Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың таңдаулы ой-тұжырымдары мен қанатты сөздері топтастырылған «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының таныстырылымы өтті. Басқосуда жинақтың мазмұны, онда көтерілген қоғамдық-саяси мәселелер және ел дамуының негізгі бағыттары жөнінде пікір алмасу болды.

Іс-шараға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар, студенттер мен түрлі сала өкілдері қатысты. Жиынды ашқан Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов басылымның тарихи-танымдық әрі интеллектуалдық маңызына тоқталды.

«Қазақ халқы қашан да сөздің қадірін біліп, терең ой мен парасатты пайымды жоғары бағалаған. Өйткені мәнді сөз – уақыттың, танымның, тәжірибе мен зерденің тоғысынан туатын ой қорытындысы. Президенттің мемлекеттік басқару жүйесіндегі, дипломатиялық қызметтегі және халықаралық ұйымдардағы көпжылдық тәжірибесі оның саяси көзқарастары мен ой-тұжырымдарының қалыптасуына негіз болды. Сондықтан бұл жинақты мемлекеттің даму бағдарына, ұлттың болашағына және әлемдік саясаттың өзекті мәселелеріне қатысты көзқарастарды айшықтайтын интеллектуалдық еңбек ретінде қарастырған орынды», – деді ректор.

Таныстырылым барысында спикерлер кітапта қамтылған ойларды елдегі соңғы жеті жылда болған қоғамдық-саяси өзгерістермен және мемлекеттік бастамалармен байланыстыра талдады. Атырау облысы әкімдігінің Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Айгүл Қуаныш мемлекеттік басқаруды жаңғырту мәселелеріне тоқталды. Университет проректоры, PhD докторы Бақыт Алтынбасов ғылым мен білімді дамыту бағытындағы ойларын ортаға салса, ақын Бақытгүл Бабаш тілдің ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөліне назар аударды.

Президенттің дипломатиялық қызметіне қатысты еңбектерін зерделеген зерттеуші ғалым, аға оқытушы Ернар Атаұлан Мемлекет басшысының халықаралық қатынастар саласындағы қызметіне тоқталып, Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының ерекшеліктерін талдады. Оның айтуынша, дипломатиялық тәжірибедегі маңызды оқиғалар мен қабылданған шешімдерді зерделеу студенттерге халықаралық келіссөздерде ұлттық мүддені қорғау, шет мемлекеттермен теңгерімді қарым-қатынас орнату тетіктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Жиында студенттер де өз ойларын ортаға салды. Айгүл Қыдырова цифрландыру мен жасанды интеллектінің мүмкіндіктері туралы пікір білдірсе, Сұлтан Аманбай жастар саясаты мен академиялық ұтқырлық бағдарламасының білім алушыларға беретін мүмкіндіктеріне тоқталды.

«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағы 1994 жылдан бергі отыз жылдан астам уақытты қамтиды. Кітаптың 21 тақырыптық бөлімінде заң үстемдігі, мемлекеттік басқару, білім мен ғылым, жастар саясаты, цифрландыру, ұлттық бірегейлік және экологиялық мәдениет секілді ел дамуы үшін маңызды бағыттар жүйеленген. Бұл – әр кезеңдегі саяси пайымдар мен қоғамдық өзгерістерді бір арнаға тоғыстырып, мемлекеттің даму жолына қатысты көзқарастарды зерделеуге мүмкіндік беретін еңбек.

Кездесу соңында ректор Саламат Идрисов мазмұнды пікірлері мен ой-толғамдарын ортаға салған спикерлерге алғыс білдіріп, алғыс хаттар табыстады. Алқалы жиынның қорытындысында атыраулық балаларға ұлттық өнерді насихаттап жүрген «Бастау» жас домбырашылар ансамблі күй орындап, көрермен ықыласына бөленді.