Аудандық ардагерлер кеңесінің бөлмесінде өткен дөңгелек үстел жанындағы ашық пікір алысу бүкіл Қазақстан бойынша 28 маусымда атап өтілетін Бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің күніне арналды. Сондықтан да аудандағы бұқаралық ақпарат саласының дамуына үлесін қосып жүрген ардагерлер мен жас тілші-авторлар арнайы шақырылып, олар журналистермен біріге отырып, «Аудан ақпараты: Бүгін және Ертең» деген сауалға бірлесіп жауап іздеді, оны жақсарта түсуге қатысты ойларын ортаға салды.

         Дөңгелек үтел жанындағы ашық сұхбатты аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы, республикалық бас редакторлар клубының Атырау филиалының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Жанай Амантурлин ашып, баршаны алдағы кәсіптік мерекемен құттықтап, осы салада атқарылып жатқан игі жұмыстар, орын алып жатқан кемшіліктер мен қиындықтарды да  бірлесіп талқылауға шақырды.

         Бүгінгі таңда «Атырау-Ақпарат» ЖШС қарасты «Дендер» газетінің жұмысындағы жаңа бағыттар мен жүргізіліп жатқан ықшамдаулар, цифрландырудың маңызы, оқырмандар тарту, баспасөзге жазылудың тың жолдарын іздестірудегі жаңалықтарға тоқталды.

         Сонан соң сөзді газеттің тілші-авторлармен жұмыс бөлімінің жетекшісі, журналист Жадыра Наримановаға берді. Ол өткен алты ай ішінде редакцияға 350-дей хат-хабар түсіп, оның басым бөлігі жарияланғанын баяндап келе:

         -«Алматыдағы жазушыдан ауылдағы тілші артық» деген жазушы  Әзілхан Нұршайықов айтпақшы, қоғам қаншалықты дамығанымен де газет қашанда өміршеңдігін жоймайтынын уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Өйткені, әлеуметтік желілердегі бір мезеттік сақау жазбалар мен алып-ұшпа хабарлар халыққа замана тынысы туралы толық та шынайы ақпарат бермейтіндігіне көпшіліктің көзі жете бастады.

         Сондықтан да байсалды басылым әркез оқырманын төрге шығарып, тілші-авторларын құрмет тұтады, пікірлеріне құлақ түреді. Орындалысын қолдап, іске асырылуына жанашырлық танытады. Сөйтіп, өмір сүріп, еңбек етіп жатқан ортаның бірлігін сақтап, тыныштығын қорғауға жұмыстанады,-деп сөзін бастаған жас журналист алты айда түскен хаттарды саралап, әрқайсысының көтерген мәселелерін көп назарына ұсынуды ұмытпады.

         90 жылға жуық тарихы бар, бұрыннан да белсенді тілші-авторлармен жұмысын жолға қоя білген редакцияға осы уақытта ауданның елді-мекендері, мекеме,ұжымдарымен қатар  Атырау, Астана, Алматы, Көкшетау, Ақтау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары, Махамбет, Құрманғазы, Қызылқоға аудандарынан да көптеп хаттар түскен екен.

         -Осы орайда әрдайым өмірден көргені мен түйгенінің тәлімін көпшілік оқырманмен бөлісуге асығатын аға буын өкілдері мен жас тілшілерді, «Жас қалам» үйірмесінің мүшелерін ерекше құрметпен атауға болады. Өткен жыл еліміз үшін ауыр сынмен басталып, Президент Қ. Тоқаевтың «Қасіретті қаңтар сабағы: Қоғам тұтастығы-тәуелсіздік кепілі» атты үлкен мақаласы мен Жолдауында қойылған міндеттермен ашылып, сол қасіретке бір жыл толуына орай ауданның бір топ ардагерлері арнайы газет бетінде «Сын сағаттан не түйдік?» деген сауал астында пікір тоғыстырған еді,-деген хабарламашы, бірқатар белсенділерді атап өтті.

         Олардың арасында ардагерлер Қатимолла Ризуанов, Талғат Тасқарин, Алтыбай Ермұқан, Қымбат Кәрім, Қабижан Қапиз, Бағыт Қарекешова, Амантай Бағыт, Бисен Аталық, Өтеген Ақышов, Кеңес Сахи, Самиғолла Ғалым, Мәзім Шотанқызы, ғалым Аққали Ахмет, мұғалімдер Гүлнәфис Есқалиева, Айсәуле Боранғалиева, Анелла Нәби,тағыда басқаларының есімдерін ерекше бөле атады.

         Жасыратыны жоқ осы белсенді авторлардың, соның ішінде С. Ғалымның «Мұхтар Шаханов және қасиетті «Төрт ана», Қатимолла Ризуановтың «Бұралқы ит пен мысық кімге, неге керек?», Жұмағыз Қайсағалиеваның «Әкем осы қыстақта туған», тағы да осы секілді түрлі пікірлер туғызған мақалар қатары газет бетінде аз болмады. Оған журналистердің қаламынан туған өткір де өзекті тақырыптағы мақала-хабарларын да қосқан дұрыс. Бұл жайында осы пікір алысуға қатынасқандар да сөз етіп отырды.

         Мәселен, ауданның Құрметті азаматы Табылды Биғазиев:-Қаламның қасиетін ұғатын жандардың қатары, шүкір, ауданда аз емес. Өз басыма, республикаға сыйлы ағамыз Қатимолла Ризуановтың «Құрметті атақтың құтын қашырмайық» деген мазмұнды мақаласын ерекше бөле атағым келеді. Сол секілді осында отырған бірқатар ардагерлер Самиғолла Ғалым, Сүйеу Халықов, тағыда басқаларының ойлы мақаларын тұщына оқимын.

         Дегенмен мені алаңдататын тұстар да баршылық. Соның бірі- рейтингтің жайы. Оқтын-оқтын жарияланып тұратын осы рейтниг соңғы мезгілде бүтін еліміз бойынша қойылып кетті. Біз қай жерде келеміз, бәсекелестік бар ма?! Бұл әр адамның, мекеменің өз жұмысына сыни көзімен қарап отыруына, салыстыруына да ол керек емес пе?! Құрылыстарымыздың жайы қалай? Әлде олардың деңгейі рейтингке де сәйкес келмей қалды ма екен?

         Ал кадр тәрбиелеу мәселесі тіпті осалсып кетті, жоқ десем де болады. Бөлім, мекеме басшылары үшін бұл жауап бермейтін, мүлдем керек емес шаруа сияқты көрінеді. Бұрын бір кадрды көтеру, болмаса тағайындау үшін түрлі деңгейдегі сынақ, зерттеу, зерделеулерден, тексерулерден өтетін.

         Сол секілді түрлі ұрлық-қарлық жасағандардың аты-жөндері ашық жазылмағандықтан, оның пәрмені де, сөздің қуаты да діттеген жерден шықпай, құр хабарлау ретінде қабылданатынын ашық айтқым келеді. Жанай інім, өзіңді әділеттілікті, ашықтықты қолдайтын, осы бағытта жұмыс істеп жүрген жан есебінде айтып отырмын осының бәрін. Әр жұмыста да сыншылдық болмаса, қиын. Еңбектеріңе табыс тілеймің.

         Мемлекеттік қызметтің ардагері Өтеген Ақышов:-Аудан ақпаратының айнасы «Дендер» газетінің жұмысы біздің көз алдымызда, асымызды қолға алмас бұрын қолымызды созатынымыз да осы басылым. Сондықтан да оның мақалалары мазмұнды, шынайы шындық жазылғанын қалаймыз.

         Жас журналист Жадыра қызымызға да рахмет. Үнемі түрлі оқиғалардың ортасынан табылып жүреді. Бізге, 80-нің сеңгіріндегі жандарға,  әлеуметтік желілер емес, газет қой ең жақыны. Сондықтан да оның сапалы, уақытында шығып тұрғанын қалаймыз. Әсіресе, тарихи-зерттеу материалдардың көбірек болғанын қалаймын, өзім де осы тақырыпқа үлесімді қосып жүрмін әлім келгенше.

         Кент тұрғыны, зейнеткер Муса Күсепов:-Газет тілшілерінің, әсіресе журналист Саламат Базарбаевтың «Қоқысқа бөккен қалашық?», сондай-ақ «Карьер иелері ізін неге жасырады?» атты мақалалары өте орынды мәселелерді көтеруімен құнды деп санаймын.

         Сондай-ақ  Дендер күмбезінде ашық көрме Қонаев төбесін қайта жаңғырту мәселесі көтерілсе әлі де шешімін таппай келеді. Шын мәнінде осы төбеде Д. Қонаевтан бастап, Н. Балғымбаев, тағыда басқа көп жандар болған, тарихи орын ғой. Оның келешекте тәрбиелік орынға айналуын назардан түсірмеу керек. Сол секілді орталық көпір маңына Асан қайғы атамызға бір белгі орнату жайы да тасада қалып келеді.

         «Қазақстан білім беру ісінің үздігі» Бағыт Қарекешова:-Журналист мамандығы әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі ғой. Сондықтан да мен оларға үнемі құрметпен қараймын. Мен өзі қазақ тілінен гөрі орысшаға жақынырақ болсам да аудандық газетке жиі-жиі мақала жазып жүремін.      Онымды жылы қабылдап, жариялап жатасыздар, оларыңызға бек рахмет. Енді айтарым, мен әр газеттің әр санынан педагогикалық бағытта жазылған терең сараланған мақалаларды асыға күтемін.

         Өкінішке орай аудандағы, 14 мектептің мұғалімдерін айтпағанда директорларының өзі мүлдем мақала жазбайды. Ал осы білім беру саласында ақылдасып отырып шешетін мәселелер аз ба?! Мектеп басшыларының өзі біріншіден, тәрбиеші емес пе, оларды жариялылық неге мазаламайды, таңқаламын. Шындығында әр мектептің басшысы өзі, мұғалімдері жиі мақала жазып қоймай, оқушылардан үнемі  тілші дайындауы керек қой.

         Міне, осындай салғырттықтың салдарынан бүгінде сауатсыз мұғалімдер көбейіп барады. Олардан білім сапасы, оқушылардан біліктілікті қалай талап етпекпіз.Біз олардан біліммен қатар тәрбие мәселесін де сұрауға құқылымыз ғой. Сондықтан да осы бағытта журналистерге де ерінбей-жалықпай іздену керек болады.

         Бөдене ауылының тұрғыны, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» Мариям Есқазиева:-Ақпарат таратушы іні-сіңілілеріме тек амандық, шығармашылық табыстар тілеймін. Мені қуантатыны, осы Индерборда, болмаса ауылда тұрып-ақ редакцияға хабарласып, еліміздің әр түкпіріндегі жанға тілегіңді жолдап, құттықтаулар жібере аласың. Мұны мен бүгінгі кезеңнің ең үлкен жетістіктерінің бірі санаймын.

         Сонымен бірге соңғы кезеңде барлық ақпаратты тек әлеуметтік желіден алуға болады деген теріс түсінік қалыптасып барады елде. Негізі бүгінгі осы отырған 80-85 жастағы зейнеткерлер барлық ақпаратты осы газеттен алмаса, телефонға иек арту олар үшін үлкен қиындық туындатады ғой. Оның үстіне, барлық  ауылда  интернет толық қуатында жұмыс істеп тұр деп санауға бола ма екен.

         Тағы бір айтарым, психологтар адам үлкейген сайын мақтаншақ, ренжігіш, өкпе артқыш, ақылгөй бола түседі дейді. Сол ретпен бірқатар ардагерлерімізді мерейтойларымен құттықтауға, ұлықтауға келгенде реніштер туындап жатады.

         Сайып келгенде бәрінің бірдей өмір тарихын ұзыннан- ұзақ жазып, газетке жариялап жату да қиын. Оны ақылы да деп естиміз. Сондықтан осының да бір жолын табуы керек сияқтанады да тұрады. Мұны да ескеру керек. Әрине, бәріміз де белгілі бір тапсырма берілмесе, газетке өздігімізден мақала жаза қоюымыз қиын.

         Міне, осындай дөңгелек үстел жанындағы тоғысқан сан арналы сыр сұхбатқа басқа да ардагерлер, атап айтқанда «ауданның Құрметті азаматтары» Кеңес Сахи, Самиғолла Ғалым, Тасқали Темірболатов, тағы басқалары атсалысты.

         Олардың бірі-тарих, екіншісі-кәсіпкерлердің тілге құрметі, көрнекілікке келгендегі салғырттықтары, орманды қорғау мәселелерін көтерді. Оның бірқатарына аудандық газеттің басшысы Жанай Амантурлин жауап берсе, екіншілеріне  ойларын айтты, қосымша түсініктер берді.

         Әсіресе, редакция қызметкерлері Жарсуат округіндегі Кетебай ауылындағы тұрғындарды газетке жазып, оны орталықтан өзі жеткізіп беріп жүрген белсенді азамат Қуаныш Көшкінбайұлының есімін ризашылықпен атап, үлгі етуі көпшілікке оңды әсер сыйлады. Оған арнайы сыйлық берілді.

         Шара соңында белсенді тілші-авторлар Аққала орта мектебінің мұғалімі Гүлнәфис Есқалиева, Есболдағы Қ.Есқалиев атындағы орта мектептің мұғалімі Ақсәуле Боранғалиева, оқушы Анелла Бауыржанқызы, Көктоғай округі әкімшілігінің маманы Бибінұр Мәжитқызына Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды.

         Осылайша баспасөз қызметкерлері күніне арналған дөңгелек үстел аудан ақпаратының бүгінгі жай-күйі ғана емес, ертеңі де қатты алаңдататыны сөздерімен анық аңғартты. Әліде ізденістерін тоқтатпай, көптеген тың тақырыптарды да көтере берулеріне тілектерін қосты.

          Ақпарат саласындағылар да мұның бәрін ескерер, қаламдары одан әрі өткірленіп, шеберліктері ұштала түсер, ал күнді-түні «Халықты еститін билік» девизі астында еңбек етіп жатқан мемлекеттік қызметшілер баспасөз арқылы жеткен көпшіліктің талап-тілектері мен сыни пікірлеріне сергек қарап, ұдайы санасып, тиянақты жауап қайтарып отырар деген үміттеміз.

С.ХАЛЫҚОВ,

Индербор кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *