Бүгінде шыға бастағанына 90 жыл толып отырған  «Дендер» газетінің арғы-бергі жылары жұмыс істеген аға буын қызметкерлері мен газет тілшілерінің көңіл-күйлеріне, бастан кешкен оқиғаларына, куә болған жайттарға да байланысты туындап, кейін әзілге айналған әңгімелер аз емес.

Сонымен қоса әнебір жылдары «Күлкі көңілдің көркі» деп білетін бұл газетте «Ауылдың айтқыштары», «Бұғалық», «Көңілашар» беттері де тұрақты шығып тұрған-ды. Сол жылдарғы әріптестерді қимастықпен еске ала отырып, қолға түскендерін жинақтап, назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмын.

***

«Әй, бала, шын аты-жөніңді айт»

1967 жылдың қоңыр күзінде мені газеттің бөлім меңгерушісі Кеңес аға Сахиев аудандық редакцияға жетелеп әкеліп, редактор Төлеубай Ысқақовпен таныстырды. Ол тұста газетте Мақажан Қабиев, Есболай Нығметов, Төкеш Дүйсенбиев, Ыбырай Сүйінов, Күзембай Әміров, Ерсайын Көшековтер істейді екен.

Бір жолы мені Аманкелді атындағы кеңшарға іссапарға жіберді. Елтайда оқуды жаңа бітіріп келген Бораш деген зоотехник ерді. Көктемгі салым уақыт. Жер-жаһанның бәрі елжіреп, даладағы бір жақсы күндердің бірі шақырғандай,ауа таза, аспан ашық,айдап отырып ауылдан онша алыс емес шопан отарына келдік.

Малшылар ауылына бұл кезде келімді-кетімді кісі көп,қой төлдеп жатыр. Шопандардың маңдай терін сүртуге мұршасы жоқ. Шопан үйі жаңа ғана бір қонақтарды шығарып салғанға ұқсайды. Ол шопанның самбыр-самбыр сөйлеген сөзінен, ақсарылау жүзінің алаулатып тұрғандығынан және біз төрге шықпай жатып, тез келе қойған қызыл қуырдақ пен қызбет бадана бауырсақтардан аңқаңды ашқан, көмекейді бүлкілдеткен жұмсақ иісінен де байқалады. Сонымен әңгіме ағытылды,ас желінді, шарап ішілді.

Түн ортасы ауа аға шопанның:

-Әй бала, (мен онда 19 жаста едім) сен кімді алдағың келеді. Қане, шын аты-жөніңді айт,тілшілердің жасырын аты болатынын білмейтін мені қаражаяу қойшы деп жүр ме?!-демесі бар ма.

-Аға-еке,шынында да менің аты-жөнім Қойшығұл Жылқышиев.

-Шырағым, ақ дастарханымды жайып,ақ дәмімді беріп отырғанда алдайтын болсаң, әйда шық үйден,-деп ағамыз есікті көрсетті. Куәлігімді көрсетіп, неше түрлі дәлелдеріммен сендірмекші болсам да әйнеккөзденіп алған аға шопан айтқанынан қайтпады.

Сөйтіп, Бораш, жүргізушіміз бар үшеуіміз түн ортасында ұйқылы-ояу келесі қыстаққа аттандық. Содан кейін осы аты-жөнімді ауыстырсам қайтеді деп біраз оқталып, ойланып жүрдім.Бұл менің алғашқы тілшілік қадамдарым еді.

Тілшілік өмірдің «трюктері»

Қыстың аязды күндерінің бір күндері «Путь Ильча» кеңшарының зоотехнигі Құзайыр екеуіміз қыстақ араладық. Орталықтан тым шалғай отырған Бекетаев деген ақсақалдың үйіне келдік.

Күн кешкірген, ызғырық жел бар. Деніміз суып, өңіміз тоңазып, ішке кірсек, үй тіпті құлазып тұр екен. Жұрттың бәрі мал қамында, пеш жағуға да үлгере алмай жатқаны байқалады. Төр жақта астына бірнеше көрпені қабаттап алып, малдас құрып тіп-тік қақшиып отырған ақсақалға сәлем бере үстіміздегі сырт киімімізбен бізде төрге өрледік.       Сәлден соң шаруа жайлап жүргендер де келді. Шәйді жаңа ала бергенде ақсақал:

-Ал жігіттер, тоңып келгендеріңді көріп отырмын,бірақ бұл үйде сіздерді жылыта қоятын ештеңе болмай тұр, барымен базар, шәй ішіңдер,-деді.

-Қазақта ертеде арақ-шарапсыз ішпей-ақ жылынған ғой. Қалың киіміміз бар, бірдеңе етіп жылынармыз,-деді Құзайыр.

-Әңгіме арақта емес қой, қабақта,-деп мен де өзімше білгіштік таныттым. Сол сол-ақ екен шофер үшеуіміз арақ біткенді арғы бабасынан бастап бергі атасына дейін сыбап алдық. Мыналардың шыныма дегендей, ақсақал шопан болып істейтін баласына ажырая қарап:

-Не дер екен десем, қайтеді,а! Аш онда ана шкафты!-деп шал қолын қарама-қарсы тұрған шифоньерге қарай шошайтты. Баласы қырықтан асса да «қырсық» шалдың айтқанын екі етпейтін болса керек, лып етіп көтеріліп, шкафты ашып кеп қалды. Аржағында сізге өтірік, маған шын…тап бір ауылды суаратындай аты өшкірің самсап-ақ тұр екен.

-Қап, қаттырақ жамандап жіберіп едік. Енді мынаны қалай ішеміз?-деп жүргізуші жігіт құлағыма сыбыр етті.Ал Құзыкең екеуміз дастарханның бедерін санап отырғандай бүкшиіп қалыппыз… Міне, осындай да «трюктерге» куә болғанбыз.

«Мені құлап жатыр дейді ғой»

…Газет редакторының орынбасары Мақажан Қабиев елге сыйлы, бәріміздің досымыз, жолдасымыз, ұстазымыз еді. Өздері арақ ішкенде өзенді өгіздей қотаратын ел ағалары сол кісіні түртпектеп қоймай Қызылқоғаға жіберткізді. Журналистік ұйымдастырғыштық, кісілік қабылеті ерекше Мақаң ол елде сол дәрежеде қызмет етті.

 Сол Мақаң шарапты өзі іздеп ішпейтін, бірақ сый-құрметтен тартынбайтын да. Бірақ денсаулығы нашарлау адам көбіне тез қызып, қызарақтап қалушы еді. Соңына әңгіме ергенін біліп, өзі де сақтанып жүреді. Сондағы сақтанғаны мынадай:

-Түскі тамақтан кейде Мақаңның қос құлағы қызарып келеді. Мақаң қызметкерлер отырған есікті ашып, кішілеу біреуімізге:

-Мында келіп кетші,-деп сұқ саусағымен бөлмесіне шақырып алады. Бөлмеге кіре бергеніңде бетіңе ауызын тақап:

-«Ап-па! дейді де,  аузымнан арақ иісі шығып тұр ма?»-деп сұрайды.

-Ия, ептеп…

-Ей, бала, мен сені інім,шәкіртім деп,өзім тәрбиелеп жүрсем,сен менің аузымнан арақ иісі шығып тұр дейсің,ә? Сонда аналар (ол қолын шошайтып әлдебір жақты көрсетеді) не демейді, ойбай–ау. Олар мені көшеде құлап жатыр дейді ғой. Сенген қойым сен болсаң. Бар әйда.

Келесіде әлгіндей сұрақ қойса енді «қой, Мақа, ондай ештеңе сезілмейді» деп құтыламыз. Қайран, Мақа соған имандай сеніп, сол күйі басшыларға да, жиналыстарға да бара береді.

Сөйтіп, тағыда әлдебір кикілжіңдерге кездесіп қала беретін. Қызмет десе қанын төгіп, жанын беретін,халқына қадірлі қайраткерлердің де кейде осындай осал тұстары да бола береді. Білгенге бұл да ұлағат.

Қызмет қолдың кірі…

Төлеубай Ысқақов-қазақ журналистикасында зерттелмей жатқан тың тұлға. Ол редакторлық еткен жылдары үнқағаз алмаған жүлде жоқ. Ол қай жаңалықтың да бастаушысы,қарапайым қадірлі азамат еді.

Мен ол кісіге арнап өзімнің «Тұңғыш» кітабыма «Жақсылық» деген өлең жаздым. Өмірден өткенін естігенде «Өмір өтті» деп өкіндім. Оның журналистігі, ақындығы, жазушылығы кейінгі жастар үшін үлкен сабақ, ол зерделі зерттеулерін күтіп жатқан дүниелер.

Төкең сол жылдары айтыс өткізіп, айтысқа өзі де қатысып, үлкен үрдіс бастап кетті. Ол кезде жазып айтысатынбыз. Сонда бір айтсатын тұста мені аупарткомға шақыртып алып:

-Сенің қарсылар кеңшарыңның бас зоотехнигін қызметтен алып тастадық,соны айтысыңа қалайда қос,-деп тапсырма берді. Елпілдеп тұрған жігіт кез әрі «соны айтсам қатырып кетермін» деген үміт бар:

Кеңседе есеп шотын қаққан сұлық,

Көшеде кеуде керген мақтан сүйіп.

Бас зоотехнигің орынан түсіп қалды,

Не керек саған енді мақтаншылық,- деп сайрап берейін. Қарсыласым ештеңе дей алмады.

Арада жылдар өтті.Сол бір сырбаз,іскер адаммен бір ауданда бөлек бір жағдайда кездесуге тура келді. Қызмет дегенің бүгін бар, ертең жоқ қолдың кірі секілді нәрсе екенін, бірақ адамгершілік,азаматтықтың адам жүрегінде табиғат берген қалпында қалатынын мен сол кісімен кең отырып әңгімелескенде көзім жетті. Өзім білмейтін адамды сырттай ғайбаттап,айтаққа ергеніме әлі күнге дейін өкінемін.

Қойшығұл Жылқышиев,

Алматы қаласы.

«Дендер». 14 қыркүйек,1994 жыл, №59 (6721).

Қалдыбайға

Шіркін уақыт қашанда қалғымайды,

Жаралған әуел бастан жарлы,байлы.

Қатыгез қатал тағдыр қанжылатып,

Қасымнан алып кетті Қалдыбайды.

Көзімнің ағы менен қарасы еді,

Жаманның жазылмайтын жарасы еді.

Ішінде көп жақсының орны бөлек,

Жампоз бен жайсаңдардың дарасы еді.

Жалғыздың жебеушідей панасы еді,

Аспан мен Жер-Ананың арасы еді.

Талайды табындырып тәнті еткен,

Таланттың таусылмайтын дарасы еді.

Шырқайды  артыңда елің «Арайлымды»,

Тәнті етті осы әнің талай мыңды.

Кейінге қалған сенің ұрпағыңа,

Тілеймін алаулаған арай күнді.

Мұрат ҚАЗИХАНОВ,

«Дендер», 1989, қаңтар

«Бет-аузыңды сипаламай отырсайшы»

Мекемеде есепші болып жасайтын Рамазанның үйіне түсте жігіттер келіп қалады бірде. Ауылдан келіп жүрген азаматтарға сый-сияпат көрсетпесе ұят деп есептемеген Рекең арақ құйып, өзі де аздап дәмін татады ғой. Жұмысқа шығарда иіс су жағынады.

Редакция үш бөлмелі үйге орналасқан. Көп жігіттің орыны ортаңғы бөлмеде. Соның редактордың бөлмесіне кірер есікке таяу жердегі стол есепшінікі. Түстіктен келген Дошу аға есігін аша беріп Рамазанға:

-Ішкеніңе мақтанасың да,бет-аузыңды сипалап ертеңгілік жақпаған одеколонды жағып  келіпсің ғой,-демесі бар ма?!

Рамазанда үн жоқ. Көрші бөлмеде отырған Мақажан аға әншейінде де әзілдесіп жүретін, күліп жатыр:

-Ай, Құлекешов-ай, ең болмаса бет –аузыңды сипаламай отырсайшы,-деп.

-Бекер жаққан екем құрғырды,-деп күбірлейді Рамазан.-Бар болғаны мынандай (ол бармағы мен сұқ саусағының арасын сәл-пәл ашып қана көз алдына көлегейлеп көрсетіп) ұрттап едім, соның жөнді иісі де шықпайтын болар-ау.

«Фамилиямызға «енко» қосылып кетіп жүрмесін»

1967 жылы редакторлыққа қаламы қарымды,ойы ұшқыр,ізденгіш журналист Төлеубай Ысқақов келді. Ол қандай материалды да танауы тершіген күйінде темекіні бұрқыратып отырып-ақ әп-сәтте жазып тастай беретін. «Достық маршруты», «Біз бір ендіктің бойындамыз» айдарларымен Ресейдің, Белоруссияның, Украинаның аудандық газеттерімен бірлескен нөмерлер шығарылуы сол Төкең іздінісің нәтижесі еді.

Бірде КСРО-ның елу жылдығы қарсаңында бізден болған өтінішке сәйкес Украинаның Голованов аудандық «Коммунистичная праия» газетінің журналистері дайындаған материалдары келіп түсті. Ол материалдар қазақшаға аударылып, газеттің ішкі қос бетіне «Екі аудан бір ендіктің бойындамыз» деген жалпы тақырыппен берілді.

 Келген материалдар ішінде аупарткомның бірінші хатшысының мақаласы да бар екен. Соған орай Төкең де аупарткомның бірінші хатшысы Кенжетаев Жәрдемнің мақаласын әзірлеген болатын. Редактор хатшы атынан дайындалған материалды өзіне оқытып, қол қойдырып келген.

Сонда Жәрдем Дүйсенғалиұлы «фамилиямызға «енко» қосылып кетіп жүрмесін» деп қағытатын көрінеді. Ұтырлы әзілге бәріміз де күліп, «сақтықтақта қорлық жоқ деп» қойғанбыз.

«Суға күмп етіп түсіп, көрінбей кетті»

 Кулагино селосында газет оқырмандарымен конференция болып, түс қайта аудан орталығындағы жастармен бас қосу бар-ды. Соған хатшы, бөлім меңгерушісі және мен қатысатын болдық та, дайын тұрған түстікке қарамай хатшының машинасымен Индерборға жүріп кеттік.

Жайық мұзының үстімен келе жатып,жағаға жақын қалғанда кенет мұз ойылды да «Газ-69» кілт тоқтады. Артқа отырған Өтеп екеуміз,ол өзі тұсындағы есікті ашып отыр екен, содан шығып үлгерді. Менің ойымда ештеңе жоқ «әуелі басшылар шықсын» деп қоямын.

 Өтеп шыққан соң есіктен алдыңғы жақтан келіп Дүйсенғали да шықты. Алып денелі жүргізуші Бақтығали Өсқалиев қосаяқпен екі теуіп маңдай терезені сындырып содан шықты. Маған машина жанында мұз үстіне түсуге мүмкіндік болмай қалды, өйткені, мұз быт-шыт болып кетті.

Ептеп машина үстіне шығып, капотты басып келіп, алдыңғы жақтан шықтым. Төртеуміз жаға шығып тұрмыз,қасымыздан кейін қалған редакцияның машинасы зулап өте шықты,іші толы адам  (Олар мұз ойылып, Жайыққа батып бара жатқан машинаны да байқамай, бей-жай  мыналар жағада не істеп тұр екен деп таңданысыпты бақсақ. С.Х.)

Өмірде адам айтса нанғысыз жайлар бола береді ғой. Сол мезетте біз мініп келген машина күмп етіп мұз асытна көрінбей кетті.

Ерсайын Көшек,

«Дендер»-де өтті күндер» кітабынан.

«Ақ түйе арыз айтпайды»

Жақында ауылдағы бір жиында жасы менімен шамалас,бірақ денелі алып азаматпен қатарлас отырдым. Ол бірден атымды атап, іштарта сөйледі. Мен жыға тани алмай отырғанымды айттым.

-Редактор Көшеков (кеңес кезіндегі тегіммен атап) емессің бе?!-деді әлгі азамат. Ол мені сыртымнан жатқызып, тұрғызатын болып шықты, жасымыз да құрдас екен.

-Мен ұзақ жыл қой бақтым. Малшыларды талай аралап жүрдің ғой,-деді ол.-Тек осындай дастархандас болмадық,сосын таныспаған шығармыз. Ал біз білеміз, «Ақ түйе арыз айтпайды» деп жазғансың.

…Қыстың кезі малшыларды аралап жүрміз.Бір шопан ауылына келгенде жүдеулеу көрініске тап болдық. Бір отар қой ашық аулада қамаулы. Ашыққандары байқалады, адам көрінсе жер-жерден маңырап, шулап қоя береді. Аула алдындағы қазыққа ақ түйе байлаулы.

Таң атқаннан күн батқанша қамыттан құтылмағасын мойын жүні түскен түйенің екі өркеші орнында арқасында екі жұдырықтай жүн жабысқан тәрізді, қарны қабысқан, екі көзінен жас парлап, осы бір жағдайына әбден көндіккен сыңайда маңқиып тұр.

 Келесі аулада бір топ тайыншадай баспақ бумаланған көк жоңышқаны еркін күйсеуде. Осының бәрін ақ түйе  көріп тұр, бірақ ешкімге ештеңе айтпайды,айта да алмайды.

Шопан ауылындағы кеңшар малы мен жекеменшік баспаққа көзқарас пен күтімнің ала-құлалығын ақ түйеден басқа ешкімнің көрмейтінін,мұның жөнсіздігі жөнінде «Ақ түйе арыз айтпайды» деп сын материал жазбаймыз ба? Ол кезде аудандық газетті алмайтын малшы отбасы кездеспейді десек артық емес. Бір фермада істейтін әріптесінің шаруасы жайлы жазылған мақаланы  әлгі азамат оқыған және ұмытпаған екен.

«М. Қабиев болдың ғой»

Өткен ғасырдағы елуінші жылдардың бас кезінде жауапты хатшы болып жасайтын жас жігіт облыстық газет редакциясына тәжірибеден өтуге барады. Ол кезде газет-журналдарда жарияланған мақалалар авторларының аты-жөні ерекше белгілі адамдар болмаса қазіргідей түгел көрсетілмейтін.

Тек тегі жазылып, есімінің бас әрпі ғана берілетін. Соны басшылыққа алды ма екен, әлде өзімен салыстырғанда әлдеқайда ересек адамдардың оның есімін білуі міндет емес деп санады ма Мақаң жөнін айта қоймаған.

-Фамиялияң кім?

-Қабиев.

-Атың кім?

-М.

-Сонда М. Қабиев болдың ғой.

Осы жайдан кейін біразға дейін қатарластары «М.Қабиев» деп жүретін болыпты.

«Ренжісе, шаруасын түзетер»

Бірде сол кездегі Махамбет атындағы колхоздан қой шағылыстыруға байланысты бір беттік сын материал жазылып, газеттің бірінші бетіне шықты. Колхозды Мақаңның туған ағасы Жұмажан Сағындықов басқаратын. Колхоздың жалпы шаруасы ол кезде шалқып тұрған деп айтуға әбден болатын еді. Бірақ Мақаң бұған бір жақты қарамай, кемшілікті тайсалмай жазып отыр.

Газет шығаруға дайындалып жатқанда жігіттердің: «Мынаны оқығанда Жұмекең ренжіп жүрмей ме?»- дегені бар.

-«Тура биде туған жоқ» деген ғой қайтеміз. Маған ренжісе шаруаны түзетер»,-деп күлген Мақаң сонда.

Ерсайын Көшек,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері.

«Бұл құрғырларың, пысық қой»

Жамбыл атындағы кеңшардың орталығы Жарсуатта тұрғындар жиыны болып жатқан. Бір кезде ауыл тұрғындарының бірі, марқұм Көміров Жайбасар тұрып:

-Шаруашылық дүкенінің адамдары Гурьвке барған сайын шылдырлатып арақ тиеп келеді. Сонда халыққа керекті азық-түліктің өзге түрлері болмай ма, әлде мұның басқа мәнісі бар ма?-деп сұрады.

Тұтқиылдан қойылған тосын сұраққа басшылар қатарында отырған шаруашылық есеп дүкенінің директоры не деп жауап қайыруды білмей абдырап қалған.

Соны лезде сезген Меңдіғали Дәуітәлиев орынан ыршып тұрып:

-Жәке, ол құрғырың пысық қой, баздың шарбағына біздің машиналар бас сұға бере-ақ басқаларына әлімжеттік жасап, өздері жабысып мініп алатын көрінеді, оның мәнісі осы,-деді астарлап.

Осы кезде клуб іші күлкіге көміліп кетті. Әлгі осы қалай отырған жұртшылық емен-жарқын күйге түсті.

«Бірігіп сұрадық қой»

Бірде ауаткомда мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы жайын қараған мәжіліс өтіп жатты.Жүргізуші сол кездегі аудандық атқару комитетінің төрағасы, марқұм Ізтелеу Көпбаев еді.

Ол кісі дайындық жұмысындағы орын алып отырған бірқатар кемшіліктерді қызына сөз етіп, кейбір қатысты деген адамдарға шүйіліңкіреп отырды. Бір мезгілде кейінгі жақта отырған кулагиндік Мұқанов Тұрым дейтін азамат Ізекеңе қарап, жүрек тұсын алақанымен басып, иегімен есік жақты нұсқады (Бұл кісі сол уақытта сырқаттанып жүрген еді).

Ізекең басын изеді. Ұлықсат алған Тұрым есік жаққа беттей бергенде соңынан анадай жерде отырған Меңдіғали да оған ере кетті. Мұның мәнісін түсінбеген Ізекең:

-Дәуітәлиев, сен қайда барасың?

-Сізден Тұрекең екеуміз бірігіп сұрадық қой,-деді Мекең іркілместен. Ізекең сөздің астарын пайымдағыш кісі ғой, басын шайқап:

-«Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген осы екен-ау,-деп мырс етті. Былайғыларымыз да рахаттанып бір күліп алдық.

«Жеп отыр екен деп келген болар»

Жазғы демалыс күндердің бірінде түс ауа Мекең екеуіміз совхоз директорының орынбасары Салахов Нәбидолланың үйіне бара қалғанбыз. Келсек пәтерінің терезесін тарс қылып қараңғылап, Нәкең демалып жатыр екен. Көрпе төсеп, аман-саулық сұрасқан соң атағы дүрілдеп тұрған преферанс дейтін ойынға кірісіп кеттік.

 Бұл бір ұзақ ойналатын ойын ғой. Бір кезегін шығып, екіншісін де аяқтап келген шамада ортамызға бір шыбын келіп қона қалды. Нәбидолла шыбынды өлердей жек көреді екен.

-Өй, мына атаңа нәлет қайдан жүр!-деп ұстамақшы болды. Меңдіғали тұрып:

-Тиме, тиме, Нәке, бізді жеп отыр деп келген ғой,-деді жайбарақаттық қалып таныта.

-Ойбай, Өкила, қайдасың, мыналар оқсатты ғой,-деп үй иесі сыртқа ата жөнелді. Әлден соң әйелі дастархан ұстап, өзі самауырын көтеріп екеуі бірге оралды.

«Бүгін, шырақтарым, бірге түнеңдер»

Қосылғандарына жыл шамасы болған ерлі –зайыпты жас жұбайлар мінез сәйкессіздігін сылтау етіп, бір-бірімен жарасып кете алмай жүр еді. Келіншек қит етсе маңында тұратын төркініне зытып береді.

 Бірде осы жастар Советке келіп, өздерінің дәм-тұздары жараспайтынын,ажырасу ойлары барын сөз етті. Сонда олардың ара-қатынастарынан әуелден де құлағы түрік Меңдіғали:

-«Ұлы сөздің ұяттығы жоқ» қашаннан бері әр төсекте жүрсіңдер,-деп сұрады қалыпты үнімен.

Ерлі-зайыптылар тап осындай төте сұрақ қойылады деп ойламаған ғой, қапелімде ұялшақтап, көздерімен жер шұқып қалды. Содан күйеуі ренішін жасырмай, келіншегінің көбіне төркініне кетіп қалатынын айтты. Сонда Меңдіғали тұрып:

-Бүгін бірге түнеңдер, содан кейін жараспасаңдар, маған келіңдер,-деді әңгімені шорт кесіп.

Олар шығып кеткесін мен:

-Мәке, әлгілерді ұялтып, төсекті әңгімелегенің не, одан да ақылыңды айтпайсың ба?-дегенімде.

-Сен қызықсың. Осы күнгі жастарды біреудің ақылы жарастыра ма екен, өздерінің құшақтары жарастырады дағы,-деді.-Көресің де білерсің, ендігәрі олар бұл мәселемен менің алдыма келмейді.

Айтқандай, сол жастар осыдан кейін үйлесіп кетті. Бұл күнде үбірлі-шүбірлі болып, жапырақтары жайылып отыр.

Ермек Қабдолов

«Дендер», 23 наурыз,1991 жыл №36 (6339)

«Тез жетіңіздер, шошқа, өлейін деп жатыр»

 Жәй күндері әйелін «шошқа», «хайуан» деп атайтын  күйеуі жұмыстан келсе әйелінің жерде сұлап жатқанын көреді. Әйелінің басқа емес, ащы судан ауырып қалғанын сезе қойған күйеуі үйден жүгіре шығып, дереу жедел жәрдем шақырады.Бірақ жедел жәрдем машинасының орына мал дәрігерлік көлік келіп тоқтай қалады. Сонда күйеуі:

-Менің шақырғаным адам дәрігерінің жедел жәрдемі ғой,-деп ренжиді.

-Ойбай, тез жетіңіздер, хайуан көп ішіп қойса керек, кешікпеңіздер шошқаның өліп кетуі ықтимал деген өзіңіз емес пе?-деп әлгілер машинасын бұра беріпті.

Қасқырбай Әжіғалиев

«Дендер», 23 наурыз,1991 жыл. №36 (6339).

 «Құда болып барып күйеу болып қайтқан»

Батыс Қазақстан облысына ұзатылған қызыма барып қонақ болғалы отырғанымда үлкен кісілер,құда-құдағайлар, көрші -көлемдер шақырылды.

-Индерлік көрші аға-мен апа да бар,-деді күйеу балам.-Бір әңгімешіл адамдар. Апам екеуі қанша әңгіме айтар екен деп шақырдым арнайы.

-Бәрекелді!-дедім өздері ұйғарған соң қарсы болмай.Содан:

-Жерлесіңіз мына аға,-деп нұсқаған кісіге қарасам,бейтаныс,көрмеген адамым.

-Мен елден ерте кеттім (1955-56 жылдар деді ме?) Танамын. Туыстарым Индерде тұрады. Милиция болдым,-деді бейтаныс қонағым. Ағайындарым, анау-мынау деп жатыр. Олардың бірін білемін, екіншілерін білмедім.

-Сіз газет оқисыз ба?-деді сол арада қонағым.

-Неге оқымайын, оқимын. Сіз айтқан жылдары Индерге мұғалім болып келгенмін.

-Онда «Құда болып барып, күйеу болып қайтты» деген мақаланы оқыдың ба?-деді.

-Ол түгілі «Төбеде тоқпақ, іште сабақ», «Құттыбай қуса түлкіні, кім бағады жылқыны» дегенді  де оқыдым,-дедім күліп.

-Онда сол «Құда болып барып, күйеу болып қайтқан» Зайден деген мен боламын. Сондағы «қалыңдығым» мына Зейнеп,-деп көзі көк, беті шұбар,ысқаяқтау әйелді көрсетті.

-Ал керек болса, адам бала-шағасын тастап, елге күлкі болып, мынадай адамды алады екен-ау,-дедім көңілім толмай әрі сөйлетейін деп.

-Ия, бұған менің көзіммен қараңыз Оның үстіне жастықтың жалыны, шайтанның желі қосылса,қайдан шыққаныңды да білмессің,-демесі бар ма әлгімнің.

 Сол арада өзін көрсетейін дегендей ешкім өтінбей-ақ әйелі әнге салып  қоя берді. Қысқасы қонақтық бойы өз тарихын айтып, әңгімеге бір баттық та қалдық.

Ғайни Габдуллина,

Ауданның Құрметті азаматы.

Индербор кенті.

«Сау барғаным үйлеспес»

Бірде Хамекең екеуміз Индердің тұсында ауылға машина күтіп тұрдық. Күн аптап ыстық болатын. Әр машинаның артынан далбақтап жүгіріп, қол көтереміз. Тоқтамайды, тоқтаса алмайды. Екі-үш сағат өтті,қаталап барамыз. Мен өзенге барып су ішіп келдім. Хамекең қомақты ескерту жасады.

-Бала емессің,  шаға емессің,жайдақ, лас судан неге ішесің. Ауырып қаласың, қайткенде де шыдау керек еді ғой.

Біраз уақыт өткесін, бірталай далбақтап болғасын Хамекең де барып өзеннен су ішіп келді.

-Жезде,шыдау керек деп едің ғой,-дедім өз сөзін өзіне қайталап.

-Мен шыдадым,-деді ол маған көзін сығырайта қарап,- әрі балдызсың, әрі мына қиыншылықта бірге болдық.Сен үйге ішің ауырып барғанда,менің бөлектеніп сау барғаным үйлеспес, не де болса бірге болайық деп іштім.

«Қамекеңнің ордендері»

Қамекеңнің телефон байланысын тексеріп,жөндеп бағананың басында тұрғанын көрген сайын ойланып қаламын… Ойпырмай, осы жасы алпысқа жақындаған адамдар қара жердің үстінде жайлап, жаяу жүргенінің өзін ауырсынып, қиналады, ал мына Қамекең…

-Кәмелеттік жасқа жетпей-ақ еңбекке араластым. Содан бері осы салада істеп келемін деуге болады. Арасында әскер қатарында болу бар,басқасы бар, аз-кем үзістер болды ғой,-дейді сабырлы қалыппен Есбол байланыс торабының жөндеушісі Қамеш Өтесбаев.

-Қысы-жазы бір кісіге жүк болатындай,мынау бағанаға шығасыз,темір-терсектеріңді, шынжырлы белбеуіңізді, ұзын таяғыңызды сүйретесіз де жүресіз. Бұрынырақта басқа жұмысқа ауысып кетуге болмады ма,-деп сұрадым бірде одан шын көңілімнен.

-Болды ғой талай рет. Бірақ өзім өзім бармадым ешқайда. Үйренген ұжымды тастап кете алмадым.

-Осыншама ұзақ жыл бір мекеме, бір салада еңбек еткенде орден, медаль, мақтауларыңыз көп шығар,-десем.

-Біздің жұмыста орден, медаль,грамота деген болмайды.Оның орынан ұрыс есту, реніш. Себебі байланыс жиі істен шығады. Оны басшы мен халық кімнен көреді, әрине, менен,-деп қарап тұр қарапайым еңбек адамы.Оған не дейсіз?!

Дияр ӘБУҰЛЫ

«Ет таусылып отыр еді»

Қой фермасының меңгерушісі Меңдіғұл көкек айының бас кезіндегі аласапыран балшыққа малтығып, мал аралап жүріп, құрдасы Дүйсенбайдың үйіне қонаға әзер жетеді. Алайда құрдасы ет таусылып қалып еді деп қазан көтере қоймапты. Осыған ренжіген Меңдіғұл ертесіне шай үстінде:

-Дүйсенбай-ау,-депті құрдасына қарап,-«Қосқорадағы» Жұмабай мен Сисенбай құрдастарың келесі демалыста отбасымен келіп көріспек. Үйлеріңде болсын деп тапсырған еді.

-Е, үйде болмай, қайда боламыз енді,-дейдіДүйсенбай да.

Меңдіғұл осы үйден шыққан соң Жұмабай мен Сисенбайдың үйіне барыпты да «Сендерді келесі демалысқа Дүйсенбай қонаққа шақырады. Өздерінің қолы тимеген соң маған айтарсың деген,-деп сәлемдеме қылып жеткізеді.

Сол күні малшыларды аралап жүрген автодүкен мен жылжымалы клубқа да «демалыс күні Дүйсенбайдың үйіне келіңдер. Сонда малшыларды жинап қоямын» деп ескертіпті.

Сөйтіп, демалыста Дүйсенбайдың үйіне адамдар көп жиналады. Меңдіғұл оған көпшілікті көзінше жалақысы есебінен ақша береді. Қойын сойғызып, арағын құйғызып, түні бойына думан болыпты.

Ет аспаған есесін осылай шығарыпты. Қазақтың бір жақсы қасиеті қонақтарынан «неге келдіңдер» деп үй иесі  сұрай алмайды, қонақтары шақырған соң келдік деп тағы айта алмайды. Сөйтіп, Меңдіғұлдың құрдасына жасаған қулығының беті ашылмай қала беріпті.

«Орден алғанда»

Осы Меңдіғұл құрдасы Дүйсенбайдың үйіне тағы бірде кәсіподақ комитетінің төрағасы, ферма есепшісін де ерте барыпты. Аман-саулық сұрасқан соң Меңдіғұл Дүйсенбайға:

-Сен кеңшар орталығындағы жиналысқа неге келмедің?-деп өктем сөйлепті.-Сенің мал басын аман сақтап, төлді де жақсы алған көп жылдық еңбегіңе орден берілді,-деп, оны кеудесіне тағыпты. Ордені әп-әдемі. Кішкене болғанмен салпыншағы сап-сары алтын сияқты жалтырап тұрады екен.

Дүйсенбайдың риза болғаны сонша қой сойып, қонақтапты.Әйеліне сандықта сақталғандарды да түгел қойғызыпты. «Еңбегімді елегендеріңе рахмет» деп өзі де ыржалақтаса Меңдіғұл да кеңшар бойынша жалғыз саған ғана деп одан сайын көтермелей беріпті. Бір-екі күннен кейін Дүйсенбай әйеліне:

-Бұл менің өмірімде алып тұрған орденім екен. Оның үстіне кеңшар бойынша біреу ғана. Үндемей отыра бергенім үйлеспес. Маңайдағы көршілерді шақырып, жуу керек. Мен қалаға барып,керек-жарақтарды әкелейін,-депті.Әйелі де жадырай жауап қатып:

-Айтпақшы кеңшар басшылары мен ағайындарды да түгел шақыра кел,-деп күйеуіне тапсырма беріп үлгереді.

Дүйсекен күн жанып тұрса да «орденін» көрсету үшін қалаға костюммен келіпті. Қалаға келіп дүкен аралап жүрсе кеудесіндегі ордені ойыншық дүкенінде толып тұр екен. Бағасы үш сом ғана. Кішкентай балалар сатып алып, ойнап жүр. Дүйсенбай құрдасының қатырғанын сонда біліпті…

Дияр Әбуұлы,

«Дендер» 25 қазан,1997 жыл. №88 (7045).

«Неге қаңғыртасың?»

Дүйсекенов Қайыржан Қарабалаұлы марқұм сөзге шешен еді. Ол кеңшар директорының орынбасары болып жүргенде бір ақсақал:

-Қарағым, мен әкеңмен шамаласпын. Сен деген менің баламсың ғой,-депті шаруасын айта келіп отырып. Сонда ашуланып отырған Қайрекең:

-Балаң болсам өзің неге асырап бақпадың. Неге Қарабаланың үйіне қаңғытып жібердің?-деген екен.

Дияр Садықов,

«Дендер». 3 қыркүйек 1997 жыл №72 (7031).

«Сиырға енді жармасты»

Алдаш пен Ізтелеу ағалар (А. Исаев пен І. Көпбаев) аудан көлемінде басшылық қызметте болған, бірін-бірінің сыры біріне мәлім замандастар еді.

Олар отырған жерде бір-бірін әзілмен қағытып, жан шуағын шашатын. Бірде аупартком мәжілісінде «Индер» сүт-көкөніс кеңшары басшысы Алдекең есебі тыңдалып жатады. Есебін беріп, демін басып орнына отыра берген оған Ізекең мынадай мазмұндағы қағаз жазып жібере қойыпты:

Консервісі ОРС-тың,

Айтып жатқан манағы,

Жаңадан келген ауданға,

Алдаштың болды тамағы.

Қойды құртып қолдағы,

Бұрын басшы олжалы,

Аш қалдырып Алдашты,

Оқиға болды алғашқы,

Басқа малдан ада боп,

Сиырға енді жармасты,-деген жолдарды оқып, әбден сыналып, қызыл тері шыққан Алдекең мырс етіпті жолдасына қарапты.

«Қаламды Кеңестің үйі бұл»

Журналист Кеңес Сахиев пен милиционер Кеңес Жанғожиннің көп қатарлы үйдегі пәтерлерінің есігі қатар болыпты. Көбіне екі Кеңесті іздеп келушілер шатасып жүретін көрінеді.

Сонда көбіне балалары жұмыста жүргенде үйде болатын әріптесіміздің анасы Патша әжеміз:

-Қаламды Кеңестікі, шырағым, осы үй, қарулы Кеңестікі болса қарсы есік,-деп жөн сілтеп отырады екен.

«Сіздер де, сірә жұмыс жоқ-ау осы»

Келген сайын редакциядағы тақылдатып материал теріп жататын машинкалардың дыбысына үйренген бір оқырманымыз мекемеге келгенінде мақалаларды басатын Майра қарындасымыз декретке шығып кетіп, кеңсе ішін тып-тыныштық билеп тұрса керек.

Журналистер жұмысы тек машинкаларға басылған қағаздар ғана деп ұғатын оқырманымыз сонда:

-Астағыфралла, сіздерді қалай тып-тыныш. Шамасы, жұмыс жоқ болды-ау,-деп таңырқай бұрыла берген екен.

Тасу мен жасу

Әр адамның өмірінде де елеулі оқиғалар болатындығы айқын ғой. Кейде зәредей қылықтар да бой беріп жатары хақ. Көбіне адам заманның, қоғамдағы орнына қарай құбылатыны да белгілі.Марқұм Дүйсекен Төлешұлы бірде мынаны айтып еді::

-Бір кезде колхоз төрағасының орынбасары болып жүрген уақытым. Онда жоғарыдан келген басшылар көбіне ауыл белсендісінің үйіне түседі және оларды ерекше күтімді, қонақтықты қажет етеді. Сөйтіп бір күні аудандық милиция бастығы келді. Кеңседегі жұмысы біткен соң үйге шайға шақырғанмын.

Әрине, қазақ болған соң шайдан кейін буы бұрқырап тұрған ет келгенін жақсы көресің. Қолдағы малдың реті солай болып, бір ешкіні жайратып қазанға салып тастадық. Енді етті алдымызға ала бергенде төрдегі қаздиып отырған қонағым:

-Мынау ненің еті?-деді осқырына қарап.

-Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы ғой, ешкінің еті тәтті болады,-деп келе жатыр едім:

-Мен ешкі етін жейтін есі кеткен адам емеспін. Оны өзің же.Дәрежеме сай қызмет көрсете алмайтын сенімен болсын ісім,-деп орыннан тұрып жүре берді. Маған кейіннен де әртүрлі дәлелді сойыл етіп, шүйлігіп жүрді.

Арада бәленбей жыл өтті, дастарханымды таптап кеткен бастық та орнында емес, мен де бұрынғыдай белсенділікті қажет ететін қызметте емеспін. Сөйтіп, бір күні баяғы заңгермен үйімнің төрінде тағы кездесіп отырмын. Бұл жолы соятын қойым болса да әдейі баяғы ешкідей бір жандықты жайратып, қайнаттырдым. Енді ешкі еті келгенде қонағым бұрынғыдай атылып тұрып кетпеді, тіпті табақтың түбін түсіргендей құныға жеді.

-Қонағым, жеңіз, ешкінің еті тәтті болады,-дедім әдейі. «Үйіңе келгенде үйде өкпеңді қи» демей ме. Оның не ойлағанын кім білсін,ал өзім заман-ай, заманына қарай адамы-ай деп отырдым,-деген еді.

Тасыған да жаситын, жасығанның таситын кездері бар. Бірақ бәрі де адамгершіліктің ақ жолынан аумасын дегендік еді бұл.

С. Базарбаев

«Дендер», 7 тамыз,1992 жыл,№64 (6523)

Жинақтаған С. Халықов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *