2020 жыл Қазақстан және әлем халқы үшін саяси, мәдени, әлеуметтік, қоғамдық, экономикалық өзгерістермен, күтпеген жаңалықтарымен, елеулі оқиғаларымен есте қалғаны сөзсіз. «Ескі жылдың есіркеп, жаңа жылдың жарылқағанын» қалайтын қазақстандықтарды келер жылы қандай өзгерістер мен тосын сыйлар күтетіні қызықтырары сөзсіз.Дүниені дүр сілкінткен дүрбелеңнің, яғни короновирус індетінің қашанға дейін созылары белгісіз болса да, 2021 жылы кейбір айтулы оқиғалардың болары белгілі. Келер жылы елімізде орын алар маңызды жағдайлардың тізімін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Оқушылар «Әліппе» мен «Ана тілін» оқиды

Биылғы жылдан бастап бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілі» сабақтарын оқиды. «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлы әдістемесі негізіне сүйене отырып дайындалады. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов дәстүрлі түрде өтетін Тамыз конференциясында мәлімдеген еді.

Ұстаздар болсын, ата-аналар болсын көптен әліппе мәселесін көтеріп жүр. Бұл мәселе өте маңызды. Біз Әліппені қайтару керек деп есептейміз. Ол 2021 жылы, өздеріңізге жақсы таныс, қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байұрсынұлының әдістемесі негізінде енгізілетін болады,- деді.

Мұғалімдер мен әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы көбейеді

2021 жылы жалақының ең төменгі мөлшері 42500 теңге көлемінде қала береді.  Дегенмен, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап 38,5 мыңнан астам әлеуметтік қызметкердің жалақысы көбеймек. Мемлекет тарапынан алдағы үш жылға 95 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Атап айтатын болсақ, жалақыны өсіру өз қызметін стационарлық (қарттар мен мүгедектерге арналған үйлер) және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (күндіз болу бөлімшелері, Оңалту орталықтары), уақытша болу мекемелерінде (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған Оңалту орталықтары) жүзеге асыратын әлеуметтік қызметкерлер мен басшылық құрамға, сондай-ақ үйде қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерге қатысты болмақ.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында мұғалімдердің еңбекақысын 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 25 пайызға арттыру туралы айтқан болатын.

«Білім саласындағы басты мәселелердің бірі — ұстаздар жалақысының аздығы. 2021 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді», — деді мемлекет басшысы.

Президент медицина қызметкерлерінің де жалақысын кезең-кезеңімен көбейтуді тапсырып,2021 жылы республикалық бюджеттен 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге 222,3 миллиард теңге бөлінді.

Зейнетақы мөлшері өзгереді

Республикалық бюджетке енгізілетін «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, зейнетақы мөлшері 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 7 пайызға өседі. 
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері — 18 524 теңгені құраса, ең төменгі зейнетақы — 43 272 теңге болмақ.


Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын ала алады

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң аясында заңнамалық түзетулер қарастырылып, Парламент 23 желтоқсан күні құжатты қабылдаған болатын.

Заңға сәйкес зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты түрде келесі азамматтар алуға хақылы бола алады:

— қызметтегі, әрі тиісті зейнетақы жинақтары «жеткіліктілік шегінен» асатын азаматтар;

 — сақтандыру компанияларымен БЖЗҚ-да қалғанзейнетақы жинақтарының сомасы шегінде өмір бойы аннуитеттік төлемдерді қамтамасыз ететін зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасқан адамдар;

— зейнеткерлікке шыққан азаматтар — БЖЗҚ-дақалған зейнетақы қаражатының 50%-ынанаспайтын шекте. 

Егер олардың зейнетақысының жиынтық мөлшері (жасына байланысты немесееңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақыны, базалық зейнетақыны қоса алғанда) жоғалған табысты халықаралық стандарттарға сәйкес келетін деңгейде (кемінде 40%-ға) алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда. 

Белгілі бір жастағы салымшы үшін оның табысынан БЖЗҚ-ға алдағы 10% тұрақты зейнетақы жарналарын (ең төменгі жалақыдан аземес) ескере отырып, ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аз болмайтын зейнетақы төлемдері мен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін зейнетақы жинақтарының ең төменгі қажетті сомасы «жеткіліктілік шегі» ретінде қарастырылады. «Жеткіліктілік шегі»  әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленеді және әрбір жас үшін есептеледі.Бұл ретте ол       қалыптасқан параметрлерге(кірістілік, инфляция, ең төменгі төлем мөлшері және т. б.) сүйене отырып, жаңа алушылар үшін қайта есептелетін болады.

Жүргізуші куәлігіне саусақ ізі енгізіледі

2021 жылы жүргізуші куәлігі жаңартылатын болады. Тиісті құжатқа жады бар жаңа үлгідегі чип орнатылып, жүргізуші куәлігіне саусақ іздері салынады.

«Біз жүргізуші куәліктерін тіркеу қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Жады көп жаңа үлгідегі чиптерді енгізіп жатырмыз. Ол көп ақпарат сақтау үшін қажет, себебі құжат иесінің биометрикалық деректерін, оның ішінде саусақ іздерін де енгізбекшіміз. Чип құжаттың артқы бөлігінде орналастырылады. Жаңа көлік құжаты жеке құжатқа ұқсас. Тіркеу туралы куәлікке сәйкес құжаттың түсін өзгертуді жоспарлап отырмыз», — деп  ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңісбаев мәлімдеген болатын. 

Короновирусқа қарсы вакцинациялау басталады

Қазақстандық вакцинамен жаппай егу 2021 жылдың наурыз айында бастау алмақ.
«Отандық вакцинамен жаппай егу 2021 жылдың наурыз айында басталады. Бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын топтағы адамдарға екпе жасалады», — деді Премьер-Министр Асқар Мамин.

                                                                                           Ниязбаева Асылай

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *