Instagram әлеуметтік желісінің тікелей эфир бөлімінде «Экософия: болашақ менталитеті» деген тақырыпта логотерапевт, экософ, киссашы Санжар Керімбаймен сұқбат өткіздім. Бір жарым сағат болған сұқбат рухани азық болар әңгімеге толы болды. Тікелей эфирді барлығы жүзге тарта көрермен тамашалады. Енді сол сұқбаттың нағыз сығылған шырынын сіздерге ұсынбақпын.
Алдымен әңгімеге арқау болатын «Экософия немесе киелі табиғат» кітабы жайлы айтып өтейін. Бұл ерекше кітапты өткен жылдың соңында «Отбасы хрестоматиясы» қоры басып шығарды. Жобаның авторы: Санжар Керімбай. Идея авторы: Бағдат Құдияр. Құрастырушылар: Әділбек Нәби, Сәкен Нұрқабекұлы, Мұхит Төлеген, Арман Ғинаятұлы. Кітаптың жарық көруіне демеушілік жасап, көмек көрсеткен Абзал Құспан. 2018 жылы қазақ даласындағы ақбөкендерді қорғаймын деп оққа ұшқан қорықшылар – Ерлан Нұрғалиев пен Қаныш Нұртазинов марқұмдардың рухына арналған.
Санжар аға, «экософия» деген сөз халыққа жаңа қызық болып тұр. Философия дегенге де ұқсайды, экология дегенге де ұқсайды. Сонда бұл не сала? Қайдан пайда болған? Мақсаты не?Қайдан шыққан?
Иә, экософия философия мен экософияның қосындысы. Бұл бәріміздің ортақ «үйімізге» құштарлық, оны сүю. Ол былай пайда болған:
Бір күні Арне Несс деген ғалым көшеде торғай қуып жүрген бір топ баланы көреді. Кенет бір үйдің шарбағына қарлығаш келіп қонады. Балалардың бірі қарлығашты көздеп, тас атпақ болады. Балалар шу етіп:
Ей, ақымақ, атпа! Болмайды! – деп жабыла кетеді. Әлгі бала сасып қалып:
Неге? Не үшін? – деп сұрайды.
Негесі қалай? Қарлығаш – киелі құс, әке-шешең айтпап па еді? – деп ұрысып береді. Бір кезде жол үстіне кептер қонады. Әлгі бала жанындағыларға қарап:
Ал кептерді атса бола ма? Әлде бұл да киелі ме? – дейді жасқана сұрап.
Бұл көрініс Арне Несске ой салды. Табиғаттағы кей аң-құстың киелі аңызы бар. Жұрт оларды сол үшін қадірлейді. Ал аңызы жоқ немесе ұмытылған аңдар тоғышар адамның көңіл көтеру объектісіне айналып, бірте-бірте жойылады.
Сондықтан әр жануардың аңызын іздеп, оларды дәріптеу қажет. Мысалы, әлгі балалар торғайдың аңызын білсе, оны да қарлығаш секілді атпас еді. Керсінше, жанашыр болып, жем шашушы мүмкін. Енді қарлығашты алып қарайық. Ол «Қызыл кітапта» жоқ, мемлекетте оны қорғап жатқан жоқ. Құсты сақтап тұрған – қарлығаш туралы киелі аңызы. Әйтпесе, биологиялық тұрғыдан торғай мен қарлығаштың айырмашылығы шамалы.
Сөйтіп Арне Несс 1973 жылы «экософия» немесе «Deep ecology» деген ғылым жасайды. Мағынасы: табиғаттың киелі мәніне үңілу деген сөз. Ал экологияға киелі мәнді сіңіретін нәрсе – илләһи кітап, пайғамбарлар және әулиелер. Әр аң мен құстың артында илләһи мазмұн тұрмайтын болса, ол жануар табиғаттан оңай жойылады.
Арне Несстің тұжырымдамасы біздің жұртқа таңсық емес сияқты. Соған келісесіз бе?
Әрине, ол оймен де, Арне Несспен де келіспеске шараң жоқ. Мысалы, Қаратауда Бабатүкті Шашты Әзіз әулиенің бұлағы бар. Оны Жылыбұлақ деп атайды. Бұлақтан жиналған кішігірім көлде балық өте көп. Бірақ оларды ешкім ауламайды. «Әулиенің балығы» деп, тиісуге қорқады. Одан басқа жердің бәрінде балықты қырып аулап жатыр. Сол сияқты Маңғыстаудың Оғланды тауындағы арқар-киіктерді қараңыз. Емін еркін жайылып жүреді. Адамнан үрікпейді. Жұрт та оларға тиіспейді. Себебі оны Бекет атаның арқары деп біледі. Ал, одан өзге жердегі арқар мен киік адамның өзі тұрмақ, иісі жетсе қашады. Яғни Оғландыдағы арқарды сақтап тұрған – Бекет атаның шарапаты.
Экософия концепциясы қалай дәлелденді?
1958 жылы мынадай тәжірибе жасалды. Тайландық Нэнси Нэшем деген ғалым экософияны алғаш практикаға ендірген. Себебі 1958 жылға дейін Тайландта экология күрт нашарлап, жұрт аң-құсты қалай болса солай атып, қыра бастайды. Маймылдың өзі азайып кетеді. Сол кезде әлгі эколог Будданың 2500 жылдан бергі жиналған ілімдерін ақтарып, экософия аңыздарын жинайды. Будданың пілмен сөйлескен, маймылдың басынан сипаған, қотыр итке су берген, ағаш еккен қиссаларын оқу орындарына тегін таратады. Арада 20-30 жыл өткенде жаңа буын өсіп шығады. Бір қызығы, жаңа ұрпақта экологиялық этикет қалыптасады. Олар аңдарға тиіспейді. Бәрін киелі санап тұрады. Бұл, бір жағынан, ырықсыз эффект туғызады. Осының арқасында Тайланд табиғаты экзотикалық туристік елдердің біріне айналды. Қазақстан да бұл әреткетті жасай алады.
Өзіңіз білетіндей, дін эволюция тұжырымдамасын қатаң сынайды. Сол сияқты экософияның өркендеуіне не кедергі?
Экософия, ең алдымен, мектептегі биология пәнін сынайды. Олар аң-құсты биологиялық өлшемге салып, түрлі отрядқа бөліп тастады. Соның кесірінен бала жануарға бір-бірінен айырмашылығы жоқ, биологиялық объект деп қана қарайды. Оларға жаны ашымайды. Қоршаған ортаны, әрбір тіршілік иесін киелі, сакральды дүние ретінде қабылдай алмайды. Әсілінде, балаларға биология пәнімен қатар жануарлардың киесін баяндайтын аңыздар да айтылуы керек. Сол үрдістің болмауынан әлемде аң-құсқа мейірімсіз, оларды қыра беретін жаңа безбүйрек ұрпақ өсіп келеді.
Қазақстандықтар бұл жағынан қандай бағытта деп ойлайсыз?
Бұл Қазақстанға да таңсық емес. Қазір елдің флора мен фаунасын қорғау жылдан жылға қиындады. Мемлекет «Қызыл кітаптағы» тізімді көбейтіп, браконьерлермен күресті күшейтіп, айыппұл мен жазаны қанша жерден арттырғанымен, жануарларға деген «геноцид» тоқтайтын емес. Аң-құстың ерекше түрлері жойылып та барады. Браконьерлер аң тұрмақ, оны қорғап жүрген қорықшыны да шімірікпей атып тастайтын күйге жетті. Соңғы бір жылда осындай екі оқиға тіркелді. Ерлан Нұрғалиев пен Қаныш Нұртазинов деген екі қорықшы киіктерді күзетіп жүріп, браконьерлердің қолынан қаза тапты.
Қазір қазақ даласындағы ақбөкендердің саны 150 мыңнан асып жығылады. 1980 жылдарға дейін олардың саны 2-3 миллионның арасында болған. Ал, 2003 жылы 23 мыңы ғана қалған. Неге сонша азайды деп ойлайсыз? Себебі 80-жылдарға дейін қазақ арасында ақбөкен туралы аңыздар, ертегілер, ән-күйлер жиі айтылатын. Жұрт оны киелі деп сенетін. Ал аңыз-қисса айтатын көнекөз қариялар азайып еді, жұрт жыбырлаған тірі жәндік көрсе болды, шімірікпей қыра беретін тасжүрекке айналды. Әсілінде, көне заманның «экологтары» – аңызшыл қариялар бүгінгі экологтардан әлдеқайда тиімді жұмыс жасаған еді.
Шетелдік ғалымдар экософия жөнінде нендей пікірде?
Қазір аң-құсты аман сақтайтын ілім – экософия. Мұны эколог ғалымдардың көбі мойындады. Америкалық экософ Б.Кэлликотт: «Жер шарын сау-саламат сақтағымыз келсе, барлық қасиетті діни мәтіннен экологиялық этиканы бөліп алып, дербес пән ретінде қарастыру керек», — деп әлем алдына ұсыныс тастады. Оның канадалық әріптесі Дэвид Сузуки де: «Табиғатты саламат сақтау үшін баланың жан дүниесі сакральды дүниетаныммен баюы керек» деп, оны қолдай жөнелді. Линн Уайт есімді енді бір америкалық ғалым: «Экологияны қорғаумен айналысатын жаңа дін ойлап табу керек, не болмаса ұмытылған көне аңыздарды қайта тірілту керек» — деп ұран көтереді.
Соның нәтижесінде қазір әлемнің кейбір дамыған елдері экософияны мектепке қосымша пән ретінде кіргізіп жатыр. Біз де өз тарапымыздан бұған үлес қосуды жөн көрдік. Себебі жер шары – адамзаттың ортақ үйі. Оның аң-құсы мен өсімдігі де – адамзаттың ортақ дүниесі. Оны қорғау үшін жұмыла күресу керек. Сондықтан бұл кітапта қазақ арасындағы аңыздарды мүмкіндігінше жинауға тырыстық. Осы кітаптағы аңыздың әсерімен табиғаттағы бір аңды аман сақтап қалсақ, бұл біз үшін – үлкен жетістік.
Сұқбат құрушы – Есенбай Ізбасаров