Тұтынушы дегеніміз кім?
Тұтынушы – жеке, отбасында, үй ішінде және кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес өзге де пайдалануға ғана арналған тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) тапсырыс беру немесе соларды сатып алу ниеті бар не тапсырыс беретін, сатып алатын және (немесе) пайдаланатын жеке тұлға.
Яғни, тауар, қызмет немесе жұмысты сатып алатын тұлға тұтынушы болып табылады.
Ал, тұтынушының қандай құқықтары бар?!
ҚР-сы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының 7 бабының талабына сай тұтынушылардың тауарларды (орындалатын жұмысты және көрсетілетін қызметті) иеленуге еркін шарт жасасуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы сауаттандыруға;
тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы ақпарат алуға;
қауіпсіз тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) сатып алуға;
тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) еркін таңдауға;
тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) тиісті сапасына;
тиісті де, тиісті емес те сападағы тауарды айырбастап алуға немесе қайтарып беруге;
тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) кемшіліктері салдарынан өздерінің өміріне, денсаулығына және (немесе) мүлкіне келтірілген залалды (зиянды) толық көлемде өтетуге;
сатушыдан (орындаушыдан, дайындаушыдан) тауарды сатып алу (жұмысты орындау, қызмет көрсету) фактісін растайтын құжатты алуға;
ұтыс түрінде берілген (орындалған, көрсетілген) тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) сапасы бойынша ойындардың бастамашысына (ұйымдастырушысына) кінә қоюға;
тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін құруға;
моральдық зиянды өтетуге;
құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға;
заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау келесі негізгі қағидаттарға сүйеніп жүзеге асырылады:
1) тұтынушылардың экономикалық мүдделеріне жәрдемдесу және осы мүдделерді қорғау;
2) сатушы (дайындаушы, орындаушы) ұсынатын тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) туралы ақпараттың қолжетімділігі және дұрыстығы;
3) тұтынушыларды сауаттандыру;
4) тұтынушылардың заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету;
4-1) электрондық коммерцияда тұтынушылардың заңды мүдделерінің басқа сауда нысандарында ұсынылатын қорғау деңгейінен кем емес қорғалуын қамтамасыз ету;
5) тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысуы;
6) тұтынушыларды қауіпсіз және сапалы тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) қамтамасыз ету қағидаттары негізінде жүзеге асырылады.
Жалпы құқықтық мәдениет дегеніміз не? Оның қаншалықты қажеттілігі бар? Қарапайым халық пен Қазақстан азаматтары өз құқықтарын біле ме? Тұтынушылар құқығы сақталуда ма?
Тұтынушылар құқығы көп жағдайда заңды білмегендіктен бұзылып жатады.
Сатушының маңызды міндеттерінің бірі тұтынушының тауар (жұмыс, қызмет) туралы мемлекеттік және орыс тілдерінде толық ақпарат беру. Бір тілде берілген ақпарат берілмеген болып есептеледі.
Жаңартылған ережелерге сәйкес, егер сатып алынған тауар техникалық регламенттер және нормативтік құжаттарда белгіленген талаптарға сай болмаса, яғни сатылған тауардың жарамдық мерзімі өтіп кеткен, нұқсан келтірілген немесе бүлінген болса, тауарларды сатып алған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде алмастырылады немесе қайтарылады.
Дегенмен сатып алушы бірқатар себептерге байланысты ұнатпаған өнім туралы тағы бір жағдай бар. Осындай пайдаланылмаған тауарларды қайтару мерзімі бұрынғыдай тауарларды сатып алған күннен бастап 14 күнтізбелік күн ішінде күшінде қалды. Сатып алушы, ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын қоспағанда, өзіне азық-түлікке жатпайтын тауар берілген кезден бастап 14 күн ішінде, егер сатушы неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаса, сатып алынған тауарды сатып алу орнында немесе сатушы хабарлаған өзге де орындарда бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырыса отырып, басқа мөлшердегі, нысандағы, габариттегі, пішіндегі, түстегі, жиынтықталымдағы және осы тәріздегі соған ұқсас тауарға не тараптардың келісімі бойынша басқа тауарға айырбастауға құқылы.
Бірақ қайтаруға немесе айырбастауға болмайтын тауарлар бар екенін ескеру керек. Олар — азық-түлік емес тауарлар, дәрі-дәрмектер, медициналық мақсаттағы бұйымдар, іш киім, шұлық сынды бұйымдар, жануарлар мен өсімдіктер, сондай-ақ метрлеп сатылатын заттар.
Тағы бір айта кетерлік жайт, тұтынушы ретінде тауарды сатып, не қызметті алғанда бақылау (тауар) түбіртегін талап еткеніңіз дұрыс, себебі сатып алу туралы чек өте маңызды роль атқарады, өйткені, онсыз сапасыз тауарды қайтару немесе айырбастау өте қиын болады. Бірақ, қалай да сатып алу фактісін дәлелдеу қажет болса және оны растайтын куә немесе чек болмаған жағдайда фотосуреттер мен бейнежазбалар арқылы сатып алу фактісін дәлелдеуге болады. Супермаркетте фото және бейне түсіруге тыйым салынбаған. Сіз «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, ұялы телефоныңыз немесе басқа құрылғыға тауарларды және олардың қасында тұрған бағаларды еркін түсіре аласыз.
Сонымен қатар әдетте супермаркеттерде сатып алушыға баға белгісі (ценник) нақты қай өнімге тиесілі екенін түсіну қиынға соғатындай етіп қойылатын кездер де көп кездеседі.
Кассаға ақысын төлеу кезінде тауардың құны көрсетілген бағамен сәйкес келмейтін жағдайларда сатушы тауарларды витринада көрсетілетін сомада сатуға міндетті.
Супермаркеттердегі бағалардан шатасу тұтынушылардың алдануының жиі кездесетін түрі болып табылады.
Әдетте әкімшілік мұны тауарлардың үлкен түсіміне байланысты баға тізімін уақытында өзгерту мүмкін еместігімен түсіндіреді, ал тауарлардың жаңа бағасы компьютерге енгізіліп қойылады. Бұл жағдайда сатып алушы қандай бағада сатып алуға құқылы, ал сатушы қандай бағада тауар сатуға міндетті? «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 24-бабы 12-тармағына сәйкес, сатушы сауда объектісінің ішкі және сыртқы витриналарына қойылған тауардың құнын бағалар заттаңбасымен ресімделген сомада көрсетуге міндетті болып табылады.
Сондай-ақ, тауарларды белгілі бір бағамен сатып алу туралы ұсыныс сатушының ашық ұсынысы, яғни баға белгісі ашық ұсыныс болып табылады және сатушы осы ұсыныста көрсетілген баға бойынша тауарларды сатуға міндетті. Бұдан шығатыны, тұтынушы қатаң түрде баға белгісі бойынша төлеп, артық төленген сома оған қайтарылуы керек.
Біздің сауда дүкендерімізде, базарларда «Сатып алынған тауар қайтаруға немесе ауыстыруға жатпайды» деген хабарламаларды көреміз. Бұл хабарламалар «Тұтынушылардың құқығын қорғау» Заңын бұзу болып табылады. Қолдану мерзімі өтіп кеткен азық-түлік, бүлінген сапасыз бұйым сатып алған жағдайда да тұтынушы өз құқығын қорғай отырып, тауарды қайтарып немесе ауыстырып алуына құқылы.
Соңғы кезде банк клиенттерінің тұтынушылық құқықтарының бұзылуы жөнінде арыздануы жиілеп кетті.
Бұрын несие бойынша алдымен пайыздық үстеме, одан кейін айыппұл, соңынан негізгі қарыз өтелетін. Қазір жаңа банк заңнамалары бойынша ең алдымен негізгі қарыз, одан кейін пайыздық үстеме және соңынан айыппұл ұсталады. Ал айыппұл көлемі әр жыл үшін 10%-дан аспауы керек.
«Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшерін бекіту туралы» ҚР-сы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы № 377 Қаулысының 1 тармағы бойынша екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржы және микрокредиттік ұйымдар мен кредиттік серіктестіктер беретін банк қарыздары, микрокредиттер, кредиттер бойынша сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесі 56 (елу алты) пайыз мөлшерінде бекітілген.
Банк қарызы шартын, микрокредит беру туралы шартты, кредиттік шартты жасау, банк қарызын, микрокредитті немесе кредитті берумен және қызмет көрсетумен байланысты сыйақы мөлшерлемесі өзгерген және (немесе) комиссиялар мен өзге төлемдер өзгерген немесе жаңадан енгізілген күні сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі осы тармақта бекітілген шекті мөлшерден асып кете алмайды.
Сондықтан, кейбір қаржы ұйымдарының күніне 1-2 пайыз, айына 30 пайыз т.б. деген пайыздық үстеме қоюлары заңсыз. Банк қызметінің тұтынушысы ретіндегі құқықтарыңызды да білген жөн.
«Адамгершілік» Қоғамдық Қорының
жетекшісі, заңгер Салтанат Рахимова