Ғылым шіркін ДАҢҒЫЛ ЖОЛ іспетті. Әдетте үлкен жолмен келе жатып, сол жолға қадам басқандар өз соқпағын сала жөнеледі. Ғасырлар бойы солай болған, әлі де сол үрдіс жалғаса бермек. Өйткені бұл сапарда әркімнің жолы бір-біріне ұқсамайды. Жалпы сипаты, ортақ мазмұны болғанымен ғылымға үлес қосқысы келген жан тыңнан түрен салып бастайды. Табиғаты, талабы солай. Ғылым біреуден көшіру емес – өз үніңді халыққа жеткізу. Кезінде КазГУ аталып кеткен, бүгінде әлемге әйгілі ұлттық университетімізден түлеп ұшқан Қайрат Сақтың алдында да сан тарау соқпақтар қол бұлғап тұрды.

Неден басталып еді өзі? Айтқандай, 1987 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ғылыми конференция өтіп, сол алқалы жиында Қайрат Алаш арысы Міржақып Дулатовтың журналистік қызметі туралы көлемді баяндама жасайды. Залда тырс еткен дыбыс жоқ. Бәрі іштен тынып, мұқият тыңдап қалған. Оның мәнісі компартияның ерекше назарында тұрған, әлі ақталмаған тұлға туралы ой тарқату «қауіпті» еді. Бірқатар ғалымдар сақтық танытты, кейбіреулері «біреу бастасын, сосын көре жатармын» дегендей сыңай танытқан шақ. Жас ізденушінің архивтік деректерден алған материалдары негізінде жазған баяндамасы көпке ой салды. Бірқатар аға-апайлары батылдығы үшін арқасынан қағып жатса, кейбіреуі «сәл байқағын» дегендей «сақтандыру ескертпесін» білдіргенсіді. Ал арада екі жыл өткенде – 1989 жылы Алаштың ардақты тұлғасы Міржақып Дулатов ақталды.

Жұрттың назарына іліккен жас жігіт соны соқпағын кеңейте бастады. «Міржақып Дулатовтың журналистік және публицистік қызметі» деген тақырыпта диплом жұмысын жазып, ғылыми жұртшылықты университет қабырғасында студент болып жүріп-ақ елең еткізді. Кеңестік саясат үстемдік құрып тұрған ол заманда мұндай «шатақ» тақырыпқа бару тәуекелдің көкесі болатын. «Тиісті» органдар араласып, диплом қорғамақ түгілі бас қайғы болатын шақ еді ғой.

Жастық максимализмді қойсаңшы: «Қайдан шықса одан шықсын» деп мұзды суға қойып кеткендей «қауіпті» тақырыпты сәтімен алып шықты. Әрине жазу бар да қорғау бар. Негізгі ұстаздар жанашырлық ниетте болғанымен, араларында «ойланып көрейік» деген солқылдақ пікірдегілер де ұшыраспай қалмады. Алайда ұлт руханиятының ірі тұлғасы, диплом жетекшісі, профессор Тауман Амандосов «баланың бетін біреу қайтармасын» деп ауруханадан арнайы сұранып келіп, қорғауына қатысып, ақыры сәтімен қорғап шыққан.

Мұндай елең етерлік оқиға болып жатқанда қорғауға Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар апамыз бен ғылым тарихының білгірі Үшкілтай Субханбердина келіп, арнайы қатысыпты. Ізгі ниеттерін білдірген. Гүлнар апамыз қатты толқып, көзіне жас алыпты. Бұл дегеніңіз университетті енді бітіріп жатқан студент үшін зор абырой еді.

Содан бастап Қайрекең атқа қамшы басты. Үшкілтай Субханбердина апасының басшылығымен «Қазақ» газетінің шаң басқан тігінділерін ақтарып, төте жазудан кириллицаға түсіруді қолға алды. Ол Ұлттық Ғылым академиясының сирек қолжазбалар қорында жатқан асыл қазына еді ғой. Жас ізденуші сағат кешкі алтыда жұмысынан шығып, арнайы рұқсатпен түнгі он екіге дейін тапжылмай отырып, газеттегі мәтіндерді қаламсаппен көшіріп шыққан ғой. Мұндай жанкешті іске жігіттің жігіті шыдаса керек.

Негізі бұл жобаны 1913-1914 жылдардағы тігінділерін ол, ал 1915-1916 жылдарды Сәрсенбі Дәуітов ағасы, 1917-1918 жылдарды Үшкілтай апа өзі қотаруы керек болған. Алайда Сәкеңнің отбасылық кенет жағдайына байланысты Қайраттың қолға алуына тура келген. Оның бұл бейнетті тірлігәне Үшкілтай апа сенім артып, өзі де тосын қадам жасады, зейнетақысын алған бойда мәшіңке басатын қыздарға қолжазба мәтіндерін бастырып отырған. Ғылымға берілудің ғажап көрінісі емес пе бұл дегенің. Сөйтіп ерен еңбектің жемісі 3 кітапқа жүк болатын тұста жобаға қатысушылар 1993 жылы сол кезде Қазақ КСР Энциклопедиясын басқарып отырған филология ғылымдарының докторы, профессор Рымғали Нұрғалиға апарған ғой. Ол кісі қуана қабылдаған. Экономикалық, қаржылық қиыншылықтарға байланысты ол қолжазба 1997 жылы ғана бір кітап болып шығып, ғылыми жұртшылық сілтемелер жасай бастаған.

Академик Манаш Қозыбаев, К.Нұрпейісов, М.Қойгелді ерекше назар аударған. Бұл енді елеулі жетістік екенін ғалымдардың мойындауы зерттеуші үшін зор мәртебе ғой. Қайрат Өмірбайұлы ғылыми ізденісіндегі негізгі тақырыбын жеріне жеткізе білді: «Қазақ» газетіндегі ұлттық саяси-әлеуметтік мәселелердің жазылуы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.

Осы «Қазаққа» байланысты тағы бір деталь: іссапармен Түркиеге

барып, Қажы Байрам Вели университетінің кеңсесіне кірсе, сол оқу ордасындағы профессор Гүлжанат Құрманғалиеваның алдында баяғы өзі шығаруға атсалысқан «Қазақ» газеті мәтіндері жинақталған кітап жатыр дейді. Құрастырған – Қайрат Сақов. Сол жерде әріптесі бұл кітап жиі қолданатын еңбек екенін айтыпты. Бұдан артық не керек?

Жалпы, негізінен алаш тақырыбын қаузайтын Қайрат Сақ осы

төңіректегі бірқатар жобаларға үлес қосқан.

*«Дала уәлаятының газеті» энциклопедиялық жинағының 4-5 томдарын құрастыруға қатысқан.

*»Алаш баспасөзі» 10 томдығына белсене атсалысқан.

*Осы маңызды тақырып төңірегінде мынадай 4 том шығарған:

-«Алаш көсемсөзі: жер мәселесі»

-«Алаш көсемсөзі: тіл мәселесі»

-«Алаш көсемсөзі: дін мәселесі»

-«Алаш көсемсөзі: шаруашылық мәселесі»

Бұл кітаптар қазір еліміз университеттерінің журналистика, әлеуметтік және басқа ғылымдар саласы бойынша маманданып жатқан білім алушылардың қажеттерін өтеуде. Осындай кітаптар бар екенін жұрттың бірқатар бөлігі естігені анық.

Енді ақпарат ретінде ол жинақтарда не айтылды екен дегенге тоқталсақ. Қай ғасырда да тіл мәселесі барлық елде талдау нысанына айналып жатады. «Алаш көсемсөзі: тіл мәселесі» жинағында ХІХ ғасыр аяғында жарық көрген «Дала уалаятының газетінен» бастап, ХХ ғасырдың 30-жылдарында шыққан «Жас Түркістан» журналы аралығындағы Алаш басылымдарының тіл мәселесіне қатысты құнды жарияланымдары топтастырылған. Сонымен бірге архивтерден алынған тарихи құнды құжаттар мен Алаш қайраткерлерінің жеке жинақтарына енген тілге қатысты көсемсөздері енгізілуі бұл жинақтың құндылығын арттырған. Кез келген ізденуші белгілі бір тұлғаға қатысты құнды ақпаратты осы жерден тауып ала қояды. Мұндағы ақпараттар ғылыми тұжырымдармен нақтыланғандықтан әркім-ақ оған батыл түрде сілтеме жасай алады.

Атам заманнан бері жер тағдыры мұқым адамзат баласын толғантқан. Жер үшін қаншама соғыс, шайқастар болды десеңші. Кезекті «Алаш көсемсөзі: жер мәселесі» томында ХХ ғасыр басында қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятып, азаттық жолында күрес көрігін қыздырған Алаш азаматтарының мерзімді баспасөзде жарық көрген көсемсөз мұралары ел  тарихын терең білумен бірге бүгінгі күні де өзекті болған ұлттық мәселелердің оң шешімін табуына пайдасы тиетінін терең зерделеген, қыруар ақпараттар қамтылған.

Кезінде ұлтымыздың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «қазақтың тірі я өлі болу мәселесі» деп қазақ қоғамы алдына өткір қойған жер мәселесі нақты деректермен әдіптелген. Алаш қайраткерлерінің өнегелі ойлары молынан берілген. Аталмыш жинақта «Түркістан уалаяты газетінен» бастап «Жас Түркістан» журналы аралығындағы Алаш басылымдарының жер мәселесіне қатысты құнды

материалдары топтастырылған. Бұл – бүкіл оқырман қауымға қажетті дүние.

Тағы бір «өртеніп тұрған» тақырып дін төңірегінде өрбіп отыратыны белгілі. Қай елде, қай ғасырда болмасын бұл жиі талқыланатын нәрсе болғандықтан «Алаш көсемсөзі: дін мәселесі» томында ХІХ ғасыр аяғында жарық көрген «Түркістан уалаятының газетінен» бастап, ХХ ғасырдың 30 жылдары шетелде басылып шыққан «Жас Түркістан» журналы аралығындағы Алаш баспасөзінің дін мәселесіне қатысты құнды жарияланымдары топтастырылыпты. Бодандықтың құрсауында болған қазақ елінің діни наным-сенімі ХХ ғасыр басында аса күрделі кезеңді бастан кешкен тұста Алаш зиялылары қол қусырып қарап отырмағаны белгілі. Олар ұлттың діни тұтастығы елдің жарқын болашағының кепілі екенін айрықша түсініп, сол жолда кездескен күрделі мәселелерді шешуде табандылық танытып, өздерінің жалын атқан көсемсөздері арқылы мұқым қазақты тура жолға бастауға талпынған. Ал Алаш баспасөзінде жарияланған көсемсөз өткенімізді танып білу үшін ғана емес, бүгінгі діни ахуалымызды бағамдап, болашақта осы бағытта нақтылануға тиісті мемлекеттік саясатты бағдарлау үшін таптырмайтын бай тәжірибе екендігі анық.

 Бұл кітап дінтанушы мамандарға, Алаш көсемсөзін зерттеп жүрген алаштанушы ғалымдарға, ата дінімізге бей-жай қарамайтын, осы бағытта білімін шыңдағысы келетін жалпы оқырманға пайдалы екендігі еш күмәнсіз анық. Болашақта бұл жоба жалғасатын сыңайлы. Ол келешекте «Ғылым мәселесі», «Өнер мәселесі», «Мәдениет мәселесі» болып жалғастырылуы жоспарда бар көрінеді. Ол ақпараттар да студент, магистрант, докторанттарға, жалпы ғылымсүйер қауымға қажет болары хақ.

Қайрекең бұның сыртында «Ұлттық сана ұйытқысы», «Алаш мұрасы», «Қазақ журналистикасы» оқу құралдарын, «Алаш мұрасы» кітабын, 200-ден астам осы тақырыптағы ғылыми мақалаларын беделді журналдар мен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялар материалдары жинақтарында жариялаған.

Мына бір мәселеге тоқталған жөн. Қайрат Сақ «Қазақ» газетін жіті

зерттегендіктен оның бұл басылым туралы өзгеше пікірі бар. Назар аударыңыз: «Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын, ел басына келген бәленің атын білмей, түсін танымаса да, елі мінген еспесі жоқ қайықты теңіздің ішінде жылжытып бара жатқан жел мен қүйынның бар екенін оқып жүрген бала да сезетұғын. Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына дейін түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын. Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін, ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң, маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ақаңның екпіні болатын» деген жолдар сол жайынан сыр шертеді.

Нарықтық экономикаға бейімделу жағынан да Ахмет Байтұрсынұлы бас редакторы болған газет үлгі бола алады. Монархиялық Ресей билігінен бір рубль (сол тұстағы қазақ ақшасы) алмақ тұрмақ, керісінше салығымен қоса, бірнеше мәрте айып сомасын өтеп беріп, шаш етектен шығынға батқанына қарамастан, өзін-өзі толық қаржыландырған, тіпті үстінен табыс тауып, білім қуған қазақ жастарына жолақысы мен шәкіртақысын төлеп беріп, қамқорлығына алған басылым өнегесін үлгі етіп неге ұстанбасқа? Оған қол жеткізу үшін «Қазақ» газеті басқармасы оқырмандарымен жанды байланысты жолға қойған. Әр оқырманының жүрегінен жол таба білуі жылдан-жылға таралымының еселеп артуынан анық байқалады.

Халық қолдан-қолға асырып, іздеп жүріп оқитынын көрген кәсіпкерлер өз жарнамаларын, түрлі хабарландыруларын соған жариялауға асығуы да табыс көзі болғаны тәнті етеді. Сонымен тоқтап қалмай, «Азамат» серіктігін құрып, қазіргі тілмен айтқанда, Акционерлік қоғам ашып, қосымша инвестиция тартып, қазақ тарихында тұңғыш баспахана сатып алған тәжірибелерін үйренсек қане? Медиа маркетинг, медиа менеджмент дегеннің хас үлгісін көрсеткен басылымнан үйренеріміз көп.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, халқымыздың ХХ ғасыр басында айырылып қалған төл атауын қайтару қамында және патшалық Ресей монархиясының «бөлшекте де билей бер саясаты» салдарынан рулық-тайпалық санамен уланған, бірі-бірімен жауласып, тоз-тозы шыққан қазақты бір ұлт етіп біріктіру, ұйыту мақсатымен Алаш қайраткерлері шығарған «Қазақ» газетінің өнегелі жолын үлгі етіп, отандық журналистиканы жаңғыртатын, дербес әлеуметтік институт, шынайы төртінші билік деңгейіне көтеретін уақыт жетті дегіміз келеді.»

Міне бұл – өз тақырыбын терең зерттеген жанның байыпты, салмақты пікірі. Яғни «Қазақ» газетінің өнегелі жолын үлгі тұтып, ел қамын жоқтайтын басылымды шығару қажет деген терең ой жатыр бұның ар жағында. Егер билік зерделі зерттеушінің пайымды пікіріне құлақ асып жатса құба-құп қой. Өйткені қазіргі қазақ баспасөзі азусыз болып бара жатыр. Ұлт қамын ойлайтын газет, журналдар азая түсуде.

Біз бұл мақаламызда алаштанушы ғалым Қайрат Сақтың ғылым жолындағы бірқатар қырларын қамтуға тырыстық. Ол зерттеуші болумен қатар жоғары оқу орнының өнегелі ұстазы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы.

Ұзақ жылғы еңбегі жоғары бағасын алған. Қайрекең ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың Алғыс хатымен, Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан жоғары оқу орнының үздік оқытушысы», Мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері»,  Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, көптеген ведомстволық төсбелгілермен марапатталған,  Осы жылдың тамызында Түркістан облысы Төлеби аудандық мәслихатының шешімімен оған ауданның «Құрметті азаматы» атағы берілді.

Алаш мұрасын жоқтаған арда азамат, алпыстың асқарына абыроймен көтерілген әріптесіміздің алар биіктері әлі алда.

Мұратбек ТОҚТАҒАЗИН,

«Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бірінші вице-президенті,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық  университетінің

профессоры