Мұхиттай айдынды әрі шыңырауы терең асыл мұра
Сөз басында айта кеткеніміз абзал, бұған дейін біртуар тұлғаларымыздың ешқайсысына әлі дәл мұндай көптомдық арналмаған екен. Энциклопедия Маңғыстау облысы әкімдігінің тапсырысымен Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері, замана заңғары Ә.Кекілбаевтың 80 жылдығына орайластырылды депті, алғашқы бетінде. 2018 жылдың 6 сәуірінде басуға қол қойылған бүтіндей 800 бетке таяу өте көлемді дүние 5 мың дана таралыммен оқырман қолына енді-енді тиіп жатыр. Қазіргі екі томдықтың әрқайсысы осынша беттен тұрар болса, оның қай жерінен бастап сөз қозғап, оқырманға түсінік берудің өзі қияметтің қайымы екен. Әрине, бұндай күрделі еңбек бір-ер адамның қолынан келеді деп айту асыра сілтегендік болар. Бүтіндей авторлар тобының күндізді қойып, кешті сарыала таңға ұластыра жасаған жанкештілігінің арқасында шыныменде мұхиттай шалқар, шыңырауына жету мүмкін еместей терең дүние игерілген ақыры. Бұл арада әйгілі «арыстанушы», бірегей дүниенің жауапты редакторы, филология ғылымының докторы, еліміздің белгілі ғалымы, жерлесіміз Ғарифолла Әнес Қабдолқайырұлының ұшан теңіз, жылдарды-жылдарға ұластырған зор еңбегін астын сызып айта кеткеніміз орынды әрине. Кітапты негізінен «Арыс» қорының «Энциклопедиялық басылымдар» бөлімінің жұмысшы тобы (жетекшісі Т.Алпысбаев) дайындады деп атап көрсетілген.
САНДАШЕВ Т.: «Адамды жоқшылық есейтеді ғой…»
Адамзаттың дамуы мен өркендеуі, жаңа белестерге қадам басуы еңбектің арқасы дейтін болсақ, халқымыз ежелден қолынан іс келетін, үнемі еңбектенетін азаматтардың қадірін біліп, ерекше бағалаған. Оған қоса ел экономикасының тұрақты түрде алға жылжып, тәуелсіз аспанымыздың астында ұлт болып ұйысып берекелі өмір сүруімізге де адал тер төгіп еңбектеніп жүрген жандар үлесін қосуда. Сол себепті, ел президенті Қ. Тоқаев : «Біз Қазақстанның дамуы жолында күш-жігерін жұмсап, жетістікке жеткен барша еңбек адамдарына лайықты құрмет көрсетеміз. Әсіресе, ардагерлерімізге айырықша алғыс айтамыз. Еңбек — бәрін жеңбек. Әрбір еңбек бағалы! Біз еңбекқор ұлт болуымыз керек» деген болатын өз жазбасында.