Қойнауына құт пен қасиет қатар қонған Нарын құмы баурайында бүгінге дейін де, кейін де талай асылдар туып, күн кешері анық. Бұл табиғаттың заңы. Олардың бірі жайлы жылнамалардан оқып, ауыз екі әңгімелерден естіп есейсек, екіншілерімен аз-кем қатар жүрдік, ал үшіншілерімен алыс болса да таныс болдық.
Аудандағы өзіміз таныған, көзінің тірісінде-ақ Абыз атанған жерлесіміз Ғатих Маштаховтың бұрын әр ісіне риза болып жүрсек, кейін оның көрген-білгендерінен түйген «Заман сыры» атты ғұмырнамалық кітабын оқып, көңілге әуелгі қонған сенім шырағы одан әрі маздай түскендей тіпті жақын тартып кеттік.
Әрине, азаматтың бұл туындысының Аққыстау, Атырауда өткен түрлі деңгейдегі тұсаукесерлеріне қатынаспасақ та, Индербордағы отбасымызбен отырып-ақ көңілге қонған тұстарын қайта-қайта оқып, санамызға сіңіргенімізді сол кезде-ақ (осыдан 23 жыл бұрын) жазғанбыз, соның кейбір тұстарын тағы бір қайталамақ ойдамыз.
Бізді Ғатиық ағаның «Заман сыры» кітабы алдымен терең ойлылығымен қызықтырғанын жасырмаймыз. Сол үшін де ағаның көзі жоқ болса да одан қалған мұраны талдап, саралап, оны құрастырып, оқырмандарына ұсынған ұрпақтарына айтар алғысымыз мол.
Бұл кітапқа автордың жеке мұрағатында сақталған, ғасырға жуық ғұмырында көргені, көңіліне түйгендері, көнекөз қариялардан естіген шежіре-әңгімелері, қазақ жұртының басынан кешкен тарихы, замандастарының келбеті, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жаңа дәуірдің тынысы, кейінгі ұрпаққа айтқан өсиеті, эпистоярлық мұрасы енгізілді,-деп алғы сөзде құрастырушылар Жансих Ғатихұлы пен Самат Бектенұлы да оны ерекше атап өткендері өте орынды естілді.
Ғатих ағамыздың өзімен жұмыс бабында болмаса, басқа кезде көп кездеспесек те, оның кенже ұлы Қанағатпен Индерборда көрші, қызметте жұмыстас болып, аз-кем сыйлас-жолдас болғанымыз рас.
Сонау бір жылдары Мемлекет басшысының ауылдық жерде тұратын санаулы-ақ үлкендермен кездескен сәтте Ғатих аға сол топтың құрамында болуы себепті аудандық «Дендер» газетінің тапсырмасына орай қарттан естелігін алып, жариялаудың мүмкіндігін жасағанбыз .
Жалпы Ғатих ағамыздың Президентпен үш мәрте кездесіп, бабалар аманатын, ата өсиетін айтып, батасын бергені, ел болашағына қатысты елдік мәселені көтергені осы жинақта да егжей-тегжейлі баяндалыпты.
Біз болсақ ағамыздың жасы егде тартса да өз қолымен жазған сол бір естелігін бойтұмардай сақтап, жиі-жиі оқып та қоятын әдет таптық. «Құрметті інім Сүйеу, амансыздар ма?! Өткенде Президентпен жүздесу сәтінен алған әсерлері немесе өз пікірлері жәйлі газетке мақала жазып жіберсе деген сәлеміңді Ханағат айтқан-ды.
Өз ауылдастарымызбен кездесу өткізетін болып (әкімнің ұйғарымымен) соған әзірленгенде жазғандарым бар еді. Соның бір данасын жіберіп отырмын. Асығыстау, әріптер каллиграфикасы сақталмай жазылған сөздер ғой, сұрыптап, қорытып журналистик шеберлігіңізбен автордың (менің) негізгі пікірімді өзгертпей мақала ретінде жариялауға пайдаланар деген ниетпен сәлем жолдаушы зейнеткер ағаң Маштахов»,-деп қол қойған 2001 жылы 16 мамырда жазылған хаты да бүгінде ескі тарихтың бір парағы сияқты.
Обалы не керек, қарттың бұл хаты бойынша жеткен естелігін сол кездегі аудандық газеттің бас редакторы Сансызбай Базарбаев еш өзгертпей жариялап, бір абыройлы іс оңымен біткен еді.
Данамен де, баламен де тең сөйлесе, тіл табыса білген Ғатекеңнің дала академигі атанған Ибраш Қорқытов, Жұмабай Қартқожақов, әкесі Садих, нағашысы атақты молда Ізмұхамбет, ұстазы Жұмабай Мырзағалиев, ел басқарған Нұртас Оңдасынов, Уәли Жайықов, тағы көптеген жандар туралы ой тербеген тұстары көңілге тым қонымды.
Әсіресе, сауаты болмағанмен де кіммен болса да тіл табысып, терезесі тең сөйлесетін өз әкесі Садих туралы жып-жылы, аздап уытты әзіл араластыра отырып, әлсін әлі ой қорытулары жүрекке майдан қыл суырғандай жағымды әсер қалдырады.
«Сен әке-шешеңді тастамассың, бірақ қалаларда, бірен-саран ауылдарда да талайлар бар. Әкесін не анасын мүгедектер үйіне тапсырып, келіншегі екеуі ең болмаса соңынан жиі барып, халін біліп шықпайтынды да көріп жүрмін деп нали сөйлеп еді марқұм»,- деген бүгінмен үндес жолдардың да астарына бір сәт үңіле түскен жөн.
Бұл Ғатих қарттың танымал азамат Ж. Қартқожақовпен 1977 жылы КСРО жаңа Конституциясын талқылау кезінде баланың ата-ана алдындағы жауапкершілігі жөніндегі ұсыныстары бойынша сырласып отырғанда бір-біріне айтқандары екен. Оны соңынан тиісті орынға ұсыныс етіп жолдауларының өзі бүгінгі Тәуелсіздік дәуіріндегі тірлігімізбен де үндесіп жатқанын аңғармасқа еш болмайды
«Задында адамның бойға біткен табиғи қабілеті тек оқумен өлшенбесе керек, әкемнің сауаты жоқ болса да өзіндік өмірлік ұстанымы, жастайынан әкесінен қалыптасқан берік қағидасы болды, дүниеден өткенге дейін сонысынан айнымады»,- деп алады да әкесінің ой иірімдерін қайталайды. Онысы былайша өріледі: «Әкем Маштах жалғыз атпен жүргенде де аштан өліп, көштен қалған жоқ», «Байлық та, билік те, берекет те осы қара қазан мен ақ ниетпен жазылған дастарханда, қонақ келсе қабақтарыңды шытпаңдар, үйге кірген адамға ас ауыз тигізбей шығармаңдар», «Қазақтың байлығы асса да паңдығы асқан жоқ». Немесе «Ынжық болма, жұрт бұға берсең сұға береді, керек кезінде ақ алмастай кесіп түс, атбегің ақ болса, жолда тұрып тоңбайсың, артыңа сөз ертпе, өзің ақ болсаң ғана батылсың, жолдасыңа қиянат жасама, қолыңнан келсе нашар мен пақырға көмек ет, халықтан қарғыс алма» деген сынды сан түрлі ақылдардың өзі бүгінгі Алланың әр пендесіне қажет бұлжымас қағидалар
Кітаптағы тағы бір тарих, 1944 жылы тамызда Есбол аудандық мал дайындау конторының бастығы Симатов Қизаттың (Индербордағы Қасқырбай Қизатовтың әкесі) Өрлік ауылына жақын тоғайлықта алғаш Өрлік селолық кеңесі атқару комитетінің төрағасы Құспан Есбосынов пен «Передовик» колхозының төрағасы Ш. Иманғазиевпен кездесуі жайы сөз болады.
Сөз соңында биыл ортамызда жүрсе туғанына 100 жыл толған Ғатих Садихұлы (1924–2011 жж.) еңбек жолын 1942 жылы мұғалім болып бастап, Новобогат аупарткомының нұсқаушысы, бөлім меңгерушісі, «Родина», Забурын», Индер ауданында «Правда» кеңшарларында директор, «Новобогат», Чапаев, «Путь Ильча» кеңшарларында партком хатшысы, Көктоғайда кеңес төрағасы, тағы да басқа жауапты жұмыстарды абыройлы атқарып, жанына дос-жолдас жинап, орнымен тауып айтар сөзімен әділдік жағында болғанын, жанындағыларға күш-қуат, жігер сыйлаған жан екендігін біз, Жайық бойындағылар, еш ұмытпауымыз керек.
Сөз жоқ Абыздың ойға алғандары мен көрген-білгендері аз емес екені белгілі. Біздің айтарымыз осындай еліне елеулі, халқына қалаулы болған жанның Индер ауданының да Құрметті азаматы атанғаны санамызға ерекше мақтаныш сезімін ұялатады. Сыйлылардың қатары лайым да көбейе бергей!
Сүйеу ХАЛЫҚОВ.
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Индербор кенті