Егемен елдің ертеңін жасампаз жастар жасайды. Егер мемлекет болашағының жарқын болуын қалайтын болса, ең әуелі жастарына көңіл аударуы тиіс. Еңбекке баулып, адамдыққа тәрбиелеуі шарт. Себебі кез келген еңбек түрі тәртіпті талап етеді. Ал тәрбие бойға тәртіп арқылы да сіңеді.
Біздің еліміздегі жұмыссыз жастардың санын аз деуге келмейді. Неліктен олар жұмыссыз жүргендігін былай түсіндіріп беруге болады. Біріншіден, отбасында оларды ата-аналары жұмсамайды. Тым ерке қылып өсіреді. Екіншіден, мектептерде ешкім балаларды еңбекке баулымайды. Сенбіліктерден қашқанына да мән бермейді. Бұрынғының оқушылары сияқты отырған кабинеттерін де таза ұстауға дағдыланбайды. Таза ұстау үшін де еңбек етуге тура келеді ғой. Бір жағынан мектептегі тазалықшылардың да еңбегін бағалауды үйренер еді. Үшіншіден, жоғары оқу орыдарына білім алу үшін емес, концерт қойып, асханасынан тамақ ішіп кету үшін келеді. Әке-шешсінің тірнектеп жиаған ақшасын ойын-сауық, ішіп-жеуге құртады. Оқытушы-профессорлармен аралық бақылау кезінде ғана көріседі. Тағы да үйіндегілердің қалтасын жұқартып, баға алаудың басқаша құйтырқы жолдарына жұмсайды. Енді сондай студенттен қандай маман шығады деп ойлайсыз? Әрине, жаңағы еңбекке қабілетсіз, сауатсыз, жұмыссыз жастар осыдан келіп шағады.
Бәріміз білетіндей, қазір Қазақстан халқы «елімізді қытай басуда» деп дабыл қағып жатыр. Меніңше, бұл да сауатсыздық пен жалған намыстың көрінісі. Өйткені қазақстандықтардың өздері зауыт, фабрика салуға дәрменсіз. Нағыз мамандар тапшы. Шет елдік инвистициялар құйылуы тиіс. Еліміздің экономикасы тек шикізатқа тәуелді болып отырғанда, жаңағы қытайлықтардың жобасын іске асыру өте үлкен қолғабыс болар еді. Мысалы, қойдың жүнін қырқып тастаймыз да біз қоқысқа лақтыра саламыз немесе бір шет елдік басшы басқаратын орталыққа өткізе саламыз. Ал ол тұрған байлық емес пе? Оны өзімізде фабрика салмай, басқа елге сол шикі күйінде 5 теңгеге сатамыз. Сосын олар жіп иіріп оны 50 теңгеге, киім пішіп 500 теңгеге сатып, өзімізге қайтарады. Яғни өзімізде сапалы жұмыс күші болмағандықтан, жалқаулығымыздың кесірінен өзге елден жұмыс күшін тартуға мәжбүрміз. Бұндай кикілжіңдер болмау үшін жастарымызды бала кезінен бастап ынжық қылмай, еңбекқорлыққа, отансүйгіштікке баулуымыз керек.
«Еңбектенген адам ешқашан жеңілмейді, еңбектенген адам ешқашан жерге қармайды, еңбектенген адам ешқашан біреуден қарыз сұрамайды, керісінше ол керек қаржыны өз күшімен тауып, артылғанын өзгелерге бере алатындай адам болады. Сондықтан еңбектеніңіздер, еңбектеніңіздер және тағы еңбектеніңіздер». Жастарды, мықты мамандарды міне, осындай құшыныспен тәрбиелеу керек деп ойлаймын.
Жоғары оқу орындарында іс-тәжірибеден өту барысы өте маңызды рөл атқарады. Сондықтан оқу орындары да осы тұста мойындарына үлкен жауапкершілікті алады. Бұл жауапкершілік – студенттерін іс-тәжірибеге жіберетін мекемені дұрыс таңдау. Кейбір студенттер іс-тәжірибеге қатысқысы келмей амалсыздықтан барады. Себебі баға керек қой. Ал қатысуға құлқының болмауы – іс-тәжірибеден өткізетін мекеменің студенттерді алғашқы күннен-ақ қызықтыра алмауы.
Тәжірибе қаншалықты маңызды болса, теорияны меңгеру де соншалықты рөл ойнайды. Теориялық материалды іске жарата алмаған студент жақсы маман болады деп айту – қателік.
Мен өзім студент болғандықтан, студент ретінде көзқарасымды білдірдім. Мен өзім Қазақстан Республикасының азаматы болғандықтан, еліміздегі саяси ахуалға тоқталмай кетпедім. Мен өзім болашақ болашақ тіл маманы ретінде, мамандығымның жаңа қырларын ашқым келеді. Оның қолданыс аясын кеңейтіп, өз ісіме адал болғым келеді. Дегенмен, Абай атамыз айтқандай, қамсыз жүре бермей, есектің артын жусам да, «нанымды табуды» басты мақсат қылмақпын. Мемлекеттің гүлденуі үшін әрбір азаматы мен азаматшасының титімдей ғана көмегі жетеді емес пе? Яғни әр адам индивид болуы керек, тұлғалық қасиеттерін танытуы керек. Ендеше, елін көркейтетін индивид туралы сөз қозғайын.
Мен жас қаламгермін. Біреулер мені классик емессің, я болмаса лирик емессің, сентимент те, натуралист те емессің деп сынағысы келсе, ондайларға менің бір ғана жауабым бар: мен — есенистпін, мен тек өз бағытымдамын.
Адамзат тарихының даму барысында 4 революция болды. Когнетивті революцияда сөйлеу қабілетіне, жанындағылармен байланысуға икемделді. Аграрлық революция кезеңінде егін мен мал шаруашылығын үйренді. Ғылыми техникалық революция табиғаттың сырын ашып, оны өзіне бағындыруға, ақпаратты келесі ұрпақтарға өзгертпей жеткізуге бейімдеді. Қазіргі өндірістік революция адамзаттың бағындырмаған, ең болмағанда сынап көрмеген нәрсесі қалмайтындай деңгейге жеткізері анық.
Бұнымен не айтқым келді? Сол революциялардан революцияларға өткен сайын адам баласы интерсубъективті түрде ұжымдық өмірге, қоғаммен байланысқа одан сайын бейімделіп келеді. Когнетивті революция тұсында – тобыр, аграрлық революция кезінде – мемлекет, ғылыми техникалық революцияда – халықаралық байланыстар орнады. Енді өндірістік революция бүкіл миллиардтаған адамды біріктіре алар ма екен? Не болса да қоғамнан алыстай алмай қалдық қой!
Сонда жеке тұлғалық өмір қайда? Қашан көрсек жан-жағымызға жалтақтап, «анау не дер екен? Мынаған ұнамай қалады ма екен? Жұрттан ұят, қасқа..!» деген ойлардың жетегіндеміз. Сосын «мынау сәнде екен, соны киейін, осы ән хит, соны тыңдайын, бәрі де сондай кино көреді ғой!» деген қалыптасқан интерсубъективті пікірден арыла алмаймыз. Неге сол жаңағы нәрселерді өзіміз жасамасқа, біреуден үлгі алғанша, өзіміз сондай үлгі болмасқа. Біздің қолымыздан бәрі келеді, тек санамыз құрсауда болса қимылдауға құлықсыз болады екенбіз. Көптен бөлектеніп кетуге болмайтынын білемін, бірақ саған көптің бірі бол деп ешкім айтпады ғой!
Өміріңнің мәнін индивид болған кезде табу оңай болады. Өлі балыққа ұқсап ағыспен кете бермей, сол ағысты тудырған өмірдің өзіне қарсы жүзу керек, тіпті, бастауын алатын шыңға да жетуге болады. Қарсылас деді екен деп, тұра шаппай, ақылға жүгініп, біліміңді пайдалана бісең, жүрек өзі-ақ ең дұрыс шешімін айтады. Бұл жөнінде айта берсем сөз таусылмайтын шығар.
Қысқасы, мен неге классик, я болмаса сентимент, натуралист емеспін? Мен неге ол бағыттарды таңдауым керек? Мүмкін сондай да шығармын, қайдан білейін? Менің қоғамнан бөліне алмайтыным — өлеңдерімді олар болмаса кім оқиды, басқа кімге керек? Осындай риторикалық сауалдардан бас қатады. Ол сұрақтар өзімнен басқа кімге керек, сондықтан индивид боламын. Сонымен түсінген шығарсыз, енді «өзіңізді» табыңыз, натураңызды іздеңіз.
Осылайша «мен мемлекетімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» деген сұраққа жауап іздеп көрген едім. Бұл да риторикалық сауал іспетті. Өйткені бұл сұрақ жауапты талап етіп тұрған жоқ, «тек әрекет керек!» дейді. Шынымен, елің өркендесін десең түрлі сұрақтарға жауап іздеп бас қатырмай, жеке тұлға ретінде өзіңді тауып, жас шағыңнан еңбексүйгіш болып, әр салада өз үлесіңді қоса білуің маңызды. Сонымен, мен не істей алатын болдым? Мен сол жандарған осындай ойларыммен мотивация бергенімнің өзін бір үлес деп білемін. Егемен елдің ертеңін жасампаз жастар жасайды. Менің қорытынды ойым осындай.
Ізбасаров Есенбай Серікұлы