Ғилажов Есенғали Ғилажұлы – Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға еңбек сіңірген ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі 70 жасқа толып отыр. «Асыл кездік қын түбінде жатпайды» деп, осындай кемеңгер ағамыз жөнінде қалың оқырманмен өз ой-пікірімізді бөлісуге тоқталдық.
Есенғали ағамыз 12 наурыз 1950 жылы Гурьев облысының Теңіз ауданы Қызылоба ауылында дүниеге келген. Киелі Теңіз ауданында дүниеге келіп, қатарының алды болып, сол кезеңдердің өзінде-ақ алдына үлкен мақсаттар қойып, өмірдің белестерінен өтуде бал-дәурен, жастық шақтағы ата-ананың ақ сүтімен, пейіл ниетінен өрбіген өнеге-тәрбиені санада сақтап, межелі табыстарға жетудің негізіне айналдырды. Әр нәрсеге байыпты баға беру — ағамыздың қайталанбас қасиеті!
1972 жылы Гурьев Мемлекеттік педагогикалық институтын биология және химия мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, ҚазССР ҒА Мұнай химиясы және табиғи тұздар институтында үйренуші-зерттеуші болып жұмыс бастады. Сонау 60-70 жылдары институтта ұлтымыздың айтулы азаматтарынан дәріс алып, өнегелі шәкірт және әріптес атанып, қоян-қолтық араласып, ғылым саласына бет бұруы сол уақытта-ақ пешенесіе жазылған екен. Оқу орнын аяқтағаннан кейін, өлкеміздегі іргелі ғылым ордасында күні бүгінге дейін жас ұрпақтарға сапалы білім беру саласына өмірін арнап, қызығы да қиындығы қатар өріліп отыратын сан-салалы соқпақты жолда үлкен абыройлы қызмет атқарып келеді. Бұл да түсінген адамға ғажайып құбылыс…
Ежелден талант пен талапты өрендерге бай Атырау топырағында ел қамын ойлар аға буын өкілінің аманатын арқалап, ертеңгі жарқын болашақ үшін аянбай қызмет атқарып жүргені көңілге зор қуаныш сезімін ұялатады. 1972-1977 жылдары ССРО Ғылым академиясының Ленинград қаласында жоғарғы молекулалы қосылыстар институтында алдымен екi жыл ғылыми тәжірибе алудан өтіп, соңынан арнаулы аспирантураның күндiзгi бөлiмiнде оқыды.
1978 жылдан бастап Атырау қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының мұнай және табиғи тұздар институтына ғылыми-қызметкер, жетекші ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі, 1990-1992 жылдары осы институттың ғылыми жұмыстар бойынша директордың бiрiншi орынбасары қызметiн атқарды.
1993 жылы ҚРҰҒА Батыс бөлiмiнде (Атырау қаласы) ғылыми-ұйымдастыру бөлiмiнiң бастығы болып, 1994 жылы ғылыми хатшының жұмысына сайланып, осы академияның бюро мүшесi болды. Осы жылдары ол Батыстағы аймақтық ғылыми зерттеулер қорының директоры қызметiн қатар атқарды.
1997 жылдың мамыр айынан ҚРҰҒА Мұнай және табиғи тұздар институтында, 1999 жылдың қараша айынан бастап Қазақстан Республикасы оқу және ғылым Министрлiгiнiң Атыраудың мұнай және газ институтында аға ғылыми қызметкері болып, 2004 жылдың ақпан айынан бастап осы институттың «Мұнай химиясының синтезi» зертханасының меңгерушісі, 2008 жылдан бастап инженерлік бейіндегі «Мұнайхимиясы» зертханасының меңгерушісі, 2012 жылдан бері бас ғылыми қызметкері болып жұмыс жасайды. Сонымен бірге, «Химиялық сараптау және материалдар технологиясы» кафедрасында студенттерге органикалық химия мен экологиялық сараптау пәндерiнен лекция оқиды.
Е.Ғилажов 1989 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінде 02.00.03-органикалық химия мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. Ол 2002 жылы Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі болып сайланды. Оған 2005 жылы АтМГИ Ғылыми Кеңесінің шешімімен «Материалтану» кафедрасы бойынша академиялық профессор атағы берілді.
Ал, 2007 жылы 02.00.13-мұнайхимиясы мамандығы бойынша докторлық диссертациясын қорғап, техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды.
Ғилажов Есенғали – мұнайхимиясы облысында белгілі өнертапқыш, ғалым, эколог және педагог. Оның ұйымдастыруымен 1989 жылы мұнай химиясы және табиғи тұздар институтында полимерлердi синтездеу тобы құрылып, соңынан 1991 жылы жоғары молекулалы қосылыстар лабораториясына айналды. Осы кезде көптеген жаңа мономерлер, таттануды тоқтатқыштар, никельдi жалтыратқыштар, полимерлердi тұрақтатқыштар алынды. Мұнай өндiру технологиясын жақсартатын бұрғылау ерiтiндiлерiнде полиалкилакриламидтердi пайдалану әдiстері ұсынылды. Органикалық химияның бiр бағыты меркаптандар мен күкiрттi сутектiң реакцияларын зерттеуде де жақсы нәтижелерге жетiп, күкiрт, азот, кремний, германий элементтерi бар ерекше мономерлер алынды.
Оның Гурьев химия зауытының шлам қалдықтарын пайдалану бойынша жұмыстары КСРО-ның авторлық куәлігімен қорғалды, оның нәтижелері бойынша катализатор қалдықтарын сөндіру түйіндерін жобалау үшін бастапқы мәліметтер берілді. Тас жолдарды бекіту үшін мұнаймен ластанған топырақты пайдалануды енгізу үшін технологиялық сызба құрастырылып, ол Қазақстан Республикасының екі алдын ала патентімен қорғалды.
Ол аймақтық экологиялық мәселелер: ЖШС «Теңізшевройл» территориясындағы флора мен фаунаға техногендік әсерін зерттеу бойынша, Атырау облысының Атырау қаласы, Құрманғазы, Жылыой, Мақат, Исатай, Индер, Махамбет және Қызылқоға аудандарында экологиялық бағдарламаларды кешенді жасақтаумен тікелей айналысты.
Е.Ғ. Ғилажов 2007 жылы «2015 жылға дейінгі Атырау облысының территориялық даму стратегиясының негізгі бағыттарын анықтау» атты Қазақстан Республикасының өкіметі жобасында Құрманғазы ауданының даму стратегиясын жасақтаған жауапты орындаушы болды. Ол Құрманғазы ауданы бойынша 7 маңызды ұсыныс берді: өзен көпірлерінің құрылысы, автокөлік жолдарының құрылысы, құрылыс материалдарының өндірісін дамыту – Бесшоқы Кен орынын игеру (щебень, құм, т.б.) т.с.с.
Ол 6 химиялық реактивтің алу әдісі мен технологиясын өндіріске енгізді, ол заттар сатуға шығарылды (Каталог химических реактивов, вып.VII/1 – Уфа 1987г., Хозрасчетное научное объединение КНТП «Реактив», с.65-66).
Қазіргі уақытта ол екі инновациялық жобасының технологиясын коммерциялауға жұмыс жасап жатыр. Бірінші жұмыс бойынша мұнаймен ластанған топырақты тас жол салуға пайдалану үшін технологиялық сызбасы әзірленді, ол Қазақстан Республикасының екі алдын ала патентімен қорғалған. Екіншісі, Қазақстан Республикасының патентімен қорғалған, бензиннің октан санын арттыратын қоспа зертханалық сынақтан өтті.
Оның ғылыми зерттеулерінің нәтижелері ТМД елдерінің жетекші ғалымдары арасында жоғары бағаланды, оның есімі 2019 жылы «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы» ғалымдарының I Халықаралық энциклопедиясына енгізілді (бұл жобаға Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының, Өзбекстан Республикасының, Украина Республикасының, Тәжікстан Республикасының, Қырғызстан Республикасының, Беларусь Республикасының, Түркия Республикасының, Әзірбайжан Республикасының және т. б. білім және ғылым саласындағы мамандар қатысты).
Ол 215-тен астам ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыстардың авторы, соның ішінде: 4 монография, 5 кітап (авторлармен бірге), осылардың 3-еуі ағылшын тілінде 2 рет басылып шыққан, 2 оқу-әдістемелік құрал, 2 оқу құралы, ҚР 20 патенті және алдын ала патенттері мен КСРО-ның авторлық куәліктері бар. 2020 жылы ғалымның «Жаңа материалдар. Мұнай химиясы және экология» атты 10 томдық таңдамалы еңбектері баспадан шықты.
Оның зерттеулері ТМД елдеріндегі жетекші ғалымдардың арасында жоғарғы бағаға ие болып, 2019 жылы бірінші рет шыққан ғалымдардың халықаралық энциклопедиясында оның аты мен еңбектері жазылды (бұл энциклопедияда Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Украина, Тәжікстан, Қырғызстан, Беларусь, Түркия, Әзербайжан т.б. елдердің ғалымдары туралы жазылған).
Ғылымдағы және еңбектегі жоғарғы сіңірген еңбегі үшін екі рет ҚР БҒМ құрмет грамотасымен (2000ж., 2010ж.), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2005ж.) және «ҚР ЖОО дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2005ж., 2011ж.), «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2015ж.) төс белгілерімен марапатталды. 2015 жылы Атырау мұнай және газ институтының «Үздік ғылыми қызметкер» номинациясының дипломын жеңіп алды. 2019 жылы «Қазақстан мұнайына 120 жыл» медалімен марапатталды. 2020 жылы Есенғали Ғилажұлы «Қазақстанның құрметті профессоры» атағына ие болды.
Оның ғылыми зерттеулері республикадағы қазіргі химиялық өнеркәсіп саласында көмірсутектік шикізат құралымын терең және кешенді өңдеуге бағытталған, Қазақстан Республикасының технологиялық дамуын қамтамасыз етуге арналған «Индустриялық-инновациялық даму» стратегиясы шешімін іске асыруға мүмкіндіктер жасайды.
Қорыта келе, қадірменді Есенғали Ғилажұлы! Сізді мерейлі 70 жасыңызбен құттықтай отырып, әрқашан бақыттың шұғылалы шуағына малынып, ғылым мен ұстаздық жолда жаңа шығармашылық табыстар, мықты денсаулық, жұбайыңызбен ұзақ өмір, жаныңызға жақсылық, шаңырағыңызға шаттық, бірлік пен береке бергей деп тілейміз, екі ұл, бір қызыңыздан тараған ұрпақтарыңыз – он немере, екі шөберенің қызығын көріңіз. Шығармашылық тұғырыңыз биіктей берсін!
Болат Нығметов,
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай
және газ университетінің доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты