Суға кеткен біреу сал қармап, өлдім-талдым дегенде бір аралдан жағаға шықса, алдынан «Бұл жердің қожайыны мен. Осында келсең алдымен менен рұқсат алуың керек!», деген жазу шығыпты. Оң солына қараса ешкім жоқ. Аралды кезеді, онда да біреуді кезіктіре алмайды. Басына үйшік тұрғызып, тіршілік ете бастайды. «Сен қайдан келдің?» деген ешкім жоқ. Бірақ, әлгі адам өмір бойы «Аралдың иесі қашан келер екен?» деген ойдан арыла алмапты…
Бұл мысал заң мәселесінде әрбір азамат өзін әлгі аралға шығып қалған жандай сергек те сезімтал ұстаса игі еді деген ойға қалдырады. Еуропада болған бір танысым осы ойды одан әрі қарай қозғайтындай мынадай бір есте қаларлықтай әңгіме айтқан еді. Францияның Marly Le Roi қаласына сапарлай барғанда жолдың қилысындағы жолшыраққа тоқтайтын жерге «Сенде ерекше құқық жоқ» деген жазу ілулі тұрыпты. Жолсерік француздың айтуынша, бұл белгі кез-келген адамның санасында француз елінің Ата Заңының түпкі мән-мағынасын жаңғыртып, қоғамдық тәртіпті сақтауды талап етеді. Ешкімнің де заңнан аттап кетуіне болмайды. Сонда ғана қоғам ұзақ уақыт орнықты дамиды. Сондықтан құқықтық мемлекет құруды алдымызға мақсат тұтқан елміз және бұл бағытта жасалып жатқан шаруалар да баршылық. Осы ретте Парламенттің басты заң шығарушы орган ретінде қоғамда алар орны ерекше екендігі даусыз.
Бір айта кетерлігі, кейінгі 30 жылда Парламент бірнеше даму сатысынан өтті. 1990 – 1995 жылдары Жоғары Кеңестің статусы мейлінше биік дәрежеге ие болып, еліміз парламенттік республика ретінде қалыптаса бастады. Белгілі саясаттанушы Дос Көшімнің айтуынша, Жоғарғы Кеңес деп аталатын осынау алғашқы Парламент депутаттары қатарында саясаткерлермен қатар «атақты», «көпке танымал», «көрнекті» тұлғалар да болды. Бұлардың негізін зиялы қауым өкілдері құрайтын. Дегенмен, сол уақытта Парламенттік фракциялар жасақталып, едәуір пікірталастар болып жататын. Парламент отырыстарын теледидардан тамашалау мүмкіндігіне де сол жылдары қолдарымыз жеткен болатын. Парламент депутатының өзі дайындаған заңның («Көші-қон заңы» — қазақ тіліндегі ең алғашқы және соңғы заң) қабылданғаны да осы кезең еді.
Жалпы, Жоғары Кеңес айтылған кезеңде Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін баянды еткен маңызды тарихи заңнамалық құжаттар қабылдады. Атап айтқанда, «Қазақ КСР Президенті қызметін белгілеу туралы» Заңын қабылдап, Қазақстанда ең алғаш рет президенттік басқаруды енгізіп, бұл мәртебелі қызметке Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР- інің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияны, 1991 жылы 10 желтоқсанда «Қазақ КСР- інің атауын Қазақстан Республикасы деп қайта атау туралы» Заңды, 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстанның Конституциялық Заңын қабылдады. 1992 жылы 4 маусымда егеменді тәуелсіз республиканың жаңа мемлекеттік рәміздерін – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гербі мен Мемлекеттік Туын, ал желтоқсанда Мемлекеттік Әнұранын бекітті.
1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстанның жаңа Конституциясы (Негізгі Заңы) қабылданды. Бұл Конституция өтпелі кезеңдегі жағдайды сипаттайтын құжат қызметін атқарып, елде жүргізіліп жатқан реформалар мен әлеуметтік-экономикалық, саяси міндеттерді шешуге бағытталды, сондай-ақ 2 жыл бойы Негізгі заң ретіндегі тарихи қызметін орындап шықты. Алайда, КСРО ыдырап, тәуелсіз мемлекеттілікті жүзеге асыра бастаған кезде қалыптасқан саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайында Қазақстандағы халық депутаттарының кеңестері түріндегі өкілетті органдар жүйесі республиканы дағдарыстан алып шығуға дәрменсіз болды.
Расында, өткен ғасырдың 90-ы жылдарының басы мемлекеттің өміріндегі ең ауыр да сындарлы кезең еді. Ол кездері қуатты Кеңес Одағы құлап, біз шын мағынасында ұлы империяның үйіндісінің астында қалған жағдайда болдық. Кәсіпорындар тоқтап, мыңдаған адамдардың көшеде қалуы, бос сөрелер, шеті мен шегі жоқ кезектер, ақшаның құнсыздана түсуі, инфляцияның жылына мыңдаған пайыздарға жетуі сол бір кезеңнің үйреншікті құбылысы болатын. Жаппай жетіспеушілік. Тіпті кір сабынның өзі халыққа талонмен берілгені әлі есте. Жұрттың көбі дүкендер сөрелерінде бағасы ұшып тұрса да, тауар болса екен деп армандағандарын да ұмыта қойған жоқпыз. Менің бір танысымның көптеген кәсіпорындар тоқтап тұрған сол кезде: «Көшеге шыққанда шіркін зауыт мұржасынан түтін шықса екен деп тілеймін. Адамдар еңбекақысын, қарттар зейнетақысын алар еді, халықтың тұрмысы түзелер еді», — дегені бар.
Еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету де күн тәртібінің өзекті мәселесіне айналды. Оған себеп те жоқ емес еді. Осы ретте, академик Салық Зимановтың мынадай пайымдарына ден қойған жөн. Заңгер-ғалым тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында билік тұтқаларының теке-тірестігі кесірінен, әрі сыртқы-ішкі «үрит, соқ» күштердің желпуімен бір бүтін елдің екіге бөліне жаздағанын жазады. Мәселен, Ертістің оң жағалауы сол жағалауына көз алартса, Жайық казачествосы шпорларын сартылдатып, Оралдың көшелерін шаңдатып жатты. Нақ осы кезде қазақстандық бір топ депутаттар Мәскеуге жиналып, өз алдына көлеңкелі үкімет құру мен Қазақстанның аумағын бөлшектеуді көздейтін ірткі салушы қозғалысты құруға бастама көтергендері жәйлі бұқаралық ақпарат құралдарынан белгілі болды, олардың тараптарынан Президентті қызметінен кетіру, Үкіметті таратып жіберу, жергілікті өзін-өзі басқару құқын ие болу арқылы біздің солтүстік облыстарды Ресейге беру жөнінде талаптар қойыла басталды.
Кеңестік дәуірде сайланған соңғы Жоғарғы Кеңес елімізде қалыптасқан осындай жағдайда, сондай-ақ ескі өкілетті билік жүйесімен және олардың заң шығарушылық әдістерімен нарықтық экономикаға бет алған жаңа қоғамды орнату мүмкін еместігі айқын болғандықтан өзін-өзі таратуға мәжбүр болды. 1993 жылы 13 желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің Төрағасы оның таратылғанын ресми түрде жария етті. Республиканың жаңа Жоғарғы Кеңесі сайланғанға дейін биліктің барлық тұтқасы Президенттің қолына уақытша көшті. Сөйтіп біз мемлекетті басқарудың президенттік жүйесіне қадам бастық. Мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу қажеттілігінің осындай сын сағатында С.Зиманов ел басқару жүйесін бір ізге салу керек болғандығы, оның ең тиімді жолы тікелей президенттік билікті орнықтыру екендігі жөніндегі өз ойларымен баспасөзде бірнеше мәрте бөліскенін, «Бізге диктатураға мүлде жат, күшті президенттік билік керек» деген тақырыппен арнайы мақала жазғанын тілге тиек етеді.
Президент 1993 жылы 9 желтоқсанда Қазақстан Республикасындағы сайлау жөніндегі жаңа кодекс туралы Жарлыққа қол қойды. Жаңа кодекс бойынша Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 117 депутаттан тұрды. Оның 42-сі Президент ұсынған тізім бойынша сайланатын болды. Қоғамдық бірлестіктердің депутаттыққа өз кандидаттарын ұсынуына мүмкіндік беретін баптар енгізілді, сондай-ақ азаматтың өзін-өзі ұсынуына мүмкіндік туды.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесін және де жергілікті заң шығарушы органдар саналатын мәслихаттарды жаңа кодекс бойынша сайлау 1994 жылғы 7 наурызда өтті. Осылайша елімізде алғаш рет көп партиялылық негізде заңдарды қабылдауға қабілетті Жоғарғы Кеңес сайланды. Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысымен 1995 жылдың 30 тамызында өткен республикалық референдумда жаңа Конституция қабылданды. Кезінде қазақ қоғамының құқықтық тепе-теңдігін сақтауға ықпал еткен халықтық асыл қазыналар болып табылатын «Қасымханның қасқа жолына», Әз-Тәуке ханның «Жеті жарғысына» пара-пар келетін Тәуелсіз Қазақ елінің Конституциясы мемлекеттің дамуындағы өтпелі және даму кезеңіндегі тиісті заңдылықтарды рет-ретімен іске асырып келеді. 9 бөлімнен тұратын Конституцияда Қазақстан Республикасының азаматтарына толық жағдай жасалған. Яғни, әр азаматтың өмір сүруіне, білім алуына, қызмет етуіне, зейнеткерлікке шығып, демалуына, кәсіпкерлікпен айналысуына толық мүмкіндік берілген. Жынысына, жасына қарамай, сондай-ақ ақсүйектік пен қара топ деп ара жігін ажыратпай, елдің әр азаматына адам баласына қажетті тұрмыстық техника мен құралдарды қолдануға, медициналық ем алу құқығы берілді. Заң бұзса жазалануы мен жауапқа тартылуы да шен мен шекпенге бөлінбей, сот орындары алдында кесілген үкіммен шартты жазасын алатыны қарастырылды. Мемлекет өзінің аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын, бөлінбеуін қамтамасыз ететіндігі Конституцияда анық көрсетілді.
Ата Заң халқына қам жасап, жас ұрпақтың өскелең болашағын ойлаған мемлекетті – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет ретінде таныды. Конституция бойынша 1996 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда жоғары заң шығарушылық өкілеттігін жүзеге асыратын қос палаталы (Сенат пен Мәжіліс) жоғары өкілетті билік органы – Қазақстан Республикасы Парламенті жұмыс істей бастады. Бұл өз кезегінде нарықтық өзгерістерді табысты жүзеге асыруға, елді біртіндеп кезең-кезеңмен демократияландыруға кірісуге мүмкіндік берді. Мұны өте маңызды қадам деп санаған жөн. Өткенге бір сәт көз жіберсек, отандық парламент институтын қалыптастыру жолында кемшіліктер де орын алды. Нәтижесінде, халық билігінің нақты көрінісі, яғни халықтың заң шығарушы органдағы өкілдерінің мемлекеттік саясатқа тигізер әсері айтарлықтай болмады. Сарапшылар пікірінше Парламенттің беделінің төмендеуінің бірнеше себептері бар, олар – көппартиялық құрылымды дамыту мақсатында мажоритарлық жүйеден толықтай пропорциялық жүйеге өтуімен еш¬бір партияға кірмейтін, жергілікті жердегі беделді азаматтардың жолдарын жауып, депутаттардың белсенділігін төмендету, басқа ұлт өкілдерін «квота» арқылы Парламентке өткізу, Парламентті заң шығарушы билігінен бірте-бірте айырып тек тапсырманы орындаушы деңгейіне түсіру.
Иә, қазақстандық парламентаризмді орнықтыру оңай болған жоқ. Әрине, тоталитарлық немесе авторитарлық билік жүйесінен демократиялық басқару жүйесіне көшу кезеңінің өте күрделі және ұзақ болатынын тарих әлденеше рет дәлелдеген. Бұл процесті жасанды жолмен жылдамдату, кейбір жағдайларда әлеуметтік жарылысқа алып келуі мүмкін. Ендеше, бірден бір дұрыс жол – тұрақтылық жағдайында жоспарлы түрде реформа жүргізу болып табылады. Ең бастысы, сол реформа жүргізудің заңды құралы, органы – Парламентті билік жүйесінің қызметшісіне айналмағаны керек. Сондықтан демократияның барлық құрылымдары бір бірімен тығыз байланысты болып, Президент Қасым — Жомарт Тоқаевтың Жолдауында белгіленген «Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» қағидасы орнығуы қажет. Сөйтіп, Қазақстан болашақта мықты парламентпен бірге транспарентті және есепті үкімет әрекет ететін парламенттік-президенттік басқару жүйесіне көшуге бетбұрыс жасауы мүмкін. Әлбетте, мұндай жобаның іс-жүзіне асуы алдағы уақыттың еншісінде.
Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанушы