Белгілі қаламгер, редактор, ұстаз Теңдік Жауырұлы туралы эссе-элегия
Журналистика саласының ардагері, облыс баспасөзінің дамуына елеулі үлес қосқан Теңдік Жауыровтың есімі елге белгілі. Ол бізге туыс болып келеді. Дүниеге келген күні әкемнің жеңгелері үлкен шешемізді (Теңдіктің шешесін) қаумалап алады. Әдемі есімді әжеміз немересінің кіндігін өзі кесіп, менің анам Рахыштың алдына салған екен. Содан әке-шешем енші алып бөлек шыққанша, Теңдікті тәрбиеледі.
Осы шақта колхозға партбюро хатшысы болып басқа өңірден коммунистер жұмысқа келген екен. «Артель болып жаңа құрылып жатырмыз» деген олар дүниеге келген ұлдың есімін Теңдік деп атау туралы ұсыныс айтыпты.
Анамның айтуынша, 1942 жылы әкем соғысқа алынған соң, ол сол үйдің келіні ретінде қолқабыс қылып, көмектескен. Теңдікті тәрбиелеуге үлес қосыпты. Соғыс басталған шақта мектепке барған Теңдік майдандағы әкеме хат жазып тұрыпты. Ал, 1944 жылдың жаз айында жарақат алып, елге оралған соң әкем «сабақтарыңды жақсы оқыңдар, өзім оқуға түсіремін» деген-ді. Сол сөзінде тұрды. Ел-аймаққа атбегілігімен танылған әкей атқа мінгестіріп апарып, 1948 жылы Теңдік ағаны оқуға түсіреді.
Ол кезде ауыл балаларының көбі жол қатынасының қиынды-ғынан оқуға бара алмай қалатын. Ал, әкем сөзіне берік, айтқанын орындайтын адам-ды. Тіпті, колхоз басқармасы мен партия ұйымы хатшысын шоқпармен соғып, сол үшін сотты болған, қызуқанды, шапшаң еді. Әкеміздің осы ісі арқылы ел-жұрт бізді танитын, ығысатын.
Теңдік аға педучилищені жақсы оқыды. Домбыра оркестрінің мүшесі болып, мұғалімдерінің бағыттауымен қабырға газетін шығарып тұратын. Жауыр атамыз 1950 жылы Гурьев обкомына барып, ол күнде колхоздан шығуға рұқсат жоқ болғандықтан, «екі балам оқуда, бір балам қалада шофер» деп, Гурьевке көшуге келісім алады.
Тәкең 1952 жылы КазГУ-ге оқуға түседі. Ол кезде журналистика бөлімі жоқ, қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі ғана бар-ды. Республиканың түкпір-түкпірінен келген болашақ әдебиетші, журналистермен етене араласып, ұмытылмас студенттік өмірді бастан кешіреді. Талабы мен таланты ұштасып, қоғамдық өмірге де белсене араласты. Драма үйірмесіне мүшелікке қабылданады, қабырға газет-терін шығарушы да болған. Поэма, өлеңдерден үзінді оқып, сахналарда да өнер көрсеткен. Өзінің алғашқы жазбасы 1956 жылы жарияланған. Белгілі журналист Нығмет Айымбетов екеуі бірлесіп, С.Мұқановтың «Саяхаттар» повесіне сын-сараптамалық пікір жазып, ол жазба «Социалистік Қазақстан» газетінде жарық көреді. Одан кейін көп кешікпей, өзінің «Түркістан қалай туған?» мақаласы «Лениншіл жаста» басылды.
1957 жылы КазГУ-ді «өте жақсы» деген бағамен аяқтаған соң, «Социалистік құрылыс» газетіне келіп, журналистика саласының әр сатысынан өтіп, өзін шыңдады. Әдеби тілші ретінде жұмысқа алынып, қиындығы мен қызығы қатар өрілген мамандықтың қыр-сырын меңгерді.
1958 жылы қазақ өнері мен әдебиетінің Мәскеудегі он күндік декадасына Гурьев облыстық мәдениет басқармасы – домбыра оркестрі қатысатын болады. Республикаға танымал өнерпаз ұжым жөнінде халыққа кеңінен насихаттап, таныстыру мақсатында очерк жазу обкомның үгіт-насихат бөлімінің тапсырмасымен Теңдік Жауыровқа жүктеледі. Салада бір жыл ғана жұмыс жасаған жас маман үшін үлкен сабақ болар сол бір материалды ол жоғары деңгейде жазып шығады.
Жұмыс жасай жүріп, Зинел-Ғабит Иманбаевтың «Бастама», «Арлан», «Сырымбет» әңгімелерін және Х.Ерғалиевтің «Құрманғазы» поэмасын әдеби-теориялық тұрғыдан жан-жақты талдап, сараптамалық сын материалдарды облыстық газетке жариялайды.
Сонымен қатар, облыстық қазақ драма театрының көркемдік кеңесінің мүшесі ретінде сахнаға қойылған он шақты драмалық спектакль-дерді талдаған материалы да оқырман тарапынан жақсы баға иеленген-ді.
Оның жазбалары әр тақырыпты, сан саланы қамтыған. Мәселен, «Бақсы – балгерлік – алдамшылық» тақырыбы арқылы дәлелденген фактілермен жазғаны ел ішінде түрлі пікірлер туғызып, кейін де сериялы материалдардың жарық көруіне себепші болған-ды.
1961 жылы обком бюросы-ның қаулысымен Қызылқоға аудандық «Социалистік еңбек» газетіне редакторлыққа жіберіледі. Сол күні идеология-лық хатшылыққа бекітілген Ж.Нақбаев екеуін ұшаққа мінгізіп салғаным әлі күнге есімде. Кейін Н.Хрущевтың саясатымен аудандық газеттер жабылған тұста, ол облыстық газеттің Қызылқоға аудандық тілшісі болып қызметін жалғастырды. Ал, 1963 жылы қайтадан газеттерді ашу туралы тапсырма берілген соң, Махамбеттен шығатын «Малды өңір» газетіне бас редакторлыққа бекітіледі. Ол басқарған тұста басылымның беделі облыс қана емес, тұтастай республикадағы алдыңғы қатарлы аудандық газеттердің қатарына қосылды.
Бұдан соң, облыстық партия комитетіне шақырылып, үгіт-насихат бөлімінде баспасөз жөнінде нұсқаушылық жұмысты бес жылдан астам абыроймен атқарады. Осыдан кейін 1976 жылдың жазынан 1978 жылдың күзіне дейін облыстық «Атырау» газетін басқарған кезінде де мол тәжірибесін пайдаланып, басылымды облыс экономикасы мен өнеркәсібінің өрге басуына үлкен үлес қосуға бағыттайды. 1978-87 жылдары облыстық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болған тұста Қазақстан компартиясы Орталық комитеті секретариатының ұсынысымен әзірленетін Құрмет тақтасында «Үздік партия қызметкері» ретінде суреті 4-5 жыл көлемінде ілулі тұрды. Десек те, осы тақтаға ілінгендерге арналған жеңілдіктерді де Жауыровтың жеке басына пайдаланбағандығын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Бұл да бір Тәкеңнің ерекше қасиеті-тұғын.
Араға жылдар салып, облыстық басылым редакторлығына қайта қызметке келген сәтте өз саласының кәсіби маманы екенін танытып, «Атырау» газетін айтулы газеттер қатарына қосты. Өз кезегінде мұнайлы астананың «Атырау» аталуына, газеттің де атауын өзгертуге үлкен үлес қосып, жұртшылық пікірін жинақтады, ғылыми негізге бейімдей келе, өз мақсаттарына қол жеткізді.
Одақ бытырап, Қазақстанның тәуелсіздік алар тұсында да журналистерге қатысты маңызды мәселелерді шешу жолында «Атырау» газеті біраз жұмыстар атқарды. Дүние жүзіне танымал «Теңіз» мұнай кешенінің ашылуына байланысты бірнеше сериялы материалдар жариялағаны да ел есінде. Тоқсан жылдық тарихы бар байырғы басылым қазіргі таңда да сол бағытынан еш айныған емес, өңір үшін өзекті мәселелерді әрдайым кеңінен жариялаумен келеді.
Бұдан кейін де Тәкең журналистік саладан кеткен жоқ, Қазақстан Журналистер Одағының ұсынысымен халықаралық «Түркістан» апталығының Батыс Қазақстан өңірі бойынша меншікті тілшісі, «Ар-Честь», «Вечерний Атырау» газеттері бас редакторының орынбасары қызметтерінде болып, өзінің көп жылғы қызметін жалғастыра берді.
Ал, Атырау университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультеті жанынан журналистика бөлімі ашылғанда жас журналистерге дәріс беруге шақырылған Теңдік Жауырұлы «Журналист, ұстаз, редактор, бас редактор» тақырыбында өзінің шығармашылық зертханасын ашып, «Камал Смайыловтың публицистикасын» жеке пән етіп кіргізді. Сонысымен, жаңа бөлімнің идеялық, теориялық жағынан нығая түсуіне көп еңбек сіңірді. Бұл ретте Теңдік ұстаздан дәріс алып шыққан шәкірттерінің облыстық, республикалық баспасөз салаларында табысты еңбек етіп жатқанын айтсақ жеткілікті.
Күні кеше дүниеден өтсе де, Теңдік Жауырұлының шығармашылық жолы сайрап жатыр. Қалдырған еңбектері, жазған кітаптары болашақ жастарға қызмет ететін болады.
Жақсылық АҚБАЛОВ,
ардагер-ұстаз.
Атырау қаласы.