Алдағы жылы бүкіл адамзат баласына  зор  қасірет әкелген Ұлы Отан соғысындағы  Ұлы жеңіске 75 жыл толмақшы.

Бүкіл әлем жұртшылығы – бүгінгі бейбіт заман, тыныш өмір үшін Кеңестер Одағы деп аталған алып мемлекеттің, осынау бұрын-соңды  тарихта болмаған зұлматта, қантөгіс-қырғында әлемдік өркениетті фашизм  құлдығынан құтқарған  20 миллион (соңғы деректерде бұдан да көп),құрбан болған боздақтардың рухы алдында мәңгі қарыздар.

Менің «Сахара» газетіне жолдап отырған осы бір шағын эссем майдангер ата-әкелер мен апалар ескерткішіне қойған бір шоқ гүлім болсын.

Адам     өмірінде мектептегі, жоғары оқу орнындағы ұстаздарынан басқа да жоғары маңызға ие рухани серік-рухани ұстаздары болады. Мағжан ақын «Бұл өмір абақты ғой саналыға»дегендей, тіршілікте бұралаң жолдар, «тар жол, тайғақ кешулер»де болмай қалмайды; сондайда демеу болар сүйенішің  осы жандар, осы тұлғалар…

Менің балалық шақтан  бергі рухани ұстаздарым арасында Бауыржан Момышұлы  мен Қасым Қайсенов  ағаларымның орындары бөлек.Екеуі де нағыз батыр, хас батырлар.Екеуі де қан майданда қол бастаған ерлер, қолбасшылар, қапияда қол бастаған, қапылыста жол бастаған азаматтар!…

Қос Тұлға – Бауыржан аға Батыр атағын өлгеннен кейін, Қасым аға ала алмай  (Қ.Қайсенов – Халық Қаһарманы) кетсе де, екеуі де өздері жан-жүректерімен  сүйген халқы баяғыда-ақ батыр атын берген оғыландар… Хас батырлардың ерекше қасиеті – мәрттік пен өзге батырлық пен ірілікті бағалай білушілік.

Осы орайда алдымен Әзілхан Нұршайықовтың әйгілі «Ақиқат пен аңыз» кітабын қайталап оқимын, өзіме рухани күш-қуат алам.Осы кітапта жазушы Баукең  туралы Қасым Аманжоловтың бір өлеңін есіне алып өтеді мынадай шумақтарымен:

«…Бойы бар бізден гөрі биігірек,

Тіп-тік боп абыройын тұрған тіреп

Топ жара көрінсін деп екі иығы,

Туған жер жаратыпты оны ірірек…

«…Батырым – Бауыржаным!»дейді халқым,

Алып  ұш ақын жүрек,ердің даңқын.

Келешек келе жатыр көремін деп,

Тік басып туған жерде жүрген қалпын…»

(«Ақиқат  пен  аңыз», 173-бет)

Осында Баукеңнің інісі Қасымды қаншалықты жақсы көргенін  айшықтайтын мынадай  көрініс бар. «Айтпақшы партизан Қасым Қайсенов келіп кетті.Саған да сәлем айтты.

 –Сәлемет болсын.Карантин ғой, қалай кірді екен?

 – Қасымға карантин бөгет болушы ма еді. Қақпаға барып едім,кіргізбеді,бір бұрышты айналдым да, қоршау тақтайды теуіп қалып біреуін сындырдым.Бірақ одан сыймадым.

Екіншісін сындырдым да, сып етіп аурухананың ауласына кірдім.

Полковник ағам ауырып, арыстай боп ауруханада жатса, қараймын ба мен бұлардың қарауылы мен карантиніне дейді.

–Қоршаудың тақтайын сындырғаның  үшін өзіңді сотқа берсе қайтесің?–дедім оған.Ол аурухананың ауласын басына көтеріп, сақылдап кеп күлді.

–Жоқ, Бауке, оған қорықпаймын. Жасанған жау тұтқын лагерін тоғыз қабат сыммен қоршап, автомат, пулеметін кеудеме кезеп тұрғанда олардың тас- талқанын шығарып, совет азаматтарын азат еткен Қасым ауруханадағы ағасына келіп, алақанын сипап,бетінен сүйе алмаса, ол несіне кісі болып жүреді,–деп айқара құшақтап, екі бетімнен кезек сүйіп жатыр,–өзіңді арқалап алып кетейін, кетесің бе үйге?– дейді тағы да. Қасымға не дейсің,рахмет,айналайын деп маңдайынан сүйдім…»

(«Ақиқат пен аңыз», 118-бет)

Жау Мәскеуді дүрбімен көріп, 7 қарашада Қызыл Алаңда боламыз деп күпсінген жауды 20 күн бір орнынан тапжылтпай ұстап, бір қадам кейін шегінбей, бақайшағына дейін қаруланған фашистерді соғыс тарихында алғаш тоқтатқан құрамында Бауыржан Момышұлы алғашында батальон,кейін полк, дивизия  басқарған даңқты генерал  Панфилов дивизиясының жауынгерлері еді.

Ұлы Отан соғысындағы түбегейлі жауды жеңуге бетбұрыс осылай басталғанын тарихтан білеміз.

207 рет ұрысқа қатысып, 5 рет өлім құрсауында қалып,қоршауды бұзып өткен, екі рет ауыр жараланса да майдан даласын тастамаған біздің Баукең хас батыр болмағанда кім?!

Сірә, ел ішінде аңызға айналған Куба көсемі Фидель Кастроның тілшінің:

«Сіз Ұлы Отан соғысы қолбасшыларынан кімді ерекшелеп айтар едіңіз?»–деген сауалына:

«Қазақ, Бауыржан Момышұлы»,– деп жауап беруінде үлкен мән бар-ау…

Осы кітапта жазушының «Сізді біреулер  теріс азу, тентек атағысы келген бе, осы қалай өзі, Бауке?»–деген сұрағына Батыр  аға былай дейді:

–Мен өзге ұлттарды құрметтеуші, өз ұлтын сүюші адаммын.Мен нацизмнің туын көтерген фашизмге қарсы жан аямай күрескен кісімін.Мен Гитлердің нацист армиясына қарсы қол бастаған адамдардың бірімін.Мен фашистерді жан-тәніммен жек көріп соғыстым.Мен Советтік Отанымды жан-тәніммен жақсы көріп соғыстым.Осы екеуінде, жауға деген өшпенділік пен Отанға деген сүйіспеншілікті айтамын, мен қол астымдағы әр жауынгердің,әр командирдің жүрегіне ектім!.. Бағана да айттым:мен нацистерге қарсы 207 рет ұрысқа қатысып,5 рет өлімнің құрсауында қалып, 2 рет өлімші болып жараланған жанмын.Ендеше,мен қалай теріс азу тентек боламын?»

(«Осы кітапта. 29-бет)

Бауыржан аға қанқасап соғыстың бас кезінде-ақ есімі дүние жүзіне таралып кеткен санаулы қолбасшылардың бірі.Оның ғажайып ерлікпен көмкерілген есімін  әйгілеген орыс жазушысы Александр Бектің өзі де әдебиет тарихында

қалды…

Әңгіме бағытын Қасым ағаға бұрсам,Баукең сықылды партизан жазушы да өзінің ерлік пен қайсарлыққа толы ғұмырын кітаптарында жазып қалдырған адам.

Әрине, оқығысы келген жастар екеуінің де кітаптарын болса кітапханалардан, болмаса  ғаламтор  беттерінен тауып оқыр ниет болса.Менікі осы Тұлғаларды  оқуға шақыру, өнегелерін үлгі ету ғой.

Қасекеңнің азаматтық тұлғасын «дарияның қасиеті тамшысынан»,«Егемен Қазақстанда»журналист Уәлихан Тоқпатаев 2005 жылдың 5 ақпанындағы санында «Қайсар қазақ» эссесінде біршама анық сомдаған екен.Осында оның Батыр туралы жазған мынадай жолдары бар.

«Батыр бір оқтық» болғанмен, «қырық жыл қырғын болса да ажалды ғана өледі» екен. 1939  жылы Фин соғысына аттанған  жиырма екі жастағы  Қасекеңді әскери мамандар Мәскеуде алып қалып,диверсиялық-барлау  мектебінде үш жарым жыл оқытып,қайсар қазақты жау тылындағы  партизан қозғалысын ұйымдастыруға жібергенде ол талай рет аяусыз ажалмен бетпе-бет келген.Иә,1941 жылдың ызғарлы күзінде ол Украинадағы Богуслав орманына он адаммен парашютпен түскен,солардың ішінен жау қоршауын бұзып шығып,тірі қалған жалғыз осы Қасекең.Киев пен Полтава өңіріндегі партизандар құрамасының бір отрядының командирі болып жүргенде оқ тиіп, оңбай жараланса да жорық жолын жалғастыра берген де осы Қасым.

1943 жылы аяқ астынан Молдавия жеріне жиырма адамды әуеден түсіріп,жау оқпен қарсы алғанда,су ішерлігі бар екен, солардың арасынан тағы да біздің ағамыз тірі қалған.1944 жылдың басында жиырма бес адамды Румынияның Плоешти өңіріне парашютпен лақтырғанда тірі қалған үш адамның бірі де осы Қасекең.Ал 1944 жылдың жазында ше?..Онда да арнайы дайындықтан өткен алпыс адамды Карпат тауының арғы бетіндегі Батыс Украина жеріне түсіргенде,жандәрмен аман қалған жетеудің бірі тағы да Алтайдың алпамсадай осы қара қазағы еді.»

…Қасым аға тілшіге былай деп үн қатады.

–Бұл  соғысты адамнан да,Алладан да жасыра алмайсың енді.Ол тарих қой.Ал соғыс шежіресін бұрмалайтын адамдар болды.Ұлы Отан соғысының дүниежүзілік маңызы бар ғой.Егер бұл соғыста жеңбесек,бар адамзат фашистердің құлы боп кететін еді.Жауыздар ұлан-ғайыр жерді басып алып, халықты қырып тастаушы еді…Маған «Халық Қаһарманы» атағын берді ғой, рахмет.Ал оның бірінші нөмірін егер өлген адамға беретін  болса,Бауыржанға, жоқ тіріге береміз десе, мына Талғат Бигелдиновке беру керек еді.Ол әуеде ерлігін үш рет қайталаған қыран ғой.

Жалпы батыр  болайық деп соғысқанымыз жоқ.Халық жүрегінде мәңгі қалудан артық қандай бақыт керек…»

(«Егемен Қазақстан»,5.05.2005 «Қайсар Қазақ»)

Иә,Батыр аға айтқандай халқының жүрегінде, бүгінгі Егемен Елінің есті ұрпақтарының есінде қалудан артық, шынында да, бақыт бола ма?!

Амантай Бақыт