Жергілікті атқарушы биліктің астаналық шенеуніктерге уәжі өтіп тұр ма, әлде басқа себебі бар ма — әйтеуір соңғы уақытта мұнайлы мекенге министрлер бірінен соң екіншісі келіп жатыр. Бұл жолы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшысы Марат Қарабаев ат басын тіреді.

Оның халықпен кездесуінен екіұдай ой түйдік. Әрине, жұртшылық жадында жүрген сауалдарға жауап іздегені кәміл. Әйтсе де, бірер ғана мысал келтіріп көрелікші. Сонда таразының екінші басы да айқындалар.

Бүгінде «Жұлдыз» ықшам ауданында тосын проблема туындапты. Ол, әсіресе, өткен жылдан бері асқынған. Әңгіме жерасты суларының жер үстіне шығып жатқандығы жәйлі. Бұдан біраз жыл бұрын тиісті жер телімін алып, жеке үй тұрғызып алғандар енді сол баспаналарының болашағына алаңдайды. Өйткені, іргетасы сөгіліп, қабырға сылақтары түсе бастаған. Бәріне кінәлі – қысы-жазы кеппейтін ылғал. Енді не амал бар?

Тұрғындар кәріз жүйесін жүргізуді сұрайды. Дұрыс ұсыныс. Мұны шаһар басшылығы да қолға алғалы отыр. Бірақ, сол қашан жүзеге асады? Оған қанша қаражат қажет? Жалпы, бір-біріне тығыз орналасқан үйлердің арасынан мұндай құрылыс салу оңай ма? Бүкіл қала бойынша жүздеген, тіпті мыңдаған метр құбырды қалай тарту керек?

Әрине, мұны сала мамандары ойластырып та жатқан шығар. Түбі оң нәтижесі көрінер. Әйтсе де, елді мекенде осындай мәселе туындауына өзіміз де кінәлі емеспіз бе? О баста сарқынды суларды құятын шұңқыр (септик) қазғанда оны сенімді бекіттік пе? Үйден пайдаланылған су жер қыртысына кетіп жатқан жоқ па? Бәрі демелік, көпшілігі оны лайықты шегендеген жоқ. Себебі, сорғызуға ақша шығарудан қашты. «Жердің асты кең ғой, аға берсін» деген пендешілік пиғылдың жетегінде жүрді. Ал, оның қаланың әр жерінде кездесер табиғи жерасты суларымен қосылып, көбейіп жатқанын ұмыттық. Міне, соның салдары осындай.

Рас, министр кәріз жүйесін жүргізуге бюджеттен қаржы қарастыруды жоспарға енгізуге уәде берді. Бірақ, бұдан ақша аударылады деген түсінік тумауы тиіс. Одан әрі, министрлік тек «Жұлдыз» ықшам ауданына ғана қаражат бөле ме, әлде тұтас қаланы қамти ма? Бізді бұл да қызықтырады. Өйткені, республикалық бюджетті жасақтауға сүбелі үлес қосып отырған өңірдің қайтарым дәметуге де құқы бар. Ендеше, Марат Қарабаев астанаға барған соң басқа шаруаларына алаңдап кетпесе, бір нәтижесін көріп те қалармыз.     

Әйтсе де, тұрғындардың төтенше жағдай жариялауды талап етіп, бар кінәні жергілікті атқарушы билікке арта салуы әбестік. Алдымен, әр үй өзінің септигін жөнге келтірсін. Жуынған және нәжіс суы қайда кетіп жатқанын анықтасын. Көршілер кімнің қанша рет лас суды сорғызып жатқанын жақсы біледі ғой. Демек, айыптыны алыстан іздемеуге болады.

Тағы бір тұрғын өзінің кәсіпкер екенін, тұрғындарды қайықпен Жайықта серуендетуді қолға алғанын айтады. Құдай көпсінбесін, өзінің тоғыз баласы бар екен. Жә, енді не мәселе? Бірнеше жыл бойы өзі бизнес санайтын кәсібін жасырын жүргізген. Салық орындарына тіркелмеген. Демек, заң бұзғаны ғой. Қазір құжаттарын реттепті, бірақ көлік инспекциясы су полициясымен бірлесіп қызметін тоқтатыпты. Тағылған айып – қайықты арнайы даярлықтан өтпеген адамның басқарғаны. Құзырлы орындар талабы қате ме? Айта алмас едік. Жүргізушілік куәлігі жоқ адамның көлікке отыруы қылмыс саналады. Әдейі бап бар. Өйткені, жолаушы өмірі таразыға тартылады. Жол-көлік оқиғаларынан жазықсыз жандардың зардап шегіп жатқаны аз ба?

 Ендеше, оны қайыққа қатысты қолданса, қате ме? Мұнда да  азаматтардың қауіпсіздігі қаперге алынуы шарт. Анау жылы Махамбет селосы тұсында Жайықтан қайықпен өткенім есіме түседі. Паром кетіп қалғандықтан, оны күтпей қайықшыға қолқа салдық. Ол әрі-бері ақшасына кісі тасып жүрген ауыл тұрғыны екен. Қолында қос ескектен басқа түк жоқ. Құтқару құралдары дегенді өмірі көрмеген. Жә, өзен тыныш еді. Ал, көлденең толқын соғып, қайықты аударып кетсе ше? Үстіндегі адамдар тегіс суға кетеді ғой. Сонда кім кінәлі болмақ?

Міне, министрмен тұрғындардың кездесуінен бірер ғана мысал келтірдік. Жалпы, адамдардың айыпты өзінен іздемей, жоғарыдан келгендерге шағымдануы көбейіп бара жатқандай. Егер жергілікті атқарушы билікке өкпесі болса, аймақ басшысының өзіне айтпай ма? Қазір облыс әкімі Серік Шәпкенов көпшілік ортасынан көбірек табылып жүр. Президенттің халық алдына тұрақты шығу туралы тапсырмасы ма, әлде өзінің дағдысы солай ма — әйтеуір, жиналыстардан жиі көреміз. Осы жолы министрдің жұртшылықпен жүздесуіне оның орынбасары Қайрат Нұртаев қатысты. Өңірде қалыптасқан жағдай оған да аян шығар-ау. Ендеше, жерлестеріміздің оны астаналық шенеуніктің алдына жайып салу жөні қалай?

Рас, сын айту керек, бірақ ол межелі болуы шарт. Мәселен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің басшысы келді ме, соның өзіне қатысты сауалдар да жеткілікті. Облыста республикалық деңгейдегі жолдардың жағдайы жақсы ма? Немесе ел экономикасына серпін беретін күрделі жобалар қалай жүзеге асып жатыр? Міне, осындай күрделі сауалдарды жолдау қажет еді. Ал, жергілікті мәселе осында-ақ шешіледі. Оны ешкім алыстан келіп жасап бермейді.

Рас, министр бюджеттен қаражат бөлуді қарастыруға сөз берген екен, бұл жергілікті қаржыны үнемдеуге септігін тигізер. Егер тұрғындар назы соның оң шешілуіне жағдай туғызса, онда қос қолдап қуанамыз. Әйтпесе, болмашы нәрсені сырттан келгендерге жария ете беру жараспайтын секілді.

Мұрат СҰЛТАНОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *