Амангелді Айталы:

– Қазір, тіл деп ұрандап жүргендер көп, бірақ одан қазақтың тіліне келіп жатқан пайда жоқ. «Баяғы жартас бір жартас»! Сол секілді «ұлтым» деп ұрандатып жүргендер де жетерлік. Одан ұлтқа қайыр боп тұрған ештеңе жоқ секілді. Жалпы «тіл мен ұлт» мәселесін көтеріп арзан ұпай жиып жүргендер жайындағы ойыңызды айта отырсаңыз?

 – Ұлт, тіл мәселесінде күрестің бір заңдылығы бар, ол -қажымай, жалықпай, шаршамай қайсарлықпен жігерлі қызмет ету. Сәл кідіріс, үзілісті қарсыластар шегініс деп қабылдайды. Сондықтан «арзан бедел жинап жүр» деп тіл жанашырларын айыптау да сол қазақ тіліне бейжай, болмаса қарсылық білдіретін жақтан естіледі. Әсіресе, тіл мәселесін көтеру биліктегілерге ұнамайды, «арзан абырой жинап жүр» деп солар айып тағады.

Қазақтардың ана тіліне алаңдайтын ерекше жағдайлары бар. Біз тіліміздің, мәдениетіміздің, дәстүріміздің толық иесі емеспіз. Қазақтың саны мен сапасының арасында алшақтық біраз. Оған тарихи себептер де бар. Қазақ тілінің, қазақ ұлтының жағдайын өзбек, түрікпен, тәжіктермен, болмаса кавказдықтармен салыстыруға болмайды. Қазақтар орыстандыру саясатының өкпе тұсында тұрды. Ресей империясында тұңғыш халық санағы 1897 жылы жүргізілген, Түркістан өлкесін есептемегенде, қазақтар 71,9%, орыстар 10,15% құраған, қалғаны басқа да ұлт өкілдері.

Одан әрі 1959ж. дейін қазақтардың үлесі өз елінде азая береді: 1920ж.-58,5%, 1939ж. 37,8%, 1959ж.-30%, 1970ж. бастап, қазақтардың үлес салмағы аз да болса өсе бастап, 32,6% құрайды, 1979ж.-36,8%, 1989ж. 40,1% болды. Екі жылдан кейін халықтың 60% жуығы басқа ұлт өкілдері болғанмен тәуелсіздік алдық. 1999ж. қазақтар 53,4%, 2009ж. 63,7% болды. 2013ж. басында Н.Ә.Назарбаев қазақтардың елде 65% құрайтынын ресми түрде хабарлады.

Орыс, украиндықтар, басқалармен бірге елімізге орыс тілі, орыс мәдениеті, орыс мектебі, дәстүрі келді, келіп қойған жоқ қазақ тілі, қазақ мәдениеті, дәстүрі ығыстырылды. Себебі сан жағынан басым ұлт өкілдері қазақтарды өзіне тартып, сіңіре бастады, ал өздері қазаққа бейімделмеді. Қазақстан орыстанды, ел өзгерді, басқа орыс тілді елге айналды. Қазақ славян елі, христиан еліне айналды. Қазақстан халықтар достығының лабороториясы деп айтылды, шындығында орыстанудың лабороториясы болды. Қазақ интеллегенциясының бірқатары бұл жағдайға іштей қарсы болды. Ал қоныс аударушылар қазақ мәселесіне пысқырып та қарамады, тіпті қазақ мәселесі бар екенін, қазақ ұлтының мұң-мұқтажын елемеді. Қазақтарды адам ретінде, маман ретінде сыйлағанмен, ұлт өкілі ретінде қабылдамады. Олар ақша табуға, пәтер алуға келгендер еді. Қоныс аударушылардың саны көбейіп, олар 40-50-60%, тіпті 70% дейін өскенде, олар қазақтарға емес, қазақтардың оларға икемделуіне тура келді. Бүгін қоныс аударушылардың Ресейге көптеп баруына байланысты, орыс ғалымдары азиатизация үрдісі күш алуда деп айқай салуда. Қазақстанда русификация үрдісі күш алып қойған жоқ, өмір сүрудің салтына, заңдылыққа айналды. Осылай орыстану дерті батпандап кірді. Атадан балаға, баладан немереге ұлтсыздану, тілін, мәдениетін жатырқау кең етек алды. Бүгін тек орыстар, украиндықтар емес, қазақтар арасында ана тілін сыйламайтын, демек білмейтін, қазақты ұлт ретінде менсінбейтін үрдіс етек алған.

Біздің Статистика агенттігі елді де, Елбасын да адастырып жүр. Себебі олардың бұл деректері сенімсіздік туғызады және өмірде олар дәлелденбей отыр. Көптеген ата-аналар, әсіресе жастар, тілі шықпаған балаларына дейін өздері шала білетін қазақ тілін балалары да біледі деп жазған. Бұл жерде ұлттық психологиялық фактордың да ықпалы бар. Қазақ тілін білмесем, орыс деп жазады деп те сақтанған, бірқатары намысқа барып, қазақ тілін білмейтіндер көп демесін деп біледі деп жаздырған. Ұлттық сезім ең бір терең сезім, өз тілін білмесе де, өзін тегіне қарай ұлтқа жатқызу кең тараған үрдіс.

Бөтен тілді қазақ тіліне артық білу қазаққа қауіпті екенін енді түсіндік. Тарихи жағдайдың салдарын айтып, бүгінгі тілді ахуалды ақтағалы отырған жоқпыз.Өткен тарихтың бүгінгі ауыр салдарын айтып отырмыз.

– Тағы бір мәселе, «Қазақстанда ұлт мәселесі жоқ» деген әңгіме ара-тұра естіліп қалады. Бұл қаншалықты ақаиқат? Сондай-ақ, Қазақстанда қазақ ұлты шешуші рөлге қаншалықты ие?

– Ұлт мәселесі жоқ дейтіндер де тіл, ұлт мәселесін көтеретіндерді арзан ұпай жинағысы келеді деп айыптайтындардан, биліктен шығады. Билікке ду қол шапалақ, мақтау керек. Ұлттық сананы оятып, елді тәрбиелеуде ұлттық патриоттық күштердің ықпалы зор.

Ұлт мәселесінің екі қыры бар. Біріншісі – ұлтаралық қатынастар, ол әрдайым күрделі, бірақ көңіл-күй сыртқа шыға бермейді, іштен тынып жүретіндер, сәті келген тұста ормандағы өртей өрши кетеді. Оны бүгін украинадағы жағдай көрсетіп отыр. Екінші қыры-ұлтішілік, қазақтың ұлттық тілі, бітімі, салт-дәстүрі тағы басқа мәселелер төңірегінде қазақ арасындағы жіктер, топтар, пікірлер.

— Қазақтар бүгін біртұтас ұлт емес. Бай-жарлы болып, орыс-қазақ тілді болып жарылып отырмыз.

-Дәулетіне қарай ең бай топ пен ең кедей топтың табысының алшақтығы 17-20 еседен келеді. Ал Астанадағы жоғары топ шенеуніктер мен ауылдағы қыстан амалдап отынын, малының азығын үнемдеп қыстан шығып келе жатырғандардың 1000 еселеп асады. Номенклатура мен қара халық, байлар мен кедейлер арасындағы жік тіл мәселесінде де көрініп тұр.

Осы орайда Смағұл Садвақасұлының мына бір пікірі ойландырады: «Мысал үшін мынадай бір сөз айтайық: қазақ базарға сатуға малын алып келді. Распикасы қазақша жазылған. Оны қазақша білмейтін милиция дұрыс деп таппады. Анаған расписканы орысша жазып алып кел деді. Жай қарағанда, бұл әрине ұсақ нәрсе. Ұлттық психология жағынан тексерсек, бұл үлкен жұмыс. Қазақша жазылған расписка жарамағаннан кейін ана қазақтың жүрегінде өз ұлтының кім екендігі сезіледі. Оның көзінде қазақтың жұмысының бәрі орынсыз, осал екендігі боп көрінетін болады. Ол өзінің күшіне өзі сенбеуге айналады. Оған басқа ұлттың алдында жасқаншақтық пайда болады, ол басқа жерде кеудесі көтеріліп, аяғын алшақ басып жүре алмайды».

Үкіметі, соты, министрліктері, әкімдігі, басқа органдары қазақша сөйлемейтін мемлекетте «Қазақ елі» деп, Смағұл айтқандай, кеудемізді көтеріп, аяғымызды алшаң басып жүре аламыз ба? «Менің елім, менің жерім, менің тілім» деп мақтанғысы келетіндер де мақтана алмайды. Себебі оның ұлы тілінің үні жолдауларда, Үкімет отырыстарында естілмейді. Орысша сөйлеу, орысша ойлау қалыпты жағдайға айналғаны қашан?

         С.ҚУАНДЫҚҰЛЫ,

                                    Өз тілшіміз.