Қазақ тарихы қатты бұрмаланған. Ол Мәскеудің ыңғайына орайластырылып жазылды. Ел басқарған хан-сұлтандар қанішер, аяр, қанаушы болып көрсетілді. Кеңес заманында өмір сүрген талай буын осылайша теріс тарихты оқыды. Өткенінен түңілді.
Бірақ қазір заман өзгерді. «Ақты ақ, қараны қара» дейтін уақыт келді. Қазақ тарихы кеңес кезінде қалай талқыға салынып, ту-талақайы шығарылғаны жөнінде белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді мынаны айтқан еді:
— Біз жалпы, соңғы екі-үш ғасырда бір емес, әлденеше рет жеңілген ұлтпыз. Өкінішке қарай, солай. Арыға бармай-ақ қояйын. БелгіліXIX ғасырға келер болсақ, Кенесары бастаған қозғалыс. Оның финалы өте трагедиялы болды ғой. Ол – үлкен жеңіліс. Үш жүздің басын қосып, жердің тұтастығын сақтаймын, барлығын қалпына келтіремін деген қозғалыс еді, бұл. Кенесары ханның көтерілісіне ұлттық көтеріліс деп баға беруге қарсы топтар әлі бар. Кенесары өзінің Ресей патшасына жазған хатының бірінде «Менің атам хан Абылай тұсында сіздер Ертістен бері енбегенсіздер. Шекара сол жермен шектелген. Қазір қазақ жерін басып алдыңыздар. Соны қазаққа қайтарыныздар», — деген сыңайдағы пікірін ашық мәлімдеген.
Ендеше, ол неге ұлттық көтеріліс емес?
Одан кейінгі 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс. Ол да жеңіліс. Ұлттың жеңілісінің бәрі – жеңіліс. 1931-32 жылы көтерілістер – бұлар да жеңілістер, сондықтан біз қазір қандай терең құздан шығып келе жатқанымызды түсіне бастадық. Ұлт азаттығы үшін күресте тек қана халық жеңілген жоқ. Тарихы да жеңілді. Бағзы замандардағы бір данышпан-ның айтқан сөзі бар екен: «Тарихты жазуға тапсырысты жеңген адам береді»,-деп. Расында, тарихты жазуға жеңілген адам берілмейді. Кеңестік дәуірде біздің тарихымыз осы ұстаным тұрғысынан жазылды.
Қазақстан тарихы Москвада төрт рет талқыға түсіпті. Бірде-бір республиканың тарихы мұндай талқыға түскен емес.
Талқыға түскен Қазақстан тарихы ғана. Ең алғаш рет Алматыда Голощекиннің тапсырысы бойынша дайындалған бір кітап болған. Ол Брайнин мен Шапироның Алаш тарихына қатысты жазған кітабы. Сол кітап үлкен талқыға түсті . Кейінірек, 1944 жылы «История Казахской СССР » атты жинақ талқыға түсті. Бұл жинақ – Ресей авторлары мен қазақ ғылымдарының бірігіп жазған алғашқы жинағы. Бұл кітапты талқылауға басшылық жасаған сол кездегі Орталық комитеттің хатшылары Щербаков, Молотов болатын. Әрине, оның арғы жағында Сталин отыр. Сол талқылау барысында бір сөз айтылды. «Соншалықты талқыға салатындай бұл қандай таңдаулы халық?» — деді.
Избранный народ — әлем тарихында біреу.
Бұдан кейін Бекмахановтың монографиясы таныла түсті. Оны Ғылым академиясының тарих институты талқылады. Одан кейін Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ»-сы 1976 жылы талқыға түсті. Мұны тарих бөлімі мен филология бөлімі бірігіп талқылады.
Осылайша, қазақ тарихы төрт рет талқыға түсті. Бұл жай талқы емес. Бұл дегеніміз – ұлт тарихына жасалған шабуыл.
Ұлт тарихына бағыт-бағдар беру деген сөз. Соған мәжбүрлеу деген сөз. Біздің тарихымыз жеңілген тарих. Мұны мойындауға тиіспіз. Кезінде осындай халде, осындай жағдайда жазылған тарихты қайта қарау, қайта қорыту қажет.
Жазып алған
Есенгелді ЕРНИЯЗОВ,
Журналист.