «Ерлік пен өрлік» т.б. жалғастыра беруге болады.
Сексеннің сеңгіріне қажымай шыққан қаламгер Қажымғалиұлының прозалық шығармаларының қай-қайсысында да өмірде болған адамдардың тағдыры баяндалады. Кейіпкерлердің бастан кешкен жайларында сол кезеңнің тынысы кең қамтылады. Тарихи тұлғалар өмірін публицистикалық тұрғыда көрсетпей, әрқайсысына бір-бір көркем шығарма арнауы-жанкештілік. Кешегі кеңестік шаруашылықтардың табыс қазынасы, Одақтың обыр өңешін толтыра алмай сол жолда саулықтары сыр берген, өмірмен ерте қоштасқандар «Нарынның нар ұлдары», «Алтынды тот баспайды» кітаптарында кеңірек сөз болады. Мәселен «Алтынды тот баспайды» тарихи-танымдық шығарма. Автор өз түйсігіне тоқығандарын Астрахань, Орал, Орда мұрағаттарында шұқшия отыруы арқасында толық дәлелдеп, тың мәліметтермен байыта түскен. Ондағы «Алаштың Батырхайыры», «Нарын не дейді?», «Нарындық дворяндар», «Республиканың тұңғыш прокуроры», «Алтынды тот баспайды», «Дәуір жыршысы», «Жайсаң жандар» т.б. тақырыптармен берілген тарихи-танымдық шығармалары солай деуімізге негіз бола алады.
«Мақашпен қауышу» — жоғымызды түгендескен, төл тарихымызға қосылған сүбелі үлес. Шежірелі жинақ. Мақаш бабамыз да сөз орайында айтқандай, Патша үкіметінің жымысқы саясатының ара-арасынан сыналап жарық тауып, туған халқының бақыты мен болашағы үшін талай тәуекелдерге барып, ел мен жердің қорғаны бола алған сұңғыла жан. Ұлы сазгер Құрманғазы осы Мақаштың арқасында даудан басы, кісеннен қолы босап, жасы ұлғайғанда біразырақ қуғын-сүргінсіз еркін өмір сүрген. Солақай саясат Мақаштың елжандылығы мен еңбегін, ғылымға, өнерге қосқан үлесін екі ғасырдай бүркемелеп келді. Батыс өңірінің Каспий жағалығынан қырға ұласқан шұрайлы бөлігін 40 жылдай басқарған, қарамағындағы аумақты Ресейге қосылып кетуден амал тауып, аман алып қалған Мақаш бабаның есімі Тәуелсіздіктің арқасында жарқырап жарыққа шықты, басына ақшыл кесене орнықты. «Мақашпен қауышу да» осы және басқа жайлар мұрағаттар деректері негізінде көркем тілмен баяндалады.
«Жанкешу» романы бастан-аяқ соғыс тақырыбын қаузайды. Сол бір қасіретті жылдардың барша қазақ ауылдарына салған ортақ ауыртпалығына жаның күйзеледі. Автор: «Бұл еңбегімді екінші дүниежүзілік соғыстың елдегі ауыр салмағын көппен бірге қаймықпай көтеріскен, әскер жесірі, анам Мұқашева Самиянның көрген қиындығы, шеккен қасіретінің ескерткіші ретінде қабылдаңыздар!»-депті оқырмандарына! 330 беттен тұратын көлемді роман сол бір қиын-қыстау жылдардағы ел еңбеккерлерінің қайсарлық күресін, әйелдер мен шолақ белсенділердің қырғи қабақ текетіресін, ауыздағысын жырып, алдындағысын сыпырып майданға берген, жарым көңіл, жүдеу жүз ауыл бейнесін айна-қатесіз көз алдыға әкеледі. Романның бастан-аяқ тұрақты кейпкері – Мархаббат есімді әйел. Ол айбынымен жасқайды, ақылымен үлкенді-кішіні оңды істерге бастайды.
Көлемі 400 беттік «Дариға-Дәурен» романы да ертеректегі әз аға – Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарындай» қолдан-қолға, ауыздан-ауызға көшіп жүрген көнермес тақырып, өміршең дүние. Белгілі жазушы-драматург, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевмарқұм аталмыш роман туралы кезінде жазған «Сөзбен соғылған ескерткіш» деген шолу мақаласында былай депті: «Дариға-Дәурен-роман эссе. Шешен тіл, шежірелі тағдыр. Қыр жайлап өскен иен дала перзенттерінің адал махаббаты. Ақтарылған сезім, аяулы сыр-сұхбат, аңдаусыз айыптар, құлаш жыртар қызу еңбек-бәрі-бәрі жазғы рахман жаңбырдан кейін көкжиекке керіле қалған кемпірқосақ бояуындай көз қарықтырады, көңіл қуандырады.
Шалқар мен Самал арасындағы іңкәрлік, бұл-мәңгілік махаббат жыры. Түнде берген уәдеден күндіз таятын ұшпа сезім емес, кәнігі қазақы мінезге сай мінсіз сезім. Шығармадағы Ажар, Гаухар, Меруерт, Мақпал, Тотылар негізгі кейіпкерлердің образын күшейтіп, толықтырып тұрған тұлғалар. Сөзбен соғылған ескерткіштің құрамдас бөліктері.
Роман-эсседе мұнымен қоса сол даланың қыр асып кеткен қоңыраулы керуендей өткен тарихы, бабалар сөзі, байламы, еңбек ырғағы, сол кезгі елдің қоңторғай тірлігі, жастардың алуан мінезі, болмыс-бітімі, ғашықтық хикаясы, тұтасып келіп, кең көлемді көріністі көз алдыңа әкеледі. Міне, сөзден бұйда ескен шеберлік деген осы! Ендеше сәт сапар, сағынышқа толы сыр, жастықтың жалауы».
«Мүслимат»-естелік, эсселерден тұратын жинақ. Онда аяулы да асыл жары туралы қаламгер аға терең тебіреніс ұйығында жүзеді. «Мүслиматым мен үшін өмір сүрді. Мені шаттыққа бөлесе, өзіне бақыт санады және ол басты мұраты болды. Ол өзінің саналы өмірін жасаған жасымен емес, менімен қосылып, шаңырақ көтерген жылдарымен өлшеген еді. 2007 жылдың мамыр айында күн күрт ысып, Мүслиматымның дерті асқынып, қатерлі шақтар болған кездердің бірінде өзінен-өзі: «Биыл біздің қосылғанымызға 25 Тамыз күні 45 жыл толады, соған жетіп, сол күнді көрсем, Аллаға шексіз риза болар едім»,-деді.
…Шындығында 1962 жылдың күзге таяу уақытында үйлендік, оның 25-Тамыз екені есімде қалмапты.
Осы сөзді естігенде қайран қалдым. Жаным-ау, қосылғаннан бергі әр күнді қуанышпен қарсылап жүреді екен-ау! Мерейтойларда екеуіміздің фотосуреттерімізді үлкейтіп әкелгенде қатты қуанып қалатын еді. Сонда өмірінің тұғыры да, базары да мен екенмін ғой.
-Мен деп соққан жүрегіңнің, дүрсілінен айналайын… деп айтылатын әндей, Мүслиматымның жүрегі үнемі мен деп, «Өмесім» деп соғып тұрадыекен ғой, осы кезге дейін анық байқамағаным ба?
О, сүйген жар, асыл Мүслимат, отқа түсер махаббатыңды жүрегіңнің тереңінде ұстап келген екенсің ғой. Мен сол қалпында түсіне білдім бе?!-деп өз-өзімен жабырқау ой кешсе ағамыз, онысын әрине орынды санау ләзім.
«Ындынымнан жалғанар хұсни-хатым,
Жүрегімнің төрінен түспейді атың.
Қалған ғұмыр өтер де елесіңмен,
Ағаттығым болса кеш, Мүслиматым!»-деп ағаның асыл жарына деген қимас сезімін «Жанартау» дастанымызға түсіргеніміздей, 2007 жылдың 29 Тамызында асыл жар, адал махаббат иесі, ұрпағының аяулы анасы Мүслимат есімді бірегей болмыс, нұрдай таза пәк көңілді жанның бұл жалғандағы көрер жарығы таусылды.
Қарағайдай теңелсе жоқтаған азаматын ел сүйеп есін жиғызды. Жалғанның жүзінен көшсе де көңілдердің жайлауына жаз мінезі мәңгілікке жарасқан ізгі жанның бауырынан өрген балапандары ер жетіп, ес біліп өмірден өз орындарын тапқан, әулет көшін ілгеріге жалғаған, Тәуелсіздік тұғырын бекітісуге алаң, бойларына ана сүтімен кісілік пен кішіліктің рахман шарапаты дарыған қарақтар ылғи.
Мараты-Танясымен, Болаты-Гүлбаданымен, Нұрланы-Өрігімен, Риммасы-Қазбегімен, Кларасы ұрпағымен бүлдіргендей бүрін жарып, ерте көктеген алма ағаштарындай аппақ гүлдерге толы саялы баққа айналуда. Аллаға шүкір, аталап мойынға асылатын немерелер мен жиендерден алды босамайды. Алысқа адым оздырса әкесін күткен ұрпағы аяғын жерге тигізбейді.
Аяулы жарының асыл қасиеті әлі де оған жол менен жөн көрсетіп тұрғандай. Демек, ол санасы сырға, жүрегі нұрға толы бақытты әке, әлі де ой дүниесінен лағылдары мен асылдары сарқыла қоюы екіталай қаламгер.
«Қыран — қияда» аталатын повесі де оқырмандар арасында дүбір туғызған шығарма. Кітаптың басты кейіпкері — Мақсым Шафихұлы Ізбасов. Повестен гөрі бір романның жүгін көтерерлік шығармадағы бүкіл оқиға желісі осы бір кейіпкердің төңірегінде өрбиді. Әрине, шығармада басқа да адам бейнелері шеберлікпен ашылған: олардың портреттік бет-бейнесі, мінез-құлқы, сезім-түйсігі, өзі өмір сүріп отырған қоғамда жеке тұлға ретінде қалыптаса алғандығы жазушының қаламымен шебер суреттелген. Бейне сол кейіпкерлермен күнбе-күн кездесіп, сөйлесіп, олардың жан дүниесін де терең білетіндей сезінесіз өзіңізді. Көргені де түйгені мол Шафих ақсақал, баладай аңғал қарапайым Ақбал апа, қазақ әйелдерінің үлгісіндей сұлу да парасатты Тамара, тіптен сонау бағзы жаугершілік заманындағы батырлар образы — бәрі де шынайы сомдалған. Алайда, бағамдап қарасаңыз, олардың бәрі де бір ғана басты кейіпкердің төңірегінде, сол кейіпкердің образын сомдауға қызмет жасап отырғанын да аңдайсыз. Бұл да жазушы шеберлігінің бір қырын көрсететіндей.
Бұл «Қыран-қияға» жазған жазушы — журналист, ақын жылойлық Сәулеш Шәтенованың рецензиясынан алынған үзінділер.
Автордың: «Повестегі бас кейіпкер, студент Мақсымның Алматыдағы институттан ауылға оралып, оны әкесі Шафихтың әуежайда күтіп алып тұрған сәтінен басталады. «Әуежайдан шыққан орта бойлы тығыншықтай әдемі жас жігітке құшағын айқара ашып қарсы жүрді… Әке: «Ұлым, Мақсымжаным» — дегенде жуан даусы күндей күркүреп шықса да, аяқ жағы тарғылданып, қарлығыңқырап барып тоқтады. Ол қаптап келген қалың жаудан тайсалмаған, қайтпаған. Өзі алғыр, облыс, республикадан кеудесімен көк тіреп, бәрін қыратындай болып келген басшылардан қаймықпаған. Талай қиындықтан шайлықпаған жүрек құрғыр жалғыз ұлын сағынып көргенде сыр беріп, елжіреп кетті ме?! Осы шағын ғана эпизодтан әкенің алай-дүлей көңіл-күйін, ұлына деген махаббатын анық сезінесіз. Сол сәтте тап сол әуежайда, тап сол кейіпкерлердің қасында тұрғандай әсер аласыз. Кейіпкерлердің эмоциялық көңіл-күйін дәл суреттеу — автордың өзіндік машығы. Шафих ақсақалдың «өзім өмірден өткенде ұлым ізімді жалғай ала ма?» деп толғанып, іштей аласапыран ойларға берілуі, аяулы әкесі өмірден өткенде Мақсымның қайғырып, күйзелуі, сол сәтте достарының оны сергіту үшін өздерінше амал жасаулары, жары Тамараға деген сүйіспеншілік сезімі, басшылық қызметтен әлдекімдердің шеттетуімен кеткенде сағы сынғандай болғаны — міне осы эмоциялық күрделі сезім қайшылықтарын жазушы тап басып бере білген.»
Қалам тартқандардың көпшілігі бара бермейтін трилогия жанрын тайсалмай қолға алып сәтті шығарды. Оны «Жаңғырық» трилогиясының «Кемел» кітабына Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, ақын Ғалым Жайлыбайдың «Бұрқыраған бұлттай көшіп жатқан мынау аумалы – төкпелі дүниенің қабағын бағып, қара судан қаймақ қалқығандай, қара сөздің түбін түсіретін жазушы дегеннің өзі – шынымен де адам жанының инженері екен-ау! Алмағайып заманда елдің бәрі рухани дүниеден гөрі материалдық байлықты игеру үшін жанталасып жатқан кезеңде қаламды серік етіп, ақ қағаз бетіне елдің өткені мен бүгінін саралап жеткізетін үлкен кітап жазу оңай іс емес. Өткен өмір баспалдақтарына қайта үңіле отырып, өткен шаққа айналған естеліктерді жадында тірілтіп, өткен белестерін кітап етіп, жас ұрпаққа ұсыну екінің біріне бұйырмаған. Бізді осындай ойларға сүңгітіп жіберген – жазушы Өмірзақ Қажымғалиевтың «Кемел» романы»,- дегені пікірімізді айғақтайды. Трилогия желісінде қоғам дамуының, адам өмірінің сан саласын жан – жақты қамти отыра, бір ауылдың тыныс – тіршілігі арқылы сол ғасырдағы заманның құбылыстарын мөлдіретіп жеткізген. Жастық шақтың жарасымға толы сәттері жүрегіңді шымырлатып сезім иіріміне тартып әкетсе, қызғанышқа бой алдырғандардың тасадан тас атып домалақ арыз жазуға машықтанған пенделік психологиясы жаныңды жаралайды. Ұлттық рухы оянған жасампаз жастар мен кеңестік идеология бар болмысын билеген жасамыс- ақезулердің арасындағы сана алшақтығы, пікір қайшылығы, Желтоқсан оқиғалары,тарихи тұлғаларды тану, тоқырау жылдарындағы өзекті мәселелер кейіпкерлер көзқарастары арқылы шебер өрілген. Көрнекті жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлының басқа да роман, повесть, эссе, хикаяттарына берілген баға, баспасөз беттерін тапқан рецензия, сыни пікірлер молынан жетерлік. Ағамыздың 80 жасқа толуына арналған бұл мерейтойлық шағын баянымызда оның бәрін бірдей тамшылатып тізіп, анауысы — алай, мынауысы — былай дей берсек, оқырманымыздың жалығып кетуі де кәдік.
Санаулы жылдар ішінде әдебиетіміздің қордалы қорына өзіндік үлесін қосып үлгерген ақсақал жазушы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ретінде әріректе «Проза саласына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталса, 2018 жылы «Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының» иегері атанды. Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі. ҚР «Туған жер» бірлесітігінің «Үздік өлкетанушысы». «Астана», «ҚР Тәуелсіздігіне — 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына — 10 жыл» т.б. медальдармен марапатталған. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер (1996 ж.). ҚР Тұңғыш Президентінің 2009 жылғы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен де марапатталған. Басқа да толып жатқан атақ, дәрежелері бар.
Бірнеше рет ауылдық, аудандық кеңестердің, І шақырылған Атырау облыстық мәслихатының депутаты ретінде ел-жұрт аманатына сай бітірген тірлігі бастан асады.
Жасым ұлғайды, жазуым көп демей қазірде бірнеше қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүр. Атап айтқанда, «Нұр Отан» ХДП қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі. Құрманғазы аудандық Билер кеңесінің төрағасы, т.б.
Құрманғазы ауданы Қазақстанның Ресейдің Астрахань облысымен шекаралас Батыс қақпасы. Ұлы Еділ, Жайық, Қиғаш өзендерінің атырабына орналасып, Каспий теңізімен шендесіп, бір жағы Нарын құмы, Азғыр алқабын алып жатыр. Сығыр көз қалмақты, басқа да «ата жауыңмын» деп келгендерді қазақтың ішкі бойына жібермей арпалысқан, аяғы Исатай, Махамбеттерге келіп тірелетін жаужүрек бабалардың қасиетті Ата қонысы.
Ауданның 90 жылдығы тойланған тұста: «Бұл дұрыс емес, кеңестік жүйеден басталатын,содан көп әріге аспайтын шежіреміз, біздің тарихымыз тым тереңде, Тәуелсіз ел болдық, енді ел мен жердің ежелгі атауларын, көне тарихын, қасиетті адамдарын, қастерлі жерлерін түгендеуіміз керек»-деген болатын, осы Өмірзақ Қажымғалиұлы.
Және осы істің бастамашысы да өзі болды. 2020 жылдың басында аудан белсенділерінің арасынан өткен тарихымызға бей-жай қарамайтын, көбісі зейнет жасындағы,бұрынғы түрлі лауазым иелерін, тарихшылар мен журналистерді әр саланың мамандарынан таңдаулыларды іріктеп, бастарын қосып, оларды ата-баба рухы, туған жер қасиеті үшін ақы-пұлсыз тегін жұмыс жасауға шақырды. Олардың баршасы да Өмірзақ Қажымғалиұлы құрып, енді өзі төрағалық ететін «Өренді өлкетанушы» клубының мүшелері болды.
Топ-топ азаматтар өз алдарына жұмыс бөлісіп, Азғыр мен Қиғаш арасын шарлады. Мазарлар, ежелгі қорымдар, петроглифтер мен ескерткіштер, басқа да тарихи нысанар шұқшия зертелді. Тау мен дала, қырат пен беткей, өзен мен көл, елді мекендердің кеңестік жүйе телігеннен бұрынғы ежелгі атаулары сұрастырыла бастады. Астрахань, Атырау, Орда мұрағаттары ақтарылды. Аңыз, әңгімелер, естілерден қалған есті сөздер зерделенді. Нәтижесінде туған өңірдің шынайы бейнесі, шыңыраудан шығып, қазақы қансіңді болмысымен сұлбалана бастады. Көнелер деп келгеніміз көрікті екен. Тілін тапса жермен-жексен болған ата-баба мазарлары да көп құпиясын жарқыратып ашады екен. Көп ескі, көмескі дүниелер «біз бармыз ғой» деп өздері сұранады екен…
Түсінігі мол азаматтардың қызығушылығы мен өткенге құрметі 2020 жылдың аяғында «Киелі мекен, қасиетті өлке-Құрманғазы» деген танымдық-тағылымдық-ақпараттық қалың томды өмірге әкелді.
Қазіргі шақта екінші томының соңғы нүктесі қойылу сәтінде, енді үшінші кітаптың жоба-жоспары сызылмақ. Сонымен, біздің кейіпкерімізді әйгілі батыс қақпа-Құрмағазы ауданының ежелгі тарихын түгендеген, қасиетті адамдарын халқымен қауыштырған бірегей тұлға деп тануларыңызға әбден болады.
Осы жылғы Сәуір айында ғұмырының 80 жасына толғалы отырған жазушы, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері Өмірзақ Қажымғалиұлы әлі де жетсем, жеткізсем, көрсем, білсем, қазағыма басым жер иіскегенше қызмет етемін деген ниетте тынымсыз ізденісте, қаламы қолында, жақсы мен жайсаң соңында, қарбалас қам-қаракет үстінде дүниені қажымас тұлпардай дүбірге бөлеп, алысқа ұзап барады. Арының басылмасын, шабысыңнан жаңылма, кәрі тарлан-еліктей елпілдеген елгезек аға!
ҚР Жазушылар Одағы, Атырау филиалының директоры, белгілі ақын Қойшығұл Жылқышиев оған арнаған «Өмір» атты өлеңінде:
Құм нарын,
Мына жағың қайран Еділ,
Қошалақ…
Кең құшағын жайған өңір.
Жүз арал-жүз оралып мойыныңа,
Аймалар ақ самалы майдақоңыр…
…Жүгірдің жүрегіңді тосып елге,
Табылды несібең де көсілерге.
Әріге асып кеттің десем егер,
Әбудың аруағы кешірер ме?!
Отырсың төбесінде, міне, төрдің,
Емессің қатардағы бір-екеудің.
Сексенге жеткеніңде романдар жазып,
Жүйіткідің рухымен Жұмекеннің!
Құм Нарын, Қошалағың, Көктеңізің,
Оларға тартпайтұғын жоқ негізің…
Арқырап асыл Қиғаш көбік шашса,
Ол сенің өмір атты өткен ізің.
Шарықтап, шыңға өрлесін шабытыңыз,
Шарбақтан шаңқан бозды ағытыңыз!
Шөбере, шөпшектерді ілестіріп,
Алдынан аламанның шаңытыңыз!-депті.
Ләйім солай болғай!!!
Таңатар Дәрелұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі,
ҚР-ның Құрметті Журналисі
21.01.2021.