ХХ ғасырдың 1931-32 жылдардағы ашаршылық – қазақ халқының басынан өткен ең қасіретті нәубет. Бұл нәубет Сталин билігі тұсындағы большевиктік үкіметтің қолдан жасаған «қызыл қырғынының» ең сойқаны, ең қатігез іс-әрекеті болды.
Оның Қазақстандағы ұйымдастырушысы – Ф.Голощекин. Ашаршылықтың басты мақсаты –табиғи қазба байлығы мол қазақ жерін индустриалды өндірістік өлкеге айналдыру үшін «мал шаруашылығымен айналысатын», «артта қалған, индустрия жарамсыз» жергілікті ұлтты «табиғи тұрғыда азайтып», Кеңес Одағының еуропалық бөлігінен индустияландыруға бейім жасампаз (жұмысшы табы (пролетариаты) қалыптасқан) халықтарды әкеліп орнықтырып, пролетариат диктатурасын нығайту деген коммунистік идеологияны жүзеге асыру болды.
Ашаршылықтың салдары¬нан, қазақ халқының саны екі есеге дейін кеміді: азып-тозды, шетелге ауды, сөйтіп, генофонды әлсіреді. Генофондтың басты белгілері – ұлттық қадір-қасиеті, мінезі, дүниетанымы өзгерді, тілі, рухани мәдениеті құлдырады, ақыры саны аз ұлттың біріне айналды. Салыстырыңыз: 30 жылдарға дейін қазақтан саны едәуір аз болған өзбек – қазіргі таңда 32 миллионды құрап отырған байтақ ел.
Ашаршылық біздің ағайынға да «ащы тырнағын» салды. Нағашы әжем Кәшима Құлтайқызы ұжымдастыру және кәмпеске тұсында Қостанай өңірінде тұрмыста болып, отағасы «жас қыз алған бай-құлақ» деп жер аударылғаннан кейін Сыр¬дағы нағашысына барып, жан сауғалайды. Ол кісінің ашаршылық жайында өз аузынан айтқан әңгімесін тыңдап, жадыма тоқыған жайым бар еді. Сол естелікті оқырманға ұсынғым келеді.
Кәшима Құлтайқызы 1912 жылы дүниеге келген. Руы – Жаппастан тарайтын Мәметек Алтын. Туған жері – қыс қыс¬тауы Қармақшының маңындағы Қызылтам деген жер болса, жаз жайлауы – Тобылға құятын Әйет, Троицкінің іргесіндегі Үй өзен¬дерінің бойы. Әжеміз жайлаудағы қоныстарын сағынышпен еске алып отыратын. Бірде ол жай¬лаудан қыстауға қайтар шақта Троицкі қаласына баратын базар туралы айтса, енді бірде «сол базарға соңғы рет 14 жаста бардым, екі жыл өткен соң мені қырда тұрмысқа берді» дейтін еді.
Кәшима тұрмысқа шыққан жылы әкесі Құлтай «жаман аурумен» (обыр) ауырып дүниеден өтеді. Әжемнің тұрмысқа бар¬ған жері орта дәулетті отбасы болады. Бірақ отағасы «уыздай жас қыз алған бай-құлақ» деген үкіммен кәмпескеге ілініп, Сібірге жер аударылады. Сол жыл¬дары колхоздастыру басталып, жұрттың малы ортақ меншікке тартып алынады. Елге қатты тар-шылық келіп, жұрт жан сауғалап көше бастайды. Біздің болашақ әжеміз егіншілікпен, аңшылық-балықшылықпен айналысатын Сыр бойындағы Есентемір (ру атауы) Досқали атты нағашысына барып паналауды ойлайды. Осылайша, қолында бір түйіншек орамалы бар жас келіншек жаяу-жалпылай Сырға қарай ауып бара жатқан жұртқа қосылады. Солармен бірге жаяу жүріп, Аралға келіп құлайды. Одан әрі Арал стансасында Қызылордаға қарай бет алып тұрған жүк пойызының қызыл вагонына мініп алады. Бір орыс солдаты келіп орысшалап «түс» дейді. Бұл қазақшалап «түс¬пеймін» деп шы¬рылдап жылап қоя береді. Вагонға таскенеше жабысып алған. Мұны әлгі солдат әрі-бері жұлқылап, түсіре алмаған соң кетіп қалады. Сол жүк вагонымен итшілеп Қызылорда стансасына жетеді. Пойыздан түсіп, жұрттан сұрай-сұрай Қызылорда қаласының маңындағы Қарауылтөбе деген жерден бес-алты шақырым жерде егіншілік, аңшылықпен күн көріп отырған нағашысы Есен-темір Досқали¬дың үйін тауып алады.
Жергілікті орыстармен тамыр болып, аңшылық құратын Досқали өзге отырықшы қазақтарға қарағанда салыстырмалы түрде бақуатты болады. Аңшылықпен қатар егін егіп, балық аулап отырғандықтан Досқалидың отбасы Сыр бойына ашаршылық келген кезде әупірімдеп аман қалады. Ашаршылық өткеннен кейін әжем¬ді Досқали нағашысы көрші тұратын Әбіш Дәуітұлына (ол кезде оның әйелі қайтыс болған екен) тұрмысқа береді. Кәшима әжеміз атамызға бір ұл, бес қыз тауып береді. Бес қыздың үлкені Күлайым Әбішқызынан біз дү¬ниеге келгенбіз.
Жалпы, әжем марқұм өте әңгімешіл кісі болатын. Оның есте сақтау қабілеті де таңғаларлықтай еді: өзінің жас кезінде болған оқиғалардың дерегін бүге-шүгесіне дейін сақтап, оның мезгіл-мекенін, оған қатысқан кісілердің аты-жөнін, руын түгел айтып отыратын.
Бір күні қыстың ұзақ кешіндегі әңгімеміз 30 жылдардағы ашаршылық жайында болды. Ол әңгіменің басталуы да қызық. Қаладағы бір таныс кісінің аты кез¬дейсоқ аталды да, әжем ол кісінің әкесін білетін болып шықты.
Қызылорда шаһары мен оның маңындағы ашаршылық Арқа жақтан ауып, ашығып, арып-аршып келген жұрттың көбеюіне байланысты күшейе түседі. Аш-жалаңаш жұрт елдің малын, азық-түлігін ұрлап, базардан жұрттың сатып тұрған азықтарын тартып алып, елдің мазасын алады. Ақыры, базар тарап кетеді. Әсіресе, Батпаққара жағынан ауып келген қазақтар өте ашығып келді. Тасбақа, кірпішешен, бақа-шаян жеу, бара-бара адам етін жеу солардың ішінен шыға бастайды. Жұрт сыртқа шығудан қорқатын күй кешеді. Әжемді үйіндегілер: «Сен семізсің, сойып жеп қояды» деп сыртқа шығуға тыйым салады. Ашыққан жұрт ісіп-кеуіп, далада өліп жатады. Аз уақытта Қызылорда шаһарында және оның маңында жейтін нәрсе қалмағандықтан, ашыққан кісілер теміржолдың бойымен оңтүстікке, Ташкентке қарай жағалап кете барады…
Жаңағы атаған кісіміздің әкесі сол кезде жетім балалар үйінің арбакеші болыпты. Ол кісі арбамен балалар үйінен шыққан өліктерді, сондай-ақ қаланың ішінде аштан өлген адамдардың денесін теріп алып, қаланың оң-түстік-шығысындағы орға апа¬рып төгеді екен. Кәшима әжемнің айтуынша, аштан қайтқан жандар мен балалар үйінде өлгендердің денесі көмілген ор қазіргі Қызылорда қаласының «Южный» ауданындағы қалалық перзентхананың маңы.
Ашаршылық жылдары Арқа¬дан Сырға ауып келген жұрттың дені – Торғай өңірінен екен. Өйткені Сыр мен Торғай арасы – қазақтың мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлі көш маршруты. Бұл көштің жол бойында қолдан қазылған құдықтары болған. Әжемнің «Батпаққара» деп отырғаны – Торғай өңірі. Кейін қазақтың тарихын тереңірек біле бастаған кезімізде Батпаққара жұртының қатты ашыққан себебін қолдан жасалған саясаттың салдары екенін түсіне бастадық. Батпаққара, яғни Торғай өңірі Алаш қозғалысының алтын бесігі, аптал азаматтар дүниеге келген өңір (А.Байтұрсынұлы, М.Ду¬латұлы), патша мен Кеңес үкіметінің қысымына қару алып, көтеріліске шыққан жұрт (Амангелді, Кейкі батыр, Әбдіғаппар, Шолақ Оспан) екенін таныдық. Коллективтендіру мен кәмпеске кезінде «Батпаққара көтерілісі» деген оқиға болғанын білдік. Қанын ішіне тартқан большевиктер аштық арқылы осы өңірдегі рухы биік жұрттың қатты қырылғанын қаласа керек…
Марқұм нағашы әжем (жатқан жері жаннатта болсын) Құлтайқызы Кәшимадан 30 жылдардағы қуғын-сүргін, ашаршылыққа қатысты естіген әңгімемнің ұзын-сонарызның шектелер шегі – осы. Біздің бұл әңгімеміз біз жақтан шектелгенмен, халқымыздың басынан өткен қасірет-қайғы, нәубет туралы деректер, айтыл¬маған сырлар әлі көп деп ойлаймыз. Украина жұрты 20-30 жылдарда аштықтан қайтқан миллиондаған кісілердің тізімін жасады, сол нәубет туралы жұрттың естеліктерін жариялап, үлкен жұмыстар атқарды. БҰҰ тарапынан, Украинада болған аштық геноцид деп бағаланды. Ал Қазақстандағы аштық Украинадан да сорақы болған еді. Бұл біздің жұртты да ойландыратыны анық.
Алмасбек ӘБСАДЫҚ,
филология ғылымдарының докторы,
А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың профессоры