«Матросовшылар» деген кімдер?
Адамзат тарихында бұрын-сонды болмаган алапат Екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі – Ұлы Отан соғысындағы жеңіске биыл 80 жыл толады. Соған орай бұқаралық ақпарат құралдарында Ұлы Жеңіске қалай қол жеткізгеніміз туралы тың деректер жарияланатындығы сөзсіз. Осыған орай біз оқырмандар назарына жаңа архивттік деректер негізінде кейін белгілі болған төмендегі оқиғаларды ұсынуды жөн көрдік.
Ұлы Отан соғысында кеңес әскерлері фашистерді ел аумағынан қуып шығару барысында қан майданда талай жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсетті. Солардын ішінде кеңес әскерлерінің шабуылын қамтамасыз ету жолында жаудың атыс ұясын өз денелерімен жабуы сияқты ерліктерін ерекше айтқан жөн.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ДОТ-тардағы пулеметтердің ауызын денесімен жауып, кеңес әскерлерінің ілгері шабуылдауына жағдай жасағандарды әдетте «матросовшылар» дейді. Себебі, осындай ерліктің біреуін 19 жасар қызыләскер Александр Матросов жасаған. Ол 1943 жылдың 27 ақпанында (кейбір деректерде 23 ақпанда) Калинин облысына қарасты Чернушки деревнясын жаудан азат ету үшін болған ұрыста өзінің денесімен жау ДОТ-ның аузын жауып, әскеріміздің ілгері жылжуына мүмкіндік берген, сол жерде өзі де қаза тапқан. Қызыләскердің осындай ерекше ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Соғыс кезінде А.Матросов сияқты ерлік көрсеткен офицерлер мен солдаттар саны 470-тен асқан. Дейтұрғанмен, соғыс аяқталғаннан кейінгі 80 жылда соғыс тарихын зерттеушілер А.Матросовтың ерлігін одан бұрын да жасаған жауынгерлердің болғандығын дәлелдеді. Солардың бірі – 1942 жылы қаңтар айында Гурьев облысы, Есбол (қазіргі Индер) ауданынан майданға аттанған қызыләскер Боран Нысанбаев еді.
Алайда, осы жерде бүкіл Атырау халқы және республика жұртшылығы білуге тиісті екі нәрсені ерекше айтқанымыз жөн болады: Бірінші, 1942 жылы қаңтар айында Гурьев облысы, Есбол ауданынан 1918 жылы туған екі Боран Нысанбаевтың майданға аттанғандығы, екінші сол екі азаматтың әскери өмір жолдары туралы мәліметтердің соңғы жылдарға дейін мейлінше шатастырылып келгендігі. Соған байланысты біз әр Боранның әскери жолына жеке-жеке тоқталғанды жөн көрдік. Олардың біріншісі – Боран Нысанбаев Мәстектегі; екіншісі – Боран Нысанбаев Арыстантегі.
Атқыш Боран Нысанбаевтың жауынгерлік жолы
Алғашқы әңгіме–Нысанбаев Боран Мәстектегі туралы.Нысанбаев Боран – руы Құлкеш Беріш, 1918 жылы Гурьев облысы, Есбол ауданы Қаңбақты ауылдық кеңес аумағында туған. 1942 жылы 6 қаңтарда Есбол аудандық әскери комиссариатынан майданға аттанған. Әкесі – Мәстеков Нысанбай.
2023 жылғы 14 шілдедегі РФ Қорғаныс министрлігі орталық архивінен (Подольск, Москва облысы) Боран Нысанбаевтың ұрпақтарына келген №11/14054 хатта Боран Нысанбаев Мәстектегі сауатсыз деп көрсетілген, партияда болмаған. Подольскідегі әскери архивтегі деректер бойынша Боран Нысанбаев 1942 жылы 137-атқыштар дивизиясының, 771-атқыштар полкінде тіркелген.
1943 жылы 16 ақпанда Шалимово деревнясы үшін болған ұрыста сол жақ құлағынан жараланған. Оны полк командирі подполковник А.И.Гордиенконың Боранның 1943 жылы 23 ақпанда госпитальге жіберілуіне байланысты шығарған №36 бұйрығы растайды. Боран 1943 жылдың 27 ақпанынан 2 наурызына дейін Тула қаласында №1145 госпитальде емделген (РФ Қорғаныс министрлігінің орталық архивының филиалы, әскери-медициналық құжаттар архиві. Санкт-Петербург қаласы. Жараланғандар мен ауруларды есепке алу картотекасы).
Нысанбаев Боран Мәстектегінің жауынгерлік өмір жолы туралы Ресейдің Подольск архивінен 2023 жылғы 17 қазанда алынған №8117048 құжаттан мынадай жолдарды көреміз: «Балтық жағалауы әскери округінің запастағы 204 майдандық атқыштар полкінің 1943 жылғы есепке алу кітабында былай деп жазылған «…494. 2-атқыштар батальонының қызыләскері Нисамбаев Бурак 19.03.43 келді, ал 11.04.43 215-запастағы атқыштар полкіне жіберілді». Одан әрі «61 Армияның 215-запастағы армиялық атқыштар полкіне 1943 жылы толықтыруға келгендерді есепке алу кітабында былайша жазылған «…239. 1-атқыштар батальонының қызыләскері Насамбаев Буран 17.04.1943 204-запастағы майдандық атқыштар полкінен келді».
61-Армияның 215-запастағы армиялық атқыштар полкінен 1943 жылы кеткендерді есепке алу кітабында былай деп көрсетілген: «…654. 1-атқыштар батальонының қызыләскері Нисамбаев Буран 28.04.43 336-атқыштар дивизиясына жіберілді». 1943 жылдың 6 мамырынан бастап 336-атқыштар дивизиясының 1130-атқыштар полкінде мина тасушы болған.
Өкінішке орай, Б.Нысанбаев сол 1943 жылдың 14 желтоқсанында Житомир облысында соғыста қаза тапқан. Ол туралы архивтік деректерде былай деп көрсетіледі: «Подносчик мины 1130 стрелкового полка, 336-стрелковой дивизии красноармеец Насанбаев Бурак, 1918 г. рождения, уроженец Гурьевской области, Испульского района, Канбактинского с/с, призван 6 января 1942 г. Испульским РВК Гурьевской области. Погиб 14 декабря 1943 года, похоронен 200 метров южнее дома лесника Федоровского с/с, Малинского района, Житомирской области. Отец – Мастиков Насанбай, проживал по месту рождения учтенного».
Боранға қатысты соңғы құжат мынадай: 336-атқыштар дивизиясы, 1130-атқыштар полкі командирінің 1943 жылғы 24 желтоқсанында қол қойған №07/а бұйрығында былай делінген: «§1.1. Төмендегі сержанттар мен қатардағылар құрамы полктің тізімінен және барлық қамтамасыз ету тізімінен шығарылсын:
2-атқыштар батальоны бойынша: 31. Қызыләскер Насанбаев Барак 14.12.43. қаза тапқан».
Атқыш Боран Нысанбаевтың қазіргі жерленген жері – Житомир облысы, Малин ауданы, Ворсовка селосының орталығындағы №824-қабір.
Боранның қаза тапқаны туралы қаралы қағаз елге 1946 жылы желтоқсан айында жеткен. Атқыш Боран Нысанбаев соғыста жаралы болған, бірақ ешқандай награда алмаған.
Мінеки, қызыләскер атқыш Боран Нысанбаев Мәстекұлының әртүрлі қателіктерден мүмкіндігінше тазартылған бар жауынгерлік жолы осы. Жоғарыдағы келтірілген барлық архивтік құжаттардан мынандай қорытындыға келуге болады: Боран Мәстектегінің 1943 жылғы 6 ақпандағы Лески деревнясы үшін болған шайқасқа еш қатысы жоқ. Сондықтан да, атқыш Боран Нысанбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын беруге ешқандай негіз жоқ болатын. Алайда, Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Грамота атқыш Б.Нысанбаев Мәстектегі отбасына тапсырылған.
Минометші Боран Нысанбаев жасаған ұлы ерлік
Келесі әңгімеміз – 1942 жылы қаңтар айында Есбол аудандық әскери комиссариатынан майданға аттанған Боран Нысанбаев Арыстантегі туралы. Нысанбаев Боран 1918 жылы туған, руы Жастабан Таз. Анасы – Рәзия Өтеғалиева. Ол отбасындағы 4 ұл, 2 қыздың бірі. Архивте туған жері Қазақ КСР-ы, Гурьев облысы, Есбол ауданы деп көрсетілген. БЛКЖО мүшесі. Ұрпақтарының айтуынша, Боран Таңдайда интернатта жатып, бастауыш білім алған. Үйленген, Әйелі Ұрқия Дәлуова. Боран 1942 жылы 14 қаңтарда, ал ағасы Ерші 1943 жылы 13 ақпанда майданға аттанған. Алайда, екеуі де хабарсыз кеткен. Бастапқы да оларды іздеу барысында ешбір нәтиже болмаған. Өкінішке орай, Атырау облыстық архивінде Боран Нысанбаев Арыстантегі туралы деректер жоқ болып шығады.
Содан кейін ұрпақтары Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының және Ресейдің Подольскідегі әскери архивтерге хат жазып, «Память народа» сайтымен хабарласқан. Сол Ресейден табылған деректерге сүйене отырып, Боран Нысанбаев Арыстантегінің жауынгерлік жолы туралы қысқаша мынаны айтуға болады.
1943 жылғы 6 ақпанда 48-Армияның 137-атқыштар дивизиясы, 771-атқыштар полкі, 1-батальонының әскерлері Орел облысы, Покровск ауданы, Лески деревнясын жаудан азат ету үшін шабуылға шыққан. 40 минуттық артиллериялық дайындықтан кейінгі кеңес әскерлерінің шабуылынан еш нәтиже болмаған. Себебі, жаудың ДОТ тәрізді етіп жасалған мықты да үлкен ДОТ-ынан пулеметтер жоғарыдан оқ себелеп, жауынгерлердің ілгері жылжуына мүмкіндік бермеген. Осы кезде 1-минометшілер ротасының минометшісі Боран Нысанбаев пулеметтердің себелеп тұрған оғының астымен екі рет жау ДОТ-ына жақындап барып, гранаталар лақтырады. Бірақ, пулемет үні өшпейғ әлі де атылып тұрады. Содан соң, командирден пулеметтердің үнін өшіруге рұхсат алған Боран өз денесін айналдыра гранаталармен байлап, қолына танкіге қарсы қолданылатын екі граната алып, ДОТ-тың есігіне дейін жорғалап барады, сосын есікті теуіп ашып, ішіне секіріп түседі де гранаталарын лақтырады.
Жойқын жарылыс нәтижесінде пулеметтер түгелімен істен шығып, батальон жауынгерлері жау әскерлері орналасқан төбені басып алады. Тас-талқаны шыққан жау ұясының ішінен 28 фашист солдаты мен офицерінің өліктері және комсомол мүшесі Боран Нысанбаевтың денесі табылады. Осылайша, минометші Боран Нысанбаев Арыстантегі Отанын басқыншы жаудан азат ету жолында ерлікпен қаза табады.
Архивтік деректерге үңілсек, 771-атқыштар полкінің командирі, подполковник А.И.Гордиенко Лески деревнясын жаудан азат етуде қаһармандық көрсеткен минометші Исимбаев Буран деп көрсетеді. Неге? Исимбаев Буран деген сұраққа былай деп жауап беруге болады. Ол мезгілде танкіге қарсы қолданылатын екі гранатамен бункерді жарып, өзі де қаза тапқан, денесі әбден пәршаланған қызыләскердің кім екенін анықтау қиынға соққан. Тек төсқалтасынан алынған, қанға малынған комсомолдық билеттің қалдығы негізінде құжат Исимбаев Буран деп толтырылған.
1943 жылдың 7 сәуірінде Исимбаев Буран (өлгеннен кейін) «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылған. Алайда, 48-армияның қолбасшысы генерал Романенко марапат бетшісіне: «Орденом Отечественной войны 1-степени. Описать подвиг для родных и районных организаций, в армейскую газету» деген бұрыштама жазады. Сөйтіп, Буран Исимбаев 48-армияның 1943 жылғы 19 сәуіріндегі №26/Н бұйрығымен І-дәрежелі «Отан соғысы» орденімен (өлгеннен кейін) марапатталады.
Б.Исимбаевтың ерлігі армиялық газетте жарияланғаннан кейін, майдан штабы 1943 жылдың 14 мамырында оны, «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынып, екінші рет «Марапат бетшесін» толтырады. Онда жоғарыда көрсетілген ерлік туралы жаза келіп, әскери қолбасшылар «Қызыләскер Буран Исимбаевты (өлгеннен кейін) «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынады. Ұсынысқа 137-атқыштар дивизиясының командирі полковник Алферовтың, армия қолбасшысы армия генералы Рокоссовскийдің, әскери кеңес мүшесі генерал-майор Телегиннің қолдары қойылады. Осы ұсыныс негізінде 1943 жылғы 23 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы М.И.Калининнің қолымен «Неміс-фашист басқыншыларымен күресте майданда командование тапсырмасын үлгілі орындағаны және көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін қызыләскер Буран Исимбаевқа (өлгеннен кейін) Кеңес Одағының Батыры атағы берілсін» деген жарлық шығады.
Осылайша, неміс басқыншыларының ажал оғын сеуіп, бас көтертпей қойған «аждаһа буркерін» құртып, сол жерде 25-ке енді ғана толған жасында өзін де құрбан еткен, комсомол мүшесі, батыр жауынгер Буран Исимбаев ерлігі айрықша құрметке ие болады.
Соғыстан кейінгі және 50-ші жылдарда Гурьев облысында зерттеу жұмыстары жүргізіліп, батырдың шын аты-жөні Боран Нысанбаеа екендігі және оның туған жері Қазақ КСР-ы, Гурьев облысы, бұрынғы Есбол ауданы екендігі анықталады. Осыған орай 1963 жылы батырдың аты-жөні түзетіліп, жаңа жарлық шығады. Онда былай деп жазылған:
«Кеңес Одағының Батырына Грамота.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 23 қыркүйектегі жарлығымен неміс-фашист басқыншыларымен болған шешуші ұрыс кезінде командованиенің жауынгерлік тапсырмаларын үздік орындап және бұл істе батылдық пен ерліктің асқан үлгісін көрсеткені үшін Нысанбаев Боранға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Л.Брежнев
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының хатшысы М.Георгадзе
Москва, Кремль. 1963 жыл 10 маусым».
Сондықтан да біз бұдан былай минометші Буран Исимбаев демей, оны шын аты-жөнімен Боран Нысанбаев деп жазатын боламыз.
Осы жерде мына жағдайға назар аударғанымыз жөн болады: біріншіден, Боран Нысанбаев бір жылда ерлігі үшін екі рет марапатталған қызыләскер. Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, қызыләскер А.Матросов өз ерлігін 1943 жылы 27 ақпанда жасаған. Ал, Б.Нысанбаевтың ерлігі А.Матросовтан 21 күн бұрын жасалған. Олай болса, Б.Нысанбаевты «матросовшы», яғни А.Матросовтың ерлігін қайталаған деуге еш негіз жоқ. Оған қоса, олардың жасаған ерліктерінің сыйпаты да екі түрлі. Атап айтқанда, минометші Б.Нысанбаев ДОТ-тың ішіне кіріп, өзін жарып, қаза тапқан. Сөйтіп, 4 ротадан тұратын батальонға жол ашқан. Ал, А.Матросов болса, ДОТ амбразурасын кеудесімен жауып, пулемет үнін өшірген, өзі де қаза тапқан. Олай болса, керісінше А.Матросовты Б.Нысанбаев ерлігін қайталаған деуге болады.
Үшіншіден, 1963 жылы шыққан жарлықты көргеннен кейін мен 10 сыныпқа арналған «Қазақстан тарихы» оқулығының авторы, профессор М.Қозыбаевқа хат жазып, онда осы оқулықта аталатын Б.Исимбаев шын мәнінде Гурьев облысы, Индер ауданынан 1942 жылы майданға аттанған Боран Нысанбаев деген қызыләскер және ол өзінің өшпес ерлігін А.Матросовтан бұрын 1943 жылдың 6 ақпанында жасаған,- деп көрсеттім. Сонымен қатар, автордан оқулықтың келесі басылымдарында Б.Исимбавты Б.Нысанбаев деп түзетіп жазуды сұрадым. Шындығында солай болды да. Кейінгі оқулықтарда индерлік Боранның аты-жөні дұрыс көрсетілетін болды.
Осылайша, Ұлы Отан соғысында қаһармандықтың асқан үлгісін көрсетіп, қаза тапқан Боран Нысанбаев Арыстантегі туралы әскери өмірбаян толықтай қалпына келтірілді деп айтсақ та болар еді. Өкінішке орай олай болмай шықты. 1963 жылы Б.Нысанбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендігі туралы Л.И.Брежнев шығарған Жарлықтан кейін Ресейден Гурьев және Индер әскери комиссариатына өкілдер келіп, Боранның туысқандарына іздеу салған. Осы кезде Есбол ауданы әскери комиссариатынан 1942 жылы қаңтар айында 1918 жылы туған екі Боран Нысанбаевтың майданға шақырылғандығы белгілі болған. Батыр Грамотасын тапсыру үшін, сол кездегі тәртіп бойынша екі Боранның да жанұялық жағдайы тексерілген. Тексеру барысында минометші Боранның ағасы Ерші соғыс кезінде бас бостандығынан айырылған болып шығады. Осы жағдай, яғни Нысанбаев Боран Арыстантегінің жанұясында сотталған ағасының болуы, оған Батыр атағын беруге кедергі келтірген.
Бұл жерде мына жағдайды ескерген жөн болады. Атырау облыстық архивінде Боран Арыстантегіне байланысты құжаттардың болмауы да жоғарыда көрсетілген себептерге (отбасында сотталған адамның болуы) байланысты болуы әбден мүмкін.
Ал, Мәстеков Нысанбай алғашқыда әскери комиссариатынан әкелінген Батыр Грамотасын алмаған, тек екінші барғанда ғана қабылдаған. Бұдан әрі Гурьев облысында Боран Нысанбаев Мәстектегі Кеңес Одағының Батыры екен деген сөз тез тарай бастайды. Боранның атына Гурьев және Орел облыстарында мектептер беріледі, мәдени-тарихи байланыстар күшейеді. Суретші И.И.Никель оның суретін салып, кеуде мүсінін жасайды.
Інісі Оңдасын Нысанбаевтың айтуынша, атқыш Боранның жақын туыстары 1985, 2015 жылдары Боран Нысанбаев жерленген орынға барып та қайтады. Осылайша Кеңес Одағының Батыры атағы атқыш Боран Нысанбаев Мәстектегіне берілген болып шығады.
Біз Батыр Грамотасының атқыш Боранның жанұясына тапсырылуына мынадай жағдайлар себеп болды дей аламыз: Біріншіден, атқыш Боран Нысанбаев 1943 жылы 14 желтоқсанда қаза тапқан деген 1946 жылы келген қаралы қағаздың мәтініне көңіл аударылмаған. Екіншіден, жанұяда сотталған адамның болуына байланысты, сол кездегі тәртіп бойынша минометші Боран Нысанбаев отбасына Кеңес Одағының Батыры атағының берілгендігі туралы Грамотаны тапсыру мүмкін болмаған.
Бұнда мынадай түсініксіз жайлар да кездеседі. Атап айтқанда, 137 атқыштар дивизиясының 771-атқыштар полкінің жауынгерлер мен сержанттарды есепке алу кітабында (РФ ҚМОА. Қ.7427, Т.580869с, І.4, П.5023) түзету бар екені байқалады. Әуелі Боран Нысанбаев Мәстектегі 16.02.43 жылы жарақат алған деп жазылса (шындығы осы – А.Ш.), кейін ол құжат 06.02.43 жылы «өлген» деп түзетілген. Архив құжатын кім, қашан түзеткені белгісіз.
Қалпына келтірілген тарихи ақиқат
2019 жылдан бастап минометші Боран Нысанбаевтың ұрпағы Гүлзада Әбілдаева атасының әскери өмір жолы туралы ресейлік құзырлы органдардан деректер жинай бастаған. Оның айтуынша,батыр Боран Нысанбаевтың жерленген жері туралы сұрақтарына Орел облыстық әскери комиссариатынан келген жауап та күтпеген оқиға болған. Осы кезге дейін жазылып келген Батыр Боран Орел облысы, Покровск ауданы, Дросково селосында жерленген деген ақпарат қате болып шыққан. Ол жерде де Лески деревнясы болғанымен, ол аумақ 1928-1963 жылдар аралығында Дросково ауданы деп атанған. Бертін келе Дросково ауданы таратылып, 1965 жылы оның жері Покровск ауданына берілген. Яғни, 1943 жылы ол аумақ – Лески деревнясы Дросково ауданы деп аталатын.
Боран сол жерде қаза болса «Марапат бетшесінді» Лески деревнясы Дросково ауданы деп жазылуы керек еді. Құжат бойынша, батыр Боран 1943 жылы Лески деревнясы, Покровск ауданында қаза тапқан. Олай болса, батырдың Дросковода жерленуі мүмкін емес еді. Сол күмәніміз расталды. Батыр ол жерде жерленбеген болып шықты, қабірге қойған белгі де қалай қойылғаны белгісіз.
Гүлзада Әбілдаева былай деп әңгімелейді: «Орел облыстық әскери комиссариаты Боран Нысанбаевтың нақты жерленген жерін анықтау үшін «Огненная дуга» жастар іздестіру бірлестігінің басшысы Н.А.Андреевпен хабарласуыңыз керек деп кеңес берген. Ал, Н.А.Андреевтің айтқаны мынау: «2019 жылы елсіз қалған Лески деревнясында қазба жұмыстары басталды. Оған мынадай оқиға себепші болды. Сол жердің тұрғыны, қарт әжей кенеттен немересі мен күйеу баласынан елсіз қалға Лески деревнясына апаруды талап етеді. Ол жерге барғасын бір төмпешікті көрсетіп, сол жерге ауылдастары соғыс кезінде қаза болған кеңес жауынгерлерін жерлегенін айтады. Іздеушілер бола қалса, осы жерді көрсетуді аманаттайды. Бірнеше күннен кейін әжей қайтыс болады.
2019 жылдың жазында қазба жұмыстары жүргізіліп, сол жерде кеңестің 232 жауынгерінің мүрдесі табылады. Орел облысы Покровск ауданы әкімшілігінің 2025 жылдың 9 қаңтарында Гүлзада Әбілдаеваға жазған хатынан (№24 құжат) үзінді келтірсек: «…На месте дер. Лески поднято 232 бойца и командира Красной Армии, погибших в период со 2 февраля по 12 февраля 1943 года… Списочно потери за дер. Лески совпали с количеством поднятых бойцов в яме. В том числе среди поднятых находился и Герой Советского Союза Буран Нысынбаев (посмертно) (1918 — 6 февраля 1943) – минометчик 771-го стрелкового полка 137 – стрелковой дивизии 48 – Армии Брянского фронта».
Осы оқиғаға орай 07.05.2021 жылы Орел облысының «Комсомольская правда» газетінде «Как в Орловской области нашли место захоронения Героя СССР Бурана Нсанбаева» деген мақала жарияланған. Мақаламен сайтта танысуға болады. Ал, Н.А.Андреев өз хатында былай дейді: «Боранның денесін көтергенде, оны граната жарылысынан қалған іздерінен бірден таныдық. Монголоид, бет сүйегі қысқа, шашы қара, шинельсіз. Боран бет жағында жатты. Бұл шұңқырға ол соңынан әкелінген».
Н.А.Андреев Гүлзадаға батыр Боранның сүйектерінің фотосын жіберген. «Ол фотоларды көргенде мен атамызды түйсікпен таныдым. Сондай ыстық сезім болды. Дәл сол кезде маған, ол – батыр ма, батыр емес пе, ерлік жасады ма, жоқ па, оның еш маңызы болған жоқ. Өзімнің туған адамымды, атамды таптым. Табылды! Шүкір Аллаға!» — деп толғанады Гүлзада Әбілдаева.
2025 жылғы 9 қаңтардағы хаттан мынадай жолдарды оқимыз: «27 августа 2019 года поднятые останки бойцов и командиров Красной Армии были похоронены с подобающими воинскими и духовными почестями в братском захоронении в д. Никольское. Имя Героя Советского Союза Бурана Нысынбаева внесено на гранитной плите на братском захоронении в д.Никольское вместе с именами погибших бойцов.
Отдельная мемориальная плита, увековечивающая память Б.Нысынбаева на братском захоронее в д.Никольское будет установлена к 9 мая 2025 года.
Глава администрации района А.В. Решетников.»
Сонымен бірге 2024 жылы 8 қарашада Г.Әбілдаеваға Орел облыстық жастар саясаты және патриотттық жобаларды жүзеге асыру департаментінен жолданған №5-3-О-43 хаттан үзінді келтіре кеткен де артық болмас. Хатта былай деп жазылған: «Изучив архивные материалы связанные с боевыми действиями на территории Дросковского и Колпнянского районов во время Великой Отечественной войны в период с 3 по 10 февраля 1943 года администрацией Покровского района было издано распоряжение от 11 августа 2023 года №358-р, на основании которого в августе 2023 года данный памятный знак с надписью «Здесь погиб Герой Советского Союза Буран Нсанбаев минометчик 771 сп 137 сд в бою за осбовождение дер. Лески 6.02.1943 г.» был перенесен в дер.Лески Колпнянского района на место гибели Героя Советского Союза Бурана Нсанбаева. 27 августа 2023 года была проведена встреча с жителями Покровского района с участием главы Покровского района Решетниковым А.В., заместителем главы администрации Покровского района Кустовым А.В., присутствовало 50 человек.
По итогам проведенной встерчи от жителей поступило предложение об установке памятного знака на месте перенесенной, но уже с другой надписью. Данное предложение было поддержано участниками встречи. В ноябре 2023 года в дер.Лески Покровского района за счет спонсорных средств индивидуального предпринимателя установлен новый памятный знак в честь Героя Советского Союза минометчика 771 сп 137 сд Буран Нсанбаева.
…в списке захороненных в братской могиле в дер. Никольское Покровского района Орловской области есть сведения о красноармейце 771 сп 137 сд Исимбаеве (Нсанбаеве) Буране 1918 года рождения, уроженце Казахской ССР, Гурьевской области, убитом 06.02.1943 года, перезахороненном из дер.Лески Покровского района Орловской области. Шефство над данным захоронением осуществляет администрация Топковского сельского поселения Покровского района.
Приложение: фото памятного знака в дер.Лески Колпянского района на 1 л. в 1 экз.
Руководитель департамента молодежной политики и реализации патриотических проектов Орловской области И.А. Самотолкина.»
Жоғарыда келтірілген барлық архивтік деректер 1943 жылғы 6 ақпанда Лески деревнясы үшін болған шайқаста теңдесі жоқ ерлік көрсеткен жауынгер минометші Боран Нысанбаев Арыстантегі екендігін нақты дәлелдейді.
Сонымен, әңгімеміздің қорытындысы былай болып шығады: 1942 жылы қаңтар айында қазіргі Индер (бұрынғы Есбол) аудандық әскери комиссариатынан майданға екі Боран Нысанбаев аттанады. Біреуі – Нысанбай Мәстековтың, екіншісі – Нысанбай Арыстановтың баласы. Майданда олар бір армияда, бір дивизияда, бір полкте болады.
1943 жылы 6 ақпанда минометші Боран Арыстантегі теңдесі жоқ ерлік жасап қаза тапқанда, ал, атқыш Боран Мәстектегі құлағынан жараланып госпитальге түседі. Госпитальдан шыққаннан кейін әртүрлі шайқастарға қатысып, ақыры 1943 жылы 14 желтоқсанда Житомир облысындағы Федоров деревнясын азат ету барысында қаза табады.
1943 жылы 6 ақпанда ерлікпен қаза тапқан Боран Нысанбаев Арыстантегі (өлгеннен кейін) әуелі «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен марапатталып, ал сол жылдың қыркүйек айында оған «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріледі. Алайда, аты-жөніндегі қателіктер нәтижесінде барлық марапаттарда оның есімі Буран Исимбаев деп жазылады.Тек соғыстан кейін және 50-ші жылдары оның дұрыс аты-жөні Боран Нысанбаев екендігі және оның Гурьев облысы, Есбол ауданының тумасы екендігі анықталады. Жаңа деректер негізінде Боран Нысанбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы жаңа жарлық шығады. Кейін майданнан Батырдың марапаттарын тапсыру үшін арнайы өкілдер келеді.
Алайда, олар ойламаған қиыншылықтарға кездеседі. Оның бір себебі, 1942 жылғы қаңтар айында, Есбол аудандық әскери комиссариатынан 1918 жылы туған екі Боран Нысанбаевтың майданға аттануы болды. «Қай Боранның ата-анасына майданда ерлікпен қаза тапқан ұлының марапатын тапсыру керек?» деген сұрақ туындайды. Сол кездегі қатаң тәртіп бойынша олардың жанұяларында сотталған адамның бар-жоғы тексерілуі керек болады. Тексеру барысында Боран Нысанбаев Арыстантегінің ағасы Ерші соғыс кезінде сотталған болып шығады. Соған байланысты Кеңес Одағының Батыры Грамотасы атқыш Боран Нысанбаевтың әкесі Нысанбай Мәстековке тапсырылады.
Шындығында, қазіргі қолда бар құжаттар бойынша атқыш Боран 1943 жылдың 14 желтоқсанына дейін тірі болған. Ал, минометші Боран (өлгеннен кейін) 1943 жылдың сәуір айында 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталып, қыркүйек айында Кеңес Одағының Батыры атағы берілген.
Батыр Грамотасын атқыш Боранның отбасына тапсырылуына байланысты кейбір архивтік деректер өзгертілген болып шықты. Мысалы, «жараланды» деген сөз сызылып, «қаза тапты» деп түзетілген.
Сонымен қатар соғыс кезінде де, соғыстан кейінгі жылдарда да қызыләскер Боран Нысанбаевтар туралы көптеген қателіктер жіберілгендігін де айтқанымыз жөн болады. Шын мәнінде, ерлік жасаған адамның аты-жөні белгісіз болды. Кейін Батырдың есімі белгілі болғанымен, сол кездегі саяси талап ерліктің нағыз үлгісін жасаған адамның отбасына Кеңес Одағының Батыры деген атақты тапсыруға мүмкіндік бермеді. Батыр атағының Грамотасы, жоғарыда көрсетілгендей, басқа қызыләскердің отбасына тапсырылды.Соған орай құжаттар да түзетілді. Нақтылап айтсақ, екі Нысанбаевтың арасындағы айырмашылықтарды аңғару қиын емес болатын. Атап айтқанда:
- Біреуі Арыстанов Нысанбайдың, ал екіншісі Мәстеков Нысанбайдың баласы. Туған жерлері – әртүрлі;
- Арыстанов Нысанбайдың баласы комсомол мүшесі, ал Мәстеков Нысанбайдың баласы ешқандай қоғамдық ұйымға кірмеген;
- Нысанбаев Боран Арыстантегі майданда минометші болса, Нысанбаев Боран Мәстектегі – атқыш болған;
- Минометші Боран Нысанбаев 1943 жылы 6 ақпанда Орел облысындағы Лески деревнясы үшін болған шайқаста қаза тапса, атқыш Боран Нысанбаев 1943 жылы 14 желтоқсанда Житомир облысындағы Федоров деревнясын азат ету барысында қаза тапқан.
Бұл қателіктерге екі Боран Нысанбаевтың, олардың ата-аналарының еш кінәсі жоқ еді. Атқыш Боран Нысанбаевтың ата-анасы Батыр Грамотасын сұрап алған жоқ, ал минометші Боран Нысанбаевтың ата-анасының баласының батырлығын дәлелдеуге мүмкіндіктері болмады. Тек еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана минометші Боранның ұрпақтары Батыр аталарын іздеу жолында аянбай тер төгіп, ақыр соңында мақсаттарына жетті, Батыр аталарын тауып, әділеттілікке қол жеткізді.
Атырау облысы және республика жұртшылығы бұдан былай қос Боранның қайсысы Лески түбіндегі шайқаста өзін құрбан еткенін білетін болады. Сөз жоқ, бұл кештеу болса да ортамызға оралған тарихи шындық. Сол үшін де біз Нысанбай Арыстановтың ұрпақтарын шын жүректен құттықтап, өз ризашылығымызды білдіреміз. Тек Сіздердің өлшеусіз еңбектеріңіздің арқасында 82 жылдан бергі қателік түзелді. Әлі де атқарылар жұмыстар жеткілікті, болашақта да жолдарыңыз оң болып, күш-жігерлеріңіз мұқалмасын дейміз.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өту барысында минометші батыр Боран Нысанбаевтың ерлігі туралы тарихи-танымдық бағыттағы шаралар кеңінен жүргізілуі керек. Бүгінгі ұрпақтың алдындағы басты мақсат – батыр Боранның ерлігін дәріптеп, тарихи шындықты қалыптастыру, оның екінші, мәңгі өмірін жалғастыру.
Аманкелді ШАМҒОНОВ,
профессор, тарихшы-өлкетанушы