Қазақстан журналистикасының негізін салуда және оның іргетасын қалыптастыруда өзіндік орны бар зор тұлғалардың бірі жерлесіміз – профессор Тауман Амандосов. Республиканың түкпір-түкпіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарында еселі еңбек етіп жатқан қаламы ұшқыр, сөз маржанын терген журналистердің барлығы да оның еңбектерімен сусындаған десек қателеспеген болар едік. Бар саналы ғұмырын журналистерге арнаған ұстаздың көп жылғы ізденістен туған ғылыми-теориялық шығармаларын қолына ұстамаған жан жоқ шығар, бәлкім?!
Т.Амандосовтың алғашқы еңбек жолы, соның ішінде баспасөзге басқан қадамы облыстық «Атырау» газетінің редакциясында басталғаны баршаға аян. Алайда бұған дейін тек айтылумен шектелген профессордың алғашқы еңбек жолын мұрағат құжаттарымен баяндауды жөн санадым. Атырау облыстық мемлекеттік мұрағатында сақталған ғалымның өз қолымен толтырған іс қағазында мынадай жолдар бар: «Амандосов Тауман Салықпайұлы 1921 жылы Гурьев қаласында туғанмын, ұлтым – қазақ, әлеуметтік тегім – кедей шаруа, ата-аналарым өмір бойы мал бағумен айналысқан, Қазан төңкерісінен кейін қайтыс болған. Қазіргі әлеуметтік жәйім – қызметші, ВЛКСМ қатарында 1937 жылдан мүшемін, білімім – аяқталмаған орталау»
Тауман ағамыз ата-анасынан жастай айырылғасын әке жағынан туыс келетін ағасының қолында тәрбиеленеді, алайда 1933 жылы ол қайтыс болғасын Гурьев қаласындағы балалар үйіне орналастырылады. 1937 жылы интернат әкімшілігі Орал қаласындағы № 4 орта қазақ мектебіне оқуға жібереді, бірақ денсаулығына байланысты Х сыныптан кейінгі оқуын Гурьевте жалғастырады. Орал қаласындағы орта мектепте оқып жүріп, 1940 жылдың 10 маусымынан 1 қазаны аралығында Батыс Қазақстан облыстық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі жанындағы балалар үйінде тәрбиеші, 1940 жылдың 1 қазаны мен 1941 жылдың 1 сәуірі аралығында Орал қаласындағы өзі оқыған № 4 мектепте аға пионер вожатый болып қызмет атқарады. Гурьевке келгеннен кейін 1942 жылы 11 ақпаннан 1942 жылдың 21 маусымы аралығында Ембімұнай тресіне қарасты № 1 құрылыс монтаж мекемесінде кадр бөлімінің орынбасары, 1942 жылдың 15 мамырынан 1942 жылдың 21 тамызы аралығында осы мекеменің кадр бөлімінің бастығы болып еңбек етеді. Осыдан кейінгі оның еңбек жолы 1942 жылдың 19 қыркүйегінен бастап облыстық «Социалистік құрылыс» газетінде жалғасады.
Қаршадайынан еңбекке араласқан Тауағаны тағдырдың ауыр жолы өз қатарынан ерте есейтіп, ойы салмақты азамат қатарына қосады. Онымен редакция үйіндегі алғашқы кездесуін жазушы, әрі өмірлік жандосы болған Б.Қорқытов былайша еске алады: «Редакция босағасын аттаған күні көзіме айрықша көрінген адамның бірі сол Тәкең болды. Ол маған тәлімді де тәжірибелі, тіс қаққан кәнігі қызметкердей көрінді. Сұрастыра, таныстыра келгенімізде ол да редакцияға менің алдымда ғана келіп, енді-енді қалыптасып келе жатқан балаң қызметкер болып шықты. Бір аяғының протез екенін көріп-білгенімде соғысқа алғаш араласып, Отан үшін бір аяғын беріп оралған жауынгер болар деп ойлап едім, ол ойым оғаш болды. Жетімдіктен көрген жәбірі екенін білгенімде, сондай азаматты кемтар қылып қойған тағдырға өкпе-назымды басқаларға айтпағанмен өз ішімнен өкінішпен күйіндім». Расында да, бала кезде тап болған оқыс оқиғадан кейін (ағамыздың аяғын қой бағып жүргенде жылан шағып алған – Қ.С.) үлкендердің дәрігерге көрсетпеген надандығынан, бір аяғы кесіліп мүгедек болып қалғаны қасындағы жолдастарын қатты налытқаны жасырын емес еді.
Бұл кезде фашистік Германия опасыздықпен елімізге шабуыл жасап, ел басына қатер төнген ауыр жылдар болатын. Жоғарғы билік өкілдері газет-радионың жұмысы мен құрылымын соғысқа бейімдеп қайта құрды. «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деген айбынды ұран барлық еңбекшілермен қатар баспасөз саласындағы қалам ұстаған журналистерді де жігерлендіре түсті. Сол кездегі журналист жұмысы бір мүшесі кемтар адам түгелі, он екі мүшесі сау адамға оңайға түспейтін. Уақытпен есептесу, жазуға қолайлы сәт іздеу дейтін атымен жоқ. Қағаз, қаламың аңшының құрал-жабдығындай, солдаттың қару-жарағындай үнемі жаныңда жүруі тиіс болатын. Барлық жазылған материалдар мен газеттің жанрларынан туындаған дүниелер тек қана жеңісті жақындатуға арналды.
Облыстық «Социалистік құрылыс» газетінің бетінде жарияланған журналист Т.Амандосовтың әр хабары мен корреспонденцияларынан, очерктерінен облыс еңбекшілерінің жанқиярлық еңбек үлгілерін, Ұлы Жеңісті жақындатуға баға жетпес үлес қосқанын анық аңғарасың.
Қаһарлы күндердегі Т.Амандосовтың әрбір мақалаларының тақырыптары да опасыз жауды тезінен талқандауға шақырған ұрандай еді. Сол кездегі өзі қойған тақырып кейін ағамыз республика баспасөзінің теориясын зерттегенде арқау болады. «Тақырыпты дұрыс таңдай білу деген сөз – дәл нақ кезеңінде қалың бұқараның назарын аударып, барынша қызықтыра түсетін өмір фактісі туралы әңгімелеу, белгілі бір мәселені я проблеманы көтере білу деген сөз». Автордың «Майданға мұнайды көп жіберейік», «Жабулы қазақ жабуымен қалды», «Балықшы Балым», «Артта қалушылықты жою керек» және т.б. мақалаларының атауы осының айғағы.
Соғыс жылдарында Т.Амандосов жазған мақалалардың мазмұны сан-алуан. Уақыт көтерген мұнай мен ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері бүкіл ел тағдырын шешуге арналса, мәдениет тақырыбына арналған хабарларында оқу-ағарту, саяси білімді арттыру, үгіт жұмыстарын күшейту мәселелері қамтылған. Бұл тақырыптарды көтергенде ол хабар жанрларының әр түрін тиімді қолдана білген. Оқырмандарға хабардың тез жетуіне, фактілердің ескіріп кетпеуін басты назарда ұстаған. «Оперативтілік – хабар жанрының бұлжымас заңы. Фактіні – жарқын, ұтымды көрсету, тұжырымдылық – міне, осылардың бәрі хабар жанрына қойылатын негізгі талаптар» – деген профессор Т.Амандосовтың тұжырымы осы кезде қалыптасқаны ақиқат.
Қашанда газет жұмысының нәтижелігі ауыл-село тілшілерімен қарым-қатынаста болу. Олармен үнемі байланыста болу — редакцияның басты шарты. Журналист Т.Амандосовтың газет бетінде жариялаған материалдарының арасында тілшілермен арадағы қатынасты жақсарту, тілші хаттарында көрсетілген сын-ескертпелердің аяқсыз қалмауын ескерткен шолулары да бар. «Тілші хаттары газеттің мазмұнын байытады, нөмірдің ажарын келтіреді. Бұл хаттардан біздің адамдарымыздың ой-дәрежесі, саналылығының көрінісі байқалады. Еңбекші хаттары – қоғамдық пікір білдірудің, төменнен көтерілген сынды өрістетудің ең бір ебдейлі құралы» деп жазады кейін
1942-1945 жылдары журналист Т.Амандосовтың Атырау облыстық «Социалистік құрылыс» газетінің бетінде жарық көрген мақалаларымен танысқан сайын, оның журналист шеберлігін ұштай түсу үшін көп еңбектенгенін анық аңғарасың. Тақырып таңдау, хабарлар ұйымдастыру, рейд қорытындыларын жариялау, тілші хаттарына шолу секілді әр түрлі жанрларды толық меңгерген. Осы еңбекқорлығы кейін республика журналистикасының тарихы мен теориясын зерттегенде, ұстаздықты ғылыммен ұштастырғанда ашыла түсті. Ол туралы қаншама шәкірттері естеліктер мен кітаптар жазды, тамаша ақындар өлеңдерін арнады. Бүгінде солардың арасынан жарқырып көрінген ағамыздың төл шәкірті, ізбасары – ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Жақыптың «Ұстаз» атты өлеңімен осы еңбекті қорытындыласақ:
«Өтті өмірден, өтті өмірден Тауағаң», –
деген хабар естіп жатыр бар адам.
Қала жақта қаралы күй шертіліп,
Ауыл жақтан естіледі қаралы ән.
Иыққа сап өзің жатқан табытты,
Көрдіңіз бе күңіренген халықты?
Аяулысы, арысынан айрылып,
Үлкен-кіші қайғы жұтып, қамықты.
Талай жанға жасап өттің жақсылық,
Мейіріміңді көрмеді ешкім жатсынып.
Ғұмыр бойы Тау боп өткен Тауаға-ай,
Енді сізді тұрмыз тауға тапсырып.
Бәйтеректей биік болып қалдыңыз,
Адалдықтың ақ жолын да салдыңыз,
Қаламгерлер қаламында қалдыңыз,
Шәкірттердің жанарында қалдыңыз,
Жүректерге сапарыңыз басталды
Аяулы ағай, жарық болсын алдыңыз!
Хош, асыл жан, ұстаздардың ұстазы,
Ұмытпаймыз бейнеңізді мәңгі біз».