Мемлекеттік қызмет әдебі – халыққа қызмет етудің сапасын айқындайтын және қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтатын маңызды ұғым. Халыққа қызмет көрсететін тұлғалардың адалдығы мен әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі және азаматтардың сенімін қалыптастыра білуі – әрбір мемлекеттік қызметкердің басты міндеті. Кәсібилік пен әдептілік қатар үйлескенде ғана мемлекеттік аппараттың оң имиджі қалыптасып, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімі артады.
Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқы мен этикасына ерекше көңіл бөлінуде. Қызметкер азаматтардың мүддесін жоғары қойып, өзіне жүктелген міндеттерді адал орындауы тиіс. Сонымен бірге, ол қызмет барысында әріптестерінің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін сөздерден немесе әрекеттерден аулақ болғаны жөн. Басшылар да кадрлық мәселелерді шешуде меритократия қағидаларын берік ұстанып, туыстық немесе жеке жанашырлыққа жол бермеуі қажет. Әрбір қызметкердің жағымды бейнесі оның кәсіби деңгейімен қатар, адамгершілік қасиеттерімен өлшенеді.
Әдеп нормалары мемлекеттік қызметтің ашықтығын, әділдігін және сапасын қамтамасыз ететін маңызды механизм болып табылады. Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің негізгі міндеті – дұрыс мінез-құлықты қалыптастыру, өзге адамдармен сыйластық қарым-қатынас орнату, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қызметтік әдеп нормаларын сақтауды қамтамасыз ету. Бұл талаптар тек жұмыс уақытында ғана емес, күнделікті өмірде де орындалуға тиіс, себебі мемлекеттік қызметкердің әрбір әрекеті қоғамның оған деген көзқарасына тікелей әсер етеді.
Қорытындылай келе, мемлекеттік қызмет әдебі – қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну мәдениеті. Адалдық, парасаттылық, кәсібилік және азаматтарға құрмет көрсету – мемлекеттік қызметтің беделін арттыратын негізгі құндылықтар. Әдеп нормалары мүлтіксіз сақталған жерде ғана халыққа сапалы қызмет көрсетіліп, мемлекеттік органдарға деген сенім нығая түседі.
Г.Ташенова,
Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік қазынашылық
департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі
