Академик-жазушы Зейнолла Қабдолдың жазушылық, ғалымдық, ұстаздық жұмысы туралы көптен жазылып келеді. Оның 50,60,70,75 жасқа толған мерейтойларында және бақиға аттанғаннан кейінгі жылдарда жарияланған ғылыми мақалалар мен шәкірттері мен замандастарының жазған естеліктері том-том болып жарық көруде. Бұл жазбаларда оның проза жанрында, әдебиеттану ғылымында, ұстаздық қызметте қалдырған мұрасы мен әдебиеттегі, әдебиеттану ғылымындағы орны, ұстаздық ұлағаты жан-жақты бейнеленеді.
Зейнолла ағамыздың жастық кезде асқаралы армандары болғаны сөзсіз. Оның басты алдына қойған мақсаты – қазақ әдебиетінде қолдан келгенше ұстазы Мұхтар Әуезовше еңбек етіп, іс тындыру. Оның алдында ұстазының бір-біріне байланыстыра атқарған үш салада еңбек ету мақсаты тұрды: жазушылық, ғалымдық, ұстаздық. Шәкірт еш жалтақсыз осы үш бағытта толғанды. Зейнолла ағамыздың ғұмырының ондаған жылдары легінде қанша тонна қағаз аударып, қағаз бетінде қанша километрге созылатын жазу жазғанын, алдына қандай міндеттер қойып, қандай арман-мүдделеріне жеткенін бүгінгі күні анық біліп отырмыз. Мұның бәрі ғалым жазушының ел мен халық алдындағы, әдебиет тарихындағы бедел белгіге жеткізді, тарихта өз атын алтын әріппен жазып кетті.
Оның ғұмырнамасынан жақсы білетініміз: ол академик-жазушы, ғылым докторы, профессор, бүкіл республика жасамыстары мен жастарының ұстазы, Қазақстан халық жазушысы, мемлекеттік Пен-клуб, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтарының иегері, ұлан-ғайыр марапаттары қаншама! Бұл дәрежелердің бәрінің басы – 17-18 жасында Алматыға келіп, ҚазМУ-ге оқуға түсуден, ұстазы ұлы Мұхтар Әуезовтен басталады. Оның содан кейінгі бүкіл өмірі еліміздің астанасында өтті. Бірақ ол бір сәт те туған жерін ұмытқан жоқ. Туған топырағы көз алдында тұрды. Мұнайлы өлке балалық шағының белгісі – майлы құмында жалаңаяқ қалдырған ізі жтқанын кім білмейді?
Кешегі бала – бүгінгі ұлы ғалым-жазушы, беделі бүкіл республиканы дүбірлетіп тұрғанда, туған жеріне қайта-қайта қарайлап, оның жайын ойлады. Өлкесіне қандай көмек беру туралы толғанған-ды. Ол ойларын біз әрбір көркем очеркінен, ел болашағы туралы толғанысты философиялық мәнді жазбаларынан білеміз. Атыраудың экономикасы, халқының тұрмыс-тіршілігі, білімі, ғылымы оны қатты толғандырды. Толғанып қана қойған жоқ, қолдап еңбек етті. Облыс басшыларының алдына түбегейлі мәселелер қойып, көпшілік қатысқан жиналыстарда, активтерде, салтанаттарда сөйледі. Ақыл-кеңестерін берді, ел атқамінерлерімен қоян-қолтық араласып, бірге жүріп ел аралады. Халық тұрмысымен танысты. Оны жақсартудың шараларын қолма-қол орындаттыруға тырысып, белгілі уақытта орындалғанын өз көзімен көрді.
Ел тіршілігі жөнінде бір мысал келтіргенді жөн көреміз. 1993 жылы еліміз жаңа ғана егемендік алып еңсемізді енді ғана көтеруге ұмтылыс жасап жатқан шақта жетпестік бір жағынан қысса, Қызылқоға, Жылыой аудандарындағы тасқын судың салдарынан мыңдаған үй суға шайылып, қалып, қақаған суықта аспан астында жалаңаш қалған халыққа ағамыздың жаны шырқырап, көзіне жас алғанын қасында жүріп, өз көзімізбен көрдік. Сондағы ағамыздың ұйқысыз күндері мен түндері, күрсіністері көп болды. Сол шақта ұлы ұстаз бүкіл облыс, аудан басшыларын тасқын зардаптарынан халықты аман алып қалуға жұмылдырды. Қаламын қоя салып, біраз айлары мен күндерін Атырауда өткізіп, ат үстінде жүрді.
Ат үйірін сағынса,
Артқы аяғын қағынар.
Ер үйіріп сағынса,
Ер-тұрманын тағынар, — деген мақалдың мәні қандай тамаша. Бұл мақал елді сағынған адамдардың жан-дүниесін көрсететіні сөзсіз. Ал үйірін сағынумен қатар, ел тағдырына күйіну мен елінің басында қиын іс түскен жағдайда зәредей де болса көмек ету үшін қопарыла аттану «ер-тұрманын» тағынудан гөрі басқаша болар.
Республикадағы Атырау үлкен бір облыс болса да, елдің шетінде екендігі әркез көрініп отырады. Ол Кеңес үкіметі кезінде қалай болса, егемендік алған кезімізде де солай. Мәселен газет-журналдар мен хаттар бұрын қалай кеш жететін болса, бүгінгі күні де дәл солай. Астанада басылған кітаптар мен көптомдықтардың жұрнақтары ғана жетеді. Тіпті облыс жайындағы хабарлар да басқа облыстарға қарағанда сирек беріліп, газеттерде өңір өмірі туралы мақалалар да басылмайды. Жергілікті авторлардың жазғандары орталық баспаларда кейін ысырылып тасталады. Ірі қалаларда республиканың батысынан барған мамандар да жұмысқа қабылданбайды. Бұған ешкім таласа алмайды. Бұл – шындық. Бұл кері кеткен әдет Қазақ елі аман болса, неше ғасырға созылатынын Құдайдың өзі біледі.
Зейнолла Қабдолұлы өзінің туған жерінің республиканың шетінде болғандықтан, бәрінен шетқақпай жатқандығын білді. Бұған жаны ауырды.Жастарға демеушілік жасауды армандады, білім-ғалымға ұмтылдырғысы келді. Артында ботасы қалған аруанаға ұқсап, кейіндегі туған жеріне көп қарайлады.
50-ші жылдары мұғалімдер дайындайтын институт ашылғанын, оның 1956 жылдан бастап жоғары білімді мұғалімдер дайындайтын мемлекеттік институтқа айналғанын жақсы білді. Бірақ бұл кезде ағамыз ҚазМУ-де еңбек жолын жаңа бастаған жас оқытушы ғана болатын. Сол жылы ашылған филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі жұмыс істей бастады. Бұл кезде сол кездегі ел көсемінің «орыс тілінсіз коммунизм орнату мүмкін емес» деген сөзінен кейін, 1967 жылы ол бөлім жабылып қалғанын да Зейнолла аға жақсы білгенмен, зығырданы қайнағаннан басқа ештеңе істей алмады. Ұлттық тілдің басына төнген қауіп бүкіл республиканы жайлап алған еді.
Тек 80-ші жылдардың бас кезінде өзінің елдегі досы Гурьев облыстық партия комитетінін бірінші хатшысы болып тұрған кезінде институттағы қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін аштыру жөнінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне және Министрлер Кеңесіне хат жазғызып, өзі хат талабының орындалуына мұрындық болғандығын жақсы білеміз. Соның нәтижесінде институтта 1984 жылы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдерін дайындайтын бөлім қайта ашылды.
Бұл кезде еліміздің батыс аймақтарының мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен маман емес адамдар сабақ беріп, бұл пән мұғалімдерінің жоқтығынан сауаттылық, көркем әдебиетті сүюге баулу мәселесі төмендеп, құлдырап кеткен болатын. Бөлім ашылғанда алғашқы жылы 25 шәкірт қабылдап, одан кейінгі жылдары студент санын көбейту көзделді. Сонымен, 1988 жылдан бастап, алғашқы түлектер бітіріп шықты. Аталған мамандық бойынша ашылған сырттай оқу бөлімдері облыста мемлекеттік тіліміздің бағы ашылып, басына шырақ жағылды. Бұл игіліктің алғашқы кілтін ұстатқан адамдар облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Оңайбай Көшекұлы мен академик Зейнолла Қабдолұлы екенін Атырау халқы жақсы біледі және ол үшін осы күнге дейін оларға дән риза. Осы әрекеттерінен бұл адамдардың болашақта Қазақстанның егемендік алып, қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне көтерілетінін болжап білгендіктері көрінгендей.
Қазақ филологиясы мамандықтары ашылысымен, Зәкең институттың кейінгі тіршілігін көзінен таса етпеді. Әдейі іссапармен келіп, студенттермен, институт оқытушыларымен кездесулер өткізді, филология мамандығының бастамасында алғашқы адымдарына жолбасшылық жасап, дәрістерін оқыды. Студенттерге білім беретін маман оқытушылардың қатарын көбейтуге, олардың ғылыми ізденістеріне жол ашып, ғылыми дәрежелерінің өсуіне қамқорлық жасады. Мамандық ашылған 1984 жылдан бастап, ҚазМУ-дің қазақ әдебиеті кафедрасына Атыраудың тұңғыш рет ғылыми ізденушісі қылып институттың аға оқытушысы осы жолдардың авторын қабылдады.
Бұған дейін институтта педагогика және психология пәнінен дәріс беріп жүрген қазақ тілі мен әдебиетінің үлкен маманы, терең білімді ұстаз, Ленин орденінің иегері, оқу-ағарту ісінің үздігі, Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мұғалім, педагогика ғылымдарының кандидаты Сабыр Қазыбайұлы және филология ғылымдарының кандидаты, қазақ тілінің үлкен маманы Құсекен Шәукенұлы жұмыс істейтін.
Институтта жұмысқа қабылданған төрт жыл ішінде мен тақырып бойынша ғылыми ізденістерімді тәмамдап, Атыраудың төл перзенті, талантты ақын Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиясынан «Жұмекен Нәжімеденов лирикасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертациямды сәтті қорғап шықтым. Бұл – институттың филолог ғалымдарының ғылыми дәрежесін көтерудегі алғашқы адым болды. Жас ғалым маған ғылыми жетекшілікті Зейнолла ағаның өзі жасады. Сонымен бірге алғашқы әдебиетші-ғалымға өзінің кеңесшілігімен Жұмекен Нәжімеденовтің бүкіл поэзиясы бойынша докторлық диссертация қорғауды ұсыныс етті.
Ғылыми жұмыстың дәмін татып, ақын поэзиясына қызығушылығым мен ізденісімді тоқтатпаған маған Жұмекеннің бүкіл поэтикалық шығармашылығын докторлық диссертациямның зерттеу аясы етіп, «Жұмекен Нәжімеденовтің ақындығы» тақырыбында 1996 жылы докторлық диссертациям сәтті қорғалды. Сөйтіп, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде тұңғыш докторлық дәрежесі бар ғалым пайда болды.
Талантты ақын Ж.Нәжімеденовтің поэзиялық шығармашылығын зерттеп, ғылыми айналымға түсіруге 15 жылымды арнаған маған осы жылдар ішінде Зейнолла Қабдолұлы өз шәкірті ретінле менің ғылыми жұмыстарымды жіті қадағалады.
Зейнолла Қабдолұлы көзі тірісінде университеттің тағдырына біте қайнасып, оның өміріне араласуын тоқтатқан жоқ. Ең алдымен, институтқа университет дәрежесін алып берді және оның аты ұлы ғалым, өңірдің біртуар перзенті Халел Досмұхамедұлының есімімен аталуына көп күш салды. Атыраудың маңдайалды тумалары – академиктер, заң ғылымының докторы, профессор Салық Зиманұлы мен филология ғылымдарының докторы, профессор З.Қабдолұлының туған жерге деген перзенттік жұмыстарының нәтижесінде қазір Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университеті кәрі Каспий жағасында білім қара шаңырағы деген атқа ие болып, ғылыми еңсесін биіктетуде.
Университет мәртебесін алған бұл оқу орны мектеп мұғалімдерін дайындаумен қатар, басқа да мамандық салаларын көбейтті. Мысалы, заңгер, қаржыгер, шетел тілі аудармашысы, ауыл шаруашылығы қызметкері, журналист, актер, дизайн, туризм саласының қызметкерлері дайындалуда. Зейнолла Қабдолұлы Атырау және көрші облыстардағы журналист кадрлардың жетпестігін жіті ескеріп, өзі бас болып, 2001 жылы журналистика мамандығын ашып берді.
Филолог кадрлардың ғылыми дәрежесін көтеруді жалғастыруды ешқашан есінен шығармаған академик ҚазМУ-дің республика бойынша филолог-ғалымдар дайындайтын ұстаханасы болып есептелетін өзі басқарып отырған қазақ әдебиеті кафедрасынан Атырау университетінің әдебиетші оқытушылары Айсұлу Садықова, Гүлнар Жұмабаева, Айкүміс Қыдырбаева, Жайлы Балтоғаева, Маржан Ершуова, Гүлзира Аяпова, Баязи Әбдешов, Бибігүл Қайыржанова, Сәуле Дүтбаева және басқалардың кандидаттық диссертацияларын қорғап, филология ғылымдарының кандидаттары ғылыми дәрежелерін алуларына көмектесті. Сөйтіп, университеттің қазақ әдебиеті кафедрасының ғылыми ахуалы артты.
1999 жылы Атырау облысының әкімі болып тағайындалған Иманғали Тасмағамбетов өңір мәдениетін, ғылымын өрге басқару мақсатында 2000 жылдан бастап, Атырауға көшіп келіп, еңбек етуге академик Зейнолла Қабдоловты, жазушы–композитор Ілия Жақановты, домбыра оркестрінің дирижері Шамғон Қажығалиевті, дүлдүл күйшілер Әзидолла Есқалиевті, Қаршыға Ахмедияровты, күміс көмей әншілер Сәуле Жампейісованы, Ғафиз Есімовті шақырып, әрбіреуін көрнекті баспанамен қамтамасыз етіп, барлық жағдайларын жасаған еді. Солардың ішінде Зейнолла Қабдолов, Қаршыға Ахмедияров, Ілия Жақанов Атырау университетіне жұмысқа келді. Зейнолла аға сол келген күннен бастап филология бөліміне «Әдебиет теориясы», «Сөз өнері: зерттеу мен зерделеудің методологиясы» пәндерінен 2004 жылы сырқаттанып қалғанға дейін дәрістер оқып, университеттің барлық қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Профессор-оқытушылардың алдында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу тәсілдерінің құпия сырларына қанықтырды, көптеген насихат-кеңестер беруге бағытталған кездесулер өткізді. Университетішілік ашық лекциялар өткізіп, жоғары мектепте дәріс оқып, тәжірибе сабақтарын жүргізудің әдіс-тәсілдерін үйретті.
З.Қабдолұлы университетке ҚазМУ-дің, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғалымдарының келуін өзі бас болып ұйымдастырып, ғылым докторлары Әбдуәли Хайдаров, Бабаш Әбілхасимов, Тұрсынбек Кәкішев, Қабиболла Сыдықов, Жанғара Дәдебаев, Зейнол-Ғабден Бисенғалиев, Сейіт Қасқабасов және басқа ғалымдардың, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Зейнолла Серікқалиев, Есенжол Домбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Шерхан Мұртаза, Темірхан Медетбек сияқты жазушылардың келуіне мұрындық болды. Университет жанынан педагогика ғылымының кандидаттарын дайындап, қорғаттыратын ғылыми кеңес, филология, философия, тарих, биология, педагогика мамандықтары бойынша аспирантура мен магистратура ашуға белсене қызмет етіп, қамқорлық жасады.
Ұлы ақын-жазушылар Махамбеттің, Абай Құнанбаевтың, Мұқтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің мерейтойларына байланысты салтанатты жиналыстар мен конференцияларға белсенді араласып, ғылыми, терең, мәнді баяндамалар жасады, ұлы жазушылар туралы естеліктер айтты.
Ұлы ақын бабамыз Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығын өткізу туралы ақсақалдар алқасының төрағасы болып, университет ұйымдастырған ақын рухына арналған «Елдік пен ерліктің өшпес рухы» атты халықаралық ғылыми практикалық конференцияда бас баяндама жасаумен бірге, үш томдық конференция материалдарының редакциясын басқарды. Академик оқу орны студенттерінің алдына талай рет шығып сөйлеп, егемендік алған еліміз туралы, отансүйгіштік, адамгершілік, ұстаздық жайында айтқан ой-пікірлері үлкен ұлағаттылығымен көрінді.
Университетте төрт-бес жыл бойына еңбек еткен академик Зейнолла Қабдоловты профессор-оқытушылар мен студенттер ұлы Әуезовтің шәкірті деп, ғұлама ғалым, зергер жазушы, кемеңгер ұстаз деп бағалайды. Оның өзінің туған жеріне, соның ішінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне тигізген шапағатын ешқашан ұмытпайды және оның рухына бас иеді.
Қадыр ЖҮСІП,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы