Кеше ғана Алматыдағы Қазақ Спорт және туризм академиясында спорт саласы бойынша жыл үздіктерін марапаттау рәсімі болып өткен-ді. Бұл жолғы марапат біріншіден, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналса, екіншіден, ең үздік оқу орыны мен еліміздегі қазақ тілінде жарық көретін спорт журналының ұйғарымымен республикамыздың түкпір-түкпірінен шын мықтылар анықталып, халықтың атынан марапатқа ие болды.
Жүзден жүйрік шығып, «Жыл үздігі – 2021» номинациясының жеңімпаздары атанған дарабоздардың қатарында жерлесіміз, «Компасс Казахстан» компаниясының қауіпсіздік қызметінің менеджері, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Марал Көшенов те бар. Бұған дейін 2014 жылы самбо күресінен Грециядан Әлем чемпионы, Мароккодағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері, самбо және дзюдо күресінен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы және жүлдегері, Қазақстан спартакиадасының чемпионы атанып үлгерген, ал биыл қазан айында Португалия астанасы Лиссабон қаласында ардагер спорт шеберлері арасында дзюдодан Әлем чемпионатында қола жүлдегер болған Марал Бисекешұлы енді міне, еліміздің «Үздік ардагер спортшысы» атанып отыр.
– «Компасс Казахстан» компаниясында қауіпсіздік қызметінің менеджері болып қызмет жасайтын Марал Көшенов 2008 жылы компанияның 50 шақты жұмысшы-қызметкерінен кәсіподақ ұйымын құрып, содан бері бастауыш ұйымға жетекшілік етіп келеді. Қазір ұйымдағы кәсіподақ мүшелерінің саны 2 мыңнан асты. Марал Бисекешұлы кәсіподақ төрағасы ретінде компания қызметкерлерінің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға, әлеуметтік мәселелерін шешуге, мәдени-спорттық шаралар ұйымдастыруға ерекше назар аударады. Ұжым қызметкерлерін ынтымақты тірлік пен берекелі бірлікке жұмылдыра отырып, кейінгі буын жастарға салауатты өмір салтын насихаттауды, дене шынықтыру мен спорттың бұқаралық сипат алуына, шынығып шымыр болуына ықпал етуді басты парызы санайтын кәсіподақ қозғалысының белсендісі Марал Бисекешұлын қол жеткен табысымен шын жүректен құттықтаймын. Еңбекте де, спорттық сайыстарда да алар асулары көп болғай!» — дейді Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған Баймұханов.


Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің баспасөз қызметі,
Бақытжан ЖҰМАТ