Ана туралы жазылған жыр-дастан, қалың-қалың хикая мен әңгіме-эсселер аз ба!?
Бірақ кім жазса да, Алла тағаладан кейінгі Құдірет – Ананың бүкіл болмыс-бейнесін, басқа еңбек-бейнеттерін айтпағанда, перзент-сәбиін жарық дүниеге әкеліп, сол сәбиін бағып-қағудағы, азамат қып тәрбиелеудегі, отбасы-шаңырағының қамын ойлап, күн кешкен қазақ әйелінің бейнет пен тауқыметке толы өмірін тұтастай ашып көрсете алар ма!?
Мен де қарапайым қаламгер ретінде анам туралы айтқым келеді.
Мақпал анам 1918 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысының Шабдаржал ауылының төңірегіндегі Тұмантөбе деген жерде дүниеге келеді.
Жастайынан үш жасында анасы Шұғадан, он үш жасында әкесінен айырылып, жетімдік қамытын киеді. Құдайы қолдап, немере-ағасы Жұмаш пен Ұмсындық жеңгесі бірі әке орнына әке, бірі ана орнына ана болып, бауырына басады.
Сөйтіп табиғатынан өмірге құштар, іске бейім, қайсар мінезді анамыз қамқор жандардың арқасында олар көрген жиырмасыншы-отызыншы жылдардың бар тауқыметін нәзік иығымен көтеріп, өз қолы өз аузына жеткендей шаққа да жетеді.
Тарихтан белгілі: отызыншы жылдардың аяғында Ел еңсесі аштық пен қуғын-сүргін зұлматтарынан құтылып, енді-енді көтеріле бастағанда,Ұлы Отан соғысы басталып кетті де, анамыздың аз ғана шуақты күндерінің аспанын қара бұлт басады. Алғаш қосылған жары Әділ Мусин деген азамат алғашқылардың бірі болып майданға аттанады да, сол кеткеннен туған жер топырағына оралмайды.
Бұл жылдары анашым Степан Разин атындағы колхоздың Тас деген жерінде кейін Социалистік Еңбек Ері атағын алатын Тілеген Жылысовқа көмекші шопан. Анашым 70 жасында 1988 жылдың 23 тамызында белгілі журналист («Индер» газетінің редакторы, басқа да жауапты қызметтер атқарды) Сансызбай Базарбаевқа мынадай естелік айтқаны бар.
«Онда біз Толыбайдың Тасында мал бағып отыр едік. Ой, сол кездің ауа-райы-ай, ел қан кешіп жатса, жазда ыстық аптап, қыста сықырлаған сары аяз онсызда жадау көңіліңді шытынатып, жаныңды сірідей қысатын еді-ау. Әкесі соғысқа кеткенде уілдеп қалған бала суық тиіп ауырып, оны да қара жер құндағына салдым. Үстімізде жөндем киім де жоқ, иығымызды жасырар бөз көйлегімізді дұшпан көз етіп, бір киеміз. Сөйтіп кейіннен Социалистік Еңбек Ері атағын алған Тілеген Жылысовқа көмекші болып жүріп жаттым. Әйткенмен жалғызілікті әйел адамға үнемі мал бағу қиын екен, соғыстың екінші жылында пішен шабуға шығып кеттім. Бірде қой қырқу, аула-қора жөндеу, құдық аршу – пешенеме жазылған жұмыстай көрінетін. Ойға салса орып, қырға салса қырып дегендей, жан тәсілім еткенше жұмыс жасайтын талай құрбыластарым көз алдымда. Бір жиналыстта мынау еңбегің үшін деп берілген үш құлаш шыт матаға қуанғаным әлі есімде қалыпты.
Кейіннен колхоз басқармасы қой бағуды тапсырды. Жайық табанында Исатай, Жәміш болып қазақы қойдың отарын қабылдап алдық. Онда туған қозылар енесінің сіңірі созылғанша жүре беуші еді. Кейінірек Шолан тауы жағына көшіп, малға жайлы қоныс іздедік. Сол кезде мемлекетке тапсыру үшін мөлшерлі жүн салығы беріледі. Сонда он кило жүн тапсыра алмай, астымызға жайып отырған туырлығымызды турап бергенім де есімде.Аш-жалаңаш жүрсек те Ұлы Жеңіс күнін аңсадық. Майдандағы ер азаматтар аман келсе екен дедік. Әйткенмен жан серігіме туған жердің топырағын қайта басып, өз шаңырағының ошақ отына жылыну бұйырмапты. Адам қайғыға да үйренеді екен. Сө йтіп жүргенімде ауыл орталығынан хабаршы келді.
– Ал, Мақпал, ел сені депутаттыққа ұсынып жатыр. Халықтың қалаулысы болу – бақыт-ау,- деп тәтті күліп құттықтады. Қапелімде қалай сенейін, бірақ орталыққа шақырып, ризашылығымды сұрап, кездесуге уақыт кесе бастағасын-ақ жауапкершіліктің адам жанымен ғана түсінер ерекше салмағын сезіндім. Сөйтіп 1947 жылы мына шешең Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланып еді». («Ардагер ана әңгімесі» (С.Базарбаев; 23.08.1988 ж. «Индер»)
Мақпал Шыңғысқызы өз естелігінде айтқандай, сол бір сұрапыл жылдардағы мыңдаған қазақ әйелдері секілді тағдыр жүгін ерлерше көтеріп, мылтықсыз майданда қайсарлық пен қаһармандықтың, табандылық пен өмірге құштарлықтың небір асыл үлгілерін көрсетіп, бар тауқыметті жеңіп шығады. Ұлы Жеңіске азаматтық ерлікпен зор үлес қосады.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы аналарымыздың тылдағы ерлігін Мұқағали ақыннан асып кім айта алар!?
«Қайран біздің шешелер!
Арды ойлаған.
Шілік шауып, ши орып, бау байлаған,
Жігіттерден айрылып, қалмай қараң?
Қырман басып, егін сап, арба айдаған…
…Жылап алып,
Қайтадан қуаттанып,
Егінжайға келетін бұлақты алып.
Тоқтап қалған тірліктің машинасын,
Жүргізетін, бір жерін бұрап қалып
Қайран жандар!
Қайран жандар!..»
Ақынның бұл өлеңін Еліміздің тыл еңбеккерлеріне қойылған ескерткіш-жыр десек болады!
Иә. Ақын өлеңінен алған әсерімді әрі қарай алып жүрсем деймін. Аналар. Арулар. Қаһармандар. Қайраткерлер.
Анамыз осы ұғымдардың бәріне де лайық жан. Ол өз заманының жоғары дәрежелі мемлкет басшыларына шексіз сенетін.
«Мені тәрбиелеген, өсірген, жетімдіктен құтқарған совет үкіметі ғой, Компартия мен оның басшылары Ленин мен Сталин ғой…»,- деп көсемдерге шаң жуытпайтын.
Өзі де 1947-1951 жылдары еліміз соғыстан тұралап, қираған халық шаруашылығын қалпына келтіру және одан әрі социалистік советтік құрылысты нығайтудың мемлекеттік мәселелеріне көкірегі ояу көзі-ашық қалпымен, іскерлік белсенділігімен өзге де Қазақ КСР-і Жоғарғы Советінің екінші шақырылған сессиясының депутаттарымен бірге халық қалаулыларының қатарында үлес қосты.
Мақпал анам өзінің ашық – жарқын, әзілге бейім мінезімен; қандай шаруаға да епті, алғыр қаблетімен; адамға деген құрмет-пейілімен өрілген адами қасиеттерін сол жылдары №1 ауылдық советінің төрағасы қызметінде де ұйымдастырушылық қырымен де ер – азаматтардан қалып қоймады.Бұл жылдары ол басқарма төрағасы Қалам Ниязғалиев, ауылдық совет төрағалары: Жақыпқали Құтқожин, Кенжеғали Меңетаевтермен қанаттаса жұмыс істейді. Депутаттық қызметі аяқталғасын өмір көшін жалғастырып, өзі қадірлеген азамат Бақыт Телеуовпен отау құрып, ауылдан қырға көшеді.
Осылайша анамыз бен әкеміздің малшыллық өмірі басталады.
Мақпал Шыңғысқызы мен Бақыт Телеуов – ерлі-зайыпты малшылар 1951-1974 жылдар аралығында әуелі колхоздың, кейін Жамбыл атындағы кеңшар болып ірілендірілген шаруашылықта қол ұстасып еңбек етті.
Анамыз – шаңырағымыздың алтын діңгегі, әкеміз – әулетіміздің киесі қарапайым малшы болғандарымен елінің құрмет биігінде қалды. Ел-жұртының құрмет белгісіндей 2005 жылы ауылымыздың бір көшесіне 1947-1951 жылдардағы Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің II шақырылған сессиясының депутаты, Ұлы Отан соғысының тыл ардагері Мақпал Шыңғысқызы Мусинаның есімі берілді. Қонақжай шаңырағымыздың ақ дастарханынан талай-талай маңдайы жарқыраған марғасқа азаматтар, ел басқарған жайсаң жандар дәм татты.
Халық «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» демей ме!?
Олай болса, сендер ешқашан ел есінен ұмытылмайсыңдар, ардақтыларым!
Амантай Бақыт