Елімізде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 1939 жылғы 1 қыркүйекте басталған Екінші дүниежүзілік соғыстан 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан үшін шайқасқа ұласқан майдан жауынгерлерінің рухына тағзым етіп, ерліктерін ұрпаққа паш ету парызымыз.
Сол қайтпас ерлердің, оқ пен оттың ортасында күн кешкендердің қатарынан Қойшығұл Ниязымбетовті көреміз. Бұл азамат 1925 жылы 17 мамырда Қызылқоға ауданына қарасты Сарыкөл сайында Ембі мұнайын алғашқы игерушілердің бірі Қажығали қарттың қара шаңырағында өмірге келген. Сол бір қилы кезеңде дүниеге келген сәбилерде бақытты балалық шақ қайдан болсын, әйтеуір, жүдеп-жадап ерте есейгені белгілі. Солар сияқты Қойшығұл да 1942 жылы Қосшағыл мектебінде оқып, 9-шы сыныпты бітіргенде мектеп жабылып, қыздар жан-жаққа, ал ұлдар әскерге аттанады. Сөйтіп ол 1943 жылы Жылой аудандық әскери комиссариат арқылы әскерге шақырылып, қаршадай бала қан майданнан бір-ақ шығады.
Қолдағы мәліметтерге қарағанда, кескілескен ұрыстарды Батыс Украинадан бастап, Белая Церковь арқылы өтіп, Чехославакия, Польша, Австрия жерлерін неміс-фашист басқыншыларынан азат етуге қатынасып, Берлинге дейін жеткен. Айта салуға оңай көрінгенімен әскери бөлімдерде барлаушы, орудиомер, көлік жүргізуші сынды соғыс жағдайындағы кез келген тапсырманы сәтті орындауға тырысады. Жараланса да жауға деген өшпенділік жанын қоярға жер тапқызбай жауынгерлермен бірге асқан ерліктің үлгісін көрсетеді. Ал қан сасыған дала тағдырын суреттеудің өзі ауыр.
Сондай бір кескілескен ұрыс жүргізіп жатқанына қарамастан командир Қойшығұлға жауынгерлік әскери тапсырма береді. Мұны енді жаныңды қисаң да орындау міндет. Яғни машинаның үсті толған жарылғыш заттарды жедел алдыңғы шепке жеткізу керек. Оқ қарша борап тұр. Содан ол қайткенде де тез жүріп, алыстан көрінген терекке жетіп тұруға бел буады. Алайда, әуеде ұшқан фашист ұшақтары мұны байқап қалып, бомба тастай бастайды. Терекке жетер жетпесте машинаның арт жағы жарылғанмен аман қалған Қойшығұл тапсырманы орындап үлгереді. Майдандарда көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Қ.Ниязымбетов “Жауынгерлік Қызыл ту”, “Қызыл жұлдыз”, ІІ дәрежелі “Отан соғысы” ордендерімен және медальдармен марапатталған.

Жалпы тарихи деректерге көз жүгіртсек, Чехословакияны жаудан азат етуге 4-ші Украин майданында қазақстандық 8-ші атқыштар дивизиясының құрамындағы 62-ші артиллериялық Карпат, 151-ші, 310-шы атқыштар полктері «Қызыл Ту», ІІІ дәрежелі Кутузов, Суворов ордендерімен марапатталған екен. Сондай-ақ 72-ші және 73-ші гвардиялық атқыштар дивизиялары Венгрия, Оңтүстік Чехословакия, Австрия аумағындағы жау әскерін біржола тізе бүктіріп, халқына бейбіт өмір сыйлаған. Прага операциясы барысында 52-ші армия құрамындағы алматылық 556-ші эскадрилия ерлікпен көзге түскен. Ал Берлин операциясына қазақстандық 118-ші, 313-ші атқыштар дивизиялары және 209-ші атқыштар полкі қатысқан. Берлин Ратушасын алуда 118-ші атқыштар дивизиясының взвод лейтенанты К.Маденов, ал көше шайқастарында И.Б.Мадин, Рейхстагка ту тігуде Р.Қошқарбаев ерлігі бәрімізге белгілі.
Міне, бұл мәліметтерді келтіріп отырған себебіміз мұнда жауынгер Ниязымбетовтің жорық жолындағы іздері сайрап жатыр. Жалпы сұрапыл соғыстың зардабын айтып жеткізу мүмкін емес. Мысалы, осы Қойшығұлмен бірге Базарбай, Сыдиық, Ғаббас, Құспан, Жайлау сынды бауырлар да майданға аттанған. Соның ішінде Сыдиық Сталинград түбінде, Ғаббас Краснодар жерінде ерен ерлікпен қаза болады. Бейбіт күннің бақытын көру Базарбай, Құспан, Жайлау және Қойшығұлдарға ғана жазыпты.
«Біз көргенде Қойшыекең «Құлсарынефть», қазіргі «Жылыоймұнайгаз» басқармасында «Тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық» бөлімін басқарады екен. Оның негізгі міндеті қаланы сумен, жылумен қамтамасыз ету болатын. Бұл асқан жауапкешілікті, ұйымдастырушылықты талап ететін күрделі сала еді, басшы құтаймайтын. Арнаулы техника тапшы, жер қазатын экскаваторлар жоқтың қасы, әрі қол еңбегі басым, жұмыс ауыр, еңбекақы басқа бөлімдермен салыстырғанда төмен, кадрлер де тұрақтамайды. Ұзақ жылдар бойы тартылған ескі су құбырлары ауа райының не бір қолайсыз күндерінде жарылып, ауыз су далаға шалқып кетіп жататын. Осындай сын сағатта Қойшыекең өзін таныта білді. Оның ұстамдылығы, табандылығы, өз саласын жетік білуі – шешуші рөл атқарды. Ол уақытпен санаспай, күн-түн демей жұмысшылармен қоян-қолтық араласып жүретін, қандай дәрежедегі адамдармен де тіл табыса білетін, не бір түйткілді істерді у-шусыз тындыратын. Қойшыекең не істесе де «мен» демейтін, мақтанбайтын, әрдайым белгісіздеу, көлеңкеде жүріп, өзінің жұмыс нысанынан ұзап кетпейтін. Осылайша адам төзгісіз қиын саланы ұзақ жылдар басқарды, жалпы өндірісте 46 жыл еңбек етті. Зейнеткерлік жаста да еңбектен қол үзбей, басқа цехқа ауысып, абырой-беделін түсіріп көрген емес. Сөйтіп жетпіс екі жасқа қарағанда өмірден озды»,- деп жазыпты өз естелігінде ардагер ұстаз Сабыр Ғабдолкәрімұлы.
Аяныштысы сол зайыбы Бағытжан қос жанарынан айырылып, зағип болсып қалса да ол өз қадірін, орнын білетін келісті бәйбіше-тұғын. Бауырынан тараған бес ұл-қызға ұлы Әбілкәрестен көрген бес немере жалғасқан. Базары тарқамайтын, береке-бірлік дарыған Ниязымбетовтер отбасын ұлттық тәрбиенің таптырмас үлгісіндей көріпті.
– Әулеттің балалары мен немерелері мен басқарған Пушкин атындағы мектепте оқыды. Тұңғышы Әнес (Бижанов) мен келерден бірер жыл бұрын бітірген екен, оның жағымды қылықтары ұстаздарының аузынан түспейтін. Әнес ерте ер жетті, мұнайшы мамандығын алып, Ақтауда еңбек жолын бастады, тез көтерілді, партия, кеңес жүйесінде лауазымды қызметтер атқарды. Кешегі өтпелі кезеңде Жылыой аудандық партия комитетінде екі жыл хатшы болды. Бұл күндері Алматыда тұрады. Біз оны бүкіл әулеттің тірегі, бауырларының қамқоршысы деп танимыз. Бағытжамал, Әбілқасым, Шара, Сара, Әлім – бәрі де өз қолымнан өтті, жақсы оқыды, Әбілқасым мектеп оқушыларының облыстық шахмат жарыстарына да қатынасты, қазір Ақтауда тұрады, мұнайшы. Талай ауыр күндер бірінен соң бірі қайталанды. Әуелі әжесі мен анасы Бағытжан дүниеден озды. Қойшыекеңнен кейін бас көтерген ұлдары Әбілкәрес пен Әбусапиян қайтыс болды. Әулет бұндай қатал сындардан да қайыспай өтті. Бұл күндері Қойшыекеңнің немерелері Атырауда бір шарбақтың ішінен төрт үй салып, рулы елдей шалқып отыр. Ұштап, Рәзия аналардың төбесі көкке жетіп, бақытты күн кешуде. Осы жолдарды жазу кезінде ең кіші немересі Жеңіспен байланыс жасадым. Осы заманның маманы, екі институт бітіріпті, «Светланд-Ойл» компаниясын басқарады екен. Сөйлесе ішіңе кіріп тұрған, сүйкімді жігіт. Қысқасы Қойшекеңнің әулеті қоғамнан өз орнын алған,- деп тұжырым жасайды ардагер ұстаз.

Осындай естеліктің тағы біріне көз жүгіртсек замандасы Олжабай Шалқаров: – Сонау 1960 жылдардың бас кезінде «Құлсарымүнайгаз» баскармасы ұжымының бірнеше өндірістік бөлімдерінде біріміз тұрғындарды су және жылумен қамтуда, біріміз Құлсары кен орнында мұнай өндіруде жүмыс істеп жүріп, сол кездегі Еңбекшілердің ынтымақ күні – 1 мамыр, 7 қараша – ¥лы қазан көтерілісі мерекелеріне дайындық кезінде Ниязымбетов Қойшығұл, Құлсариев Аманжол, Тасмұханов Қабаш, Дағыстанов Қайрошпен жақынырақ танысу сәті түсті. Жоғарыда аты аталған азаматтар бір ұжымда еңбек ететін. Маған Қойшекең сабырлы да, орнықты мінезімен, аз сөйлейтін қарапайымдылығымен үлкен әсер қалдырған. Осы күннен бастап ара-қатынасымыз жиілеп, мереке күндері, жиын, тойларда бірге болып жүрдік,- деп естелігімен бөлісетін.
Байырғы мұнайшы, Жылыой ауданының құрметті азаматы Зейнолла Бозтаев: – 1952 жылдан өмірінің соңына дейін Құлсары кәсіпшілігінде мұнай-газ өндіру басқармасында үзбестен бір орында 44 жыл еңбек етті. Әуелі арнайы техникада жүргізуші, механик, цех бастығы міндетін абыроймен атқарды. Ұзақ жыл коммуналдық шаруашылық саласындағы ауыз су, жылу жүйесін қамтитын бірнеше жердегі қазандық жұмысын бақылап, тұрғындарға, бала-бақша мен мектептерге, ауруханаға жылу, ауыз сумен қамтамасыз ету цехын басқарды. Абыройлы қызмет көрсетіп, халықтың тілін таба білді. Құлсары мұнай-газ өндірісі басқармасының басшылары сыйласып, сапалы жұмыстар атқарды. Мен өзім Қойшығұл ағамен 30 жылдан артық қызметтес болдым, ақылгөй аға болатын. Тек мен емес, басқа азаматтармен де сыйластығы жоғары еді. Өмірдің қатал заңымен ағамыз 1996 жылы 72 жасында өмірден озды,- деп жазады өз естелігінде.
Осынау көз көрген жандардың жазған естеліктерінің өзі-ақ ағамыздың абыройын асқақтатып тұрғаны сөзсіз. Қайткенде де сонау Сарыкөлде алаңсыз өскен сар бала ер жеткен соң қолына қару ала елін қорғап, жауды талқандап, Берлинде тізе бүктіруге атсалысты. Сондықтан да Отан үшін от кешкен қайтпас қара нардай жауынгер Қойшығұл Ниязымбетовтің ерлігі кейінгі ұрпаққа мәңгі үлгі болып қала бермек.
Жанай АМАНТУРЛИН