Еліміздегі Кәсіподақтар федерациясы – жұмыс берушілер мен еңбеккерлер арасында басты медиатор, қоғамдағы ірі және қуатты азаматтық институттардың бірі. Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің қызметі жұмысшы-қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, өндіріс шарттарын жақсартуға, еңбек дауларын реттеуге бағытталғандығын көпшілік жақсы біледі.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне үлес қосушы өндірістік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелерде нарық жағдайында еңбектеніп жатқан жұмысшы-қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін заң шеңберінде қорғау, қызметіне қарай уақытында жалақысын алуын қамтамасыз ету, қатардағы еңбек адамының ертеңгі күнге деген сенімі арттырып, мемлекетіміздің дамуы жолында қарқынды еңбек етуіне барынша қолайлы жағдай туғызу, түрлі дау-дамайлардың алдын алуға, атқарушы билік, жұмыс беруші және жұмысшы арасындағы алтын көпірге айналған кәсіподақтардың қоғамдағы орны мен рөлі ерекше.
10 қазан – Кәсіподақтар күні. Осынау атаулы дата Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 22 мамырдағы Қаулысына сәйкес ресми мереке ретінде атап өтіліп келеді. Қазақстанның кәсіподақтары – тұрақтылықтың тірегі, әлеуметтік-еңбек қатынастарының базалық элементі десек артық айтқандық болмас.
Бұл күн еңбекте оза шапқандарды ұлықтап, қауіпсіздік пен қатаң тәртіптен қалт кетпеген жұмысшы-қызметкерлерді қошеметтеп, ерен ерлігімен танылған жандарды құрметтеп, мерейін өсірер сәт.
Өңір кәсіподағының тарихы да тереңде жатыр. Салалық кәсіподақтар аймақта ХХ ғасырдың басында құрыла бастаған. Қазан төңкерісінен кейін қарқынды дами бастаған халық шаруашылығы салаларын қамтыған. Ең алғашқы құрылған мұнайшылар, мұғалімдер мен мәдениет қызметкерлері, ауыл шаруашылығы жұмысшылары кәсіподақтары ел экономикасы мен халықтың білімін, мәдениетін көтеру, олардың әл-ауқатын жақсарту бағытында жұмыстанып отырған, тіпті жоспарланып қойған, бірақ әлі де құрылмаған мемлекеттік мекемелердің жекелеген функцияларын да атқарып келген.
1917 жылдың наурыз айында Доссор мен Мақаттың мұнай өндіру кәсіпшіліктерінде және Ракуша мұнай айдау стансасында фабрика-зауыт комитеттері құрылып, сол жылы сәуір айында үш кәсіпшіліктің өкілдері қосылып, біріккен комитет құрады.
Мұнайшылар кәсіподағымен қатар Гурьев уезінде етікшілер, сабын қайнатушылар, су қатынасы қызметкерлері, балықшылар тағы басқа да кәсіподақтары құрылып, дами бастаған.
1948 жылы кәсіподақтардың Бүкілодақтық Орталық Кеңесінің ХІХ пленумының қаулысы негізінде, осы жылдың 1 қарашасында кәсіподақтардың одақаралық І-ші Гурьев облыстық құрылтай конференциясы шақырылды. І-ші ұйымдастыру пленумында Гурьев облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы болып Ғұмар Жұмаханов сайланған.
Қазірде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының құрылымдық бөлімшесі болып табылатын Атырау облысы Кәсіподақтар орталығы, салалық кәсіподақтар тарапынан көрсетіліп отырған кең қолдаудың нәтижесінде біраз жетістіктерге қол жеткізуде. Облыстық үш жақты келісім шартты, екі жақты келісімдер мен ұжымдық шарттарды қабылдау, олардың орындалуы туралы комиссиялар жұмыстарына белсенді түрде қатысу, ұсыныс-пікірлерін батыл, әрі табанды түрде әртүрлі деңгейде білдіріп отыру, республика көлемінде өткізіліп жатқан көптеген акцияларға қолдау көрсетіп, қатысу, көптеген мәдени көпшілік шаралар өткізу, облыс, республика бойынша атқарылып жатқан тағы да басқа жұмыстарға белсенді түрде атсалысып келеді. Облыстық Кәсіподақтар орталығы салалық кәсіподақтармен бірлесе отырып халқымыздың әл-ауқатының артуы, ел экономикасын нығайту, бір сөзбен айтқанда кәсіподақ мүшесіне мықты қорған болу үшін еңбектенуде.
Қазір Атырау облыстық Кәсіподақтар бірлестігі өз қатарына 83 мыңдай кәсіподақ мүшесін біріктірген 670 бастауыш ұйымнан құралады. Олар мұнай мен газ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және басқа да халық шаруашылығының 11 салалық кәсіподақтар ұйымдарының басын біріктіріп отырған аймақтағы ірі қоғамдық бірлестік.
Облыстағы еңбек етуге қабілеті бар тұрғындардың 33 проценті кәсіподаққа мүше. Бұл – үлкен күш. Кәсіподақ мүшелері құрамын әрмен қарай толықтыра түсуге мол мүмкіндіктер де бар. Бірнеше мыңдаған адам қызмет ететін «Теңізшевройл», оның қосалқы мердігерлерінде, сол сияқты құрылыс компанияларында кәсіподақ мүшелерінің саны тым аз. Салалық кәсіподақтардың да басты мұраты, негізгі мақсат-мүддесі – еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтау, жұмысшы мен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақты байланыс орнатуға тиісті. Кәсіподақтардың негізгі тыныс-тіршілігінің ең алдыңғы шебі – еңбек ұжымдарында, бастауыш кәсіподақ ұйымдарында.
Атырау өңірі негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша донор ретінде елімізде көшбастаушылар қатарында келеді. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары едәуір жақсарды. Күні бүгін облыста 3 мыңға жуық ұжымдық шарт тиімді жұмыс жасайды. Демек, мұның бәрі адами капиталды дамыту мен ұлғайтуға бағытталған. Ұжымдық шарт негізінде әлеуметтік әріптестік арқылы қызметкерлердің тұрмыстық әл-ауқатын көтеру – ұйымның басым бағыттарының бірі. Еңбек адамының мүддесін қорғап, кәсіподақ қозғалысын дамытуға барынша үлес қосып жүрген сала белсенділері мен ардагерлері Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының түрлі деңгейдегі марапаттарына ие болып жүр.
Биылғы жылды Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жарияланды. Осыған сәйкес бұрыннан жалғасын тапқан игілікті шаралар салалық кәсіподақтарда жүзеге асырылып жатыр. 2021-2023 жылдарға жасалған Әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің орындалысы туралы мәселе күн тәртібінен түскен емес. Келісім талаптары Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның мәжілістерінде, болмаса жұмыс берушілермен болған түрлі форматтағы кездесулерде жан-жақты талқыланып отырады.
Кәсіподақтар күні – қарапайым еңбеккерлердің, жұмысшылардың мерекесі. Өйткені еңбек адамының әлеуметтік жағынан толық қамтылып, құқығының сақталуы – оның алаңсыз жұмыс жасауының, еңбегінің нәтижелі болуының бірден-бір кепілі. Ал, жұмысшылардың осы игіліктерге ие болуына халық шаруашылығы салаларының әрбір ұжымындағы кәсіподақ ұйымдары мүдделі. Сондықтан да кәсіподақ ұйымының жұмысы дұрыс бағалануы тиіс.
Кәсіподақтың негізгі тыныс-тіршілігінің ең алдыңғы шебі еңбек ұжымдарында, бастауыш кәсіподақ ұйымдары екендігі белгілі. Кез келген кәсіптік одақтың күш-қуаты оның бастауыш ұйымдарының қандай болуына, олардың әрбір жұмысшы-қызметкердің құқықтары мен мүдделерін тиімді де белсенді түрде қорғалуын қамтамасыз етуіне тікелей байланысты. Бастауыш ұйымдардың рөлі мен беделін, қызмет тиімділігін арттыру мәселелері ерекше маңызды екені күн тәртібінен түспеуі керек.
Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының бір буыны саналатын облыстық бірлестікте біраз жұмыстар атқарылуда. Алдағы міндеттер одан да зор. Оны жеңетін бір ғана күш бар. Ол – бірлікте. Халықтың бірлігі – кәсіподақтың бірлігі. Өйткені, кәсіподақ – еңбекшіл қоғамның қорғаны, тұрақтылықтың тірегі.
Әлібек СЕМҒАЛИЕВ,
Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы,
облыстық мәслихаттың депутаты