Ұлы Дала өркениетінің ең бір жоғары құндылықтарының бірі -ұлттық асыл дәстүріміз.Осы ұлттық дәстүріміз талай замандар бойы қазақ баласын адамдық асыл қасиеттерге: ізгілік пен үлкенді сыйлауға,адалдық пен әділдікке,тазалық пен шынайылыққа,бір сөзділікке тәрбиеледі.
Құрманбек Еркін Жолмырзаұлы мақаласында атап көрсеткендей,осындай барша ізгі қасиеттердің басын қосқанда,халқымыздың ұл-қызын «ұят болады», «жаман болады», «обал болады» деген ұлттық тәрбие идеясы келіп шығады. Өкініштісі, қазақ қоғамының заман ағысымен «артық қыламыз деп,тыртыққа» ұрынғаны. Батысқа,озық елдерге еліктейміз деп жүріп,асылымызды бағалай алмай,қадірін білмей,барымыздан-ұлттық құндылықтардан,отбасылық құндылықтардан ажырап қалғанымыз.
Құрманбек Еркін Жолмырзаұлы талдап,сипаттаған, 7 қасиетін даралаған Қобыланды батырдың Құртқасы,Алпамыстың Гүлбаршыны, Ер Тарғынның Ақжүнісі сияқты арулар қазақ даласына енді оралмас,заман басқа,қоғам басқа.
Бірақ белгілі бір шындық бар.Қай-қай заманда да Құртқадай болмағанмен,қарияның алдынан өтпеген,үлкен-кішіні бірдей қадірлеген,ақылымен ерлерінің намысын жоғары ұстаған,ұрпаққа жақсы өнеге берген ару-аналар болған және бола береді де.Осындай абзал жандарды дер кезінде көре білсек қой…Тарихымыз,біздің қасіретті де қасиетті тарихымыз ару-аналар ерлігіне тұнып тұрған жоқ па!?
Осылай дегенде ерінің адалдығына, азаматтығына ақырына дейін риясыз сеніп өткен Алаш көсемі Ахмет Байтұрсыновтың аяулы жары Бадрисафа анамыз,Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбаһрам анамыз, Ілияс Жансүгіровтың жары Фатима анамыз, Темірбек Жүргеновтің жары Дәмеш анамыз секілді Алаш арыстарының асыл жарларын еске алып,олардың аруағына бас иеміз.
«Қазақ тарихшыларының сұлтаны Ермұхан Бекмахановтың жұбайы Халима Бекмаханованың ерін жазықсыз жаладан қорғау жолындағы ерлік күресінің өзі бір батырлық дастаны емес пе!? Тағдыр жолы әрқилы.
Қарапайым өмірде де қаһарман болмай-ақ,бірақ адалдығымен,адамды сыйлауымен,өмірге құштарлығымен,дәстүрді құрметтеуімен ауыл-аймағына,жақын-туысындай, абзал адамындай болған аналарымыз, апа- жеңгелеріміз сол баяғы Құртқалардың сарқытын ішкен жандар емес пе екен? Қарапайым ұлттық дәстүр мен ұлттық құндылықтар жанашыры есебінде мен де өзім жақсы білетін ару-аналардың асыл қасиеттерін жастар мен барша замандастарыма үлгі етсем бе деп едім.
Бұл адамның бойынан қазақы бауырмалдықпен қатар қарапайым кісілікті үлкенге құрмет пен кішіге ізетті,кейде азаматқа лайық мәрттік пен ірілікті талай байқаған едім. «Құрмет белгісі» орденді шопан,тыл мен еңбек ардагері Қажымұрат Дүмбаев жездемнің аяулы жары Талжан Қаражанқызы-отызыншы жылдардың тауқыметін,Екінші дүниежүзілік соғыстың зардаптарын, соғыстан кейінгі күйреген шаруашылықтарды қалпына келтірудегі бейнетті жылдарды бастан кешкен жан.Бұл адамның ерекше көзге түсетін бір қасиеті-кімді де болса ашық көңілімен баурап алатын дархан мінезімен адамды сыйлап,құрметтеуі.Осы бір ашық-жарқын дархан көңілі үшін апаны мен ғана емес,Жарсуат аулының қариялары мен замандастары,қайныаға,абысын-келіндер,аға-жеңгелер туысындай жақын көріп, қадір тұтты.
Талжан апаның өзі қадірлеген барша ауылдастарына қалдырған бір өнегесі-ешқашан жан баласына дауыс көтермейтін бекзаттығы еді. Апамыз үйде де,түзде де жарқын көңілмен әзілдесіп,жақсының жақсылығын айтудан жалықпайтын.Қонақжайлық пен мырзалығына орай Қажымұрат жездем үйінен жетпісінші жылдары қонақ арылмайтын. Әрине, қонақтың көбі қырдан келетін малшылар,сенбі, жексенбіде осы үйден табылатын Амантай,Серікқали,Талап сияқты қырдың балалары.Бәрімізді осы үйге жетелейтін аяулы апамыздың дархан даладай кеңпейіл мінезі көркем келбетімен,ақыл-парасатымен үндесіп жататын.Балалары: Жамал апа,Аманжол аға ,Аманбайлардан бастап, жасы кіші ауылдың тұрғындары «дәдә» атап кеткен Талжан апаның көркем бейнесі мен сияқты талайлардың жүрегінде қалғаны анық.
Біз көрген адамдық асыл қасиеттердің иесі,ұстазымыз әрі жеңгеміз Қазиза Ғабдоллақызы бір сөзбен айтқанда қазақтың ару-аналарының,абзал жеңгелерінің шынайы үлгісі еді.Бұл адамның аналық қадір-қасиеті мен ұстаздық болмыс-бітімі бір-бірімен үндесіп, арудың қос бұрымындай қатар өріліп,өзіне ғана жарасып,айналасына ізгілік нұрын төгіп тұрушы еді.
Заманында ауыл шаруашылығының ірі ұйымдастырушы-басшысы ретінде еңбегіне ел куә болған азамат,замандастары «мал шаруашылығының Жуковы» деп бағалаған Мағзом Жаналисовтың жұбайы болған асыл жеңгеміз батыр тұрпатты ер мінезді,шалт қимылды ,іскер де ширақ ағамыздың ақылына ақыл қоса алған,керек кезінде арындап арқыраған азаматты орынды бір ауыз сөзімен тежей білген ең бірінші ақылшы,қамқоршы серігі болды.Бұл жағынан «тұлпар мініп ,ту алмады»,демесеңіз,ағамызды жау қайтармады, Қобыланды батырға, «сұлы беріп,жем беріп» Тайбурылды баптамады» демесеңіз ,жеңгемізді ару Құртқаға ұқсатып,жақындатып қойғым келеді. Қазиза жеңгеміздің мен айтып түгесе алмас жақсылықтары оның көркем мінезінен адамға деген ерекше ілтипатынан басталатын.Кәдімгі табиғатта арналы дариялардың мөлдір бұлақтардан басталатыны секілді. Ешқашан дауыс көтермейтін,ашуға берілмейтін,қандай ма басқалар күйіп-пісетін мәселені ақыл-парасатпен оңай шеше білетін жайсаң жанның бар білетін «жаман сөзі»- « көбейгір» болды. Аға-жеңгеміздің қонақжайлығы сондай: арнаулы, шақырулы қонақтар, ресми , мәртебелі қонақтар ағылып келіп жататын.Тіпті Қап тауынан келген жұмысшы дағыстандықтар келер-кетерінде апталап жататын жетпісінші жылдары. Ағайын туыстың балалары да бұл үйге келуге құштар-ақ.Сонда құдайы қонақты да,арнайы қонақты да магниттей тартып тұратын «қайран жеңгеміздің» ашық-жарқын қас-қабағы мен дархан көңілі екен ғой…
Ұстаздығына келгенде, «ертеңнен шапса,кешке озған; ылдидан шапса, төске озған» шын жүйріктің , нағыз ұстаздың өзі еді Қазиза Ғабдоллақызы!
Әділдікке жүгінсек, « Құрмет белгісі» орденді «ұстаздардың ұстазы»» Қази апайдың өзі бір мектеп еді. Осы сөзімді көзкөрген замандастар мен шәкірттері бекер демес.Оның алтын қағидасы-әр балаға күн жағынан келу,балаға тұлға деп қарау,әр баладан жақсылық нышанын жалықпай іздеп көре білу,баламен баланың тілімен сөйлесу. Қази апайдың кезінде шәкірттері ақ халат киген ұстаз бен лаборанттың қала мектептеріндегіден кем түспейтін тәжірибе сабақтарын көріп тыңдағандардың біріміз…
Ертеңнен кешке дейін мектепте сабақ бере жүріп,отбасындағы 8 баланы аман-сау өсіріп,еңбекке тәрбиелеп,қонақ күтіп,түннің бір уағына дейін ертеңгі сабаққа дайындалуға қаншама күш –жігер,төзімділік пен табандылық,ақыл-ой мен жүрек қайраты керек десеңізші!
Индербор кентінің бұрынғы Алматы,қазіргі Бозекенов көшесінде байырғы рудник жұмысшысы Андалы Қаражановтың отбасы тұрды.Алты балалы қара шаңырақтың отанасы Қалима Тұрғалиқызы біз көрген баяғының жеңге-келіндерінің жиынтық бейнесі еді.Жұбайын,ерін қалтқысыз сыйлаған, ата-әженің,қайны аға-абысынның алдынан өтпеген қазақ әйелі кім десеңіз,қарапайым да қажырлы,кішіпейіл де көркем мінезді жан-Қалима жеңешемді айтар едім.Менің осы пікірімді көз көргендер мақұлдайтынына бек сенімдімін.Бір қайран қалатыным: ағамыз ауыр жұмыстан кешкісін шаршап келіп,одан соң «шаңбасарды» сілтеңкіреп алып, түн ортасында «Қалима, көже әкел!»-дегенде жеңгеміз «пісмілдәсін» айтып, апыл –ғұпыл орнынан тұрып еш ренішсіз көже әкеліп беруші еді…
Келіндердің,жеңгелердің құлағына алтын сырға» түн ортасы түгіл,тал түсте «су әкеліп берші» десек, бүгінгі ақжаулықтылар «қазір»деп жүгіре қояр ма екен? Қалима жеңгеміз «он саусағынан өнер тамған», алаша,басқұр тоқып,талайдың алғысын алған шебер жан қайны аға,абысын,қарияларды сыйлаудан да өз заманының « чемпионы» болды деп айта алам.Замандас қайын сіңілері «районный Қалима» деп жақсы көрген жеңгеміздің хоббиы»-сүйікті ісі-үйге кім келсе де, алты жастағы бала ма,алпыстағы қария ма, бірден амандық сұрасқан соң шай қоюға жүгіретіні.
Сірә,ағайын-туыс,көрші-көлем,жалпы танысқа шай беруден де бұл кісі өз уақытында «рекорд» жасаған болу керек.
Қорытындылай келгенде, қарапайым еңбеккерлер, ақ жаулықты аналар,өзім қолдарынан дәм татқан аяулы жандардың Жарсуат, Бөдене ауылдары мен Индербор кентінің қырық жастан асқан ежелгі тұрғындары жақсы білетін адамдық-аналық асыл қасиеттерін бүгінгі,болашақ келіндерге,жастарға үлгі болсын дедім. Жақсылыққа жанымыз құштар болғай! Жақсы сөз айталық, жақсыны көре білейік.Жақсылықты күндемелік,қызғанбайық,қайта көбейтуге үлес қосайық.
Қазақ қыздарына ақ Құртқадай болу- міндет емес, ару-ана болу- парыз!
Амантай Бақыт