Үш ғасырға таяу бодандық пен 70 жылға созылған кеңестік идеология қазақ халқы сауатсыз болды, жазба мәдениеті болған жоқ деп сендірді. Ал Орхон-Енисей жазбалары атанған, тас кітапқа енген Құлтегін мен Тоныкөк хиқаяттары ол сөзді теріске шығарады. Ол жазбаларды оқи, таныса отырып, тағы бір байқағанымыз – шын мәнінде оқиғаларын қағазға жазбаған, күнтізбелік кітап шығармаған қазақ халқы, атам заманнан бері жылды, айды, күнді және сағатқа сәйкес уақыт өлшемдерін өмірге енгізген.
2001 жылы «Өлке» баспасынан шығарылған «Құлтегін, Тоныкөк» ежелгі түркі рум жазбалары» кітабында «Құлтегін де болған-ды, отызға ол толған-ды» (29 бет), «Құлтегін – ел қанаты, отыз бірде болатын» және «бір жылда бес айқасып…» (30 бет). Сондай-ақ «Құлтегін қой жылы, он жетінші ақпан күні дүние салып, Тоғызыншы айдың жиырма жетісінде жерленді» (34 бет) деген жазбалар, қазақтардың сол YIII-ХІ ғасырда жыл, ай, күн санауларында еш қателік болмағанын көрсетеді.
Ал сағат санау өлшемдері де күні бүгінгі бізге дейін жеткен. Әр күннің әр сағаты белгілі бір өлшеммен тым тәуір дәлдікпен айтылады. Мысалға: Күннің ең ұзарған уақытындағы жиырма төрт сағаттың шамамен өз атауларын байқауға болады. Оларды атап айтсақ, алдымен таңның атуы деген ұғым бар, бұл шығыстан арайланып, жарықтың түсе бастаған кезі. Бұл шамамен біздің бүгінгі өлшеммен сағат 6-ның шамасы. Одан кейін ертеңгілік – ол сағат 7-нің шамасы. Ал сағат сегізді қазақ күн шыға деп атаса, сағат тоғызды күн көтеріле деп белгілеген. Одан кейін сағат 10-дарда сәске келеді.
Одан кейін түс басталады. Түстің уақытын қазақтар үшке бөліп түсіндірген. Сағат 11 сәске түс, сағат 12 талма түс, сағат 13 тал түс. Тал түс нағыз көлеңкенің қысқарып, күннің тас төбеде тұратын уақыты. Егер бір нәрсеге жиналғанда, немесе жол жүретін болғанда, әлде бір шара өткізетінде күн шыға немесе сәскеде, сондай-ақ сәске түске деп уағдаласса, бүгінгі сағатпен белгіленгендей дәл сол кезде жаңылмай кездесетін болған.
Қазақтың уақыт өлшемдерінде түс ауа, түс қайта дейтін ұғымдар бар. Бұл шамамен 14 -15 сағаттарға келеді. Одан кейін бесін уақыты, оның екі кезеңі айтылады. Кіші бесін -16 сағат, ал ұлы бесін 17-сағат. Одан кейін сағат 18 шамасын күн еңкейе деп белгілейді де, сағат 19-дарды екінті деп атайды. Бұл екінті намазын оқитын уақыт. Сағат 20-лар шамасында күн бата дейтін өлшем болса, 20-30 дарда ақшам басталып, 21 сағат шамасында ақшам жамырауы дейді. Одан әрі 22-лерде іңір басталады, сосын 23-24 ымырттың түсуі, ымырттың иірілуі дейтін уақыт өлшемдеріне сай келеді.
Сағат 1-лерде түн, 2-де үркер көтерілуі, 3-те жеті қарақшының шаншылуы, 4-те шолпан тууы, 5-те таң сарғайуы немесе әрі қарай таң ата деген ұғымдар басталады.
Әрине, тәуліктің 24 сағатына шамамен сәйкес келетін осы уақыт өлшемінің 24 түрінің түгелдей немесе кей біреулері дәл келмеуі де мүмкін. Және ол жыл маусымдарына да тікелей байланысты.
Айталық, Шілдеде таң сағат 5-6-ларда ататын болса, желтоқсанда 9-дар шамасына келеді. Сондықтан бұл өлшемдерге соншалық дәлдікпен қарап, басшылыққа алу міндетті емес. Бұл жердегі басты айтпағымыз, қолына сағат тақпайтын, радиодан уақыт тыңдап отырмайтын, бұдан сан ғасыр бұрынғы қазақтардың тәуліктің әр уақытына ат беріп, бұны күнделікті өмір қағидасына айналдыра білген ақылдылығы. Сол уақыт өлшемдерін басшылыққа алып, кезінде шаруашылық жүргізген, ұрпақ өсірген, ел тыныштығын қамтамасыз еткен. Сөйтіп сол асыл мұраны ғасырдан ғасырға жалғастырып, озық технология пайдаланып отырған бүгінгі ұрпаққа әкеліп табыстаған. Бұл – табиғатқа қарап, уақыт өлшемін дәл белгілей алған, ұлтымыздың ұлылығының белгісі екені даусыз.
Бұл өлшемдердің тағы бір бөлігі – қазіргі, келер және өткен шақтардың дәлдеп атай білуінде. Мысалға: Ұзақ уақытты – ғұмыр деп атаған, бұл бір адамның өмір сүру уақыты, ал дәуір қоғамның белгілі жағдайы. Ол ғасырларға созылатын уақыт болуы мүмкін. Жыл мезгілдерін де әр-түрлі атаулармен атаған. Айталық, жазғытұрғы күн ұзара бастаған уақытты ұзынсары, маусым, тамыз айларын пішендік кезінде, қыркүйекті құмаршық кезінде, қазан, қараша айларын қазандық кезінде, ал қысты соғым кезінде деп атаған.
Уақыттың ең аз бөлігін – мезет, бір мезет, қасқағым, қас пен көздің арасы деп өлшеген. Сондай-ақ сүт пісірім деген уақыт бар. Бұл шамамен 30 минут, бір сағат шамасын шәй қайнатым деп атаған. Ал екі сағат болса ол бие сауым уақыт депті. Біреуді үш-төрт сағат шамасында күтіп, немесе оның бір жаққа кеткен соншалықты уақыт кетсе, оны ет пісірім уақыт деп атайды. Ал одан артығырақ уақытты бір түске немесе жарты күнге балаған.
Өткен уақыт өлшемдерінің де өз атаулары бар. «Қазір», «осы қазір» деген ұғымдар 2-5 минут шамасын білдіреді. Ал 5-10 минут бұрынғы оқиға-«осы жаңа», «жаңа ғана» деген ұғымға сиғызылған. Оқиғаның өткеніне 15-20 минут шамасындай болса «мана», ал жарты сағат немесе одан көбірек уақыт өткен болса «бағана» деп түсіндіріледі.
Ал күндер, айлар, жылдар өткен уақыт өлшемінің де өз атаулары бар. Бір күн өтсе кеше, екі күн өтсе бұрнағы күні, үш күн өтсе алдыңғы күні, бір жыл өтсе былтыр, екі жыл өтсе бұрнағы жылы, үш жыл өтсе алдыңғы жылы деп аталады. «Баяғы» сөзі көп уақыт, сондай-ақ көп жыл өткенді білдіреді. Келер күндердің өлшем атаулары – ертең, бүрсі күні, арғы күні, тағысын тағы болып келеді.