Мемлекеттік қызмет – халықтың сеніміне негізделген, үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды сала. Сондықтан мемлекеттік қызметші өзіне жүктелген міндеттерді сапалы әрі адал орындаумен қатар, қызметтік әдеп нормаларын берік ұстануы тиіс.

Мемлекеттік қызметшінің кәсіби мәдениетін қалыптастыруда Әдеп кодексінің маңызы зор. Ол қызметкердің қызметтік ортадағы және азаматтармен қарым-қатынастағы мінез-құлық қағидаттарын айқындап, мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға ықпал етеді.

Халықпен жұмыс барысында сыпайылық, сабырлылық, әділдік және жауапкершілік таныту – мемлекеттік қызметшінің басты міндеттерінің бірі. Әрбір азаматтың өтініші мен мәселесіне мұқият қарап, оны тыңдай білу және заң талаптары аясында нақты әрі түсінікті жауап беру мемлекеттік қызмет көрсету сапасының маңызды көрсеткіші саналады.

Өйткені мемлекеттік қызметшінің әрбір әрекеті, сөйлесу мәдениеті мен азаматтарға деген қарым-қатынасы өзі қызмет ететін мемлекеттік органның беделіне әсер етеді. Демек, қызметкердің кәсіби әдебі – қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін қалыптастыратын маңызды факторлардың бірі.

«Әдеп кодексі – мемлекеттік қызметкердің айнасы» деген тұжырымның мәні де осында. Қызметкердің мәдениеті мен адамгершілік қасиеті тек ресми талаптарды орындауынан ғана емес, оның күнделікті іс-әрекетінен, сөйлесу мәнерінен және адамдармен қарым-қатынасынан көрінеді.

Әдеп нормаларын сақтау – жай ғана міндетті талап емес. Бұл – халыққа адал қызмет етудің, мемлекеттік қызметтің жоғары мәдениетін қалыптастырудың маңызды қағидаты.

Әрбір мемлекеттік қызметші өз жұмысына жауапкершілікпен қарап, адалдық пен әділдік қағидаттарын басшылыққа алып, кәсіби әдептілікті сақтаған жағдайда мемлекет пен қоғам арасындағы сенім одан әрі нығая түседі.

Сондықтан адалдық, жауапкершілік және әдептілік – мемлекеттік қызметшінің кәсіби келбетін айқындайтын басты құндылықтар.

С. Турганова,
Маңғыстау облысы,

Мұнайлы аудандық мемлекеттік

қазынашылық басқармасының басшысы