Философиялық талдау
Бұл өлеңде Абай Алланы тану проблемасын қозғаған.
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас, – деп Абай мәселені негізінен діни сана ауқымында қарастырып, бірақ Алланың растығына айрықша көңіл бөлген. Ақын «рас» деген түсінікпен нені айтқалы отыр? Бұл – бір мәселе. Сонымен бірге Алланың өзі ғана рас емес, сөзі де рас дегенде нені меңзеп отыр? Бұл – біріншіден туындайтын екінші мәселе.
«Рас» деген – қандай да болмасын заттың, құбылыстың мәнін әрі сапалық мөлшерін білдіре алатын өлшем, заттың рас болуы да, болмауы да мүмкін. Алғашқыда рас болып айқындалған зат келе-келе мәнсіздене «рас емеске» аналуы ықтимал. Бірақ рас заттың рас емеске
өтуі де рас. Демек, растың бір-ақ мәні бар, ол – оның растығы. Бұл – «рас» ұғымының бір қыры.
«Растың» екінші қырына келсек, онда растың растығын тану мәселесіне тірелеміз. Бұл – философиялық мәселе. Растың растығын тани алмасақ, ол жөнінде не айтуға болады? Онда Алланың барлығына сенуден өзге амал жоқ. Бірақ Абай Алланы рас дегенде, оны ақиқат
деп отырған жоқ, танылатын мүмкіндік, болмыс ретінде қарастырған.
Алла рас, демек, ол – мәңгілік шындық, оның растығы – мәңгіліктігінде. «Растың» төртінші қыры. Рас, мәңгіліктің өлшемі дедік, бірақ болмыста өткінші жайлар да бар емес пе? Олардың барлығы да рас. Демек, «рас» дегенде біз оның мәңгілігін мойындай отырып, сонымен бірге оның өткіншілігін мойындамасқа болмайды. Сонда бүгінгі «рас» болған нәрсе ертең «рас емеске» айналуы мүмкін бе? Жоқ, рас емеске айналатын нағыз растың өзі емес, ол адамдардың «рас» пен «рас еместі» ажырата алмағандықтарынан туған, жалған нәрсені «рас» деп қателесулері. Рас әманда рас. Сондықтан Алланың ешқашан жалған (рас емес) болуы мүмкін емес.
Абай өз замандастарын да, кейінгі ұрпақ – біздерді де Алла туралы жеңіл әңгімеден аулақ болуға шақырған. Абай ұғымында ол «ақылға» сыймас шындық, сондықтан ол Алла мен Адам арасындағы жалғастырушы күш – махаббат деген тоқтамға келген.
Сонымен жалған болмайтын рас не дегенге Абай ол Алланың өзі және сөзі дейді. Бұл мәнде «рас» – болмыстың синонимі. Әлемдегі рас, ол – болмыс. Болмыс еш уақытта жалған болмақ емес. Абай дүниетаны мында Алла – шындық. Демек, шындық рас болса, Алла да
рас. Шындық дегеніміз, қарапайым тілмен айтсақ, өмір, яғни өмірде бар екеніміз, істеген ісіміз, сөйлеген сөзіміз рас болса, онда Алланың сөзі мен өзі де рас. Қысқасы, шындықты мойындау – Алланы мойындау. Бұл – Абай гуманизмінің көзі. Алла ісіне мойын ұсынып, мұсылман болудың Абай айтқан шарты – адамға адамшылық жасау.
Алла ішімді айтқызбай біледі, ойла,
Бендесін қастыпен кінә қойма.
Распенен таласпа мүмин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық атын жойма!..
Үшінші жолдағы «Распенен таласпа…» деп отырғаны – ақынның Алла сөзіне күмәнданба дегені, себебі Алла жолына түссең адам атыңды жоймайсың. Алла жолында болсаң , адамдықтан шықпайсың. Абай соны-
мен Алланы абсолют шындық ретінде ұсынады, ал оның сөзін жеткізушілер туралы өзгеше пікірде. Ол: «Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді, оларға кез-кезімен нәби (пайғамбар) келді». Міне, осы тұста Абай өзі айтқан Алла жолы мен пайғамбар жолының айырығына келді. Нәбилер келеді, кетеді, ал Алла – мәңгілік.
Нәбилердің келіп-кетуінің себебін Абай мәңгілік өзгеріс үрдісі тұрғысында түсіндірген. Замана, шаруа, мінез болғандықтан үнемі өзгеріп отырады. Мұқағали айтқандай: «…кереметті өзгертіп кереметтер, керемет шақ тағы да кез келеді». Өзгермейтін – бір Алла, ол – абсолют. Өзгеретін – оны танушылар, оның құдіретіне бас июшілер. Адасатын Алла емес, адамдар.
Енді «Алланың сөзі де рас…» деген мәселеге нәбилерге қатысты тоқтала кетейік. Алла «еш жерде өзгермейтін» мәңгілік рас қалпында қалса, онда неге бірінінен соң бірі нәбилер келмек? Ойлану керек. Өлеңнің бірінші, екінші жолдарында Абай: «Алланың өзі де рас, сөзі рас. Рас сөз еш уақытта жалған болмас», – деп шегелеп тастайды да, үшінші шумақта «Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді, Оларға кез-кезімен нәби келді», – дейді.
Мөлшерсіз, өлшемсіз, шектеусіз – тек Алла сөзі, қалғандардың сөздерінің бәрінің белгілі мөлшері бар. Байқайсыз ба, ақын: «Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ», – дейді. Алла туралы оның растығынан өзге сөз айтудың еш қажеті жоқ. Ол мінсіз, әңгіме осымен аяқталу керек. Пайғамбарға мұндай мінездеме беруге болмайды. Абай оны «хақ» дейді, себебі ол – Алла сөзін сөйлеуші, бірақ ол да өз кезегімен, Алла әмірімен келген, олай болса оның да өзгеге кезек беруі ғажап емес.
Абай Рас мәселесінде діни сана шеңберінде қалмай, оны тереңдете түскен. Әрине, «соңғы пайғамбар» деп аталған Мұхаммедке мұндай күдік туғызу – біреулер үшін діннен шығушылық.
Абай ұғымында Аллаға жетудің жолы көп. Адам баласы нәсіліне, дініне қарамастан түптің түбінде тоғысуы, тіл табысуы ықтимал. Ол үшін әлемде хакімдер сөзі үстем болып, олар билік жүргізсе, сол заман Алланың растығын мойындау заманы болмақ.
Ғарифолла Есім,
Философ
Алланың өзі де рас, сөзі де рас
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас.
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.
Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
Басты байла жолына, малың түгіл.
Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,
Мүмин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.
Құран рас, алланың сөзідүр ол,
Тәуилін білерлік ғылымың шақ.
Алланың, пайғамбардың жолындамыз,
Ынтамызды бұзбастық иманымыз.
Пайда, мақтан, әуесқой — шайтан ісі,
Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?
Алла ішінді айтқызбай біледі ойла,
Пендесіне қастықпен кінә қойма.
Распенен таласпа мүмин болсаң,
Ойла, айттым, адамдық атын жойма!
Өлеңдегі мағынасы күңгірт сөздерге түсінік:
Тәуилін – жору, мәнісін айту
Мүмин – иман келтіруші