Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіріп, азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сеніміне нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Онымен күресу тек мемлекеттік органдардың міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан пара алу мен пара берудің кез келген көрінісіне жол бермей, мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алуға әр азамат белсенді атсалысуы қажет.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қатерлердің алдын алуды көздейді. Заңда сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу, оларды анықтау және жолын кесу, зардаптарын жою, кінәлі адамдарды жауапқа тарту бағытындағы негізгі тетіктер мен жауаптылық шаралары айқындалған. Мұның бәрі мемлекеттік органдар мен оларға теңестірілген тұлғалардың тиімді әрі заң талаптарына сай қызмет етуіне бағытталған.

Сыбайлас жемқорлықты бір ғана заңмен немесе жазалау шараларымен түбегейлі жою мүмкін емес. Оның алдын алуда қоғамдағы құқықтық мәдениет пен әр адамның азаматтық ұстанымы маңызды рөл атқарады. Пара беруге де, пара алуға да төзбеушілік таныту, заңсыз әрекеттерге көз жұма қарамау – адал қоғам қалыптастырудың негізгі шарттарының бірі. Әр азамат өз әрекетіне жауапкершілікпен қарап, жемқорлыққа қарсы ортақ іске үлес қосуы керек.

Әсіресе мемлекеттік қызметшілер өз міндетін атқару барысында заңдылық пен әдеп нормаларын қатаң сақтауы тиіс. Өйткені олардың әрбір әрекеті мемлекеттік қызметтің беделіне және халықтың сеніміне тікелей әсер етеді. Қызметтік өкілеттігін жеке мүддесіне пайдалануға, заңсыз артықшылық алуға немесе өзге де құқық бұзушылықтарға жол беруге болмайды. Мұндай әрекеттер үшін заңда тиісті жауаптылық көзделген.

Қорыта айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әр адамның адал ұстанымынан басталады. Заң талаптарын сақтау, парақорлыққа төзбеу және заңсыз әрекеттерге қарсы тұру арқылы ғана қоғамда әділдік пен сенімді нығайта аламыз. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу – баршамызға ортақ міндет.

А. Сахарбаев,

Маңғыстау облысы бойынша

Мемлекеттік қазынашылық департаменті

Түпқараған аудандық мемлекеттік

қазынашылық басқармасының басшысы