Ата-баба дәстүрімен сабақтасқан ұлттық мейрам, ұлыстың ұлы күні Наурыз – халқымызға қымбат, ерекше мереке. Қоғамның әр қилы даму кезеңдерінде ұлттық мейрамымыз да әр алуан қиын кезеңдерді басынан өткізді. Наурызды діни мереке деп бағалап тиым салынған кезеңдер де болды. Оның бәрі бүгінде тарих қойнауына кетті. Әйтсе де бүгінгі жас ұрпақ оны және осы ұлық күнді мерекелеуге жол ашу үшін күрескен аға ұрпақты да білуге тиіс.

Ұлыстың ұлы күнін қайта тірілтуге Мұхтар Шаханов бастаған бір топ ұлт зиялылары үлкен тер төкті. Ал олардың бастамасына сол кезде Министрлер кеңесіне төрағалық еткен қазіргі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен қазақ халқының ұлттық мәдениеті, ана тілі, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңаруына үлес қосқан мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков қолдау көрсеткен болатын.

Үш мың жылдан астам уақытты қамтитын тарихы бар Ұлыстың Ұлы күні – Наурызда іске асатын игі дәстүрлер мен мерекеге нышан болатын барлық атрибуттар сол байырғы заманнан бергі көне түркі халықтарының тұрмыс-салтын, дүниетанымы мен пайымының айғағы екені белгілі. Наурыз дегенде қазақы костюмдер киінген бірен-саран жұртты, ұлттық асқа толы дастарханды елестететін жұтаң ұғым қалыптасқан. Бүгінгі ұрпақ Ұлы істі бағындыратын ұлы күннің сыры мен жырына қанықты ма? Жер бетіндегі ең көне мереке саналатын Наурыздың мән-мағынасын осы күнгі қазақ бойына сіңірді ме?

Осы ретте біздің тілшіміз Мемлекет және қоғам қайраткері, «Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының халық ақыны», жиырмадан астам шет елдік академиялардың, университеттердің құрметті докторы, профессоры. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қоршаған Орта Бағдарламасы сыйлығының, Қазақстан және Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлықтарының, Түрік Республикасының «Түрік дүниесіне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының, Қырғыз Республикасы халықаралық «Руханият», Түрік дүниесі жазушылар бірлестігінің «Шахрияр», ЮНЕСКО-ның «Боорукер» клубы сыйлықтарының, Түркия, Әзірбайжан, Солтүстік Кипр мемлекеттері тағайындаған «Түрік әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» атағының иегері. Жалын» журналының бас редакторы Мұхтар Шаханов ағамен сұхбаттасқан еді. Бүгін сол әңгімені «Sakhara» газетінің оқырмандарына ұсынып отырмыз

  • Мұхтар аға, халқымыздың қасиетті мейрамы Наурыз туралы оның арғы-бергі тарихын жақсы білетін де, оның мәні мен маңызды тарихын терең зерттеген өзіңізсіз, сондықтан бүгінгі жас ұрпаққа айта отырсаңыз?
    Аңызда да шындық бар…
  • Ғаламдағы ежелгі мейрам-ның тарихын зерттеп жүрген ғалымдар бұл күннің парсылар мен ирандықтардан да бұрын прото түркілер, дей түркілердің тойлағаны жайында жиі айтып жүр. «Наурыз» парсы сөзi болғанымен, ол өте ерте заманда-ақ қазақ тұрмысына кіріп, сiңiсіп кеткен. Соңғы кездері басылымдарда «Нау» мен «ырыс» деген нұсқасы жиі айтылып жүр. Ғалымдардың айтуынша Наурыз – жалпы адамзаттық мереке, бірақ түркілер мен парсыларда бұл мейрамның басты рәсімдері мен ғұрыптары, атрибуттары сақталған көрінеді.
    «Біздің Аңырақай тауындағы Таңбалытаста бұдан үш мың жыл бұрынғы Сиыр жылының салтанаты бейнеленген сурет қашалған. Онда Тәңір мен Іңір құдіреттер бейнеленген. Бұл бедер сурет түркілердің, соның ішінде қазақтың танымын әйгілеп-ақ тұр», — дейді зерттеуші ғалымдарымыз.
    Әлемге мәшһүр ғұлама Омар Һаям Шығыс әлемiнде алғашқылардың бiрi болып «Наурызнама» рисаласын (трактат) жазып шыққан. Бұл аса құнды еңбектiң ең кемiнде 1000 жылдық ғұмыры бар. Оқырман бұл кiтаптан өзiмiз жыл сайын мерекелеп жүрген Наурыз мейрамының көне ғұрыптарына қатысты көптеген тың деректерге (Наурыздың шығуы, тойлануы, тарихы, т.б.), аңыздар мен хикаяттарға қанығады. Ол үш жүз алпыс бес күннің (күндіз-түнінен) ширегінен тұратын ұлы дәуірді «ұлы жыл» деп атады да оны төрт бөлікке бөлді. Үлкен жылдың төрт бөлігі өткенде үлкен наурыз болады. Бұл кезде дүние жаңаланады.
    Патшалар-дың бір рәсімі бар: жыл басында олар жақсылыққа бағыштап, әрі жыл есебін белгілеп алу үшін, тыныштық өмір үшін баршаға қатысты діни жиындар өткізулері лазым. Кімде-кім наурызды мейрамдап шаттыққа толып жүрсе, келесі наурызға дейін тыныш, бейғам ғұмыр кешеді деген екен. Омар Һаямның жазып алған аңызы бойынша, Аптаптың екi айналуына орай, олардың бiрi төмендегiше – Аптап әр үш жүз алпыс бес күн iшiндегi күндiз-түннiң төрттен бiрiнде Амал айының бiрiншi минутына шығып кеткен кезiнiң өзiнде тағы да қайтып келедi және жыл сайын бұл кезең кеми бередi. Міне, сондықтан Жәмшид патша бұл күннің сырын түсiнгеннен кейiн оны «Наурыз» деп атады да, мерекеге айналдырды. Жәмшидтен соң мұны өзге патшалар да және барша жұрт мейрам ретiнде қабылдайтын болған.
    Қалай дегенмен де, Наурыз қазақ үшін қасиет дарыған мереке. Қасиеті де қадірі де сол ата-баба рухын қастерлеуден туса керек. Бабалар аманат еткен ұлы тойдың пәлсапалық та ғылыми нақтылық тұрғысынан да үйлесімді екені хақ.
    Әрине, аңыз әңгімелер де бір нәрсеге негізделеді ғой. Міне қараңыз, Парсы елінің ерте дәуірлердегі тәңірі Изид күнді жаратарда оған ерекше ықылас-мейір төккен, күнге үнемі қозғалыста болуды бұйырған. Күн өзінің жылдық айналымында әрбір жұлдызды бір айда басып өтеді… Он екі жұлдыздың бірі амалға күннің бірінші кірген күні, күн мен түннің теңелуі, көктемнің басталған күні болып есептеледі. Бұл күні дүние дидары өзгереді және жарық дүние жасанған, жасарған қалыпта жаңа нәрселер пайда болды. Ажам (парсы) патшалары дәл осы күнді айрықша атап өту үшін әрі екінің бірі бұл күнді оңайлықпен таба алмасын біліп, оны белгілеп, айдарлап қойды. Мұны баршаға мәлімдеп мейрам деп жариялады.
    Осы аңыз желісі бойынша парсы әлемінің бірінші патшасы Каюмарс таққа отырғаннан кейін жылдың әр айы мен күніне ат қоюға, адамдар біліп отырсын деп жылнама жасауға жарлық берген. Жылдың басы фарвардин айы атанды. Каюмарс жыл есебін жасаған соң қырық жыл өмір кешкен, одан соң таққа Хұшаң (970 жыл патша болған), одан кейін Тахмұрас (30 жыл патша болған), одан кейін Жәмшид отырған (бұл аралықта тарихтан 1040 жыл уақыт өткен дейді). Жылдың басы – мейрам күніне «Наурыз» деген атты осы Жәмшид патша берген. «Қыдыр түні»
    келгенде…
  • Халқымыздың мифология-лық түсінігі бойынша 21 наурыз түні даланы Қыдыр аралайды дегенге сенесіз бе?
  • Осы түн – «Қыдыр түні» деп аталады. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен Күн нұрының символы – Қыдыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен. Қыдыр бабадан тілек тілеген. Наурызда түнгі даланы адамдарға бақ-дәулет дарытатын Қыдыр баба аралайды деген наным бар. Сондықтан ертең Наурыз деген түні әрбір шаңырақ үйінің төріне шырақ жағып, Қыдыр баба түнін күзетіп, тілек тілеген. Бұл түні оты маздап, жарығы жанып тұрған үйге Қыдыр бабаның мейірі түседі, көз қырын салады, назарынан тыс қалмай, сол үйге құт-береке қонады деп сенім білдірген. Мен сөзсіз сенем, Алладан тілеу керек. Әмин , солай болсын!
  • XIV-XV ғасырларда Ұлық- бек патша Дулаттарға қарсы жорыққа шыққанда Тянь-Шань жақтан осы көк тасты олжалаған. Қазiргi кезде Самарқанда Бибi ханымның мешiтi бар. Көк тас осы мешiттiң ауласына орнатылған. Бұл мешiттi тарихшылар Бибi ханым мешiтi деп атап жүр, оны – жұма мешiтi деп те атайды ғой?
  • Иә, Мұхаммед Шайбани хан билiк еткен тұста патшалардың барлығы ақ киiзге көтерiлiп, таққа отырмас бұрын әскербасылар патшаны көк тастың үстiне отырғызған. Бұл патшаның таққа отыру салтанатының негiзгi бөлiмi деп саналған. Бұл бертiн келгенше жалғасты. Егер мұны қазақ мәдениетiмен байланыстырсақ, халқымыздың түсiнiгiнде көк тас орнатылған жер киелi деп саналып, осы жерге зиярат жасалатын. Халық күн мен түннiң теңелген күнi самарқанның көк тасы еридi деп, Алладан рақым тiлеген.
    Ал этнограф Сейт Кенжахметовтің зерттеулерiне сүйенсек, аңызға әйгiлi астроном Ұлықбек обсерваториясындағы көк тасқа дәл 22 наурыз күнi күн сәулесi түсетiн болған. Сол сәуледен бөлiнген жылу тасты жiбiтедi-мыс… Бiреудi кешiре алмай жүрген жанға қазақ халқы 22 наурыз күнi «Самарқанның көк тасы да жiбидi, сен тастан қаттысың ба?» деп тоқтатады екен.
    Бір аңызда былай дейді: Самарқанда Әмір Темірдің лағылдан, яғни көк тастан жасалған тағы бар, яғни «Самарқанның көк тасы жібиді» деген сөз Наурыз күні «ханның да қаһары қайтып, көңілі жібиді» дегенді білдіреді дейді. Жаңаға жан сүйсінеді

-Наурыз мейрамының өзге мерекелерден оқ бойы озық тұрған дара ерекшелігі туралы не айтасыз?

  • 22-наурызда күн менен түн теңесіп, толыққанды көктем рухы салтанат құрады. Сондықтан да, бұл күнді біздің ата-бабаларымыз «Жаңа жыл» деп атаған. Олар Жаңа жылда жаңа мерекелік киім киіп, үйлерін, ауласын, өз мекені жанындағы жол бойын тазартып, ағаш отырғызған. Әрбір жанұя ең азы жеті түрлі дәннен жасалған Наурыз көже әзірлеп, тілектес, ниеттес, таныс, бейтаныс адамдарды қонақ етуді дәстүрге айналдырған.
    Наурыз мейрамының басқа мерекелерден оқ бойы озық тұрған дара дәстүрі мен талабы – адамдар сол күндері әдеттегі ұсақ пендешіліктен арылып, шынайы адами биіктен бой көрсетуі шарт. Бір-біріне өкпелескен, ренжіскен адамдар, мүмкіндігінше өз кінәсін мойындап, бір дастарханнан дәм татысып, шын жүректен өзара игі тілек алмасуы қажет.
    Бүгінгі жаһандану дәуірінде мұндай рухани парасат деңгейінде түсінісу жеке адамдарды былай қойғанда, ұлт пен ұлттың, тіпті, мемлекет пен мемлекеттің ортақ тіл табысуы үшін де аса керекті мәселе. Наурыздың осы бір арайлы талабына мемлекет те, жеке адамдар да ерекше назар аударса нұр үстіне нұр. Бұған қоса, тағдыр қыспағына тап болған жетімдерге, мүгедектерге, өзге де халі мүшкіл жандарға қол ұшын беру, олардың үйленуіне, жеке отау тігуіне жағдай жасау да Наурыздың рухани міндеттеріне жатады.
  • Кеңес өкіметінің «қылышы-нан қан тамып» тұрған заманда батылыңыз барып Наурыз мейрамын суырып алып Қазақстанда, әрі кетті түркі тілдес елдер аренасында тойлатуға қалай батылыңыз барды?
  • Әлемдік тарихтан ерекше орын алған, өзінің соңғы 300 миллионға жуық халықты біріктірген Кеңестер одағы 1926 жылы Наурыз мерекесін «ислам дінінің қалдығы» деген желеумен, мемлекеттік деңгейде атап өтуге, тойлауға тыйым салған. 1988 жылдың басында, мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбинге арнайы хат жолдап, Наурыз мерекесін қайта тірілтуді өтіндім. Менің хатымды Г.Колбин Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бюросында қараған екен, екі-ақ адам қолдапты. Оның бірі сол кездегі– Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев, екіншісі – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің идеологиялық хатшысы Ө.Жәнібеков. Қалған Бюро мүшелерінің барлығы қарсы дауыс беріпті.
    “Содан Колбин мені шақырып алып, «Науызды тойлай алмайтын болдық» деп айтты. Сол кезде мен Колбинге: “Наурыз мерекесі төңірегінде өте үлкен мәселелер бар. Наурыз мейрамын бүкіл түркі тілдес халықтар үш мың жылдан бері тойлап келе жатыр. Наурыз біз үшін жаңа жыл болып есептеледі. Жұрттың барлығы көшеге шығып, ағаш отырғызуы керек. Содан кейін өкпе-реніші болса кешіріп, кінәлі адамдар кешірім сұрауы қажет. Жалпы, бұл мейрам адамды жаңа биікке көтереді, тазалыққа баулиды. Желтоқсан оқиғасына қатысқан адамдардың барлығын маскүнемдер, нашақорлар, бұзақылар деп атадыңыздар. Компартия орталық комитетінің саяси бюросы бүкіл қазақ халқын қаралады. Ерте ме, кеш пе шындық орнына келеді. Сізге де бүкіл халық жылан көргендей жиырыла қарайды. Егер сіз Наурыз мерекесін тірілтіп берсеңіз, бүкіл қазақ сізге басқаша көзбен қарайтын болады деп едім, Колбиннің көзі жайнап кетті.
    Ол: «Ендеше, Наурызды тойлатайық. Мен қайткен күнде де Советтер Одағының басшысы Михайл Горбачевті бұған көндіремін» деді…
    Сонымен, 1988 жылы Наурыз тойы, Кеңестер одағы тыйым салған 62 жылдық үзілістен соң, тұңғыш рет Алматының М.Горький атындағы орталық саябағында 100 мыңнан астам адамның қатысуымен тойланды.
    Наурыз мерекесін Алматыда үлкен деңгейде өткіздік. Ұлттық киім киген адамдарды көшемен жүргіздік. Тіпті түйелермен жүргіздік. Ауылдардан жиырма-отыз түйе алдырдық. Ұлттық ойындар ойналды, ұлттық салт-дәстүрлер паш етілді. Осылайша, үлкен деңгейде мереке болды. Іле-шала елдегі өндіріс орындары, мектептер, жоғарғы оқу орындары, тіпті ауруханаларға дейін тойлады. Міне, Кеңес одағының «қылышынан қан тамып» тұрған, шенуніктерінің түкірігі жерге түспей тұрған күннің өзінде Наурыз мерекесін осылай бүкілхалықтық деңгейде тойлауға мүмкіндік алып беріп едім.
    Іле-шала Қазақстанның бар-лық шаруашылықтары, өнді-ріс мекемелері, жоғары оқу орындары, мектептері, тіпті, ауруханаларға дейін айтулы мерекені өздерінше атап өтті. Сол жылы Наурыз мейрамы қыркүйек айының ортасына дейін тойланды. Наурыздың арғы-бергі тарихында мұндай ұзақ көлемде өткен мереке болмаған шығар. Келесі жылы Наурыз тойын Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түрік-менстан республикалары және Ресей құрамындағы түркітілдес ұлттар мемлекеттік деңгейде мерекеледі.
    Кейінірек, 1986 жылғы Жел-тоқсан көтерілісін зерттейтін комиссияның тең төрағасы болып жүрген шағымда белгілі қоғам қайраткері, Түркі әлемін зерттеу қорының төрағасы, ғалым, профессор, аға-досым Тұран Язғанның шақыруымен Түркияға барғанымда, бұл елде де ұзақ жылдардан бері тойланбай келген Наурыз мерекесін жандандыру туралы ұзақ сырластық. Сол тұстағы Түркияның мәдениет министрі Намық Кемал Зейбекпен де Наурыз мәселесі туралы әңгімелесудің сәті түсті. Екеуі де Наурыз мейрамының ұлт пен ұлтты жақындастыратын дара талабын еске ала отырып, Түркияда бұл мерекенің айшықты деңгейде тойлануына ерекше үлес қосты.

Ескі сүрлеуден де арылу керек

  • Наурыз мейрамы бүгінде мемлекеттік мерекелер қатарында. Оны бірнеше күн бойы тойлаймыз, Ұлттық дәстүрлерді қайталап көрсету де керек болар, бірақ оларды жаңарту керек деп ойламайсыз ба? Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай халқымыздың ата салт-дәстүрлерін де жаңарту керек емес пе?
  • Наурыз – жыл сайын бірнеше елдерде тойланады. Ежелгі кезде қыстан аман шыққандықтарын мерекелеу де кейбір халықтар үшін дәстүрлі мейрам еді. Бұл ағымға өзгеріс ендірген көне Рим императоры Юлий Цезарь болатын. Ол жаңа күнтізбе ойлап шығарып, жыл басын 1-қаңтарға ауыстырған. Орыс жеріне сол күнтізбені 1700 жылы І Петр енгізді. 1926 жылдан бастап, Советтік жүйенің ұстанған атеистік және орыстандыру саясатына орай, Одақ қарамағындағы басқа ұлттармен бірге түркітілдес халықтардың бәрі күні бүгінге дейін жаңа жылды 1 қаңтарда тойлаумен келеді. Жаңа жыл бүкіл әлемде ресми түрде 1 қаңтар болып белгіленгендіктен, қазір оған қарсы тұрудың қажеті де жоқ.
    Қуанарлық жағдай мынада: ЮНЕСКО 2009 жыл-дың 30-қыркүйегінде Наурыз мерекесін «адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы» тізіміне енгізсе, 2010 жылдың 10 мамырынан бастап БҰҰ Бас Ассамблеясының 64 қарарына сәйкес 21-наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталды. Сондықтан да, ата-баба дәстүріміз негізін құраған, шынайы бауырластықты аңсаған Наурыз мерекесін адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастыратын рухани күш, рухани парасат деңгейінде тойлау бәріміздің, әсіресе, бүкіл түркітілдес халықтардың ортақ міндетіне айналуын қалаймыз. Наурыз мейрамы бүгінде өкінішке қарай, өз деңгейінде атап өтілмей келеді. Бұл жағдайға басқаша көзқараспен қарап, Наурыз мерекесін адам мен адамды, ұлт пен ұлтты жақындастыратын рухани күш, рухани парасат деңгейінде тойлау қажет. Өкінішке қарай, соңғы жылдары Қазақстанда және басқа кейбір елдерде құлықсыздық, немқұрайдылық алға шығып, Наурыз мейрамы қалың жұрттың қызығушылығын оятпайтын деңгейде, яғни, шартты түрде ғана атап өтілуде. Керісінше, ұлттық құндылықтарымызға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мерекелердің көбейіп кеткені – ащы шындық екені даусыз.
    Қазір көбіне концерт қояды, әншілер бірінен соң бірі жеңіл әндерді айтады, ұлттық ойындар өткізеді. Сонымен Наурыз бітті. Сондықтан Наурызға біз басқаша көзбен, басқаша ниетпен қарауымыз керек. Болашақта биліктегі адамдарды көндіруіміз керек, үлкен деңгейде өткізу біздің елдік, ұлттық салтымыз болуы қажет. Наурызда біздің елдік, ұлттық мүдделеріміз, салт-дәстүріміз, салт-санамыз алға шығуы тиіс. Осы жағын көбірек ойлауымыз керек.
    Наурыз мерекесі дәстүрлер шеруі ретінде ғана өтілмеуі керек. Қазіргі уақытта Наурыз мерекесін атап өтудің жаңа концепциясын қарастыру керек деп айтып келемін.
    Алғаш рет КСРО уақытында Наурызды тойлаған кезде барлық дәстүрлеріміз сахналанып көрсетілетін. Баланы бесікке бөлеуден бастап, қыз ұзату, келін түсіру сияқты салттар да сахналанды. Тіпті, сахнаға Жаңа жыл мерекесінен калькаланған Қыдыр баба мен Наурызгүл де шығып жүрді. Бұның барлығы алғашқы кезде жөн саналды. Себебі, осы мереке арқылы жоғалғанымызбен қайта қауыштық.
    Ұмытқанымызды еске түсірдік. Ал, қазіргі күні Наурыз мерекесі дәстүрлерді еске салатын, салтты жаңғыртып отыратын күн ретіндегі миссиясын толық атқарып болды. Ендігі жерде Наурызды атап өтудің жаңа концепциясын қолға алуымыз керек. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өткен жылы да биыл да Наурыз мерекесі жақындағанда мейрамды жаңаша өткізу керек деп ұсыныс айтып келеді. Әйтсе де жүзеге асып жатқаны шамалы сияқты. Ұсыныс айту аз, ол өзі бастап, ғалымдарымызды, ұлт зиялыларын қосып іске кірісуі керек еді. Қолымыздан келгенше көмек беруге дайынбыз.

Үт кірді, үйге құт кірді, немесе түйін

Көне жұлдыздық есепте наурыз айын «үт» деп те атаған. Осы айда ауа райының жылынатынына байланысты, «үт кірді, үсік шықты» деп айтатын болыпты. Кейде үтті жабықтан түскен күн сәулесінен көрінетін тозаңды да үт деп атаған. «Үт кірді, үйге құт кірді» деген мәтел осыдан қалған .
Асылында Ұлыстың Ұлы күні бабалардан жеткен мұра-мыздың мәйегі, өткеннен жеткен болмысымыздың жал-ғасы, болашаққа деген ұлы мұратымыздың жолы. Наурыз күні – ежелгі гректердің Патшасы да алтын тағынан түсіп, қол астындағы өзіне ұнаған кұлына бір күн елін басқаруға мүмкіндік берген екен. Олай болса, патшаны тақтан түсіріп, құлды таққа отырғызған Ұлыстың ұлы күнінің мерейі мен шапағаты барша жұртты аяласын.

  • Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Ермек БИҒАЛИ.