Әр халықтың тағдыр – талайында әлімсақтан мекен еткен жері бар;сол атамекен – туған жерінің әр сүйемін жауға бермей,қызғыштай қорыған, «ұлтарақтай болса да атақоныс жер қымбат»,-деп шөл болсын,шөлейт болсын, құнарсыз не тақыр болсын елі мен жерінің азаттығы жолында арыстанша алысқан ерлері бар; сол ерлердің арқасында сан ғасырлар аңсаған арман-ай Тәуелсіздікке қол жеткенін көрдік.Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше жүздеген мемлекеттердің арасында Қазақ Елінің де Президенттері өз ана тілімізде сөйлеген күндердің де куәсіміз.
Елде болып жатқан жақсы өзгерістерді көргенде бүгінде жастары алпыс бестерге келіп қалған замандастарыммен бірге мен де қуанатынның бірімін; ал жамандықтарды көріп-естігенде көңіл жабырқап қалады.Келешекке деген үміт, сенім қашанда жүрекпен бірге тынымсыз соғып тұрғандай,әлдебір күдік те қабаттаса мазалауын қояр емес…
Осы мақаланы жазар алдында архивімді ақтарып отырғанда сонау Тәуелсіздік қарсаңындағы «Қазақ әдебиетінде» (1991жылғы17 мамыр) жарияланған белгілі журналист Сапабек Әсіповтің «Ел мұңсыз ба,жер құнсыз ба?» деген туындысы көзіме шалынды. Айтайын деген ойым осындағылармен үндес болғандықтан,оқырман назарына ұсындым.«Көкейде жүрген бір мәселе бар.Ол – қазақтың жер мәселесі. Патша өкіметі олардан тартып алған 45 миллион десятина жер қайтарылмады.Ал қазақ байғұс бұрынғыша,шөл және шөлейт далада, қой мен жылқының соңына еріп шұбырып жүр.Бұрынғыдан бір айырмашылығы – құдық та, қауға да, таза су да жоқ. Елу-жүз шақырым,кейде одан да алыс жерлерден водовозбен тасып, цистернаға құйылған, сонда тұрып борсып, құрттап кеткен суды қайнатып ішіп таңдайларын жібітеді.Малының ішетін суы қандай екенін сұрамай-ақ қойыңыз. Бұдан біз 1891 жылғы «Далалық Ереже» – «Степное Положениенің» қазақтың шаруашылық өміріне салған ауыр жарасының арада бір ғасыр өтсе де жазылмағанын,қайта асқынған үстіне асқынып,қауіпті дертке айналғанын көреміз. Біріншіден, бұрын да тапшы су жылдан-жылға азайып барады.Шөл және шөлейт далада бұрынғы шолақ өзендер мен көлтабандардың жартысынан астамы тартылып қалды.Екіншіден, бұрын да сирек әрі аласа, өнімі аз дала шөбінің тамыры мал тұяғымен қырқылып, тақырдың көлемі ұлғая түсуде».
Әңгіме төркінін аңғарып отырған боларсыз,қадірлі оқырман, бүгінгі күні мені басқа да ауылдас отандастарым секілді аса алаңдайтын – Жайық дарияның тағдыры.
Жырау бабалар: «Айналайын, Ақ Жайық!»- деп махаббатпен жырға қосқан; Махамбет бабам:
«Жайықтың бойы көк шалғын,
Күзерміз де жайлармыз.
Күлісті сынды күреңді
Күдірейтіп күнде бойлармыз»,-деп шалқыған;
«Балығы тайдай тулаған; бақасы қойдай шулаған» дарияның бүгінгі жағдайы аса алаңдатарлық екенін жұртшылық біліп отыр, көріп отыр.Бір таңқаларлығы: Қазақстан Республикасының үкіметі,Батыс Қазақстан,Атырау облысының басшылары Жайық өзенін сақтап қалуда нендей іс атқарып жатырғандарынан бейхабармыз. Ара-тұра «Қазақстан» телеарнасынан Парламент депутаттарының журналистерге берген сұхбатынан жанашыр пікірлерін тыңдағанымыз болмаса,бұл бағытта ауқымды жобаларды байқай алмай отырмыз.
Соңғы кездері ел ішінде Жайықтың жоғарғы бөлігінде Ресей облыстары су қоймалары, бөгет, тоғандарға су тартуды бұрынғыдан да қарқынды жүргізуге кіріскендері жөнінде бейресми ақпарат тарап жүргеніне де біраз уақыт болды. «Жел болмаса,шөптің басы қимылдамайды»деген халықтың баласымыз…Сақтық қашанда артық болмайды. Ширек ғасырдан бері Жайықтың тасымағанының тірі куәсіміз.
Дүниеде қазақтай жайбарақат халық болмас.Дария – көлдеріміз суалып,тартылса да, жеріміз бар құнарынан айырылып, тозса да, маңдайымызға біткен қос теңіздің бірі – Каспиіміз дабыл қағарлықтай күйге түссе де, біз әлі бейқам күйдеміз, жайбарақатжартылай ұйқыда жүргендейміз (Каспий қалыбында болса, байғұс, панасыз итбалықтар жүз-жүздеп қырылар ма еді?).
Біз күні ертең таусылар өткінші байлыққа өлерменденіп, күн сайын өршеленіп ұмтылудамыз.Осылай кете берсек,келешек ұрпаққа неміз қалады?!
Өткінші байлық деп отырғаным – Каспий теңізінің түбінен алып жатқан мұнайымыз.
Әрине,құр байбалам,құр даурықпа сөзден май шықпайды. «Не істеу керек?» деген сұрақ осындайда қойылса керек.
Қазақстан Республикасында сиреп бара жатқан ақ құстар мен балықтарды қорғауға алған Заң барынан, «Қызыл кітапқа» осындай жан-жануарлар дүниесі енгізілгенінен жалпы хабардармыз.Шындығында Жайық өзені де «Қызыл кітапқа»еніп,айрықша заңмен қорғалуы тиіс деп ойлаймын.Осы орайда оқырман назарына жұртшылық болып кеңесу үшін мынадай ұсыныстарым бар.
Біріншіден,халықаралық Заң нормаларына сай Жайық өзені «Ерекше қорғау аймағы»деп танылғаны дұрыс.
Екіншіден, «Ерекше қорғау аймағы» мәртебесіне ие болса, «Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы,БҰҰ, т.б. халықаралық қауымдастық құрылымдары назарында болар еді.
Үшіншіден,Жайық өзені де кезінде Аралға араша түскендей бүкілхалықтық қозғалыс сипатындағы басты қамқоршы,басты қорған болатындай қауқарлы ұйым құрылғаны уақыт талабына сай келмек.
Төртіншіден, қазіргі Жайықтың анық жағдайын шынайы көрсетіп,бар-жоғын есептейтін, нақтылайтын Ресей,Қазақстан үкіметтері мен халықаралық тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен қордаланған мәселелерді халыққа шынайы жеткізетін құзыретті (компетентті) комиссия құрылмаса, ахуал төмендей беруі, күндердің күнінде кеш болуы әбден мүмкін…
«Жаман айтпай, жақсы жоқ».Тіршілік көзі – су екені қандай ақиқат болса, сусыз өмір, болашақ та болмайтыны сондай ақиқат!
Егер Жайық дарияның жағдайы мен айтып отырғандай емес, тәуір болса, тәуірлігі нақты дәлелденіп жатса,мен-ақ қателескен болайын…
Мақсатым елді шошыту емес, сақтандыру ғана.
Өзімізге де көп нәрсе байланысты, «судың да сұрауы бар», сондықтан әрбір қоғам мүшесі суды аса ұқыптылықпен пайдалану,өлшеммен,мөлшермен ғана өмір сүру үшін қолдану – баршаларымыздың өмірлік ұстанымыз болуына отандастарымды шақырғым келеді.
Сіздер қалай ойлайсыздар?
Амантай Бақыт
«Білім беру ісінің үздігі»
Жарсуат ауылы