«Ауыл — ел бесігі»:
Алматы облысында инженерлік инфрақұрылым бойынша 43 жоба іске аспақ. Оған 7 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылыпты. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Үкімет отырысында айтты.
Баталов бұл шаруалардың «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылып жатқанын, нәтижесінде өңірде дене шынықтыру кешендері, аудандық ауруханалар жаңадан салынып, білім беру нысандары, су және жылу мен жабдықтау құбырлары, кәріз құбыры күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, абаттандыру және сапасы нашар жолдарды жақсарту бойынша 31 жоба іске аспақ.
Жалпы, Алматы облысында 732 ауыл және елдімекен бар. Облыс халқының 80%-ы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, ауылдық жерлердегі әлеуметтік жағдай мен саламатты өмір салтын ұстануға және өзге де өмір сүру сапасын жақсартатын нысандар салу басты назарда ұсталынуға тиіс. Әрине, облыстың негізгі бағыты – ауылшаруашылығы саласында. Дегенмен, ауылдарды тек өндіріс ошағы ретінде ғана қарауға болмайтыны анық. Ауылда тұратын халық қаладағылардан кем өмір сүрсін, мәдениетке қалаға келген соң ғана жетілсін деген заң еш жерде жазылмаған. Сондықтан, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы әшейін цифрлардың астында қалып кетпей, өз деңгейінде орындалса Алматы облысы үшін үлкен жетістік болары хақ.
Үкімет отырысындағы баяндамасында әкім атқарып жатқан шаруалар жайынан мынадай дерек келтірді:
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде облыста 7 млрд теңгеге 7 аудан орталығын қамти отырып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жөндеу бойынша 43 жобаны іске асыру жоспарланды. Оның ішінде жергілікті бюджетпен қоса қаржыландырудың саны 1,5 млрд теңге. Бұл іс жүзінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның барлық бағыттарын жөндеу мен құрылыстарды қамтуға мүмкіндік береді. 4 дене шынықтыру кешені салынып, 2 аудандық аурухана салынады, 6 білім беру нысаны, су, жылу мен жабдықтау, кәріз құбыры, абаттандыру және кемшілік жолдар бойынша 31 нысан жөнделеді».
Дегенмен, бір нәрсені айтпай кетуге болмайды, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы басталмай тұрып та облыстың 80 пайыз халқы аш-жалаңаш жүрді деуге болмайды. Сондықтан, ауылдық жерлерде бұл бағдарламадан тыс та арнайы жобалар жасалып, шаруалар істеліп жатыр. Әкімнің айтуынша, 13,3 млрд теңгеге 63 жоба іске асырылуда.
«Оның ішінде республика бюджетінен 6,6 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 7,2 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар, инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Сингапурлық «ALACEM» компаниясы Сарыөзек ауылында 47 млрд теңгеге қуаттылығы жылына 1,2 миллион тонна цемент зауытының құрылысын жүргізуде. Онда 360 жаңа жұмыс орны ашылады. Шонжы ауылында жыл соңына дейін жылына 30 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы қалпына келтіріледі. Ауыл тұрғындарының мыңға жуығы жұмыс орнына қайтып келеді», — деді Амандық Баталов.
Атаулы бағдарлама ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуды көздейді. Ал, Баталов мырза бұл мәселе бойынша алдымен аудан орталықтарын дамытуға және оларды өсу нүктелеріне айналдыруға күш салмақ. Бұл тарапта облыс экономикасын көтеретін басым бағыттарды анықтап алу маңызды. Ал, әкім бір кездері жабылған, қараусыз қалған зауыт-фабрикаларды қалпына келтіріп, біраз мамандар өздерінің бұрынғы жұмыс орындарына қайтып келеді деп отыр.
Жиында премьер-министр Асқар Мамин:
«Әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін – мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау орындарын жөндеу, елді мекендердің ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстарын осы жылдың қыркүйегіне дейін аяқтау қажет» екенін айтты.
Айта кету керек, биыл облыстық әкімдіктер бұл жоба бойынша 454 іс-шара өткізу жоспарлап отыр. Жобаларды іске асыру мен жоспарлар туралы Алматы облысының әкімі А. Баталовпен қатар Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов баяндама жасады. Бұл екі облыстың ерекшелігі – бұл өңірлер жобаларды жергілікті бюджеттен бірлесіп қаржыландыру бойынша көрсеткіштері жоғары. Ал, жалпы жобаны іске асыру одан әрі дамыту туралы «Nur Otan» партиясының хатшысы Ф.Қуанғанов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаевтар ұсыныстарын айтты.
Жоспар бойынша, 2025 жылға дейін «Ауыл – Ел бесігі» жобасы 2 мыңға жуық елді-мекенді қамтиды. Бұл – 6,1 млн тұрғын деген сөз. Демек, алдығы жеті жыл бойы ауылда тұратын халықтың 80 пайызы осы бағдарламаның пайдасын көреді.
Ербол ЕСЕН,
өз тілшіміз