Бүгінгі біздің тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін қалап, ұрпақтың баянды болашағы үшін жан алысы, жан беріскен Екінші дүниежүзілік соғыстың Ұлы Жеңіс сағатын жақындатып, майдан даласында қаһармандық көрсеткен аталарымыз бен тылда ерен ерліктің үлгісін паш еткен ақ шашты әжелеріміз біздерге ұлы шежіре, үлгі-өнеге.
Отты жылдар архивінің деректері мың сан тағдырдың тарихы іспеттес. Кешегі қиын-қыстау, ат ауыздығымен су ішкен алмағайып кезеңнің күллі шындығын Сіз бен біз бүгінде архив қорының құнды деректерінен табамыз. Мұны Исатай аудандық архивінің экспонат залындағы көрінісінен анық аңғарамыз. Себебі, сонау бір сұрапыл соғыс жылдарында әрбір дерек құпия десек, бүгінде олар қолжетімді шындыққа айналды. Бұл дүниелер өңір тарихының өшпес ізі.
Соғыс басталысымен Новобогат аудандық партия комитеті ел-жұртты бірден қорғаныс жағдайына көшіріп, барлық ішкі мүмкіндіктерді пайдалану арқылы тыл еңбеккерлерін бір мақсатқа – майдан үшін, жеңіс үшін жұмыс істеуге жұмылдырды. Ембі жұмысшысы Жұмағали Иманғали басқарған аудандық өндіріс комбинатында мұнай айыратын зауыт іске қосылып, мазут, бензин, керосин шығарылды. Тері илейтін цех ашылып, киім тігу, байпақ басу жолға қойылды. Бақсай өзенінен балық ауланып, аудан орталығына жеткізіліп тұрды. Жергілікті тұрғындар Хасай Есмағамбетов, Сатқанбай Тәжиев, Әбежан, Ыдырысов, Сапи, Досмұхан, Емеш және басқа шеберлерді аса қадірлейтін. Комбинаттың шығарған керосині түйеге теңделіп, сонау алыстағы Айбас, Бабандағы тұрғындарға да жеткізіліп тұрды.
Соғыстың алдында 1940 жылдан бастап Новобогатқа таяу Ақкүтір учаскесінен Бақсай өзегі алқабында колхоздар жер алып, тары егуді қолға алған болатын. Кейін азық-түлік тапшылығы жағдайында мұның пайдасын жұрт көрді. Өмірінде егін егуді білмеген құм тұрғындары диқаншылық кәсіпті игере бастады. Соғыстың ауыр жылдарында Нарынның жаздағы қияқтың сұлыбасы мен күздегі құмаршығы, тұщы суы адамдар мен малдың жан сақтауына демеу болды.
Негізгі өндірістік істерді тоқтаусыз жүргізумен қатар ауылдықтары майдандағы әскерлерге жылы киім, тамақ өнімдерін, майдан қорына елден ақша қаражатын жинауға үлес қосты. Облыстық «Социалистік құрылыс» газетінің 1941 жылғы 13 желтоқсандағы санында жарияланған аудандық атқару комитетінің төрағасы Қ.Қазиевтің мақаласында соғыстың алғашқы айларында Новобогат ауданы бойынша кеңестік жауынгерлер үшін 368 тон, 505 пар байпақ, 6248 әртүрлі киім және Отан қорғау қорына 48 бас мал, 59063 сом ақша жиналып тапсырылғаны айтылады.
Майданға көмектесу бағытындағы жұмыстар жалғаса берді. «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасақтау қорына 100-150 мың сом жеке қаржысын қосқан аудандық өндірістік комбинатының жұмысшысы Жұқалтай Рахметов пен «Қызыл балық» колхозының төрағасы Қуанәлі Құрмашев Жоғарғы Бас Қолбасшының Алғыс хатын алды. «Қазақстан комсомолы», «Қазақстан пионері» танк колонналарын жасақтауға аудан жастары мен пионерлері атынан тиісінше 83064 және 44686 сом қаражат жинаған.
1943 жылы новобогаттықтар танк колоннасы қорына 2,6 млн. сом қаржы жинап тапсырумен қатар сол жылдың социалистік міндеттемесін мал өсіруден – мүйізді ірі қарадан –106, қой-ешкіде – 111, жылқыдан – 103,5, түйеден 110 пайызға орындап, жоспардағыдан 8550 бас артық мал өсірді. Мал өнімдерін өткізудің жоспарын 10 қазанға орындап, қалған мерзімде 1944 жылдың есебіне еңбек етті.
Халқының тылдағы осындай жанқиярлық еңбегі үшін 1944 жылдың қорытындысы бойынша ауданға Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туы мен 1- дәрежелі ақшалай сыйлық берілді. Бұл Туды сол кездегі облыстық атқару комитетінің төрағасы Шынғожа Бөрібаев аудан малшыларына 1944 жылдың 31 желтоқсанында таныстырды. Ауданның Құрметті азаматы, өңірдің шежіреші абызы марқұм Ғатих Маштаховтың айтуынша, сол кездегі Новобогаттағы шағын клубта өткен салтанатты жиналыста еңбек озаттары Дайыр Сақымбаев, Айман Сүйінәлиева, Сұлташ Бұланбаев, Бағила Дабылова, Шипа Шұғайыпова, Мақтым Оспанова Қызыл Туды алып шыққанда залда көздеріне жас алмаған ешкім қалмаған. Салтанатқа ҚКП (б) Орталық Комитетінің хатшысының ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Мәмбетов, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Н.Қамбаров қатысқан.
Ұлы Отан соғысы жылдарында аудан Қорғаныс Комитетінің Қызыл Туын екі мәрте жеңіп алып, мәңгілік ескерткішке сақтап қалды. Бұдан кейін КСРО Министрлер Кеңесінің Қызыл Туына ие болды. Сөйтіп новобогаттықтар Одақтық қос Туды иеленіп, тарихқа аты жазылды. Қоңыр қызыл түсті барқыт екі Ту облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр.
Сұрапыл соғыс жылдарында ауданның осындай жасампаз еңбегіне үлес қосқан азаматтардың бір тобы 1945 жылы Қазақстанның 25 жылдығына орай мемлекеттік жоғары наградалармен марапатталды. 1948 жылы мал шаруашылығын өркендетудегі үздік табыстары үшін ферма меңгерушілері Тастан Башпанов, Мағаз Есқалиев, Тайыр Нысанов, Көбен Жұмалиев, колхоз басқармаларының төрағалары Арон Аюпов, Мұхиден Ғалиев, жылқышылар Қапизолла Каримов, Айтан Ысмағұлов Социалистік Еңбек Ері атанып, омырауларына Алтын жұлдыз тақты. Колхоз басшылары Ө. Есқалиева, Қ. Нұғыманов, «Бірлік ту» колхозының шопаны Ә. Сүйінов, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Қостанбаев Ленин орденімен марапатталды. Сол кездегі даңқы жайылған атақты малшылар қатарында жылқышы Мәкия Ибрашева, сауыншы Злиха Қасымова, Нұрым Бекешова, шопан Минаш Марданова, Закария Жетпісов, бақташы Нақпат Смағұлов, Дүйсекеш Алагөзов есімдері аталды.«III Интернационал» колхозының төрағасы Зейнолла Ғұмаров 1950 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Алайда соғыс аяқталғанмен, тылда қалған елдің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы өте қиын еді. Әбден күйзелген, әл-ауқаты нашарлаған елдің қамын ойлаған ер-азаматтар халықтың тұрмыстық жағдайын көтеру үшін өндірістік-тұрмыс қажетін өтеу комбинатты одан әрі жандандыруды ойластыра бастаған. Әсіресе Жұқалтай Рахметов 1954-1968 жылдары Новобогат аудандық өндірістік комбинаттың директоры болып келгенде, жергілікті халыққа тұрмыстық қызмет көрсету жұмысы бұрынғыдан да жақсара түскен. Оның тікелей басшылық етуімен аталған комбинат ұжымы ауданда, тіпті облыста бірінші болып, жергілікті халыққа, отбасына қажетті тұрмыстық бұйымдар мен киіз үй, киім тігу, кірпіш шығару және тағы басқа қызметтерді ұйымдастыруды қолға алған. Тұрғын халықты жылумен қамтамасыз ету үшін отында дайындаған.
Ол уақыттағы отын түрлері теңізден қамыс орап, баулап, соны тасып әкеліп сату және қарамай (мұнай) дайындау болатын. тәулігіне шамамен 500-1000 литрдей қарамай алу мүмкіндігі болыпты. Бұл үшін Новобогат ауылының шетінде 1917 жылы ағылшындардан қалған көп жылдар пайдаланылмай жатқан ескі мұнай көзін жөндеп, қол күші арқылы мұнай ағызып, халыққа отынға пайдалануға мүмкіндік жасаған. Осы жұмыстармен қатар малшыларға жазғы жайлауға керекті киіз үйлердің ағашын дайындау және басқа жердің киізін әкеліп құрастырып, дала ерлері киіз үймен түгелге жуық қамтамасыз етуге көп еңбек сіңірген. Басқа жақтан иленген қой терісін алдыртып жылы шолақ тондар тіктіріп, жұмысшыларды қамтамасыз еткен. Комбинат арнаулы бригада шығарып, өзектер мен жайылма сулардан балық аулап, оны халыққа арзан бағаға сатқан. Көнекөз қариялардың айтуынша, соғыстан әбден сілесі қатып, шаршап шыққан халық сарыала сазан мен жалтыраған көксерке, аққайраңның сорпасын екі-үш ай бойы ішіп, біраз әлденіп қалған көрінеді. Мұнда шаш қию, етік тігу, ер-тұрмандарды даярлау ісі де қол,а алынған.
Новобогат өндірістік комбинатында соғыс жылдары «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Олардың қатарындағы ағаш шебері Мозай Ақбаев, майдан қолбасшыларына қонышты былғары етік тізудің хас шебері Әбежан Ідірісов, оның қызы, киім тігудің ісмері танылған Торыш Әбежанова, етікшілер Ниғмет Жолмағамбетов, Сағидолла Ғабдырахманов, Шаймерден Өталиев, бригадир Қайырбай Туқанов, ағаш шебері Мұхтар Ерімбетов, жұмысшылар Жақия Жауымбаева, Қанзиба Жиенғазиева, Жұмазия Иманғазиева, Балжан Меңдіғалиева және басқа да барлығы 51 адамның аты-жөні тізімге енгізілген. Олардың Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбектеріне орай «Ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталғаны туралы архивтік құжаттан көруге болады.
Сұрапыл жылдары майдандағы жауынгерлерге қажетті бұйымдар жөнелтудегі алтын қолды шеберлердің, тігіншілердің еселі еңбектері туралы ел аузындағы әңгімелерде жиірек айтылады. Солардың ішінде хас шебер Хасай Есмағанбетовтың есімі ерекше аталады. 1886 жылы шаруа отбасында туған ол 1916 жылы l-ші дүниежүзілік соғыс кезінде патша әскері тылына, қара жұмысқа алынады. Әскерге қажетті бұйымдарды жасасып, дайындасады. Елге оралған соң осы өнерін әрмен қарай жалғастырып, жетілдіреді. Қамысқаладағы бұрынғы промартель өндірістік комбинатқа айналған кезде Хасай Есмағанбетов аталған мекемеге жұмысқа шақыртылады. Хасай қарт екі нәрседе–тері илеу мен илеген теріден бұйымдар тігудегі шеберлігі жағынан өзгелерден ерекшелеу болған. Ол кісі мал терісін илеудің ертеден келе жатқан екі тәсілін (малма, шелекке ашытқы ашытып, теріні соған салып илеу және жағып илеу) жетік меңгерген. Оның үстіне соғыста қара жұмыста жүргенде тұтқынға түскен немістерден көрген тері илеудің батыстық әдіс-тәсілдерінен де мол хабарлы әрі теріні бояудың да бірнеше тәсілін шебер меңгеріпті. Жергілікті өсімдіктердің бастары мен қуарған гүлдері, тамырларынан томар бояу да жасап алған. Хасайдың илеуі қанып, бояуы сіңген терісі су тартып езілмеген. Одан жасаған мүлік шегені берік ұстаған, тігісі ыдырамаған, тұтынуға төзімді, әрі сырт қараған көзге әдемі болып көрінген.
Хасай қарт былғарының бірнеше түрін: көксауыр құрым, козел, шегірен, сақтиян, ұлтан сияқты түрлерін дайындай білген. Оның сегіз ешкінің терісінен өзі басында жүріп илетіп, ішін астарлап тіккен сырт киімін дүниеден өткен Жасамағанбетов Сүлеймен елу жылға жуық кигендігін айтқан еді. Ол осы уақытқа дейін өңін де, әрін де жібермегенге ұқсайды. Мұндай сапалы киімді одақтың ең озық, атақты деген фабрикаларының қай-қайсысы да жасай алмаған болар, сірә. Шебердің сирек кездесетін бұйымдарын жәдігер ретінде аудандық не облыстық музейге сақтауға болатын шығар. Оның ұзақ жыл қолданған іс машинасы, Хасай қарттың қолынан шыққан мүліктері оның ұрпақтарының қолында, ел ішінде әлі де кездеседі. Хасай қарияның хас шеберлігі жайлы оның күйеу баласы, Қазақстан Республикасы Орталық музейінің директоры Зияда Ижанов республикалық газеттерде кезінде мақалалар жариялатты. Ол «КСРО Жеңіл өнеркәсібінің үздігі» төсбелгісімен және «Ұлы Отан соғысында ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
Ұлы Жеңістің 67 жылдығы қарсаңында Исатай аудандық «Нарын таңы» газетінің 2012 жылңы 3 мамырдағы санында еңбек ардагері бүгінде өмірден озған Қафизолла Біләловтің (Атырау облысының Құрметті азаматы Қатимолла Ризуановтың немере ағасы) «Жарты ғасырдан астам сақталған сурет сыры» деген мақаласы жарияланды. Осында автор анасы Алхаш (Ғайнелқаят) Салахаденқызының іс тігетін өнері, үйде «Зингер» деген іс тігетін аяқты машинасы болғандығын, 1942 жылдың аяғына таман өндірістік комбинатқа іс тігуші болып қызметке орналасқанын айтады.
– Әлі есімде, анамыз түнгі сағат он екіге дейін май шамның жарығымен жұмыс істеуші еді. Кешкі жұмысқа барғанда алты жасар мені «ес боласың ғой» деп ертіп кететін. Барғасын пештің түбіне жатқызып қойып, өздері соғысып жатқан жауынгерлерге арнап түрлі киім-кешектер тігетін. Білетінім, ол кезде екінің бірінде сағат болмайды, сосын комбинаттың төбесіне жұмыс басталса, қызыл жалау көтереді де, аяқталғасын түсірілетін еді. Сол қызыл жалау көтеріліп, түсірілгенін біздер көзіміз талғанша қарап тұрып, ішке хабар беруші едік. Жалаудан бес минут кешігуге немесе ерте кетуге болмайтын. Содан шешеміз сол өндірістік комбинатта 1958 жылы мен Алматыдан оқу бітіріп келгенге дейін еңбек етіп, құрметті еңбек демалысына шықты.
Үйіміздегі мына жарты ғасырдан астам сақталып, сарғайған 1954 жылғы суретте сол комбинатта анамызбен бірге жұмыстас болған Новобогат (қазіргі Х.Ерғалиев) ауылының ежелгі тұрғындары соғыс және еңбек ардагерлерінің бір тобы бейнеленген. Осы сарғайып, тозығы жетіп, бүгінге дейін сақталған суреттегі азаматтардың барлығы да өздерінің еңбексүйгіштігі мен оқу-тоқусыз-ақ бойларына біткен тума шеберліктері мен қабілеттері арқасында өз орталарында ғана емес, ауданға белгілі болғандар Олар тоқыған, тіккен, жасаған киім-кешектер жаумен шайқасқан ерлердің иықтарына ілінді, аяқтарына киіліп Отанды қорғауға қосқан үлесі болғаны даусыз. Тіпті, кейде жаңағы айтқан түнгі жұмыстарға барғанда қысы-жазы демей бүкшеңдеп анамызға еріп, сағат бағып, балалық шақты қиындықпен өткізген менің өзімнің де Жеңіске қосқан үлесім бар-ау -деп өзімше мерейленіп, ұрпағыма айтып отырамын. Анамыздан әкесіз жетім қалған ұл-қыздарын тәрбиелеудегі жанқиярлық еңбегі зая кетпеді. Жетеуіміз де жоқтық пен қиындықтарды көре жүріп, жоғары білім алдық, елімізге адал қызмет еттік,- деп еске алған-ды сол бір ауыр күндерді Қафизолла ағамыз.
Комбинатта бұдан басқа да ісмер тігінші әжелеріміз мен аталарымыз еңбек етіп, халықтың тұрмыс қажетін өтеуге қал-қадірінше зор үлестерін қосқанын да бүгінгі ұрпақтың біліп, жадыларында сақтап жүргендері дұрыс.
Аяпберген САЛИХОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, өлкетанушы