Осы тақырыпты қаузамас бұрын архивімді біраз ақтарайын…
Әр жылдарда қолыма тиген газет қиындылары, сарғайған беттер, естеліктер, сағынышқа айналған есімдер…
Бір мезет осыған дейін де талай мәрте оқыған, ойыма тоқыған аса көрнекті жазушымыз, ұстаз, өнертанушы, сценарист Смағұл Елубайдың бұдан 5 жыл бұрын «Егемен Қазақстанда»жарияланған «Иманды қоғам идеясы» деген эссесі көзіме оттай басылмасы бар ма?
(« Иманды қоғам идеясы», « Егемен Қазақстан» 30.07.2014 ж.)
«Иман» туралы сөз қозғағанда ойыма біздің алаңсыз балалық шағымыз –алпысыншы жылдардағы жаздың шыжыған шілдесінде бастарына орамалды дөңгелентіп айналдыра орап алатын (күннен қорғану үшін) қарапайым қарттар,қариялар оралады. Қазақтың қарапайым қара шалдары…Нағыз данышпандар. Бәрін бастан кешіргендер, талай зұлматты, сұрапыл соғысты көргендер, бәрін де көріп, бәрін де жеңгендер…
Сонау алпысыншы жылдардың ортасында «Үшінші ауылда», алақандай ауыл Бөденедегі мектепте оқып жүрген шақтарда Демеу әкем,(дәстүрімізде әкесінің құрдасы әке аталады) Ысым ата,Таңатар аға, Суханғали ата, Құмаш ата, Кенжеғали ата, Кенған ата есімді қарттардың әңгіме арасында өмірден өтіп кеткен замандастары туралы «иманы жолдас болсын», « иман байлығын берсін» деген сөздерін естіп қалатынмын.Ауыл болғасын қуанышқа да, қайғыға да байланысты дастархан жайылатыны бар.Сондай жайылған дастархандарда Ләтифа Мәмбетова шешем үйінде осы қарттардың қолына су құйып жүргенде талай-талай естеліктерді тыңдай жүретінмін.
Бала шақта естіген иман туралы әңгімелелер көмескіленгенімен көңіл түкпірінде қалып қойғаны рас.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін қасиетті дініміз қайта оралып,имандылық туралы мешіт имамдары, түрлі басылымдарда дін қызметкерлері, журналистер, философ ғалымдар айта бастады.
Енді сөз басында айтқан Смағұл Елубайдың эссесіне келсем.
Смағұл аға былай деп жазады:
«Жаңа тарих Қазақстан қоғамына тамаша мүмкіндік беріп отыр.Ұждан, иман саласында Батыс басқан шалыс қадамды қайталамай, бізге өз жолымызды іздеуге мүмкіндік беріп отыр. Бақуатты болашаққа Қазақстан ешкімнің қателігін қайталамай,өз жолымен баруына әбден болады. Ол қандай жол? Ол бір жағынан:әлемдік тәжірбиеге сүйенген, екінші жағынан:өзінің ұлттық тәжірбиесіне сүйенген жол.Яғни,сан ғасырлық сынақтан өткен екі тарихи тәжірибеге сүйенген жол.Дамыған елдерден қазақ қоғамы капитал жинауды үйренсе,өзінің далалық дәстүрінен иман жинауды үйренеді.Екі түрлі өркениеттің екі ұлы қасиетін Қазақстан өзінің қос қанаты етеді.Ондай қос қанатқа ие болған Қазақстан қоғамының адами сапасы да Батыстан басым түседі.Батыстың қателігі – иманынан жиғанын жоғары қойды.Қазақстан болса жиғанынан иманын жоғары қояды.Болашақ қазақ қоғамының Батыстан басты айырмашылығы да осында болмақ.
Сонда капитал әлемі шалдыққан және бүгінде біз де шалдыға бастаған көптеген дерттердің емі табылады. Ол емнің аты – иман».
(«Егемен Қазақстан», 30.07.2014ж.)
Жазушының толғанысты ойларынан түйгенім: иман ұғымын тар шеңберде ұғынуға және тек қана намаз оқумен шектеуге болмайтыны.
Қазақстан қоғамында діндар жандар аз емес, бірақ олардың бәрінің иманы толық деуге болмайды; бес уақыт намаз оқитынның бәрін иманды деп айта алмаймын өз басым…
Неге олай дейтініме, бұлай айтуымның мәнісін таратып, талдап көрейін, ендеше.
Бала шақта көрген, батасын берген қара шалдар иманды жандар солар еді деп ойлаймын. Имандылықтың бір өлшемі – ашық-жарқын амандасу, сәлемдесу.
Алпысыншы жылдар адамдарының амандасуы өзгеше бір жылылық пен бауырмалдыққа толы болушы еді.Әсіресе, сол кездегі елу-алпыстағы қарттардың балалармен амандасуға,сәлем алуға ықылас-пейілдерінің ерекше болатыны есте қалды.
Әкемнің замандастары: құрдасы Демеуәке мен Таңатар аға шағын ауылдың бұралаң көшелерімен сабақтан келе жатқанда мені байқап қалса, үйлеріне кірмей күтіп алып, сәлемімді алып, бірі: «Балам, дәу жігіт бол!» деп, екіншісі: «Біздің құданың сәлем бергені қандай, үлкен кісі сияқты!»-деп ризалықпен баталарын беретін.Сәлемдесу мәдениетін біз ақпейіл, жүзінен иман нұры төгілген осындай қарттардан, отбасында әке мен ана тәрбиесінен алғанбыз.
Адалдық пен әділдік,шыншылдық пен бір сөзділікті имандылықтың және бір өлшемі дер едім.
Сол бір көпті көрген қара шалдар қиналғанға қол ұшын беруге дайын болды; ол үшін маңдай тер еңбектеріне ақы тілеген жоқ; көмектерін «Алла разылығы үшін» деп берді.
Қоғам мүлкіне көз алартпады, ала жіпті аттамады, ұрлық жасамады, өтірікке жандарымен қас олар шынның жүзіне тура қарай алды; ешкімге жағынып жалтақтамады;
Қоғам игілігі жолында бірі – малшы, бірі – егінші, бірі – жүргізуші, бірі – ағаш шебері болып еңбек етті.
Мына бір көрініс күні бүгінгідей көз алдыма келеді.Сол алпысыншы жылдардың аяғы болса керек.Ол кезде атағы дүйім елге белгілі артистер де ел аралап концерт береді.Сондай бір концертпен Бөдене аулына атақты әнші,
Халық артисі Ғарекең – Ғарифолла Құрманғалиев келе қалмасы бар ма!
Шап-шағын ауыл клубында концерт өтіп жатыр. Бір мезгілде жүргізуші алдын ала хабарлағаннан соң, іле-шала Ғарекең де шыға келіп,көпшілікке басын иіп, домбырасын қағып-қағып жіберіп, асқақтата шырқай жөнелді.Көрермен селт етпей, ұйып тыңдап қалған.Әнші шабыт үстінде бір әннен соң бір ән салуда. Ғарекең соңғы әнін салып, көпшілікке орнынан тұрып, басын ие бергенде, Сені тапқан анаңнан айналайын!» деген бір зор дауыс саңқ ете қалды. Бала-шаға,бәріміз дауыс шыққан жаққа жалт қарасақ, Ысым қарт екен.
Күнделікті өмірде елеусіз ғана шаруа қамымен жүретін қарттың осындай қызу қандылығын білмеген екенбіз. Қарапайым жандардың халық өнеріне, ән-күйіне ықыластары тым мөлдір де тұнық жан тазалығынан нәр алатын.
Алпысыншы жылдар қарттарының имандылық бір белгісі – обал-сауапты білу.Біз сияқты сол кезеңнің балаларын, «пісмілдәдан» бастап,ас атасы-нанның қадірін біліп, ысырап жасамауға, жан-жануар,аң-құс, өсімдік, ағаш атаулыға зиян келтірмеуге, суды бекер төкпеуге үйреткендер де сол қарайым қарттар, дала данышпандары…
Біз көрген ауыл қарттарының мінез-болмысы әр түрлі болғанымен, оларды біріктіретін қасиеттер:пейілдің кеңдігі, жан жомарттығы, қайырымдылық пен бауырмалдық.Осындай қарапайым қазақы қасиеттердің жиынтық атауы- имандылық дер едім.
Иманды жандар өмір сүру үшін еңбек етеді,ұрпақ өсіреді;Құдайдан ғана қорқады; мемлекет заңын құрметтейді;Ел басшысына бағынады; барша адамзатты бауырындай көреді:өз Отанына адал қызмет етеді.
Құдайдан ғана қорқатын қарапайым қазақы мұсылмандар осылар емей кім!? Бізге керегі де бабалардан қалған қарапайым қазақы мұсылмандық.
Амантай Бақыт. Жарсуат ауылы.