Топонимдік атаулардың жер-су атауларын сақтап қалуда атқаратын рөлі мен маңызы зор. Демек бұл өткен өміріміз бен тарихымызды халық жадында қайта жаңғырту болмақ.

Топонимия – ел-жер тарихының құрамдас бөлігі, мыңжылдық тарихы бар құндылық. Сондай-ақ топонимия халықтың тілі мен өткен өмірі, жері мен тұрмыс салты, дүниетанымынан сыр шертеді. Бұл жөнінде заманымыздың ғұлама жазушысы М.Әуезов былай деген екен: «Біздің қазақ – жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаңда жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақтың атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады».  

Топонимика (грек.  topos — орын, жер және onoma -атау ) ономастиканың кесек бір бөлігі, географиялық атаулардың немесе жер-су аттарының шығуын (этимологиясын), дамуын, қазіргі жағдайын, мағынасын, құрылымын, грамматикалық, фонетикалық формасын, жазылуын және екінші бір тілде берілуін зерттейтін ғылым. Атамекеніміздегі өзен, көл, тау, қырат секілді жер бедеріне меншіктелген атаулардың мыңдап саналатыны мәлім. Ертеде өткен ата-бабаларымыз солардың әрқайсысына ат қойып, айдар тағу жағынан жай ұқыпты ғана емес, шебер де тапқыр болған.

Топонимикалық атаулардың ең негізгі қасиеті – олардың тұрақтылығы, сол үшін де мұндай атаулар адамзат тарихы, мәдениеті және тілі жөнінде көне де ғылыми мәліметтер береді. Мысалы, географиялық атаулардың құрамын зерттей отырып, сол аймақта ықылым заманда қандай тайпалар, халықтар мекендегенін анықтауға болады. Ал географиялық атауларды зерттеу – жер-су атауларын ел тарихымен, мәдениетімен сабақтастырып, оларды қоғамдық, әлеуметтік, саяси өзгерістермен астастыра қарастыру – ұлттық тілімізді зерттеудің терең арналарының, өзекті мәселелерінің бірі.

Мемлекеттік тілдің қоғамдық рөліне қатысты академик Ә.Қайдаров: «Ең алдымен, оның тірек болар үш танағы – жазу-сызуы (ұрпақ арасын жалғастырар алтын көпір), ономастикасы (жер бетіндегі ескерткіші), терминологиясы (оның баю, жаңару көзі) берік емес екенін мойындау қажет» деп атап көрсетеді. Демек, ономастиканың қоғамдағы рөлін зерттеу арқылы оны жаңа деңгейге көтеруге болады. Бұл жұмыс ономастиканың негізгі салаларының бір – топонимияны зерттеу арқылы жүзеге асады.

Ерте заманда атаулар қазіргі цивилизация тұсындағыдай келісіммен, мәмілемен емес, ұзақ сонар айтыла келе, сөйтіп жалпының жадында берік сақталғанда ғана тілден мықты орын тепкен. Атау болатын сөз ең әуелі жалпы жұртқа аян болған.  Сөйте келе, бір объектіге белгі боп таңылып, топонимикалық атқа ұласқан. Әрбір атаудың бәрі, сөз атауының бәрі сияқты, қоғам ризығы, тарихтың ұшқыны, соның табы сіңген нысаналы белгі. Бұл — топонимикалық атаулардың негізгі заңы.

Ономастикаға (грекше ат беру өнері) — тіл білімінің жалқы есімдерге кісі, жануарлар аттары, халық, ұлт, ру-тайпа атаулары, жер-су, аспан денелері жатады. Ономастика заттарды жекелеп атайтын жалқы есімді зерттейтін тіл білімі саласы.

Өлкеміздің өткені жайында ой қозғар кәрі тарихтың куәсіндей ежелгі мұрамыздың бірі – жер-су аттары. Жер-су атының қойылу құпиясы әркімді-ақ қызықтырған ғой. Халқымыздың жадында әлі күнге жаңылмай жатталған талай-талай ғажайып топонимиялық аңыздар — осы құмарлықтың айғағы. Халық даналығы дүниеге әкелген мұндай аңыз-әңгіменің, жырлардың қай-қайсысын шолып бақсақ та, олардың бәрінің де жер атының о баста бұлайша неліктен аталған себебін, уәжін іздестіру ниетінен туғанын көреміз. Мысалы, «Атырау-Астрахан» автожолымен жолаушылап  бара жатсаңыз, Жанбай ауылынан – 20, аудан орталығы Аққыстау ауылынан 50 шақырым оңтүстік-батыста Манаш деген елді мекен бар. Манаш атауы жөнінде жергілікті тұрғындар арасында әр түрлі болжам пікірлер айтылады. Соның бір нұсқасында Қазтуған жыраудың немересі Манаштың атымен аталады десе, (кәдімгі тарихи тұлға Сүйінішұлы Қазтуған – қарға бойлы Қазтуған  — А.С), екінші бір деректерде Манаш атауы «ащы сор» деген мағынаны білдіреді дейді.

Жалпы осы жерде бір нәрсені айта кеткім келеді. Аталуы күңгірт тартқан, этимологиялық төркіні белгісіз, зерттелуін күтіп тұрған топонимдер ізі өлкемізде сайрап жатыр. Бұл ежелден бері келе жатқан өзекті мәселенің бірінен саналады. Мұндай топонимдердің анық-қанығын жергілікті көнекөз қариялардан, малшылардан, аңшылардан сұрастырып, бұрынғы кеңшар, ұжымшарлардың «жер пайдалану» карталарынан, авхивтегі құжаттардан, саяхатшы ғалымдардың, жазушылардың еңбектерінен іздеп, тере беру керек.

Бүгінде топонимдер еліміздің тыныс-тіршілігіне қажетті басқа үлкен қоғамдық-саяси маңызға ие болып отыр. Өйткені жер-су аттары адамзат қоғамында ғана пайда болып, өмір сүріп, қызмет ететіндіктен, сол қоғамда болып жататын өзгерістерден тыс қала алмайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ономастикалық мәселелерді күні кешегі Құрылтайда сөз етуі осының айғағы. Біздің елде жер-су атаулары ұлттық рәміздерге тең дәрежеде қаралады. Ономастикамызға ұлттық сипат, келбет беру үшін, ең алдымен  кірме атаулары, екінші идеологиялық тұрғыдан ескірген топонимдерді ауыстыруды жалғастыру керек.

Кез келген елдің өткені мен бүгінгінің сабақтастығы, оның жер-су атаулары арқылы көрініс табады. Сол секілді елді мекендеріміздің жер-су атаулары да халықтың сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Әрбір атаудың өз тарихы, дүниеге келу себебі бар. Өзен, су, құдық, бұлақ, көл, теңіз, тау, сай-сала, қырат, жоталар, асулар, орман-тоғай, жайлау аттарын, елді мекендердің аттарын жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Белгілі бір өңірдің  ономастикалық атауларына қарап, сол өңірде мекен еткен ұрпақтың тарихы туралы, тіршілік көзі жайында, ой-өрісі хақында хабардар болып, белгілі бір қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан әрқилы замандарда көптеген өзгеріске ұшырап, ұмыт бола бастаған жер-су атауларын зерттеу бүгінгі күні өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

2017 жылы Атырау облысы өңіріндегі атауларды зерттеу, жинақтау мақсатында «Атаулар тарихы» атты ғылыми экспедиция құрылып, барлық аудандардың елді мекендерін аралап шықты. Аталған экспедицияның құрамында болған зерттеуші ғалымдар, өлкетанушы тарихшылар, мемлекеттік қызметте жүрген азаматтар, тіл жанашырлары, журналистер аймақтың бас шаһары мен жеті ауданның аумағындағы барлық физикалық-географиялық нысандардың, жер-су атауларының аталу себептерін жергілікті көнеккөз қариялар мен өңірге танымал тұлғалардың шежірелі деректеріне құлақ қою, өзге де архивтік құжаттармен танысу арқылы бірнеше жылда біраз құнды мәліметтер жинастырылды.

Әрине қазақ халқы ежелден көшпелі өмір сүргендіктен, жер-су аттары ерекше маңызды факторға айналған. Әр атауда ұлттық дүниетаным, психология, салт-дәстүріміздің ұлғайып жинақталып жатуы өз алдына, әр атау жер бедеріне өте жоғарғы дәлдікпен белгілеуді мақсат еткен. Сондықтан тарихи атаулар мен бағалы құндылықтар қатарына жатады. Тарихи атауды қандай атақты адамның атына болсын, қандай әдемі болсын айырбастауға болмайды.

Біздің міндетіміз — ең алдымен, осындай тарихи топонимдерді реттеудің ең оңай да жеңіл жолы болып табылады. Пезиденттің «тарихи әділдік» болсын деп айтып отырғаны да осы. Адам есімдері жалқы есімдердің антропоним деген саласына жатады, ал жер-су аттары топонимка деген саланы құрайды. Заман өткен сайын атақты адамдар пайда болады, ал жер өспейді. Ондай кісі аттарын жер-суға, елді мекенге бере берсек, антропонимдер көп ұзамай топонимдерді ығыстырып шығарады. Біздің картамыз қаптаған кісі аттарынан ғана тұратын болады. Мәселен, «Атаулар сыры – тұнған тарих» анықтамалық жинақты қарап отырсаңыз, кісі есімімен немесе кеңестік кезеңдегі қыстау атаулары көптеп ұшырасады. Яғни біз бұдан бірнеше ғасыр бұрынғы табиғи-тарихи атаулардың жер бетінен жойылып кеткенін айқын аңғарамыз. Мүмкін келмеске кеткен кеңес дәуірінің де бізге тигізген кері әсері де аз болмаса керек.

Біздің естіп, көріп, оқып білуімізше, Нарын өлкесі – «жеті жұрт келіп, қоныстанған» ұлан байтақ даламыз. Сондықтан өңіріміздегі әрбір жер-су атауларын көздің қарашығындай сақтай білуіміз қажет. Өйткені топонимдік атаулардың тарихи тамыры тереңде жатыр. Алайда топонимиканың заңдылығын білмегендіктен, ойға келген атауды ойланбастан қоя салу үлкен әдетке айналып барады. Мұндай кемшіліктерді болдырмау үшін, бәріне ортақ ономастикалық заңды қайта қарап, оның орындалуын талап етуіміз керек.

Түйін. Топонимдік атаулар – сол жерде орналасқан ұлттың жүздеген, мыңдаған жылдардан бері қалыптасқан шығармашылық жемісі мен ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан ұлттың дүниетанымы мен рухани болмыстық құрамдас бөлігі. Осындайда шығыстың кемеңгер ойшылы Конфуцийдің: «Егер атаулар дұрыс болмаса, сөздердің негізі болмайды. Сөздердің негізі болмаған жағдайда іс те толыққанды жүрмейді, халық тарихына алаңдаумен тығырыққа тіреледі» — деген сөзі ойға оралады.

Аяпберген САЛИХОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі