Қазіргі уақытта елімізде ресми тіркелген 6 саяси партия бар: Нұр Отан, Адал, Қазақстан Халық Партиясы, Ақжол, Ауыл және Ақиқат. Мен бұлардың қатарына экологиялық бағыттағы партия да қосылғанын қалаймын. Олар Мәжіліс сайлауына қатысып, Парламенттен орын алса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені Қазақстанның қазіргі экологиялық ақуалы мүшкіл. Ал жоғарыда аталған алты саяси партия да Парламентке өткені не жөнді Экологиялық Кодекс жасай алмады, өтпегені экологиялық мәселелермен айналысуға құлықсыз. Егер экопартия құрылса осының бәрі біржақты болып, шешімін табар еді.
30 жылда Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінде өзгерістер аз болған жоқ. Бес мәрте президенттік сайлау өткіздік. 2019 жылы президентті алтыншы рет сайладық. Екі президент Қазақстан халқына, қазақ халқына ант берді. Оның біріншісі – Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев болса, екіншісі Елбасы отставкасынан кейін президент креслосына жайғасқан бұрынғы сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев еді. Екеуі де билік партиясының, «Нұр Отан» партиясының өкілдері. «Нұр Отан» мүшелік саны жағынан да, биліктік басқару орындарындағы өкілдері жағынан да бірінші орында тұрған партия.
Жалпы көп партиялылық – мемлекеттің демократиялылығын дәлелдейтін негізгі элементтің бірі. Қазақстанда 2012 жылы Мәжіліс сайлауы өтті. Міне, сол жылы Қазақстан Парламенті көп партиялы Парламентке айналды. Көп партиялық жүйе хақында осыған дейін де талқыланған. Сол әңгіме 2012 жылы расталды. Мәжілістің бесінші шақырылымын анықтайтын сайлауға 7 саяси партия қатысты.
«Нұр Отан» партиясы 80,99%, «Ақ жол» партиясы 7,47%, Коммунистер 7,19 % дауыс жинап Парламентке депутат кіргізді. Сайлау қорытындысы бойынша, «Нұр Отан» 83, «Ақ жол» 8, Коммунистер 7 депутат сайлады. Осы жолы Қазақстан Халқы Ассамблеясы өз ішінде сайлау жүргізіп, Мәжіліске 9 депутат сайлады. Осылайша 2012 жылы Қазақстан көп партиялы жүйеге көшті. Қазіргі таңда Мәжілісте үш саяси партияның және Ассамблеяның өкілдері бар.
Ал бұлар осыған дейін қай экологиялық мәселені жүйелі түрде шешіп бере алды? Ешқандай! Арал құрып бітті, Жайық күннен күнге тартылуда, жануарларға қатыгездікпен қарау тиылмауда, браконьерлерге құрықталмайды, өндіріс саласы қалдықтары бүкіл аймақ көлемін ластауда, Арнаулы автобазалар ескірген техникалармен жүр, нағыз табиғат зиянкестері тиесілі жазасынан қашып құтылуда, ағаштар кесіліп, көгалдар қысқаруда. Бұл – барлық қордаланған экологиялық мәселенің бір тамшысы ғана. Парламенке Экологиялық партия келмей іс оңбас! Бір партияның шектен тыс билік иемденіп, көп партиялылықтың имитациясын жасауына жол жоқ. Халық нақты мәселелердің шешілгенін қалайды. Мысалы, Жайық мәселесі бойынша Ресеймен келісім жүргізіп жатырмыз дейді. Ол нақты мәселе емес. Мәселе – судың тартылуы. Бұл жерде бар назар Ресеймен саяси, экономикалық байланысқа ауып кетіп тұр, судың тартылғаны екінші орында. Яғни Жайық
жайында оларға азынамызды айтсақ, сол байланыстан үзіліп қаламыз деп тілін тістеп отыр. Парламентінде экология жайында сөз сөйлейтін адамы болмағандықтан осындай жағдайға душар болдық. Экологиялық партия өкілдері дауысы нақты мәселелерге назар аудартып, саяси белсенділік пен күш, сенімділік әкелер еді. Елдің экономикалық, геосаяси жағдайы да Экопартия Парламентте отырғанда тұрақталары хақ. Неге десеңіз, олар экономиканың жаңа түрі жасыл экономиканы дамытуға көп көңіл бөледі. Жер сату мәселесі туындаған кезде де сатқызбауға бар амалды жасай алады. Экологиялық мәселені қозғаса жетіп жатыр: бұл жер зауыт салуға шетелдіктерге сатылмасын; халық уланады. Геосаясатта жақсы қалқан болады.
Бұндай партия құруға тырысып жүргендер жоқ емес. «Байтақ Болашақ» экологиялық одағы белсенділері алдына осындай мақсат қойыпты. 2021 жылғы Мәжіліс сайлауына үлгермегені өкінішті-ақ. Дегенмен 2016 жылдан бері қоғамдық белсенділігімен танылған бұл бірлестік партияға айналып, өз жұмысын жасай береді деген ойдамын. Келесі сайлауға дейін құрылып, мүшелер санын көбейтіп, дап-дайын болып барғаны дұрыс. Бұл партияның құрылуы саяси да, экологиялық та дағдарыстың алдын алады. Көршілес жатқан Өзбекстан мен Ресейде бұндай партия бар. Тіпті заң шығарушы органда отыр.
Экология бүкіл адамзат тағдырына байланысты дүние болғандықтан бұл бағыт тек бейбітшілікті сүйеді. «Экология – бұл ХІХ ғасырдың саясаты». Сол себепті жаһандық саяси аренада ел беделі биік болу үшін Қазақстанға Экопартия қажет. Ол – «Байтақ Болашақ» экологиялық партиясы болмақ.
Есенбай Ізбасаров