АҚШ-тың 46-президенті Джо Байден мемлекет басшысы ретінде өз қызметіне білек сыбана кірісіп кетті. Алғашқы жұмыс күнінде 15 құжатқа қол қойып үлгерді. Атап айтқанда, бұрынғы президент Дональд Трамптың бірқатар шешімінің күшін жойып, айтарлықтай өзгерістер енгізген.
АҚШ-тың 46-президенті Джо Байденнің ұлықтау рәсімі өтті. Салтанатты шараға шақырту алған адамдардың саны коронавирус індетіне байланысты шектеулі болды. Арасында конгресмендер, отбасы мүшелері мен АҚШ-тың бұрынға басшылары Барак Обама, Джорд Буш пен Билл Клинтон бар. Халық алдында ант қабылдағаннан кейін президент қызметіндегі алғашқы сөзін демократиялық құндылықтардан бастады.
Джо Байден, АҚШ президенті:
– Демократия – қасиетті ұғым, біз оны сақтай білдік. Қадірлі отандастарым. Бұл – Америка Құрама Штаттарының күні. Бұл – демократияның күні. Жылдар бойы Америка көптеген қиындықты өткерді. Қазір де жағдай күрделі. Бірақ халқымыздың бірігуі арқылы біз барлығын жеңе аламыз. Сапалы білім беріп, жаңа жұмыс орындарын ашып, денсаулық сақтау жүйесін жақсартып, нәсіларалық теңдікті де орната аламыз. Кез келген дағдарыстан шыға аламыз. Бізге тек бірігу қажет.
Ақ үй басшысы өз лауазымына кірісіп кетті. Салтанатты жиында ант берілгеннен кейін Байден Трамптың бұған дейін қабылдаған шешімдерін өзгертіп, 15 жарлыққа қол қойды. Атап айтқанда, енді АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құрамынан шықпай, қаржыландыруды әрі қарай жалғастыратын болды. Негізі Трамптың мақұлдаған бұл құжаты биылғы шілде айында өз күшіне енуі керек еді. Сондай-ақ Байден елде пандемияға қарсы күресті күшейту керек екенін айтып, мемлекеттік мекемелерде міндетті түрде маска тағу режимін енгізді. Бұған мемлекет қазынасынан қосымша қаржы бөлінетінін айтты.
Джо Байден, АҚШ президенті:
– Сайлау алды науқанда берген уәделерімді орындау үшін бар күшімді саламын. Ең алдымен індетке күрес жұмыстарына басты назар аударамын. Бұған дейін айтқанымдай барлық өңірде маска тағу режимі мен әлеуметтік арақашықтықтың сақталуын талап етемін. Тиісті құжат елдің барлық өңіріне жетеді.
Байден бұрынғы президенттің Париж келісімінен шығу жоспарын да жүзеге асырмайтын көрінеді. Дүние жүзінің 195 мемлекеті қолдаған келісімшарт мемлекеттерді атмосфераға зиян қалдықтардың деңгейін шектеуге міндеттейді. Ақ үй басшысы алдағы уақытта климаттың өзгеруіне қатысты мәселелерге баса мән беріп, ұйымның жұмысына белсене атсалысатынын ашып айтты. Джо
Байден, АҚШ президенті:
– Келесі кезекте АҚШ-тың Париж келісімінен шықпайтынын, керісінше бұл ұйымның жұмысына атсалысып, қоршаған орта мен климаттың өзгеруіне өз ықпалымызды тигізетінін айқындайтын құжатқа қол қоямын.
Джо Байден Трамптың тағы бір сайлау алды уәделерінің бірі болған шешімін қайтарып алмақ. Бұдан былай АҚШ Мексика шекарасындағы қабырға құрылысын қаржыландыруды тоқтатуға ниетті. Алдағы уақытта бұл іске кеткен қаражатты жіті тексеруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта бірнеше мұсылман елінен АҚШ-қа келуге тыйым салған Трамп тапсырмасының күшін жойып, АҚШ-та нәсілдік тең құқықты қамтамасыз ету бойынша ел үкіметінің жұмысын жандандыру мәселелері пысықталмақ.