Биылғы Ұлттық Құрылтайда «Спортты насихаттау, оны әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында дәріптеу – ұлт саулығының кепілі» екендігін Мемлекет басшысы да атап көрсеткен еді. Қазақ спортының өркен жаюы, дамуын сөз еткенде бар әңгіме шындығында әр ауыл, аудан, облыс деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстардан басталуы керек.
Осыған орай жақында Атырау облыстық №1 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, салалық министрліктің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісінің иегері, тәжірибелі маман Бимырза Тайжановпен кездесіп, бірқатар сұрақтар қойған болатынбыз.
– Бимырза Аманкелдіұлы, сұхбатымызды ұжымның өткен таризи жолынан бастаған дұрыс болар деп ойлаймын. Себебі, биыл Сіз басқарып отырған спорт мектебінің құрылғанына 70 жыл толып отыр екен.
– Иә, оныңыз орынды, 1954 жылы Гурьев қалалық еңбекшілер депутаттары кеңесі атқару комитетінің шешімі бойынша халыққа білім беру басқармасы жанынан балалар спорт мектебі құрылған-ды.
Алғашқы директоры болып, Николай Иванович Тен бекітіліп, жүзге жуық бала оқуға тартылып, спорттың баскетбол, жүзу және ескек есу бөлімшелері ашылған. Содан бергі уақытта ұжым үздіксіз дамып келеді ұжымдағылар Дурманов Константин Трофимович, Кононов Сулико Антонович және 1986-2013 жылдар директор болған іскер азамат Ертелеу Жұбанәлиевты әрдайым ерекше ризашылықпен еске алып отырады.
Мектеп уақыт пен заман талабына сай 1960-1970 жылдары гимнастика, үстел теннисі, қол добы, баскетбол, ескек есу бөлімшелеріне кеңейіп, сол кезеңнің соңына таман күрес түрлеріне көбірек назар аударыла бастағанын да айтқым келеді. Бұған дәлел С.А. Козоновтың жаттықтыруымен еркін күрес, ол кейін қаладағы бірден-бір арнайы спорттық сыныпқа айналды. Оған 1984 жылы грек-рим, самбо, шахмат және ауыр атлетика бөлімшелері қосылған.
1997 жылы облыстық білім басқармасы жанындағы екі спорт мектебі біріктірілуі арқасында спорттың 10 түрін қамтыған 1500 оқушысы бар үлкен спорт кешеніне айналды. Одан берәһі ұарай таеквондо, дзюдо (ұл-қыздар), белбеу күресі, тоғызқұмалақ, ауыр атлетика бөлімшелері ашылып, спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымыз жеңістерімен таныла бастады.
Жұмыс, әсіресе болашағымыз жас спортшылармен байланысты болғандықтан, бірқатар жеңісті сәттерді де 70 жылдың ішінде бастан өткердік. Мәселен, мектеп қабырғасынан 17 әлем чемпионы мен жүлдегері, 42 Азия чемпионаты, 100-ден аса Әлем кубогының, 58 еліміз Кубогы, Халықтар және Ауыл спорты ойындарының, 350-ге жуық ҚР чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерларі, 80-нен астам Бүкілқазақстандық мектеп пен колледж оқушылары олимпиадасының, 40-твн астам бүкілқазақстандық Жастар ойындарының жеңімпазы мен жүлдегері тәрбиеленіп шықты.
Өткен оқу жылының өзінде 116 топта 1277 бала спорттың 11 түрімен шұғылданып, таеквондадан бір шәкіртіміз «спорт шебері» атанса, белбеу күресінен – 4, грек-римнен – 6, дзюдодан –10, қазақ күресінен – 3, таеквондодан – 2, барлығы 19 спортшы Қазақстан Республикасының «Спорт шеберлігіне үміткер» атанып отыр.
– Бұл, әрине, жаттықтырушылар мен ұжымның алға қойған биік мақсат – олимпиада мен әлем біріншіліктерінің жеңімпазы ізбасарларын дайындаудағы тынымсыз еңбектерінің жемісі деп білеміз. Жекелеген білікті мамандарды да атаған жөн болар.
– Спорт бағытын ұстанған ұжым болғандықтан, бізде әркез басты тұлғалар-тәрибеленушілер мен жаттықтырушылар. Облыс әкімінің шешімімен 2005 жылы спорт мектебі Дене тәрбиесі және спорт басқармасына берілді. Мұның бәрі – қазақстандық спорттың, соның ішінде облыстағы бұл саланың одан әрі нығайып, кәсіптік негізде, алдымен олимпиадалық спорттың түрлеріне басымдық беру бағытын ұстану бойынша қолға алынып жатқан оң шаралар. Біздің спорт мектебіне арнайы «мамандандырылған» деген мәртебе берілуі жайдан-жай емес. Бұл бағытта 2009 жылы 4 бөлімше –таеквондо, самбо, дзюдо және қазақ күресі «мамандандырылған бөлімше» мәртебесін алса, кейін тағы басқалары да осы қатарға қосылды.
Бұл мәртебеге жету бұрынғы жауапкершілікті одан әрі дамытып, жаңа жетістіктерге ұмтылдыратын игі қадамдарға, тың бастама, жаңалықтарға жол ашады деп сенемін. Ал осы мақсатты іске асыру, жетістіктерге қол жеткізу, ұжымның бірлігі, білікті жаттықтырушылардың, ынталы жасөспірімдерді тауып, тынбай дайындаудың арқасында ғана іске асатыны аян.
Бұған ұжымдағы 4 жаттықтырушы В.И. Андреева, С.А. Мазлумян, С.А. Козонов, Қ.Ашетов «ҚР білім беру ісінің үздігі», «ҚР Еңбегі сіңген жаттықтырушылары» Қ. Табынбаев, А.Аралбаев, Н.Дүйсембаев, И.Миргембаев, С.Иргалиев, «ҚР Құрметті спорт қайраткерлері» С.А. Козонов, Е.Жұбанәлиев, В.И. Андреева, Қ.Қуанов, Б.Тайжанов, тағы да басқаларының қосқан үлестері қомақты екені сөзсіз. Біз оларды әрдайым үлгі тұтамыз. Осы және басқа да қарапайым жаттықтырушылардың арқасында тәрбиеленушілер арасынан таеквондодан С.Сардарова, Н. Тәжіғұлова, дзюдодан Р. Ибрагимов, шахматтан С.Ізмұхамбетов, Ж. Аманов, қазақ және белбеу күресінен Н.Ыстыбаев, самбодан Қ. Тайжанова, А.Хатип, Қ.Айдынбай, П.Жұмабай, ауыр атлетикадан Т.Халматов «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атанды.
– Әдетте «Олимпиада алтынын армандамаған шәкірт спортшы емес» деп жатады. Осы негізде 70 жылда біраз жетістікті бағындырған, мақтанышқа айналған бұл тәрбиенушілер қатарына тағы кімдерді қосар едіңіз?
– Бұл көрсеткіштерді ұзыннан ұзақ соза беруге болады. Бірақ сөзді көбейтпей, әр бөлімшеден үздіктерге ғана тоқталғаным дұрыс болар. Мәселен, самбо күресі ашылғаннан бері жастарымыз облыс, республиканы айтпағанда, әлемдік дәрежеде жетістіктерімен қуантуда. Алғашқы жаттықтырушы болып Асхат Есенәлиев еңбек етсе, кейін бұл спорттық сыныпқа айналып, жаттықтырушылар Мақсот Торпақов, Алпысбай Аралбаев, Сәтжан Әбішов, Арман Усеев, Қайрат Досқалиев, Құныскерей Табынбаев табысты еңбек етіп, көптеген жас спортшының бағын ашты.
Бәрінен бұрын самбо, дзюдо және қазақ күресінің облыста жан-жақты дамуына республикалық, әлемдік дәрежеге көтерілуіне ұлағатты ұстаз-жаттықтырушы, марқұм Қошқарбай Табынбаев көп еңбек сіңірді, мақтанышымызға айналды. 2000 жылы ашылған дзюдо бөлімшесінің алғашқы жаттықтырушысы Есенқос Зулханов болған еді. Бүгінде бұл бөлімше шәкірттері Қазақстанға танылып, әлем деңгейіндегі жарыстарда жарқылдап жүр.
Қ.Табынбаевтың шәкірті Ринат Ибрагимов Иран, Кореяда өткен әлем супер кубогының жеңімпазы және қола жүлдегері. Москвада ТМД және Балтық елдері спортшылары қатысқан халықаралық ойынның чемпионы және халықаралық Жастар ойындарының күміс жүлдегері атану да аз жетістік емес.
Қазақша күрестен жаттықтырушы Есенқос Зулхановтың шәкірттері Рүстем Есмұратов, Рүстамбек Жиреншиев, Әділбек Есқалиев, Нұрболат Ыстыбаев, Дастан Қарасаев, Азамат Едігеев, Амандық Абылай ел чемпионатында жеңімпаз, жүлдегер атанса, мектеп-колледж оқушылары спартакиадасында Айдын Қайбуллин күміс медалға ие болды. Еуропа чемпионатының жеңімпазы, Азия, Әлем чемпионаттарының күміс, қола жүлдегері, «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» Нұрболат Ыстыбаев пен «ҚР Спорт шебері» Дастан Қарасаев Иранда өткен әлем біріншілігінің жеңімпазы.
«ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы» Нұрхат Дүйсембаевтың жұмыс істеген жылдардағы таеквондошылардың жетістіктері аз емес. Соның арасынан «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» Назгүл Тажіғұлова бес дүркін ҚР чемпиондығын жеңіп алып, әлем чемпионатында қола, Дүниежүзілік ислам ойындарында күміс иеленуі, елдің Кубогын төбесіне көтеруі біз үшін ерекше мақтаныш. Бұл қатарда Эльвира Қадырбаева мен Сәуле Сардарованың жетістіктері де қомақты.
Халықаралық гроссмейстрлер Салауат Ізмұханбетов пен Қайрат Тәжиевтің жаттықтырған шахматшы С.А. Мазлумянның жетістіктері де көпшіліктің жадында. Бүгінде бұл салада еңбек етіп жүрген аға жаттықтырушы Сабырбай Гайсиннің шәкірттерінің жетістіктері өз алдына бір төбе. Мәселен, Жәнібек Аманов пен Зарина Нұрғалиева мектептің ғана емес, еліміздің мақтаныштары. Зарина – әлемнің 4 дүркін жеңімпазы болған, болашағынан зор үміт күттіретін шәкіртіміз.
— Бимырза Аманкелдіұлы, осындай қалыптасқан ұжымы бар, болашағынан зор үміт күтетін мамандандырылған мектепке басшылық ету – зор абырой әрі жоғары жауапкершілік. Осы тұрғыдағы пікіріңізді де біле отырайық?
– Бұл салаға мен бөтен адам емеспін. Жастайымнан осы спорт саласында келе жатқан, біршама тәжірибе де жинап үлгерген және осы мектепте жұмыс істеген маманның бірімін. Қызылқоғаның Мұқыр ауылындағы орта мектепте оқып жүріп спорттың самбо, дзюдо күрестерімен шұғылдандым. 1984 жылдан жаттықтырушым Марат Абдуалиев ағайда жүріп, 1986 жылы «Клуб самбо — 70» атты бүкілодақтық турнирде 3 орынды иелендім.
1992 жылы Атырау педагогикалық институтының «Дене тәрбиесі» факультетін бітіріп, еңбек жолымды №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіндегі самбо күресі бөлімшесінің жаттықтырушы-мұғалімі болып бастадым. Кейін 1995-1997 жылдары самбодан облыстың аға жаттықтырушысы қызметінде болдым.
Жаттықтырған шәкірттерім, шүкір, үмітті ақтап, алғашқы жеңістерге жете бастады. Тіпті олардың алғашқылары Алматыдағы «Қаркен Ахметов атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектебіне» оқуға түсті. Қазақстан мен Азия біріншіліктерінде, бірнеше халықаралық турнирлерде, әлемдік жарыстарда топ жарды. Атап айтқанда Серікбол Нұралин, Сайд Сатаев, Ержан Қабделов, Даниял Маралов, Ерлан Нұрланов, Серікболсын Нұртас сынды шәкірттерімді өзгелерге үнемі үлгі тұтамын. Сонымен бірге ұлым Аманкелді Ермек Азия чемпионатының жүлдегері, Қазақстан чемпионатының, бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы.
Бауырларым да спорттық жолды таңдап, жеңістерімен барша атыраулықтарды қуантып жүр. Аян Тайжанов спорт шебері, Қалжан қазақ күресі, самбо, дзюда күресінен Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері.
Өзімінің жұмыс жайыма келсем, 2014 жылғы қаңтарда бүгінгі қызметіме тағайындалғанша, 2008-2013 жылдарда Атыраудағы №1 олимпиада резервінің балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдо күресінен жаттықтырушылық қызметін атқардым. Одан соң екі жыл дзюдодан облыстың жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушысы болып жасадым.
RC. Әрине, азамат өзінің министрліктің «Құрметті спорт қызметкері», «Еңбек даңқы» төсбелгісінің, Азия құрлығының қазақ күресі федерациясының «Қазақ күресін» дамытқаны үшін берілген төсбелгісінің, облыс әкімінің Алғыс хаттары, басқа да бірнеше марапаттары иесі екенін сұхбат барысында айтқан жоқ. Ол 10 жылдан аса Атырау облыстық дзюдо федерациясының вице-президенті де болып сайланған.
Бұл арада басшының қызметі мен жеткен жетістіктері сараланған құжаттарға үңілгенімізде, Бимырза Аманкелдіұлы облыстың дене тәрбиесі мен спортпен қатар әлеуметтік саласын да ұдайы назарда ұстап, дамытуға зор үлес қосып жүрген бірігей азаматтың бірі екені айрықша аталғанын көрдік. Оған дәлел ретінде дене тәрбиесі мен спортқа қажетті мамандардың арнаулы жоғары оқу орындарында оқып, білім алуларына, олардың әлеуметтік және жұмыс орындарында материалдық-техникалық жағдайларын жақсарта түсуді ұдайы назарда ұстап, жетілдіріп келе жатқаны атап көрсетілген.
Осы бағытта Бимырза Аманкелдіұлы өзі қызмет ететін ортада айтарлықтай табыстарға жетіп келеді. Спорт мектебінің бар саладағы жұмыстары жүйелі түрде үйлесімді жүргізілуі, барлық бөлімшелердің қызмет жағдайы, берілген тапсырма мен қойылған міндеттердің уақтылы орындалуын қадағалау аз шаруа емес.
Бимырза Аманкелдіұлы мұны: — «№1 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» мемлекеттік мекемесінің негізгі миссиясы – халықты жүйелі түрде дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануға тарту, жоғары білікті спортшыларды және оның лайықты резервін дайындау болып табылады» — деп түсіндіреді және осы талаптың жүйелі түрде іске асырылуын қамтамасыз етуді ұжым мүшелерінен ұдайы талап етуді өзіне басты міндет санайды.
Облыс пен республикаға танымал спортшы, білікті маман болса да болмысы қарапайым, биязы мінезді азаматпен біз де аз ғана уақыт әңгімелесе отырып, оның өзі қалаған мамандықты игеріп қана қоймай, оның қыр-сырын әріптестеріне де дарытып, қызметі оны емес, лауазымды өзінің қарапайым да іскерлік қалпымен көрікті етіп отырған жандардың бірі екенін таныдық.
Кең де жинақы, тап-таза спорт мектебінің дәлізінде жеңістер мен жеңімпаздықтың кубоктар мен медаль, дипломдар арасынан ол өзгеше бір сыйлықты қолына алып тұрып:
– Бұл біздің спортшыларымыздың облыста үш дүркін қатарынан бас жүлдені жеңіп алған соң мәңгілікке қалдырылған ауыспалы кубогы. Сол үшін де бізге ерекше қымбат,-деп мақтанышпен көрнекі сыйлықты көрсетті. Шынында да қажыр-қайрат, жасымас жігер, өлшеусіз төгілген маңдай термен жеткен әр жеңістің дәмі қашанда тәтті.
Біз қоштасарда оған: «Олимпиаданың лайықты ізбасарларын дайындау – қашан да биік мақсат, қасиетті парыз. Сол жолда жетістіктерге жету үшін тағы да қандай жұмыстарды атқармақ ойдасыздар?», — деген сұрағымызды қойғанбыз.
– Спорт саласында бір орында тұрып қалу деген түсінік болмайды. Бұл сала үнемі қозғалысты, ізденісті, жатпай-тұрмай жаттығуды талап етеді. Оның үстіне спорт мектебі орналасқан Вокзал маңы ықшам ауданында тұратын халықтың саны жыл сайын өсіп, тұрғындар тарапынан мектептің жұмысына сұраныс артып отыр. Мұны да ескермеске болмайды. Сондықтан да тәжірибелі басшы Ертелеу ағайдың 30 жылдай мектепті басқарған жылдары қол жеткізген жетістіктері көп болса, енді оны одан әрі де дамытып, алдымен 2009 жылы салдырған жаңа ғимаратты кеңейтіп, қосымша құрылысты қатарға қоспақ ойдамыз. Бұл ұсынысты облыс басшылығы да қолдап отыр.
Жасыратыны жоқ, спорт ғимараты жаңа болғанымен де, оның құжаттарын түгендеу, орын алған көптеген ақауларын тауып, күрделі жөндеуден өткізу жеңілге түскен жоқ. Бір қуантарлығы, сол жұмыстардың барлығын аяқтап, жобасын жасақтап, қаржы бөлініп, 2024 жылы спорт ғимараты толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңартылған оқу орнына кірдік.
Ендігі жерде қажетті спорттық құрал-жабдықтарға қол жеткізу ісімен айналысудамыз. Оған қоса мектепке қосымша тағы екі қатарлы ғимарат тұрғызу үшін арнайы жобалау жұмыстары өңір басшысының қадағалауымен жүргізілуде. Егер бұл іс сәтті аяқталса, болашақта үстел теннисі, гимнастика, боксты кеңейту, волейбол, баскетбол, футбол сияқты спорттың ойын түрлері бойынша бөлімшелер ашпақ ниеттеміз. Өзіңіз білесіз, бүгінде спорттың мұндай ойындық түрлерін ашуға қазіргі орын өте қолайсыз.
Міне, осы шаруалардың бәрін үйлестіріп, уақтылы аяқтап жатсақ, түрлі жарыстардағы жеңістеріміздің ауылы алыс болмас деп ойлаймын. Сонау 2018 жылы мектебіміз облыстағы «Ең үздік спорт мектебі» атағын жеңіп алса, алдағы уақытта да әріптестерім, барша жаттықтырушылар мен жасөспірім тәрбиеленушілер мені қолдап, ортақ мақсатымыздың биігінен көрінеміз деген сенім бар.
Сұхбатты жүргізген С. Халықов,
Атырау қаласы