Адай руының Тоқтамыс бөлімінен тараған Біләл атамыздың кенжесі Ризуан – Әубәкір молданың («Әуемнің») немересі. Ағайын, тума-туыстар арасында «Кенже ақам», «Кенже қайнаға», «Ақ кенже», «Кенже бала» атанған, ел-жұртына сыйлы азамат болды. Ұлы Отан соғысының қанды шайқастарына  қатысып, ауыр жарақаты салдарынан елге II топтағы мүгедек дәрежесімен оралған-ды. Өзімнің мамандығым дәрігер болғасын жақсы білемін – сол атамыздың куәлігінде «ранение, полученное при защите СССР, бессрочно» делінген жазуы болатын.

Ризуан атамыз өзінің мүгедектігіне қарамай, соғыстан кейін аудандық партия комитетінің жұмсауымен елдегі соғыс жылдардағы хал-ахуалға қолдан келгенінше үлес қосу үшін жаңадан «Заготскот» аталатын мекемені өзі құрып, оны бірнеше жыл басқарған болатын. Кейін ауыл шаруашылығы саласында да түрлі деңгейдегі басшылық жұмыстарға да белсене араласты. Новобогат ауданының Ворошилов атындағы (Орпа ауылы) ұжымшарды басқарды. Күнелтіс қамы үшін біздің үй де, Сақып атамның үйі де олармен бірге Орпаға көшіпті. Мен сол өңірде дүниеге келдім.

Ағайын-туыстар қамқорлығы арқасында ешкімнен кем болмай білім алдық. Жоғары оқу орнын тәмамдап, денсаулық сақтау саласында қызмет қылдым, ғылыми-зерттеу жұмыстарына да ден қойдық. Бүгінде өз алдымызға шаңырақ көтеріп, бала-шағалы болдық. Тараған ұрпақтардан немере-жиендер сүйіп, көш соңында қалмай, бақуатты тіршілік кешіп жатқан жайымыз бар. Ғылым жолында да табыссыз қалдым дей алмаймын. Атамыздың демеуі мені ілгері ұмтылдырды. Халықаралық конгресте А.Чижевский атындағы сыйлыққа ие болып, Біріккен Ұлттар ұйымының Мәскеудегі ақпараттандыру академиясының толық мүшесі, «ҚР Білім беру ісінң Құрметті қызметкері», Медицина саласының «Даңқ ордені» сияқты атақтарға ие болдым.

 Бұл медицина ғылымы саласында жеткен жетістіктерім артыма алаңдамай мақсатқа жету жолындағы кезінде Ризуан атамның маған айқын да мақсатты бағыт-бағдар беріп, кезінде жасаған қамқорлығының арқасы деп түсінемін. Сондықтан да мен ел басына ауыр күн туған шақта зұлым жаумен шайқаста қолына қару алып, Отанымызды қорғауға қатысқан майдангер Ризуан атамыз тұрған Хамит Ерғалиев ауылындағы бір көшеге есімі берілсе  ешқандай артықшылығы болмас еді деп ойлаймын. Ол тек мен ғана емес, бүкіл ауылымыздың қамқоршы бола алды, ал ол өмірден өткесін ағайын-тумалар арасы қашықтағандай сезінемін.

 Мен өзім зейнет демаысына шыққалы жұма сайын Орталық мешітке барып, Сақып, Ризуан аталарыма үнемі Құран бағыштап, аталар рухын әркез еске алып отыруды дағдыға айналдырдым. Бір жылдары бұрынғы Гурьев (кәзіргі Атырау) облысынан соғысқа аттанғандардың ішінен оққа ұшқан оннан астам жауынгердің Украина жеріндегі бауырластар зиратына жерленгендігі туралы мәлімет табылып, сол тізім ішінде Біләлов Ризуан атам да жерленген деген анықтама жергілікті газеттерде жаряланды. Кейін ауған соғысының ардагері, полковник Сайполла ағамыз оның да әкесі сол тізімде болғанын, зират басында болып, сонда Ризуан атамыздың аты жазулы тұрғанын көзімен көріп келген еді.

Атамыздың ерте шетінегендерінен басқа үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген. Олардан қазір өмірде бір ұлы – Қатимолла Ризуанұлы ғана бар. Артында бұл күндері сегіз шөбере-жиендері өсіп келеді. Қатимолла ағамыздың кезінде білім алып, адамасыл болуына үлкен қамқорлық жасаған, колхоздағы білім ошағының тек бастауыш сынып деңгейінде болуына байланысты оның 6-10 сыныптардағы бес  жыл бойы оқуын өзінің замандастары мен ағайындардың үйлеріне апарып жатқызып оқытқанын жақсы білемін.

Ол кезде көптеген мектептерде жатақхана да болған жоқ, ал барлары – тек малшының балаларын ғана қабылдайтын болды. Бір жылы Қатимолла ағамызды алтыншы сыныпқа оқыту үшін аудан орталығынан пәтер жалдап, оған жанұясын екіге бөліп жартылай көшіріп әкеліп те оқытқаны да есімде қалыпты. Сол жалғыэ тұяқ әке еңбегін ақтады, білікті, елге сыйлы азамат болып өсті, ұрпағын жалғастырды. Жоғары педагогикалық және партиялық білімін алып, еліне аянбай қызмет жасады. Аудан, облыс көлемдерінде жоғары деңгейдегі басшылық жұмыстарда болды, аймақтың Құрметті азаматы атанды. Бүгінде Қатимолла Ризуанұлы – өңіріне орден-медальдар таққан, ғибратқа толы ғұмырын туған өлкенің жарқын болашағына арнаған дербес зейнеткер.

Нұрлыбек САХИПОВ,

 медицина ғылымдарының докторы, профессор,

 Астана қаласы