Ресей мемлекеттік думасының депутаттары Вячеслав Никонов пен Евгений Федоровтың «Ресейдің Қазақстанға жер сыйлағаны» туралы сандырақтары қазақстандықтарды, оның ішінде қазақтарды бейжай қалдырмады. Оған жауап ретінде қазақ жастары Петропавл мен Павлодардың атауын өзгерту туралы бастама көтеруде. Осы орайда, аталмыш мәселе бойынша белгілі қоғам қайраткері, сарапшы Дос Көшімнің пікірін білуді жөн көрдік.
Ресей біздің «үнсіздігімізді» қабылдамады
Бұл сұраққа қатысты екі мәселе бар сияқты. Біріншісі «Ресей кімге тиісерін білмей, шоқпарларын сайлап отырғанда осы қала аттарын ауыстыруды көтермей-ақ қоялық» деген пікір де, екіншісі –  «отаршылдықтың белгісі есебінде тұрған осы екі атаудан құтылу керек» деген жастардың талабы. Біріншісіне жауап бермей, екінші мәселені қозғаудың өзі артық сияқты.
Мойындауымыз керек, 2014 жылы Ресейдің Украинаға бағытталған агрессиясы басталғанда «жатқан жыланның құйрығын баспайық», «ілік іздеп отырған басқыншыларға сылтау бермейік» деген оймен Павлодар, Петропавл атауларын ауыстыру мәселесі біршама тоқырап, тоқтап қалған-ды. Бірақ байқап қарасақ, оны қаперге алып жатқан Ресей саясаткерлерін, айқайшыларын көрмедік. Меніңше, олардың көпшілігі біздің «үнсіздігімізді» қабылдамаған да сияқты. Мүмкін, басқаша түсінген де болар. Қысқасы, олардың 90-жылдардың басында басталған (Солженицын бастаған – авт.) жер дауы одан әрі өршіп кетті. Бұрын тек айқайшыл шовинистер көтеретін реванишистік ұранды Ресей президенті Путиннің өзі көтерген соң, басқалары не демейді?! Никонов ешқандай жаңалық ашып, жаңа бастама көтерген жоқ, тек қана Путиннің айтқан сөзін қайталады. Демек, біздің «екі елдің арасында дау тудырмайық» деген мәдениетті ұстанымымыз ешқандай нәтиже бермеді. Павлодар мен Петропавлды ауыстырасың ба, әлде сол күйі қалдырасың ба –  бұл шешім еш нәрсені өзгертпейді екен. Менің көзім соған жетті. Сондықтан «осы қалалардың аттарын өзгерту керек» деген бастаманы мен де қолдаймын. Басқыншыға жағынып, басқыншыны сыйлап, жауымызға жымия қарап, еш нәрсені өзгерте алмаймыз. Демек, Қазақ мемлекетін қалпына келтіру, дамыту жолындағы жұмыстарымызды жалғастыра беруіміз қажет.
«Төртеу түгел болса…»
Екінші – бұл қалалардың атауларын қалай ауыстырамыз деген мәселе. Ұмытпасам, «Ұлт тағдыры» қозғалысы осы тақырыпта 2007 жылы Павлодар қаласында дөңгелек үстел өткізді. Өкінішке қарай, жиналған мамандар, белсенділер Павлодардың атынан құтылудан гөрі осы қалаға қандай ат беру керегіне көбірек көңіл бөлген болу керек – басты пікірталас «Кереку» болуы керек пе, «Ертіс» болуы керек пе, әлде Тәшеновтің атын беру керек пе дегенге бағытталғаны есімде. «Азаматтар, біздің мақсатымыз – Павлодар қаласына жаңа ат беру емес, Павлодар деген атаудан құтылу», – деген уәжімді өрекпіген көпшілік қабылдаған жоқ. Сондықтан бірінші ұсыныс – Павлодар атынан құтылудың қажеттілігін түсіну. Егер қаланың аты алынбай жатып, оның орнына бес түрлі нұсқа ұсынылса, орыстілді ұйымдар сол сәтте-ақ «айтып едік ғой, бұл жерде ешқашан елді мекен болмаған, қазақтардың өздері тарихи атауын анықтай алмай жатыр» деп, бөріктерін аспанға атады. Демек, әр тарихшы, әр азамат саяси мақсат үшін өзінің көзқарасына тежеу сала білуі керек. Бірігіп, бір ғана атауды ту етіп ұстаған дұрыс. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қағиданы ұмытпаған жөн.
Ассамблеяның аузы ашыла ма?!
Егер Қазақстан билігінде осы мәселені шешеміз деген ниет болса, қазіргі жүргізіліп жатқан ономастика  саясаты арқылы-ақ екі қаланың атауларынан заңды түрде құтылуға болады деп ойлаймын. 2017 жылдан кейін біз елді мекендердің, көшелердің т.б. атауын ауыстыру мәселесімен айналысып жүрген ұйымдар, азаматтар, президент аппаратының хатындағы «идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды ауыстыру» деген сөздерді пайдаланып келдік. Өкінішке қарай, бұл сөз тіркесі заңға айналған жоқ, егер парламент осы сөздерді заңдастырып, «десоветизация» жолын ашып бергенде жағдай басқаша болар ма еді?!
Ең бастысы – мұндай заң аяқ-қолы байланып отырған жергілікті әкімшіліктерге үлкен мүмкіндік берер еді. Сол уақытта «Павлодар» атауын  отаршылдық идеологияның атауы есебінде, ал «Петропавл» атауын  православие діні идеологиясының нақты көрсеткіші ретінде заң талабына сәйкес, алып тастауға болар еді. Бұл қалалардың аттарын өзгертудің тағы бір «жұмсақ» жолы – осы бастаманы Қазақстан халқы ассамблеясының көтеруі. Өмір бойы басқа ұлттарды қорғаумен, қолпаштаумен келген ассамблея ең болмаса бір рет қазақ ұлтының талабын жарыққа шығарса жақсы болар еді.
Әрине, өз басым біздің орыстілді билік мұндай қадамға барады деп ойламаймын. Халық талап етпесе, халық тықсырмаса олар қозғала қоймайды. Ал халық сауатты жұмыс жасамаса, салиқалы саяси-қоғамдық күш бола алмаса ашу-ызадан басқа, еш нәрсе көрсете алмайды. Бұл да ақиқат.
Қорыта айтқанда, бұл екі қаланың атауы – біздің отаршылдық кезеңнің белгісі, біздің құлдық қарғыбауымыздың нақты көрінісі, оны ауыстыру, осы құлдықтың белгісінен құтылу – ономастиканың мәселесі емес, саяси-ұлттық мәселе.
Бәріне кінәлі – билік
Ресей мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоров Қазақстан мен Ресейдің бір мемлекет болу қажеттілігі туралы тағы бір мәселе көтеріпті. Бұл – Ресей мемлекетінің соңғы 30 жыл бойы аңсап келе жатқан мақсаттарының бірі. Біздің билік басындағылар бұлардың ауыздарын жабатын ештеңе айтпайды, бірақ бұл бағытты қолдаймыз да демейді. Меніңше, Ресей депутаттарының ақымақ пікірлерін туғызатын басты мәселе осы күнге дейін біздің мемлекет тарапынан ресми жауаптың болмағаны деп білемін. Қазақ – басынан сөз асырмаған халық. Бірақ  саяси мәдениеттілікті сақтаймыз деп, тәуелсіз мемлекет есебінде егемендігімізді мойындамайтын жандарға (ұйымдарға, саяси тұлғаларға, мемлекетке) қатқыл жауап бере алмайтын елге айналып бара жатқан сияқтымыз. Бұған кінәлі қаны қайнаған қазақтар емес, билік органдары деп қабылдауымыз керек.


Қайрат БОЛАТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *