Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинатының жас та болса, талай шахтердің жүріп өткен жолына, тағдыр-тарихына айналып жатқан  «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы» шахтасында еңбегімен ер атанған кеншілер бар. Кен ұңғылау жұмыстарында ұжымымен бірге айлық жоспарды ойдағыдай орындап, шахтер мамандығының қадіріп арттырып жүргендердің бірі – тау-кен шебері Ардақ Нанбаев. 

Қайсарлық пен өр мінез –  адам бойындағы асыл қасиеттердің ең биігі десек, Хромтау шахтерлерініңқайсысын алсақ та, жаратылысы бөлек, білектің күшімен кен қазған от кеуделі қайсар жандар.

Ардақ Сейілханұлы өндіріске осыдан 20 жыл бұрын келген болатын. Ол кезде «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы» шахтасы енді бой көтеріп, алғашқы штректері салынып, жаңа-жаңа қарқын алып келе жатқан уақыт. Еңбек жолыносындағы жалғыз әрі алғашқы учаске №1 ұңғылау және тазалау жұмыстары бөлімшесінде тау-кен жұмысшысынан бастаған. Сегіз айдың ішінде өзінің еңбекқорлығының, жұмысын аяқсыз қалдырмай, келесі ауысымға орнын таза күйінде тапсырып, жауапкершілігінің арқасында ұңғылаушы болып ауысады. Жаркен Нұримов деген тәлімгерден түлеп ұшып, шахтер кәсібінің қыр-сырына қанық болып шығады. Әлі күнге дейін ұстазына шын ризашылығын білдіріп, әр жетістігінің артында ол кісінің еңбегі жатқанын айтады.

– Мен әке-шешесіз өскен жігітпін. Ол кісілерден бір жасымда қалыппын. Ата-әжемнің, аға-жеңгенің қолында өстім. Ауылдың тірлігі, мал бақтық, қырманда жүрдік. Сөйтіп мен де бозбала шаққа жеткенімде аға-жеңгем Хромтауға әкеліп, отбасы жағдайыма байланысты әкімдікке хат жазып, қазіргі Хромтау тау-кен техникалық колледжіне оқуға түсірді, — деп  өткен жылдарды есіне алды Ардақ Сейілханұлы. – Ұңғылаушы мамандығына оқып, шахтадан өндірістік сараманнан өттім. Оқудан соң бір-екі жыл жүріп қалдым. Екі мыңыншы жылдары жұмысқа тұру оңай болмады. Содан аға-жеңгем қайтадан сол кездегі ERGқұрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң тау-кен байыту комбинатының директоры Виктор Тильдің атына хат жазып, біраз уақыттан соң шахтаға жұмысқа тұрдым. Сол сәтте менен бақытты адам болмағандай күй кештім. Ағам сауатты кісі болатын. Ол кісінің жетектеуімен бүгінде міне ел қатарлы еңбек етіп келемін. Бірнеше рет марапат та алдым. Алдыма мақсаттар қойып, ақырындап ойлаған ойыма жеттім.

Сөз арасында «шахтаға келіп, 23-ке толдым» деп күледі. Жастық шағынан жұмысына беріліп, әр тапсырманы адал әрі тиянақты орындап жүретін қызметкер ұңғылаушы санаттарына тапсырып, озық қызметкерлердің қатарына қосылады. Уақыт өте кәсіби мерекелерінде бірде Құрмет тақтасына ілінсе, енді бір жылдары кеудесіне ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» орденін таққан. Еңбекқорлықтың, кәсіпке адалдықтың тағы бір үлгісі.

– Қара жұмыс мені қажытқан емес. Кәсіпорын жыл сайын қай жағынан да  қызметкерлердің жағдайын жасап келе жатыр. Өзімнен кейінгі әріптес інілеріме осыны жиі айтамын. Бірі үйленем дейді, бірі көлік аламын деп әңгімелерін айтады. Армандары орындалды. Сол ойларына  тұрақты жұмыс, тұрақты жалақы болғасын, жетіп отырғандарын еске саламын, — дейді кейіпкеріміз. Тек қауіпсіз еңбек ете білсе болғаны. Менің де осы комбинатқа келгенімде біраз арман-мақсатым болды. Қызметке тұрған соң, кішігірім болса да, пәтер алсам деп армандайтынмын. Жұмысқа кіргеннен кейін тура екі жылдан соң екі бөлмелі үйге қол жеткіздім. Үй алған соң, сол шаңырақтың берекесін кіргізер жақсы бір өмірлік серік жолықса екен дейтінмін. Ол тілегім де қабыл болып, бүгінде жұбайыммен үш қыз тәрбиелеп отырмыз.Адамда арман-тілек таусылған ба. Содан кейде,балконда тұрғанда алысқа көз тастап, ауласы кең бір жер үй салып алсам, шіркін деп армандайтынмын. Оған де жеттім. Ол үйді үш жыл салып, 2018-де қоныс той тойладық. Бұған да кәсібімнің арқасында жеттім. Өзім бір мақсат қойсам, соған жетпейінше мазасызданып боламын. Ал ойымды іске асыруға мүмкіндік берген комбинатымды бағалаймын.

Еңбек адамының ақтарыла айтқан әңгімесін тыңдай бергін-ақ келеді. Әр сөзінде мақсатқа жету жолында аянбай еңбек ету керек екенін меңзейді.

Біздегі шахтерлердің функционалдық міндеттері көбіне бір сарынды болғанмен, олардың бір-біріне ұқсамайтын тағдыры, еңбек жолы бар. Әрбірінің шыққан белесі әртүрлі. Әлі күнге дейін еңбегінде оза келе жатқан Ардақ Сейілханов өткен жылдан бері тау-кен шебері қызметін тізгіндеп келеді. 

Арайлым Ғани