Уақыттың жан жүйе тынысы
Қай дәуірдің болса да аса маңызды құндылықтарының бірі – ақпарат. Ақпарат неғұрлым жедел әрі шынайы болған сайын оның маңызы күшейе бермек. Себебі, адамға қай мағынасында да жаңалық керек. Қандайда бір ақпарат көздерінен болса да. Осы орайда, сонау кеңес заманында «Москва слезам не верит» деген фильм көргенім әлі есімде. Сондағы бір кейіпкердің: «Болашақта ақпарат құралдарынан тек телевидение ғана қалады» дегені бар. Бүгін де дәстүрлі БАҚ-тың, әсіресе, мерзімді баспасөздің күнін қараң қалдырып, онлайн медиаға мол мүмкіндіктер ашылады деп жататындар баршылық. Олар «инфодемия» (ақпараттық пандемия) өршіп тұрса да болашақ интернетте деп есептейді. Жақында ғана Елордада өткен Astana Media Week-2021 медиа апталығына қатысушылар тарапынан да осыған ұқсас пікірлер айтылып қалды.