Атыраудың Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның залында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған осындай тақырыптағы мерекелік шара өтті. Арнайы бағдарламаны Қазақстан нарығында жиырма жылға жуық табысты қызмет етіп келе жатқан «Компасс Казахстан» компаниясы (бұрынғы ЮСС) дайындауға себепкер болды.
Мәдени шара шымылдығы облыстық филармонияның «Інжу-Маржан» би ансамблінің «Еркелер» биімен ашылды. Компанияның бас директоры Майк Тейлор ұжымдастарын ел тарихындағы елеулі оқиға — Тәуелсізідктің 30 жылдығы мерекесімен шын құттықтады. Бұдан соң Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ізтұрған Баймұханов «жүздеген жылдар бойына білектің күші, найзаның ұшымен күресіп, ата-бабаларымыздың асыл арманы болған Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз еңселі болсын» деген ақ тілегін жолдап, шаһардың өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандарға үнемі демеушілік көрсетіп келе жатқан компанияға Атырау қаласы әкімінің атынан Алғыс хатты бас директор М.Тейлор мырзаға табыстады.
Мұнан соң осынау Ұлық мереке қарсаңында компания бөлімшелері арасындағы кіші аяқдоп пен волейбол сайыстарының жеңімпаздары мен жүлдегер командаларға, үздік ойындарымен танылған спортшыларға бас директор дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті. Сондай-ақ, шара барысында компания қызметкерлері арасында «Тәуелсіздік – тұғырым» атты шығармашылық байқау қорытындысымен үздік танылған кеңсе қызметкері Динара Нұрмолдина, Теңіз учаскесінің қойма меңгерушісі Сұлташ Жандарбек, техникалық қызмет көрсету бөлімінің маманы Бекзат Дәулетовтер де арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Жиналған көпшілік республикалық конкурстың лауреаттары, әншілер Шолпан Мұқашеваның, Жанар Ермағамбетованың, Әли Төлеевтың, халықаралық конкурстардың лауреаты Мержан Қабдоловтың орындауындағы «Ақ Айша», «Ұлы дала», «Туған жер» және «Егемен елім – Қазақстан» атты рухты көтеретін әуезді әндеріне ризашылықпен қол соқты.

Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің баспасөз қызметі,
Бақытжан ЖҰМАТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *